1916 жылғы қазақ ұлт-азаттық көтерілісі жеңіске жеткен жоқ, бұл рас. Бірақ ол барша Түркістан өлкесіндегі көтерілістермен бірге Ресей империализмінің мызғымас қамалын бұзған,  монархияның құлауына жол салған, патшалыққа қарсы жұмсалған аса зор, күшті де қуатты соққылардың бірі болды. Сондықтан да Он алтыншы жыл көтерілісін зерттеу, оны күллі сол шаққы ауқымында, барша түркі халықтары ішінде орын алған үдерістер ауқымында, Ресейдегі революциялық-демократиялық қозғалыс ауқымында қарастыру ешқашан маңызын жоймайды.

Мәселені мұндай кешенді түрде қарау арқылы біз кешегі «ұлттар теңдігін қамтамасыз етіп, ұлт мәселесін шешті» делінетін бірліктен, озбыр күш пен идеология біріктірген Кеңес Одағынан шығуға тырысуымыздың сырын ұға түсеміз. Барлық одақтас республикаларды қызыл империяның құрсауынан босатып, азаттыққа ұмтылтқан тарихи үдерісті мейлінше терең түсінетін боламыз. Атап айтатын бір жайт, 16-жылғы көтерілістің аса зор тарихи мәнін лайықты дәрежеде тану үшін, оны зерттеу кезінде, барша құжаттық базаны бірге қарастыру маңызды болмақ. Бұлардың ішінде орыс парламенті материалдары да болуға тиіс. Өйткені Ресей империясының Төртінші шақырылған Мемлекеттік Думасы көтерілістің себеп-салдарларын талқылап, үкіметке, министрлікке, жергілікті әкімшіліктерге жолданбақ депутаттық сауалдарды бекіткен еді.

img_3832
Мәселенің туу тарихына аз-кем шегініс жасайық. IV Думаның 4-ші сессиясы 1916 жылғы 20 маусымда аяқталған болатын. Артынша, 25 маусымда, майданның қорғаныс жұмыстарына Азиядағы өзге тектілерді алу жайындағы патшаның әйгілі пәрмені шықты. Пәрмен, баршамыз білетіндей, Қазақ өлкесінде де, Түркістан өлкесінде де, әрине, ондағы қазақ аймақтарында да зор дүрбелең туғызды. Көтерілістерді басуға барлық жаққа жазалаушы жасақтар аттандырылды.Олардың қанды сойқандары жайындағы хабарлар түрлі жолмен империя астанасына да жетіп жатты. Ферғана әскери губернаторы Иванов 1916 жылғы желтоқсанда облыстағы тәртіпсіздіктер жөнінде жоғарыға жолдаған баяндамасында өлкеде жаңа әдістемемен оқытатын мектептер жүйесін құруға атсалысып жүрген зиялыларды «нео-туземдіктер» деп атап, сондай «нео-туземдіктердің бірі, ташкенттік сарт Убайдулла Асадулла Ходжаев» жайында жазған. Губернатордың түрлі тергеу тәсілдерімен анықтаған деректеріне қарағанда, ол «Петроградқа барып, думалық топтарға жол тапты да, мұсылман фракциясы алдында Түркістандағы оқиғаларды біржақты бұрмалап баяндап берді. Ходжаев өлкеге депутаттармен – мұсылман фракциясындағы Тевкелевпен және трудовик Керенскиймен оралды». Іс жүзінде «ташкенттік сарт Убайдулла Асадулла ­Ходжаев» ол кезде адвокат әрі жәдидтік сипаттағы ұлт қозғалысын қолдайтын өзбек газетінің редакторы, эсерлермен тығыз байланыс жасап, мұсылман халықтары арасында революциялық жұмыс жүргізіп жүрген қайраткер болатын. Ол Петроградта мұсылман комитетіндегі өзінің пікірлесі әрі үзеңгілесі Мұстафа Шоқаевпен бірге IV Мемлекеттік Дума мүшелерін аралайды. Олар берген ақпараттар нәтижесінде Мемдума Түркістан мен Дала өлкелеріндегі жергілікті жұртты «майданның қара жұмыстарына реквизициялау» туралы император пәрменіне байланысты тұтанған көтеріліс жайын және оны басу барысында орын алған келеңсіздіктерді тікелей біліп қайту үшін арнайы делегация жасақтайды. Дума делегациясының басшылығына думалық оппозиция лидерлерінің бірі, «еңбекшілдер» («трудовиктер») тобының серкесі Александр Федорович Керенский мен Думаның төрт шақырылымында да депутат болып сайланған қарт қайраткер, мұсылмандар фракциясының төрағасы Құтлы-Мұхаммед Батыргерейұлы Тевкелев енді. Делегация құрамында Дума мұсфракциясының мүшесі, болашақ Әзербайжан демократиялық республиканың сыртқы істер министрі және ӘДР парламенті басшыларының бірі, мұсылман қозғалысы қайраткері Мәмед-Юсиф Ғаджибабаоғлы Жафаров та бар-тын, бірақ сол шақта Кавказда бой көрсеткен оқиғаларға байланысты, ол Түркістан өлкесіне бара алмай қалды.

