• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Адырнама » Асылбеков Абдолладай ұлтшылдығын ашып айтқандар болды ма?

    Асылбеков Абдолладай ұлтшылдығын ашып айтқандар болды ма?

    Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Алаш Орда»: ұлттық идея және дін мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына тарих ғылымының докторы Болатбек Нәсеновтың ұсынған материялын жариялап отырмыз.

    Мен қаншама мүрағаттарды 1998 жылдан бері аралап мыңдаған құжаттардың көшірмесін алдым. Бірнеше мыңдаған құжаттарды қолмен көшірдім. 10 жылдан артық өмірім  мұрағаттарда өтті. Бірнеше жүздеген алашордашылардың істерін алдым. Солардың барлығының ісінен Орыс большевиктеріне еш нәрседен, ешкімнен тайсалмай 1921 жылдан-1937 жылға дейін РКП (Б),ВКП(Б) ның бюроларында, жауапты жыйналыстарында ашықтан ашық, беттеріне басып «Сендер интервентсіңдер, ешқандай қазақ халқына көмектесуге келген жоқсыңдар» деп айтқан алашордалықтар да, қазақ ұлтшылдары да, большевиктер де болған жоқ десем өтірік болмас. Ал Асылбековты «Алашордашы болды»- деп те айта  алмаймын. Өйткені ешбір құжат кездескен жоқ. Ал қылығы, мінезі, сөйлеген сөздеріне қарап  оны тап-таза коммунист деп те ешкім айта алмас. Ал Орыс шовинистерін іреп сойғандағы сөздері мірдің оғындай, зеңбіректің оғымен жауды жайратып салғандай. Тағы да бір  таңқалатыным, Ленин жіберген большевиктердің де жон терісін тілген. Қалайша оны шовинист большевиктер 17 жыл бойына құртып жіберуге күштері жетпеді екен.

    bolatbek-n-senov-200x200

    Бұл батыр ағамыздың  аты-жөні АСЫЛБЕКОВ АБДОЛЛА. Ол 1896 жылы Қарағанды облысының НҰРА ауданында туған. 1917 жылдан ВКП (Б)-ның мүшесі Мәскеудің Тимирязев Академиясын бітірген. Тұтқындалардың алдында Әлеуметтік комиссариаттың халық комиссары болып тағайындалды. Бұл ағамыздың аты 1923 жылдан 1937 жылдары аралығында көптеген құжаттарда Алматының Республикалық мұрағатында, Республикалық ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Президенттің мұрағаттарында кездеседі.

    konferentsiya2

    Абдолла аға Орыс шовинистерін былай қойғанда, өзіміздің республиканың басшыларын: Мендешевті, Сейфуллинді де: «қолдарыңдағы мүмкіндікті неге пайдаланбайсыңдар. Шовинистердің, Мәскеудің ықпалындасыңдар. Қорқақсыңдар. Ана Ресейдің Шовинистерін  көріп отырсыңдар ма, ішімізге кіріп алды. Жауапты орындарда отыр. Неге көрмей отырсыңдар? Біз де қандай бостандық бар? Бізді нағыз колонияға айналдырып отыр. Неге қарсы шықпайсыңдар. Орындарыңнан қорықпаңдар. Сендер Қазақ халқының атынан айтсаңдар, Мәскеудегілер ойланады. Олар бізді басынуда. Қалайша бізден бір басшы қазақ жоқ дейді» – деп  ыза кернеп олардың қызмет бабымен санаспай іреп-іреп жібереді.

    Асылбеков ағамыз Ресейден келген  больщевиктерге тіпті көшеде кездесіп қалса да:

    «Сендер кетіңдер. Біз сендерсіз де өзімізді-өзіміз басқара аламыз. Интервенттер екендіктеріңді сезбей жүрсіңдер ме?» – деп шұқылай береді екен. Міне, соны президенттің мұрағатынан табылған мына хатпен танысайық (ҚОР 718  ТІЗІМ  1  ІС   268.).

     

    Қырғыз облыстық партия

    комитетінің  президиумына

    партия мүшесі

    Пирожниннен

    партбилет № 609 610

    Кирцигтің жыйналысын тосып жүргенде маған және жанымдағы Нежин екеумізге Асылбеков кездесті. Ойламаған жерден Асылбеков таяп келді де бізге былай деді: «Амансыңдар ма колонизаторлар». Біз оны қалжыңдаған екен дедік те мен оған қалжыңмен: «Колонизаторлар жұмыс істеп жүрміз. Ал ұлтшыл не істеп жүр екен» – дедім. Бірақ Асылбеков әрі қарай айтқанынан оның қалжың емес, шынымен бізге тиісіп тұрғанын байқадым. Ол: «Сендер Кир республикасын басқарасыңдар. Есіңде ме? Семей губерниясындағы қырғыздарлың сендерден қандай қорлық көргендері. Осындай жағдайларды айта берді. Тағы да бір айтқанын келтірейін. Сендерден орыс коммунистерінен ешқандай пайда жоқ, жақсылық күтуге болмайды. Мені ұлтшыл деп айыптасын, бәрібір мен айтқанымнан қайтпаймын.

     

     

    Осы айтылғандарды Президиумға жеткізе отырып сұрайтыным, егерде біздерді колонизатор деп есептесеңіздер онда жазалаңыздар. Ал әйтпесе АСЫЛБЕКОВТЫ тәртіпке шақыру керек.

    Р КП( Б ).8 тамыз 1923 жыл

     

    Бұл арызды басқа мәсәлелермен бірге Президиумда қарапты. Онда Асылбеков ағамыз былай деп жауап беріпті: «Мен оларды интервенттер дегенімді әлі де қайталаймын.

    Олар әрбір қырғызбен аудармашылар арқылы сөйлеседі. Осының өзі айтып тұрған жоқ па? Неге біздің тілді үйренбейді. Типография өткен жылы келген, бірақ қырғыз  тілінде жоқ.

    Егер Орталықты Қостанайға ауыстырсақ типографияны ауыстыруға болмай ма?

    Мәдениет күші – ол оңай. Олар ақшаға жалданатындар. Жолдас МЕНДЛИН 7000 теңгеге ешбір сөзсіз Қостанайға барады. Егерде коммунистер партиялық тәртіппен жіберілген болса, онда олар Қостанайға ғана емес, бүкіл қазақ даласына жіберілуі керек. Орынбор ешқандай орталық  емес. Бірақ ҚАЗАҚ ЖЕРІ. Егерде біз губернияны жойсақ, 10-15 округ қана қалса, оны қалайша Орынбордан басқаруды ойлаудамыз. Батысбөлігі  жеке бөлініп кетуі мүмкін дейді. Біздер қай губернияның экономика жағынан күшті екенін білуіміз керек.

    Қостанай аздаған ауданды қамтамасыз етеді. Айтиевтің сөзіне тоқтағым да келмейді. Өйткені оның басында… (жеке басқа тиіспеуіңіз сұралады – деді төраға) Орынбор қырғыз мемлекетінің астанасы емес. Қолдан жасалған қала. Қырғыздікі деген аты ғана.

    Осы президиумның протоколының 29 бетінде Асылбеков былай депті: «Мен барлық пункттерге, сондай ақ аудандастыруға әңгіме қозғамаймын. МЕН бірінші пунктке тоқтайын. Ол қазақ жерінде бірақ облыс ғана құру айтылған. Орынбор уақытша орталық болып саналады. Бізге Сырдария мен Жетісу өлкелерін қосуды тосудамыз. Соны тездету керек.

    Тағы да былай депті: Егер Қырғыздың қартасына қарасақ біз мынаны көреміз. Ақмола мен Семей бірнеше мың верст жерде орналасқан. Ал бұлай басқару мүмкін емес. КИРЦИКТІҢ съезіне бірде бір семейліктер келмейді. Өйткені олар Орынборды орталық деп мойындамайды. Мемлекеттің орталығы болу үшін оны көпшілік қолдауы керек. Ал Орынборда бар жоғы 89 жауапты қызметкерлерден басқа қырғыздар жоқ. Бүкілхалыққа Орынборда орын жоқ. Далада кім не істеймін десе соны істеп жатыр.

    Табиғи шекарға жөнінде әңгіме қозғалады. Қырғыздың экономикасының дамуымен, халықтың әл ауқатымен Орынбор шұғылданып жүрген жоқ. Бұл Орынборды Қырғыз мемлекетінің орталығы етіп зорлағанның әсері. Аудандар болған кезде біз Орынбордың орталық болғанынан бас тартуымыз керек. Оның орнына Мәдени орталық ОМБЫ бола алады. Өйткені ол жерлерде жауапты қызметкер қырғыздар жалпы қырғыздар қөп. Әрі қарай 2 беті өшуге таяу. Лупаменде оқый алмадым. Оған қарамай көшірмесін алдым. Мүмкін келешекте оқу мүмкіндігі болар деген сенімім бар. Туа қалса ағамыздың баға жетпес пікірлерін әрі карай оқырмыз.

    Істің 34-ші, ал протоколдың 3-шы бетінде басқа жарыс сөзге шыққандардың бірі сөзін былай жалғапты»: Асылбеков жолдас білуі керек РКП (Б) ның орталық комитетінен шақырылғандар  5-7-9 мың теңге ақша үшін келгендер емес. Асылбековтың мұндай сөздері істі алға жылжытуға бөгет жасайды.

    Жангелдин жолдас былай деді: «Әрбір сөзін әртүрлі түсінуге болады. Сондықтан Асылбековтен сұрау керек өзі қалай түсінетінін. Сонымен сұрақ тоқтар еді.

    Григорьев былай деді: «Қырғыздардың барлығының сөздеріне қарағанда олардың барлығы  орыстарды колонизаторлар  деп есептейді. Ол жақсылық емес. Біз бар күшімізді салып  қырғыздарға білгенімізді үйретіп жақсылық жасаудамыз. Барлық  қырғыз қызметкерлерінің халқына қызмет етіп жүргендерін жоғары бағалаймыз. Кедейлерді байлардан босатудамыз. Орыстарда ешқандай колонизаторлық ой жоқ. Бұл сұрақ өте күрделі соны шешуіміз керек.

    Нұрмұхаметов былай деді: «Мен партия мүшелерінде тәртіп жоқ дей алмаймын.

    Асылбеков туралы былай деп ойлаймын: Ол  ең адал коммунист. Ойындағысын жасырмай айтады. ОЛ КЕЗДЕ ҚАЗАҚ КОММУНИСТЕРІ БОЛЪШЕВИКТЕРДІҢ БАҒДАРЛАМАСЫНА СЕНДІ. ХАЛЫҚТЫ АЗАПТАН ҚҰТҚАРУШЫЛАР РЕТІНДЕ ҚАБЫЛДАДЫ. Республикада қазақтан шыққан  тұңғыш партизандардың  алдыңғысы болды. Ол көп жағдайларға риза емес. Сол себепті оны қатаң жазалау керек деген ұсыныстарға қарсымын».

    Айтиев: Мен конфликтіге барудың қажеті жоқ деп есептеймін. Шешуі қыйын мәселелер президиумда  щешілсін. Ретсіз сөйлеуден аулақ болуымыз керек.

    Журевский: Орталықты Орынбордан ауыстыру мәселесі РКП (Б) облыстық комитетінде талқыланды. Орталықты Ақтөбеге көшіру үсынылды.

    АСЫЛЬЕКОВ: «Мен әбден тұсінемін. Орталық комитеттің мүшелері қаулыны орындаулары керек. Қайда бар дейді сонда барады  Өте жақсы білемін бізге ВАЙНШТЕЙННІҢ қалай келгенін . Ол алдымен өзінің жақындарын орналастырды. Менің

    әр  сөзім тек қана ВАЙНШТЕЙНГЕ ғана арналады. Басқаларға емес. Басқаларын қабылдаймын..Барлық жерде сөзімнің шындық екенін дәлелдей  аламын.

       

                                             Дунаев мынадай ұсыныс жасады:

    1. АСЫЛБЕКОВТЫҢ МИНДЛИН туралы айтқанының орынсыз екенін ескерту керек.

                   Тов. МЕНДЛИН жолдас Дунаевтің ұсынысына қосымша Президум-нан келесі жыйынында АСЫЛБЕКОВТЫ  тактикалық қате емес, саяси қате жіберген деп жариялауды ұсыну керек депті.  Оны дауысқа салғанда  11 адам қолдап, 5 адам қарсы болыпты. Мендилиннің  Асылбеков туралы істі Бақылау комитетіне емес,  тергеу орнына беріп жауапқа тартылсын деген ұсынысы қабылданды.

    Әрине, еврей Миндилиннің ұсынысы қабылданады. Ол бастаған орталықтан келген Ресей большевиктері қанша кеңірдектерін созып біз көмектесуге келдік десе де халық олардың кім екендерін біліп отыр ғой. Олар шын мәнінде елімізді колонияға айналдыруды көздеді. МІНЕ ОЛАРҒА ҚАРСЫ ДАУЫСЫН АЙҒАЙЛАП КӨТЕРЕТІН АСЫЛБЕКОВТЕЙ ЕРЛЕР САНАУЛЫ ҒАНА БОЛДЫ. ТІПТІ БОЛҒАН ЖОҚ ДЕП АЙТА АЛМАЙМЫЗ. СӨЗСІЗ БОЛДЫ. БІРАҚ ОЛАР  ОНДАЙ  ОЙЛАРЫН СЫРТҚА АШЫҚ ШЫҒАРА АЛМАДЫ. ОСЫ АҒАМЫЗДЫҢ ЕРЛІГІН 30 ЖЫЛДАН КЕЙІН ТӘШЕНОВ ҚАЙТАЛАДЫ ҒОЙ ДЕЙМІН. 

    Әрине, Асылбеков ағамыздың бұл жан айқайы ескерілусіз қалған жоқ. Еврейлер тактиквсын қайтсе де өзгертті. Ағамыз бұл табанды, қайсар мінезін өзгерткен жоқ. Біртіндеп оның даусына мыңдаған бұрынғы алашордашылар, олардың шәкірттері қосылды.

    Еенді Миндлиннің ұсынысы бойынша  АСЫЛБЕКОВ АҒАМЫЗДЫҢ ІСІН  КИРОБЛ ТЕГГЕУШІ ҚОЛҒА АЛЫПТЫ

    ПРЕЗИДЕНТТІҢ МҰРАҒАТЫНДА ОСЫ ұсынысқа байланысты тергеу ісі ашылыпты. Мына төмендегі құжатқа үңілейік.

    Асылбековтың

    партиялық тергеу ісі.

    Орынбор қаласы,1 қараша 1923 жыл

     

    1977  жылы А. Илибаев деген азамат танысыпты. Бірақ ештеңе алмаған (Іс 37 ПАРАҚ).

    Мұрағаттағы істің беттері көрінбейді. Сол себепті ештеңе оқи алмадым. Ал оның алдында сәуір айында тергеу жұмысына іс ашылыпты. Ол  іс менің ойымша жоғарыдағы президиумның шешімінен кейін өзіміздің қазақ басшыларына риза болмай өзін қолдамағандарына ыза болып жасаған Асылбековтың іс-әрекетіне арналған сыяқты. Оны  мына төмендегі мұрағат құжатынан көруімізге болады.

    Протокол    № 18 .

    1923  жыл, 4 сәуір. Тергеуші Яковдев

    1 куәгер МЕНДЕШЕВ СЕТҚАЛИ, 41 жаста- Қаз орталық атқару комитетінің

    төрағасы. Білімі-орташа. Мамандығы-мұғалім.

    1 Сіз Байсалықов пен Жәнібековты көрдіңіз бе ?

    Жауап: Көрдім. Кешкі сағат 10-да Жәнібековты.

    Сұрақ: Не туралы әңгіме болды?

    Жауап: Жәнібеков айтты: Асылбеков келді. Мылтығы бар. Мендешовты, Сейфуллинді атып өлтіремін, одан кейін өзімді өлтіремін деді. Кеше сәрсенбі күні Асылбековты көрдім.

    Маған сағат 11-де Садуақасов пен Сейфуллин келді. Оларда сол мәселені айтуға келіпті.

    Мен оларға: «Алаңдамаңдар, ештеңеде болмайды. Онанда Асылбековты табыңдар. Ондағы қаруды алыңдар. Өйткені ол өзіне өзі жазым жасауы мүмкін дедім». Сөйтіп Садуақасов, Сейфуллин, Жәнібековтер Асылбековты іздеп кетті. Ол күні олар маған келген жоқ. Екінші күні Жәнібеков пен Байсалықовтар маған келді. Олар: «Асылбековты түнде таба алмадық»-деді. Демалыс күні ол үйіне келіп бір бөлмеге кіріп есігін ішінен іліп алып жатыпты. Дүйсенбі күні Садуақасов келді. Ол: «Асылбеков Ысмағұлдың үйінде қонып шығыпты»- деді. Кеше сәрсенбі күні Асылбеков маған өзі келді. Ол: «Мен ешкімді өлтіремін деген жоқпын. Олар қоздырып жүр. Түнде Қонақаевтің үйінде қонып шықтым. Қорықтым -деді»

    4 сәуір, 1923 жыл.   Қолы.

    Міне, Асылбеков ағамыз бар жан-тәнімен Отаны үшін, оның келешегі үшін өзін қолдамағаны үшін Ресей большевиктерінің қазақ елін шын мәнінде колонияға айналдыруға келгендерін осыншама көрегендікпен СЕЗІП, қазақ зиялыларын олармен аянбай күреске шақырып, жанталасты. Ол  сезді, білді, уақыт өткен сайын колонизаторлармен күрестің қиындай түсетінін, шиеленістің арта түсетінін әбден түсінді. Сол себепті де ол осы жоғарыдағыдай қадамға бара жаздады. Ақыры ол бұл жолдан бас тартып басқа жолға көнді.

    Осылайша Асылбеков Кир орталық комитетінің жиындарында өз ойын ашық айтқаны үшін Ресей большевиктерінің қуғынына ұшырады. Оған қорқытудың алуан түрі әсер етпеген соң оны өз отаны Қарқаралыға  окр комитетінің төрағалығына, одан кейін жаңадан салына бастаған Қарағанды қаласына облыстық ауаткомның төрағасы етіп тағайындады.

    Бұл аталған жерлерде Асылбеков ағамыз ауыр еңбекке халықты жұмылдыра білді. Ғажап істерді тындырды. Оның ой өрісінің аса жоғары дәрежеде екендігіне көздері жетіп, ұйымдастыру жұмыстарына қабілеттілігін мойындап қайтадан орталыққа алғызады. Оған сол кездегі аса ауыр жұмысты ұсынады. Оны әлеуметтік комиссариатының Халық комиссары етіп тағайындайды. Бұл саладада ерекше ісеген жұмыстарымен көзге түсе бастаған кезде ескі жаулары ағамыздың тілімен колонизаторлар бас көтерді.  «Халық жауы» болып айыпталды.

    Осы  кезде  өзімен  бірге қазақтың жас мемлекетін құруға кіріскен замандастарын ұрып соғып, зорлап куәгерлікке мәжбүрледі. Көпшілігі шыдай алмай жалада жапты. Шын болған істерінде айтты. Міне сондай куәгердің бірі Нүрсейтов Нұрғали болды. Ол 1903 жылы   Солтүстік Қазақстан облысы Атбасар ауданында туған Білімі орташа-Ленинградтың коммунистік университетін бітірген. Тұтқындалар алдында Гурьевте РКП (Б)-ның окружкомның хатшысы былай депті (Әрине ұрып соғудың күшімен, ешқандайда сатқындық емес) Асылбеков мені контрреволюциялық ұйымға мүшелікке үгіттеп кіргізгенде осы ұйымның басшылары Нұрмақов Нығмет, Садуақасов Жанайдар, Досов  Абылхайыр, Молдажанов Ильяс екендерін айтты. Асылбеков мүшелікке мына адамдарды тартты:

    1 Беккенин Ғабдісәләм – бұрынғы окр жоспарлау бөлімінің басшысы.

    2   Арыстанбеков Таукен – Бұрынғы атқару комитетінің консультанты.

    3.Басшығұлов Үсен – Қоңырат аудандық атқару комитетітің төрағасы.

    Келесі куәгер ҚОШАНБАЕВ ХАСЕН – 1896 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Атбасар ауданында туған. 1922 жылдан ВКП (Б) мүшесі.

    Тұтқындалар алдында РКП (Б) Қызылорда окр комитетінің төрағасы. Бұрынғы ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІП  КОМИССАРИАТЫНЫҢ ХАЛЫҚ КОМИССАРЫ. Ол былай депті: АСЫЛБЕКОВ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛ АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ БОЛҒАН КЕЗДЕ  ҚАРАҒАНДЫНЫ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ СҮЙЕГІМЕН ОРНАТЫП ЖАТЫР.

    Қазаққа бостандық келген жоқ деді. Жауыздардың тырнағына ілінгеннен кейін Асылбеков Абдолланың тергеушілерге берген жауабы туралы құжаттарды  республикалық ұлттық қауыпсіздік комитетінің  мұрағатынан алдым. Ол  менің «Халық  жаулары» атты кітабімде  2011 жылы орыс тілінде жарияланды.

                             Асылбеков Абдолла, 1937 жыл  31 шілде.

    Сұрақ: Садуақасов Ж.Лекеров және Сейфуллинмен кездескендегі әңгімелеріңіздің мәтіндерін айтып беріңізші.?

    Жауап: 1934 жылы Мәскеуге келгенде  Садуақасовқа кірдім. Шынын айтқанда Садуақасовты көптен білемін. Ол  менің тәрбиемнен шыққан.

    Сондықтан, одан қорғанбай Мәскеуде Нұрмақовпен болған әңгімені толығымен айттым. Оның кеңес үкіметіне қарсы құрылған ұйым екендігін, алға қойған міндеті туралы айтып бердім. Нұрмақовтың ол туралы Садуақасовқа айт дегенін жеткіздім. Бірақ  Садуақасов сақ болуды, конспирацияны сақтауды ескертті. Одан көп кешікпей 1934 жылы  маусым айында Алматыда «Каменское платода» Лекеровпен кездестім. Менімен кездескенде Лекеров менің Нұрмақовпен кездескенімді біліп отыр. Оны кімнен естігенін білмеймін. Одан кейін Лекеров Нұрмақов сияқты  Қазақстандағы саяси жағдайды айта келіп, колхоз құруға қарсы күрес жүргізу қажеттігін айтты. Қазақтарға малды жекеменшік арқылы дамытқан  дұрыс екендігін баса айтты. Ол қазір колхозшыларға бұзауларды беріп жатқанын сықақтап бұзаулар өскенше барлық қазақ қырылып бітер деді. Халыққа қазір отбасын аман сақтап қалуға сүт керек деді. Ол қызмет орындарын қазақтандыру туралы баса айтты. Бүгінгі жүргізіліп отырған саясат қазақтарды мазақтау, қорлау саясатымен тең деген дұрыс болар. Өйткені бір жерге қызмет сұрап қазақ келсе, мың түрлі сұрақ  қояды. Алаш Ордашы емессің бе, байдың баласы емессің бе?-деген сияқты. Ал европалықтар келсе, оларды ешбір сұраусыз қабылдайды.

    Міне, сол себепті көптеген қазақ интеллигенттері жұмыс таба алмай жүр. Ол мынадай мысал келтірді. Мысалы, Сейфуллинді алыңыз: «шарбаққа қамалған аң сыяқты» жұмыссыз отыр. Ол өте таза, қызметке адал азамат. Сондай-ақ, Нықаш (Нығмет Нұрмақов). Оны Қазақстаннан қуып жіберді. Нұрмұхаметтің де қайда екені белгісіз? Оның ой өрісі, ақылы қайдағы бір армяннан әлде қайда жоғары. Неге Досов бірінші хатшы бола алмайды? Нұрмақовты баяғыда Қазақстанға қайтару керек еді. Біздер 1927 жылы ақымақ болдық. Ол үшін күресуіміз керек еді. Міне, біз Қазақстанның құрып бара жатқанын көріп отырмыз.Оның осы әңгімелерінен менің түсінгенім ол Нұрмақовтың көзқарасын айтып отыр.

    Сейфуллинмен де байланыс жасадым. Ол да Нұрмақовтың тапсырмасы болатын. Сейфуллинмен әңгімелескенде  байқағаным ол да үкіметтің колхоздастыру саясатына қарсы екенін білетінмін. Ол кеңес үкіметінің саясатына наразы болды. Мен онымен өте жақсы қарым-қатынаста болдым. Оның  үйінде Алматыда бірнеше рет болдым. 1934 жылы Қарқаралыға окр.атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалғанда кездестім. Сол кезде ол өте қатал ашумен: тездету керек. Екі қолды бос қойып тыныш отыруға болмайды. Кеңес үкіметін тезірек құлату  керек деді. Кеңес үкіметіне қарсы күресте қандай таптан шықса да, қай топтан болмасын өзін ҚАЗАҚ-пын дейтін азаматтардың бастары бірігулері керек. Егерде: «Алашордалықтар, әй, Асылбеков екеуің  халықтың бақыты үшін күресіп едіңдер, ал енді не нәрсеге қолдарың жетті десе не дейміз» – деді.

    Сәбит  Мұқанов – Жазушылар одағының  төрағасы. Мен онымен 1921 жылдан араласамын.

    Ол Сейфуллиннің өте адал жақтасы. Жақын досым ретінде мен оған жасырын ұйым жөнінде айттым. Ол бұл ұйымның алға қойған мақсатын қолдайтынын  білдірді.

    АСЫЛБЕКОВТЫҢ берген жауаптарын сатқындық деп есептей алмаймын. Оның берген жауаптары Кеңестің тергеушілеріне онсызда белгілі болатын. Оның үстіне ол атаған қайраткерлердің тағдыры оған дейін шешіліп қойғанын Асылбеков біліп отыр. Енді оның берген жауаптарын көңіл қойып талдасаңыз, бірде-бір  сұрағына дәлді жауап бермеген, жалтарма жауаптармен қиын жағдайлардан шығып кеткенге ұқсайды. Бірақ оның 1923 жылдан бергі жаулары оның тілімен колонизаторлар оған үкімді алдын ала шығартып қойған болар..

    Кеңес үкіметінің саясатын бірінші жылдан бастап әшкерелеген алдыңғы отрядтың ішінде болған есіл ер осылайша жендеттердің қолынан қаза тапты. Оның аты өшпеуге тиіс. Алтын әріппен жазылып есімізде мәңгілік сақталуы керек. АСЫЛБЕКОВ АБДОЛЛА да АЛАШтың адал ұлы болды.



    Болатбек НӘСЕНОВ,

    тарих ғылымының докторы, профессор.

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Жастарды әлеуметтендіру жобасына Оралдың мектептері де қатысады

    Орал қаласындағы нөмірі 38 мектеп-лицейінде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» Қазақстан жастарын әлеуметтендіру және дамыту жобасы ...