• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Адырнама » Әншілер арғымаққа мінгізді

    Әншілер арғымаққа мінгізді

    «Адырна» қоғамдық бірлестігі бас болып «Дүлдүл ән мен пырақ күй» концертін өткізді. Қазақ музыкасының жауһары – дәстүрлі әндері мен құдіретті күйлері Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында күмбірлеп, көпшіліктің құлақ құрышын қандырды.

    Төл мұрамыздың жоқтаушысы да, насихаттаушысы да болып жүрген дәстүрлі әншілер сахнаны сағынып қалса керек, кешегі өткен сал-серілердің жылқы жүйрікке арнап шығарған туындыларын шырқады. Кешті Ербол Біләлов Жамбылдың «Шашуымен» ашып берді.   Жоламан Құжиманов Ақан серінің «Көк ала тай» әнін тамылжыта орындағанда  көрермен арғымаққа мінгендей арқаланып кетсе,  халық әні «Екі жиренді» шырқап, тыңдарманды серпілтті. Ақанның «Торыны таң асырып мінген қандай» әнін ойнақтата орындаған Бақтияр Ақынжанов тыңдаушының қиялын жастық шағына жетеледі.   Біржан салдың көп насихатталмай, архивте шаң жұтып жатқан  «Кер кекіл» әнін жас әнші Жасұлан Сақаев, «Буырыл тайын» Саят Нұрғазин көптің алдында шырқады., Естайдың «Жайқоңыр» деген әні бар. «Әуелі бұл шіркінді бастау қиын, Екінші жұрттың сөзін тастау қиын» деп басталатын әннің екінші нұскасын тірілткен жан – Дәнеш Рақышев. Кеште Естай шығарған «Жайқоңырдың» бізге Рақышев арқылы жеткен нұсқасын Талғат Әбуғазы әуелетті. Шорманның Мұстафасы атын тартып алып, зорлық-зомбылықпен жаяу жүріп күрескен Жаяу Мұсаның «Хаулауын» Абзал Қуанышев,   халық әндері «Сұржекейді» Еркін Нұрханов, «Бозжорғаны» Эльза Қарабалина тамылжыта әуелетіп, өткен күнді еске түсірді.   Патша өкіметіне қарсы шығып, бай-болыстармен жағаласам деп абақтыға қамалып, өмір бойы қуғын-сүрін көрген Иманжүсіптің  «Сармойын» әнін Өзгеріс Шертбайұлы, Дәнеш Рақышевтің «Сұлу жиренін» талантты әнші Тілеулес Құрманғалиев нақышына келтіре орындады.  Кештің жүргізген әнші Ерлан Төлеутай да ел алдына шығып, Ақан серінің «Маңмаңкерін» шырқап, көпшілікті бір серпілтті. Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін Жақсыгелді Майасаров беріле орындағанда залдағылар құрмет-қошеметін аямады. Тұрсынғазы Рахымовтың «Ерке жиренін» Жасұлан Қоңыров, Ақан серінің «Құлагерін» Еркін Шүкіманов,  халық әні «Қос қоңырды» Рамазан Стамғазиев орындады.

    Күйші Айгүл Үлкенбаева Құрманғазының «Көк ала ат» күйін күмбірлетсе,  Тәттімбеттің «Бозайғырын» Сырым Нұрмолдин шертті. Түркі халықтарына ортақ «Көроғлы» дастанындағы тұлпардың шабысы баяндалатын үзіндісін жыршы Ұлжан Байбосынова айтып берді.  Сыбызғышы Талғат Мұқышевтің сызылта төккен күйі қандай тамаша!

    Әншейінде шетелден әншілер келіп, концертін өткізем десе,  бас қолдаушы болып жүретін Алматы қаласының әкімдігі де «Дүлдүл ән мен пырақ күй» концертіне демеушілік танытқан жоқ. Қағынан жеріген құлан секілді өзінің саф өнерінен безінген қоғамның қатігездігі қайда апарып соғар екен…

    Екі сағаттан аса уақытқа созылған тамаша кешті ұйымдастыру үшін «Адырна» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Арман Әубәкір бастаған жігіттер қолдаушы таппай талайдың есігінен қайтқан. Тасыр-тұсыр, салдыр-гүлдір даңғаза музыка дендей бойлап алған қазіргі қоғам үшін  дәстүрлі әндердің қадірі болмай тұрғаны ақиқат. Соны желеу етіп бай-манаптар «домбырамен өтетін кеш пе?» деген сыңайда демеушілік жасаудан сырт айналған көрінеді. Тек «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясының басқарма төрағасы  Бауыржан Оспанов, Өтеміс Маханұлы,  Жасан Зекейұлы сынды кәсіпкерлер ғана атымтай-жомарттық танытыпты.

    Қоғамдық бірлестік төрт-бес жылдың бедерінде дәстүрлі әншілердің қатысуымен 7 кеш ұйымдастырыпты. Бәрін ақша байлап-матап қойған өмір майданында еңсесін тік ұстап, қазақ мәдениетіне толайым үлес қосып келе жатқан адырналықтарға жиналған көпшілік алғысын жаудырды. Енді олар Балуан Шолақтың туғанына 150 жыл толуына байланысты концерт өткізбек.  Олардың алдынан шығатын ең үлкен кедергі – қолдың қысқалығы. Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бірлестіктің бірегей жобасын  қанатының астына алса, үлкен  сауап болар еді.


    Қ.РАХМЕТ,

    Алматы қаласы,   

    «Жас Алаш».

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Жастарды әлеуметтендіру жобасына Оралдың мектептері де қатысады

    Орал қаласындағы нөмірі 38 мектеп-лицейінде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» Қазақстан жастарын әлеуметтендіру және дамыту жобасы ...