• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Адырнама » Мұрағат деректері: 1916 жылғы көтеріліс

    Мұрағат деректері: 1916 жылғы көтеріліс

    Алматы қаласы Орталық мемлекеттік мұрағатында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығына орай «Мұрағат деректерінде сақталған 1916 жылғы көтеріліс» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл шараны Алматы қаласының Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігімен бірлесіп Алматы қалалық Орталық мемлекеттік мұрағаты ұйымдастырды.

    img_3409

    Басқосуға тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбеков («1916 жылғы көтеріліске жаңаша көзқарас» баяндамасымен), тарих ғылымының докторы, профессор Болатбек Нәсенов («1916 жылғы көтерілістің мұрағат деректеріндегі көрінісі» баяндамасымен), тарих ғылымының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың оқытушысы Шәмек Тілеубаев («Алаш зиялыларының 1916 жылғы көтеріліске байланысты ұстанымы» баяндамасымен), Ғ.Мүсірепов атындағы қордың төрағасы, тарихшы Ғабиден Жәкей («Кейкі батыр туралы деректер» баяндамасымен), тарихшы Нұрданбек Рахметұлы («Әубәкір мен Жағыпар елі үшін туған ерлер» баяндамасымен), Алматы қаласының Орталық мемлекеттік мұрағатының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Ләйлә Рахипова («Тарихтың тарғыл беттеріндегі ақтаңдақ іздер» баяндамасымен) және тағы басқа тарихшылар мен мұрағатшылар қатысты.

    img_3379

    Тарих ғылымының кандидаты Шәмек Тілеубаев Алаш зиялыларының 1916 жылғы көтеріліс тұсындағы ұстанымы жайында сөз қозғады.

    • 1916 жылғы көтеріліс кезінде қазақтың әрбір азаматы ұлт тағдырын ойлады. Алаш зиялылары кейіннен 1916 жылғы көтерілісті ұлттық деңгейдегі көтеріліс деп бағалады, – деді Шәмек Тілеубаев.

    Жиында Ғабиден Жәкей Кейкі батырдың ерлігі жөнінде танымдық деректер келтірді. Батырдың құралайды көзге атар мергендігі, жүрек жұтқан батырлығы сөз болды. Профессор Болатбек Нәсенов Ақ патшаның жазалаушы отрядының қарапайым халықты қалай аяусыз жазалағанына тоқталды. Тарихшы Нұрданбек Рахметұлы Қарқара көтерілістерінің жетекшілері Әубәкір мен Жағыпардың көтеріліс кезіндегі азаматтық бейнесін ашуға тырысты.

    img_3468

    Шара барысында белгілі әншілер Жоламан Құжиманов, Еркін Нұрхановтар 1916 жылғы көтеріліске қатысты әндерді шырқап, тарихтың күрделі бір кезеңін музыкалық шығармалармен суреттеді.

    img_3475

    Алматы қаласының Орталық мемлекеттік мұрағатының ұйыдастыру бөлімінің басшысы Ләйлә Рахипова тарихшылар мен мұрағатшылардың бұл тақырыпта бірге жұмыс істеу керектігін айтып өтті. Тарих ғылымының докторы, профессор Болатбек Нәсенов мұрағат қорына өзінің кітаптарын тарту етті. Шара соңында тарихшы ғалымдар мен журналистер мұрағат жұмысымен, 1916 жылға арналған көрмемен танысып, экскурция жасады.


    Ғалия АҚТАЕВА,

    Алматы қаласының ОММ құжаттарды ғылыми пайдалану бөлімінің жоғары санаттағы археографы

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Жастарды әлеуметтендіру жобасына Оралдың мектептері де қатысады

    Орал қаласындағы нөмірі 38 мектеп-лицейінде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» Қазақстан жастарын әлеуметтендіру және дамыту жобасы ...