• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Адырнама » Арман Әубәкір: «Бізге де көңіл бөлінетін күн туады екен ғой» деді көңілі босаған қариялар

    Арман Әубәкір: «Бізге де көңіл бөлінетін күн туады екен ғой» деді көңілі босаған қариялар

    Арман Әубәкір — Алматы қаласындағы «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігігінің директоры. Бүгін замандасымыз Арман Әубәкірмен кездесіп әңгімелестік.

    -Бірлестік түрлі игі шараларды іске асырып жүргенімен белгілі. Әсіресе елбасымыз еліміздің тарихында тұңғыш рет қазақ ұлттық аспабы, мақтанышы «Домбыра Күні» мерекесін атап өту туралы жарлығын жариялағанда сіз басқаратын бірлестік Қазақстанда бірінші болып осы мерекені тау бөктеріне барып тойладыңыздар. Осы мереке туралы не айтасыз? 

    Иә, біз «Домбыра күні» мерекесін атап өттік. Өте тамаша той болды. Ол туралы егжей-тегжейлі тоқталып жатпайын. Себебі сол бір мерекеміз туралы сол кезде мақалалар жарияланды.

    Менің ойымша ұлтымыз рухымен күшті болуы керек. Ол күштің негізі, маңызы рухани құндылықтарымыз деп білемін. Елбасымыздың бұл бастамасы көп қазақтың ұлтжандылық сезімін рухани биіктікке жетеледі. «Домбыра күні» шынында да рухани жаңғыру қадамы болды. Астанамыздың үлкен алаңында жүздеген қазақ қара домбырасын қолына алып күй ойнағанда, кеуде кернеген қуаныш адам жанына үлкен сенім ұялатады. Оны мыңдаған қазақтар, басқа ұлт өкілдері көрді. Миллиондаған қандастарымыз бен отандастарымыз теледиардан тамашалады. Біз шынында да мемлекеттің басты ұлты екенімізді, елімізде тұратын барлық азаматтардың алдында үлкен жауапкершілік иесі екенімізді көрсеттік. Бұндай үлкен сезім үлкен істерге жетелейді  деп білемін. Бұл мереке басқа елдерге де үлгі болады деп сенемін. Осыған қуанамын. Қазақ екенімді мақтан тұтамын!

    — Бұл сөзіңіз  Бауыржан Момышұлы атамыздың «Мақтаныш сезімі ерлікке жетелейді» деген ойын растайды. Келесі сұрағыма жауап берсеңіз: «Адырна» ұйымы басқа қандай игі шаралар ұйымдастырып жатыр?

    Біз («Адырна» ұйымы) Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысымен Алаш арыстары мен өткен ғасырдың басында орын алған ашаршылық байланысы жөнінде үлкен ғылыми тәжірибелік конференция өткіздік. Оған Қазақстанның белгілі ғалымдары мен саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері және саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары және басқалар қатысты. Қазір осы ғылыми бас қосуда жасалған баяндамалар жинағын баспаға дайындап жатырмыз. Жақын арада сол кітапты көпшілік қауымға жеткізу жоспарда бар. 

    -Арман Әубәкірұлы, естуімізше шетелден қайтқан бауырларымызға да қол ұшын созып көмектесіп жатыр екенсіздер, сол туралы нақтырақ баяндап берсеңіз?

    Біз қандастарымызды құқықтық қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау, Қазақстандағы жағдайға бейімдеу бойынша «Отан — оттан да ыстық» жобасын іске асырудамыз. Біз бауырларымызды «оралман» деп атағымыз келмейді, себебі бұл атау оларды бөлектеп тұрады. Ал, біздің халқымыздың алдында ұлт ретінде бірігу мақсаты тұр. Сондықтан біз оларды қандастар деп атаймыз. Олар шынында да біздің қандастарымыз ғой.

    Біздің жобамыздың мақсаты қала ішіндегі қандастарымызға барынша, жан-жақты көмектесу. Дегенмен, сіз бен біздің қандастарымыздың  тіркеулері Алматы облысында екен. Біз жобамыз қала ішін ғана қамтиды деп ресмилік танытсақ ұлтжандығымыз қайда қалмақ? Сондықтан бұндай жағдайда қазақтың «жаным арымның садағасы» деген азаматтық даналығын басшылыққа алдық.

    Бұндай жауапкершілікке бару екінің бірінің қолынан келе бермесі анық, әрине. Енді бұл мәселелер қалай шешілмек?

