• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Адырнама » 1916 жылы майдан жұмысына алынған қазақтардың тылдағы хал-ахуалы

    1916 жылы майдан жұмысына алынған қазақтардың тылдағы хал-ахуалы

    Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына орай «Ұлт-азаттық көтерілістің кіші ошақтары» атты дөңгелек үстел өткізді. Осы дөңгелек үстелде басты баяндамашы болған т.ғ.к., доцент Еркін Ермұхановтың баяндамасын толықтай ұсынып отырмыз.

    Патша үкіметі халықтың азаттық күресін қарулы күшпен басқаннан кейін жарлықты іс-жүзіне асыра бастады. Жарлық Қазақстанның әр өңірінде оның басылуына қарай түрлі кезеңде орындалды. Тіпті кейбір аймақтарда ақпан төңкерісіне дейін созылды. Отаршыл әкімшілік мақсаттарына толықтай жете алмағанымен оны біртіндеп іске асыруға барынша күш салды. Патшаның о бастағы «соғысып жатқан армиялар ауданында қорғаныс құрылыстары мен әскери қатынастар орнату жөніндегі жұмыстар үшін» жарлығы орыс солдаттары мен жұмысшыларын неғұрлым көнбіс және арзан жұмыс күші ретінде «бұратаналармен» ауыстырып, оларды қорғаныс құрылыстары мен басқа да тыл жұмыстарынан босатудан туындаған еді.

    turkusup

    Тыл жұмысына алынған қандастарымыз Ресейдің түрлі аудандарындағы қара жұмыстарға тартылды. Қара жұмысқа адам алу туралы нұсқауда майданға алынған әр жұмыскердің қыстық, жаздық толық киім, ас сауыты, сайманы болуы керек екені айтылған. «Нұсқау бойынша жұмысқа алынатын адамдар әр қайсысы өз болыстарының атымен аталып онға, жүзге, мыңға бөлінетін, оларға он басы, жүз басы, мың басы сайланатын болды. Жұмыскерлердің жанында молдалары, мырзалары, тілмаштары, наншылары, етшілері, шаштараздары белгіленетін болды. Мұнан кейін нұсқауда жұмыскерді жіберу, азық беру тәртібі, жұмыскерлердің бастықтарының шеніне қарай белгісі көрсетілген. Жұмыскерлерге белгіленген ақы – күніне бір сом. Бұл ақыны жұмысына қарай көбейтуге де болады. Жүз басыларға ақы күніне 2 сом, он басылар мен тілмәштарға 3 сом, молдаларға 2 сом. Бәріне де тамақ қазынадан» [1].

    Ұлт көсемі А.Байтұрсынов «Қазақ газетінің №189 санында: «… жұмысқа баратын жігіттердің киім-кешегі, азық-түліктері күйлі болғаны мемлекет қорғау ісіне де, жұмысшылардың өздеріне де бірдей пайдалы. Олар аш, жалаңаш болса, жұмысы берекесіз болып, мемлекетке пайда келтіре алмас, екінші ыстыққа күйіп, суыққа тоңып, қарны аш болса, өздері қара басын сақтауы қиынға айналар…» [2], деп майданға алынған жігіттерге ел болып жәрдем беруге шақырады.

    Тыл жұмысына алынатын халықтың керек-жарағын дайындау барлық жерде бірдей қолдау таппағанымен кейбір өңірлерде оған ерекше мән берілді. Мәселен, Лепсі уезіне қарасты Аягөз һәм Бақты учаскаларындағы 12 болыстардан 15 үйден бір кісі алмақ болып, списоктарын тәртіптеп, киім-кешектерін даярлауға бұйрық болды. Бұған халық көніп 5 үйден баратын бір кісінің қамын жеп, олардың киім-кешегіне 100 сомнан ақша жинап жатыр [3].

    Майданға алынатын халықтың жағдайы 1916 жылы 7 тамызда Орынборда өткен ұлт зиялыларының кеңесінде де сөз болып, онда төмендегідей мәселелерді қарар ретінде қабылдаған болатын: «… Қара жұмысқа тартылған әрбір 30 жұмысшы артельге ұйымдасуға ерікті, артель жанында аудармашы және 10 артельге бір молда болуы қажет; ауруға шалдыққандарға жараланған жұмысшылармен тең дәрежеде дәрігерлік көрсету; жұмысшыларға киім-кешек пен азық-түлік жеткізу үшін жеткілікті мөлшерде тегін вагондар бөліп, оның орындалуын қадағалауға әрбір болыстан екі адамды бөліп, олардың баратын жеріне шейін рұқсат қағазын беру; дәлелді себептермен қажетіне қарай жұмысшы қазақтар демалыс алуды пайдалануы қажеттігі атап көрсетілген [4].