Делегацияға тілмаштық әрі көмекшілік жасау мақсатымен фракция бюросындағы жас қайраткерлер Шәкір Мұхамедияров пен Мұстафа Шоқаев ілесті. Делегация өлкені тамыздың ортасынан қыркүйектің басына дейін аралап, Жизақ, Әндижан, Самарқан, Қоқанда болды. Көтеріліс өрті алғаш 4 шілдеде Ходжентте тұтанып, одан Ташкентте, Марғилан, Наманган, Әндижанда, әсіресе 11 шілдеде Жизақта лаулаған. Жазалаушы әскери экспедиция көтерілісшілерді 21 шілдеде барлық ошақтарда тас-талқан етіп, бүлікке кінәлі деп тапқан жұртты қырғынға ұшыратқан. Алайда патша жарлығына қарсылық оты Түркістан және Дала генерал-губернаторлықтары аймақтарының түкпір-түкпірін түгел шарпыған болатын.
Делегация өлкеде көптеген адамдармен кездесті. Әндижанда шілденің басында ғана «Түркістан үні» газеті ашылған-тын. Оның құрылтайшысы және редакторы Әндижан соғыс-өнеркәсіп комитетінің мүшесі, үй иеленуші, омарта қожасы, өзара көмек қоғамының төрағасы Анастасий Чайкин еді, газетте оның туған інісі, социал-революциялық партия мүшесі ретінде қуғын көріп, Якутияға жер аударылған, одан Астраханға, ақыры ағасы тұратын Әндижанға келген эсер Вадим Чайкин істейтін. Солармен тығыз қарым-қатынастағы әндижандық мұғалім, ағартушы, болашақ Түркістан (Қоқан) автономиясы Ұлттық Кеңесінің хатшысы, Кеңестік Түркістанның жер мекемесі қызметкері, шығыстанушы-ғалым, зерттеуші Қоңырқожа Қожықов әскери экспедицияның халықты қалай қырғынға ұшыратқанын дәйектейтін көптеген дерек жинаған. Сол материалдарды байырғы партияласы Чайкинге Мұстафамен бірге қонаққа келген Керенскийге тапсырды. Өлкені аралаған жарты ай ішінде делегация халық толқуының себептерін анықтайтын және жазалаушылардың қатыгездіктерін дәлелдейтін көптеген куәліктерге қанықты.
Делегация Петроградқа оралған соң, қыркүйектің 10-шы жұлдызында, Керенский сапарларының нәтижесін депутаттардың жеке жиналысына хабарлаған болатын. Сол шамада қоғам қайраткерлері Бақытжан Қаратаев пен Жиһанша Сейдалин дала көшпенділерінің 25 маусым пәрменіне қарсы ереуілдеуінің себеп-салдарларын баян еткен «Қазақтар туралы естелік жазбасын» Думаға және үкіметке тапсырған. Думаның бесінші сессиясы жұмысын 1916 жылғы 1 қарашада бастады. Айдың аяғына қарай мәселе Думаның соғыс комиссиясында талқыланды. Желтоқсанның басында Думаның қарауына депутаттық топтар тараптарынан үкіметке жолдануға тиіс үш сұрау салу мәтіні түсірілді. Ақыры, қойылған мәселе 13-ші және 15-ші желтоқсанда Думаның жабық өткізілген отырыстарында қаралды.