    Әңгімемді жалғастырайын. Бұлай етуіміздің себебі құжат мәселелері де көбінесе облыстың шеңберінде туындап жатыр. Сол себепті бүгін бізге түскен өтініштер негізінде Алматы облысында орналасқан Шелек ауылындағы өңірлік көші-қон мекемесіне барып қолдан келгенше қандастардың құжаттық мәселесінің шешілуін заң аясында анықтауға әрекет еттік. Жоба жетекшісі Әлішер Омар және «КЕШ» құқықтық орталығының басшысы Кәмиша Есмухамбеткызы, барынша қолынан келгенін жасап жатыр. Шелекте тіркелгенімен де өзге өңірлер мен қалаларда тұратын қандастар сол жерде бізге көмек сұрап өтініштер жазды. Сол жердің өзінен құжат бойынша қиналып жүрген 60-қа жуық кісі өтініш білдірді.

    -Қандастарымыздың жағдайын жақсарту басқа да мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық бірлестіктердің, турасын айтқанда, әр қазақтың белсене ат салысуымен шешілетін үлкен мәселе ғой. Солай емес пе?

    Әрине солай. Не жасасақ та Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен әрекет етіп жатырмыз. Ондағы азаматтермен әрдайым ақылдасып отырамыз. Оларға бізді барынша қолдап отырғаны үшін алғыс айтамыз.

    Елім деп еңіреп келген бауырларымызға олардың құқықтары туралы түсіндіріп, тек заң негізінде құжат тапсыруды (делдалдарға ұрынбауға кеңес), құжат тапсырғанда түбіртек талап етуді, құжаттың дайын болу мерзімінен (азаматтық алу құжатын әзірлеу — 3 ай) асқанда оның кешігу себебін сұрап ресми арыз жазуды (арызға жауаптың 10 күн ішінде берілуі тиістігі), одан да нәтиже шықпағанда Мемлекеттік қызмет агенттігіне, Жемқорлықпен күрес агенттігіне шағымдану мүмкіндіктері бар екендігін айтып, түсіндіріп жатырмыз.

    Арман Әубәкірұлы, жаңа бір  өзіңізде «құжат мәселелері де облыстың шеңберінде туындап жатыр» дедіңіз. Бұл ең бір қиын мәселе сияқты. Бұған нендей көмек көрсетіп жатырсыздар?

    Шелекте бұған дейін қандастарға құжат қабылдап алғанын растайтын түбіртек берілмей келгені қайран қалдырды. Бүгін жиналған ел құжаты қабылданғаны жайлы анықтама алды. Құжаттың дайын болу мерзімі тым қатты кешіккен кісілер анықтамаға сүйене отырып жергілікті көші-қоң мекемесіне шағымдана алатындығын түсіндірдік. Күнде «ертең кел» деген сөзге алданып құжаты туралы бір дерек біле алмай жүрген жұртқа бұл да болса үміт отын тұтатты. «Бізге де көңіл бөлінетін күн туады екен ғой» деп көңілі босаған қариялар да табылды. Жиналған өтініштерді сұрыптап республикалық және облыстық құзырлы мекемелерге ресми xат жолдауды мақсат тұтып отырмыз.

    -Өте игі жұмыстар жасалып жатыр екен. Қандастарымызбен жиі байланысып тұрады екенсіздер ғой.  Қандастарымыздың ;ауабын іздеп жүрген сұрақтары көп екені белгілі. Бұл жағы қалай болып жатыр, олар сіздерге жиі хабарласа ма?

    «Қандастар» сайтының шеф-редакторы Құрметолла Мұхаметханұлы және өзімде  құжат бойынша туындаған мәселелерді барынша анықтауға күш салдық. Сайтта қандастарымыз түрлі сұрақтар қойып керекті жауабын ала алады. Одан бөлек телефон арқылы тәулік бойы хабарласуға болатын жедел желі байланысын қамтамасыз еттік. Осындай және басқа да жобаларымыз аясында түрлі жұмыстар жасап жатырмыз.

    Еліміздегі қайбір мәселелер болмасын немқұрайлық танытуға болмайды деп есептеймін. Қазақтың болашағын бірлесіп қалыптастырайық!

    -Арман Әубәкірұлы, нақты мазмұнды әңгімеңіз үшін алғыс айтамыз. Істеріңіз бұдан былай да сәтті бола берсін!

    Бектас Шерехан.

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Қаратөбелік жас ұстаздар әлеуметтендіру жобасымен танысты

    4 қазан күні Мұхит атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі ...