• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Адырнама » Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін 25500000 қазақты қырғынға ұшыратты

    Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін 25500000 қазақты қырғынға ұшыратты

    Жақында Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысымен «Адырна» этнографиялық ұлттық бірлестігі Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада «Алаш арыстары және ашаршылық» атты үлкен ғылыми конференция өткізді. Бұл жиынға адам көп жиналды. Халқының қайғысын жүрегімен сезінген жұртшылық арасында белгілі ғалымдар Таласбек Омарбеков, Хангелді Әбжан, Бейбіт Қойшыбаев, саясаттанушы Айдос Сарым, Абайтанушы, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедханның қызы Дина тағы басқалар болды. Олар өздерінің білетіні және осы нәубет жөнінде пікірлерімен бөлісті.

    Ғалымдардың айтуыншы егерде ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін зардаптары болмаса бүгін қазақ ұлтының саны 45 миллион болуы тиіс екен.

    Сол бір тар жол, тайғақ кешу жылдары Қазақстанда тұрған басқа ұлт өкілдері, атап айтқанда: орыстар — 6%: өзбектер — 8%: татарлар — 10%; украиндар -11%; ұйғырлар — 13% кемісе, қазақтың саны 50%, турасын айтқанда тура тең жартысынан айрылды. Бұл қазақтың әр екіншісі аштан өлді, немесе саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды деген сөз.
    Неге бұлай болды? 1928 жылғы санақ бойынша Қазақстандағы малдың саны 40000000 (қырық миллион) болған?! Бұл аштан қырылатын жағдай ма? Жауап айқын: бұл туралы көптеген кітаптарда жазылған. Соларды оқыған адам дәлелді жауап алады.

     

    «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі ұйымдастырған осы ғылыми конференциясында тарих тағы да айтылды, мұң мен шер тағы да қозғалды. Білімдарлар тағы да нақты мәліметтерді жұртпен бөлісті.

    Бір кітаптан Ахмет Байтұрсынұлының «600000 (алты миллион!) қазақпыз» деп жазғанын оқып едім. Осыншама халықтың жартысы 3000000 (үш миллион!). Ғалымдар қазақ ұлты тең жарымынан айрылды деп жазып жүр. Бұл дұрыс па?

    Иә, әрі дұрыс, әрі дұрыс емес! Себебі Совет үкіметінің билігінің қазақ халқына жасаған геноцид тек үш миллион қазақты қырған жоқ, солардың болашақ ұрпақтарын да қырды! Санап көрелік. 6 миллион халық бүгінде 45 миллион болуы керек болса, сол 45 миллионның жартысы, нақты айтқанда дүниеге келуі тиісті бірақ жарық дүниені көре алмаған 22 миллион 500 мың қазақты неге санаққа алмаймыз? Бұған қырылған 3000000 қазақты қосыңыз. Сонымен қазақ ұлты ашаршылық пен саяси-қуғын сүргін салдарынан 25500000 (жиырма бе миллион бес жүз мың!) қазақтан айрылды деуге толық негіз бар.

    Тек осылай нақтылағанда ғана Совет үкіметінің зорлық-зомбылығының қаншалықты қайғылы, қаншалықты ауыр екенін білеміз. Бұған қаншама жанұяның ойран болып, қаншама адамның қайғыға батқанын. «Халық жауларының балалары» деп интернаттарда өксіп өскен балалардың көрген ауыртпалығын, халық жауының бауыры, туысы, әйелі деп түрлі азапты лагерлерге айдалған қазақтардың мұң-зарын қосыңыз… Айта берсе сөз жетпейді. Ешқандай көздің көлдей болып төгілген жасы бұл қайғыны жуып, ұмыттыра алмасы анық!

    Сонымен ғылыми-конференция талай тоңған мұзды бұзды, қатып қалған ойлардың тігісін сөкті. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні айтылып ғылыми-конференция төмендегідей қарар қабылдады:

    «Алаш арыстары және ашаршылық» атты ғылыми-тәжірибелік конференция қатысушыларының қарары.

    ҚР Ұлттық кітапханасында өткен жиынға елімізге белгілі тарихшы ғалымдар, саясаттанушылар, қоғам белсенділері мен ҮЕҰ өкілдері ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында елімізде болған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінді ресми түрде қазақ халқына жасалған «геноцид» деп бағалануы керектігін алға тартты.

    Бұл күнде біз тәуелсіз мемлекет бола отырып Кеңес үкіметінің солақай саясаты кесірінен орын алған нәубеттің саяси-құқықтық, адами қағидаттар тұрғысынан баға бере алмай отыруымыз мемлекеттігімізге сын. Адам қаны мен сүйегінің үстіне орнатылған, әлдеқашан тарап кеткен Кеңестер Одағы билігінің қылмысын «геноцид» деп атаудың әлдеқашан уақыты жетті.

    Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда Кеңес үкіметі кезінде жасалған қылмыстық әрекеттерді әшкерлейтін арнайы комиссия құрылып, жұмыс жасаған болатын. Белгілі тарихшы ғалымдардың зерттеулерінің қортындылары негізінде зұлмат жылдардың зардаптарын «геноцид» деп бағалаған сол кездегі Жоғарғы Кеңестің қаулысы да жарияланған еді.Одан бері қаншама уақыт өтті. Қазіргі таңда ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын 31 мамыр күні тек еске алумен ғана шектеліп отырмыз. Тіпті осы еске алу күні жалпыхалықтық сипат ала алмай келеді.

    Сондықтан бірге аталып өтіп жүрген ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуды жеке-жеке күндерде атап өтуді қолға алу керек.

    Атап айтқанда:

    • Ашаршылық құрбандарын еске алу күнін «Жалпыұлттық аза тұту күні» деп атау;
    • Саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым ету күнін арыстарымызды «Еске алу күні» деп белгілеу;
    • Ашаршылыққа байланысты барлық мәліметтерді, құрбан болғандардың есімдерін жинақтайтын және ғылыми түрде баға беретін арнайы ғылыми-зерттеу орталығын құру;
    • Үкіметтің бекітуімен ресми түрде ұлтқа жасалған «геноцид» деп баға берілген саяси-құқықтық шешім қабылдау;
    • Республика бойынша «Жалпы ұлттық аза тұту күні» күндізгі сағат 12:00-де бір минуттық үнсіздік жариялап, мемлекеттік органдардағы мемлекеттік туы түсірілсін;
    • Сол күні барлық жерлерде ойын-сауықтық шаралар тоқтатылсын.
    • Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы деректі және көркем фильмдер түсіріліп, театр сахналарында қойылымдар қойылсын;
    • Бүкіл халықтан ашаршылық туралы естеліктер жинақтап, естеліктердің көптомдығын шығару қолға алынсын;
    • Жоғарыда аталған қос зұлматтың тарихы жазылып тегін таратылуы тиіс;
    • Азалы күні іс-шаралар барысында қойылатын қайғылы күй шығаруға байқау жариялану;
    • Осы күні айтылатын жоқтау шығарылсын;
    • Осы нәубет тақырыбындағы республикалық жыр байқаулары өткізілсін;
    • Сол бір жылдарды бейнелейтін сурет көрмелері ұйымдастырылсын;
    • Осы тақырып бойынша жазылған әдеби және жыр жинақтары шығарылсын.

    Ғылыми-конференцияның бұл қарары көпшіліктің арасында қолдау табарына сеніміміз мол.


     «АДЫРНА» ұлттық порталы.

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Абзал Құспан мен «Адырна» бірлестігі оралмандар мәселесін айқын шешуді қолға алды

    «Отан — оттан да ыстық» жобасы аясында, 2018 жылдың ең аты шулы іс Сайрагүл Сауытбайдың ...