Алғашқы баяндаманы Керенский жасады.Сөзін: «Біз бүгін талқылауға тиіс оқиғалар бұдан едәуір көп уақыт бұрын өтті, бірақ олардың салдарлары әлі сезіліп тұр, олардың салдарлары тек Түркістан мен Дала облыстарының ғана емес, бүкіл Россияның өмірінде әлі көп уақытқа дейін сезіліп тұратын болады» деп бастады. Сосын «алыс Азиядағы өзге тектілерге қатысты біздің мемлекетіміздің саясаты» қилы көзқарастағы депутаттардың алауыздығын ұмыттыратынына сенім білдірді де, оқиғадағы оғаштықтарды көрсететін жағдайларды құжаттарға негіздеп, сөзін сабақтай берді. Баяндамашының көзі мынаған анық жетті: экономикалық күйзеліс, тыныш өмірдің бұзылуы орыстар жағынан да, туземдік халықтан да құрбандардың көбеюімен астасып жатты. «Бірнеше мың орыс тұрғындары және көптеген ондаған мың туземдік қаза тапты. Осы масқара трагедиялық оқиғалардың себептерін ашу, оны болдырған айыпкерді табу, Түркістандағы оқиғаларды туғызған тамырларды анықтап, олардың болашақта қайталануының алдын алу, – міне, менің алдыма қойып отырған мақсатым» деді ол. Содан соң делегацияның көтеріліс орындарында тікелей жүргізген зерттеулерінің нәтижесін баяндауға көшті. Оқиғаны мол да нақты деректермен сөйлетті. Халықты көтеріп, қырғынға ұшыратқан қанды тәртіпсіздіктер үшін басты айыпкер патша үкіметі боп табылатынын дәлелдеді. Өз құзыретін асыра пайдаланған ішкі істер министрін жазғырды. Жемқорлыққа батқан жергілікті әкімдер мен шенеуніктердің сотқа тартылуын талап етті. «Оқиға үшін бар кінә тек қана билікке – жол беруге болмайтын, адам айтқысыз заңсыздық жасаған орыс өкіметіне артылатынын біз атап айтуымыз керек, – деді ол сөзін аяқтай келе. – Ондаған мың жазықсыз өлтірілген адам қаны мойнында тұрған қылмыскерлердің жазасын беруден басқа, біз Түркістанды және басқа да шет аймақтарымызды басқарудың жаңа түрлерін енгізуді шұғыл түрде талап етіп, орындау кезегіне қоюға тиіспіз».
Екінші баяндаманы Мәмед-Юсиф ­Жафаров жасады. Ол, жоғарыда айтқанымыздай, Түркіс­танға бара алмады, бірақ, шамасы, Тевкелевтің өтініші болар, Дума мәжілісінде фракция атынан сөйлеуді міндетіне алды. Түркістандағы жағдайға ол бұрын да алаңдаулы еді, Түркістан генерал-губернаторы міндетін уақытша атқарып жүрген генерал Мартсон орталықта штабта істеуге шақыртып алынғанда, оның орнында уақытша басқарушы болып генерал Ерофеев қалған. Міне, сол билеуші 1916 жылғы 21 маусымда, әйгілі 25 маусым пәрменінен бар болғаны төрт күн бұрын, бұратаналар патша офицерлері мен әкімдерін көргенде тізе бүгіп, иіліп, тағзым етуге міндетті деген, жергілікті халықты кемсітіп, тұқырта түсетін бұйрық жариялайды. Жафаров «адам абыройын қорлайтын» осы бұйрық арқылы «орыс өкіметінің беделін көтергісі келген» билеушінің іс жүзінде «сол беделді батпаққа батырғанын» ащы сынға алған болатын. Ол Думаның 5-ші сессиясы ашылғаннан кейін, 27 қарашада, орыс өкіметінің Түркістан мен Қазақ өлкелерінде көтеріліс ошақтарын басу кезінде жасаған қырғындары жайында өткір сөз сөйледі, мәселенің юристік жағын үкіметке жолданбақ сұрау салу мәтінінде тиянақтауға атсалысты. Сосын осы жабық отырысқа әзірленді. Оған қажет материалдарды жинастыруға және жасамақ баяндамасын жүйелеуге фракция бюросының мүшесі Мұстафа Шоқаев жәрдемдесті (Ол Керенскийдің көмегімен тиісті рұқсат алып, үзеңгілесі Зәки Валидов екеуі майдан құрылыстарына алынған жұмысшылар жағдайымен танысып қайтқан болатын).
Сонымен, Керенскийден кейін Дума мінберіне көтерілген Жафаров мұсылман фракциясы атынан сөйлеп, осы оқиғаларға деген көзқарасын және оларды туғызған себептер мен жағдайларды атамақ ниетін аян етті. «Аса жоғары мәртебелі пәрмен Ресейдің шығыс шет аймақтарында – Кавказда, Түркістанда, Сібірде және дала облыстарында тұратын өзге текті халықтардың өмірінде тұтас бір дәуірді ашты, – деді ол. – Дүниежүзілік ұлы соғыс үдерісіне соған дейін ерекше экономикалық бітімімен өмір сүріп жатқан, жалпымемлекеттік құрылымда құқтары шектеулі азаматтардың айрықша жағдайында тұрған жүздеген мың өзге текті халық тартылды. Осының өзінен үкімет оларды жаппай шақыруға абайлап, ойланып кірісу қажет екенін ұғуы тиіс еді. Алайда бәрі керісінше жасалды: өзге тектілерді шақыру Империяның Негізгі Заңдарын бұза отырып жүзеге асырылды, олардың шаруашылық жағдайларын ештеңемен ақтауға болмайтын сілкініске ұшыратты».Осылай дей келе, жоғарғы билік аенттерінің заңсыз әрекеттері жергілікті өкіметтің шексіз озбырлықтарына жалғасқанын нақты мысалдармен келтірді. Соның бәрі үкіметтің ғасырлар бойы өзге тектілерге бағытталған, олардың ой-пікірін де, тіршілігінің мүдделерін де елемейтін саяси дәстүрлерінің тікелей салдары екенін айтты. «Билікті асыра пайдалану – орыс өкіметінің өзге тектілерге арналған саясатының басты принципі» деп тұжырды шешен. Өкіметтің іс-дағдысын: «Қайдағы бір киргиз, сарт, түркмен үшін заң талаптарымен санасу не керек?» деп әшкереледі. Түркістан аймақтарындағы, Жетісу, Зайсан, Астрахан, Торғай, Қостанай жақтарындағы ахуалды әңгімеледі. Соғыстың қара жұмыстарына алынған жұмысшылардың жағдайына тоқталды. «Жұмысқа алынған киргиздарға түрме режимін қолдануда, оларды ұрып-соғу, дүрелеу, жұмысқа конвоймен апару – әдеттегі іс, тіпті табиғи мұқтаждықтарын атқару кезінде де жұмысшылар соққыдан көз ашпайды» деп түйді. Әскери министр Шуваловтың соғыс-теңіз комиссиясында: «Бәлкім мен билігімді асырыңқырап жіберген болармын, егер қажет деп тапсам, келешекте де тап солай әрекет етемін» деп мәлімдегенін депутаттардың есіне салды. «Егер жоғары билік өкілдерінің заңдылық туралы түсінігі осындай болса, онда биліктің жер-жердегі агенттерінен не күтуге болады» деп ашына сөз саптады Мемдума мүшесі Мәмед Жафаров. Әйтсе де, күндерде бір күн ондайларға билікті асыра пайдаланғандары үшін Жазалар жөніндегі ережелердің 311-бабында ескерілген заңды шараны– мүліктік құқтарынан айырып, арестанттық бөлімдерге айдау жазасын қолдану сәті туар деп үміттенетінін жария етті.
Араға бір күн салып, 15 желтоқсан күнгі жабық мәжілісте жарыссөз болды. ІV Мемдуманың Ригадан сайланған мүшесі князь Серафим Мансырев өлкені Ресейге қосып алғаннан отыз жыл өткен соң, сонда барып үш жыл жұмыс істегенін айтты. Сонда көзіне түскен екі жайтты әңгімеледі. Бірі – Түркістанда ежелден бар ирригациялық құрылыстардың қолданыстан шығып, су арналарының қаңсып қалғаны, екіншісі – орыс төресі келе жатқанда, алдында дірілдеп тұрулары үшін, базардағы саудагерлерді де, сатып алушыларды да шыбыртқымен сабау әдеті екен. Щедриннің «Ташкенттік мырзалар» атты шығармасын еске салып, шет аймақтарға «орыс мәдениетін зорлықпен орнықтырып жатқан» сондай мырзалардың парақорлықты дамытқанын әшкереледі. Жергілікті әкімшіліктегі мырзалардың озбырлықтары түбегейлі өзгертілмейінше, осындай және бұдан да ауыр оқиғалардың бола беруі ықтимал екенін ескертті. Полтава губерниясынан сайланған депутат граф Дмитрий Капнист 2-шi Керенский суреттеген жайлардың жетіспей тұрған жағын, атап айтқанда, «туземдіктердің орыс тұрғындарына жасаған сұмдықтарын» айтып толықтырды. Сосын өзінің «Түркістандағы орыс отарлауын қызу қуаттаушы» екенін аян ете келе, оның жүргізілу практикасына екенін, өйткені Түркістанда сенатор Паленнің ревизиясына қатысып, бір жыл болғанында, осы қайғылы оқиғаның болмай қоймайтынына көзі жеткенін тілге тиек етті. Өзге тектілерден жер бөліп алу іс жүзінде туземдіктерді тонау жолымен жүзеге асырылды, содан туған масқараның қайталанбауына кепілдік ету үшін, Түркістан өлкесін басқаруды қайта қалыптастыру қажет деді ол. Дондық әскер облысының депутаты, дәрігер әрі заңгер Моисей Аджемов 19 бен 43 жасқа дейінгілерді бір мезгілде соғыс жұмысына шақыру мемлекет мүддесі тұрғысынан ойлайтын адамның тірлігіне жатпайтынын айтты. Сөзін қорыта келе, Мемдума билікке: «Мұндай өкіметтің орыс атына лайық емес, ол тек қана жеркенуге лайық» екенін мәлімдеуге тиіс деді. Одан кейін Керенский қайта сөз алып, граф Капнист 2-шінің сөзіндегі ескертпеге байланысты өз ойын нақтылады. Графтың әділетсіз жер қатынастары негізінде тәртіпсіздіктер болуы тиіс екенін орынды атағанын мойындады. Шынында да, жергілікті халықты жерден айырып, озбырлықпен тонау ең қиыр шегіне – «былай айтқанда, Геркулес бағандарына жеткен жақтарда» неғұрлым ауыр салдарлар пайда болды дей келе, оларды тізбелей бермеуінің сыры Капнист 2-ші ойлағандай емес деді. Мәселе, шешеннің айтуынша, оның бұл ауыр салдарлардың басты себебі туралы, өкімет туралы негізгі де жалқы мәселені Мемдума мүшелері алдында бар дауыспен көтеруді мақсат еткенінде еді.
Содан кейін жарыссөз тоқталды.Сұрау салулар дауысқа қойылды.Үшеуі де қабылданды. Келесі күні патша Думаны каникулға жіберу жайында жарлық шығарды. Желтоқсан айы бойы жергілікті әкімшіліктер сұрау салулар бойынша есептер беріп, баяндамалар әзірлеп жатты. Алайда жұмысын 1917 жылғы ақпанның 14-де ғана жаңғыртқан Мемдуманың бұл мәселеге қайта оралуға мүмкіншілігі болған жоқ. Күркіреп революция тақалып келе жатты. Патша 25 ақпанда Думаны біржолата тарқатып жіберді де, бірнеше күннен кейін өзі де тақтан түсті…
Империяның шет аймақтарында бұрқылдаған ұлт-азаттық көтерілістер жайындағы мәселені орыс парламентінің талқылағанына да, міне, биыл – бір ғасыр. Осы мәселені жан-жақты және терең зерттеуге алу әзірге біздің толық жүзеге асыра қоймаған міндетіміз боп табылады. Егер қолдарыңыздағы шағын шолу жоғарыда аталған бағыт бойынша жүргізілетін болашақ үлкен зерттеулерге тамшы болып қосылса – еңбегіміздің еш кетпегені деп білеміз.


Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымының кандидаты

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