    Енді осы мәжілісте қабылданып, үкімет орындарына тапсырылған қарарлардың орындалу барысына келейік.

    «Қазақ» газетіне Ақсу болысының бастығы Жандарбек Тазабекұлының жолдаған хатында: «Шымкент уезіне қараған Ақсу, Қарақұм, Мешіт, Қошқарата, Боралтай һәм Ташбай болыстарынан алынған 1085 адамнан аман-есен темір жолмен бара жатырмыз. Жолда кемшілік көргеніміз жоқ, отарбаның асханасында тамағымызды пісіріп ішіп келеміз. Қазір біз Шлябиге келе жатырмыз. Орныққан соң тағы да хал жағдайымызды білдіреміз. Жұмысшыларға бас-көз болу үшін халық сайлап жіберген Ақсу болысының управителі Жандарбек Тазабекұлы һәм «письменный передчик» Әбдулқадір Сыдық Назарұрғлы [5], — дей келе өздерінің жүктелген міндетті абыроймен атқарып келе жатқанын мәлімдейді.

    Аталған басылымға өздері бас болып барған Хакім Кекин, Әмір Қаталұлдырының да хаттары жолданған. Хатта майданға аттанғандардың жолай бастан кешкендері, орналасуы, ондағы жағдайлары сөз болады. Енді осы хатқа үңіліп көрейік: «Ақтөбе уезіне қараған Батпақты, Бестамақ һәм Әлімбет болыстарынан алынған 700 жігіт Ақтөбе қаласынан 15-қазанда жөнелтілді. Бұл жігіттерді баратын жеріне шейін басшылық қылып ертіп баруға бұл елдер орталарынан біз екеумізді сайлап шығарды. Біз бұл жігіттермен бірге отарбаға мініп, баратын жерлеріне қолымызды аман-есен тапсырдық. Бара жатқан Сызрань қаласында 7 күн тоқтап жаттық. Мұнда жігіттерге шешек ектік. Сызраньнан Вызма, онан Орша, Оршадан Минск губерниясына Замирия деген станцияға бардық. Жолда жігіттердің тамағы тоқ. Жай-күй жақсы болды, ешкімнен қақпай-соқпай көрген жоқ. Оларды әлі  Замирия станциясына үш шақырым жерде жұмысшыларды басқаратын партия бастығына тапсырдық. Жігіттердің жұмыс қылатын орны осы, соғыс майданынан қашық, қауіп қатерсіз жер. Бара жатқанда Ряжский деген станцияда Бестамақ болысының 2 аулының бір жігіті ауырып қалды.

    Жігіттердің арасынан мың басы, жүз басы, молда, аспазшы, мал союшы сайлап қойды. Бұлар қара жұмыстан азат. Жұмыс қылатын уақыттары 6-12 шейін, кеш сағат 4-тен күн батқанша. Бұлар намаз оқитын ағаштан намазхана салдырып жатыр. Жұмыс қақы қара жұмыскерге күніне бір сом, мың басы һәм мыңның молдасына 3 сом, жүз басыға 2 сом, жүз басының тілмәші һәм писарі күніне 2 сомнан алады» [6].

    «Жұмысқа алынған жігіттер 100, 150, 200 адамға арнайы жартылай жерді қазып, төбесін тақтаймен, оның үстін топырақпен жапқан, ал астына тақтай төсеп еден жасаған, 2-3 терезесі бар үйлерде тұрған. Үй ішіндегі екі жақ қабырғаға екі қабат нар-сәкілер орналастырып, жатын орын жасаған. Кейбір үйлерде сәкілер екі жақ қабырғаға және ортасына салынған тамақ ішуге үстел қойылмаған. Сондықтан, кейбір үйлерде асхананы арнайы бөлек жасаған. Үйлердің ішінде 2-3 темір пеш қойылған.

    Алғашқы келіп орналасқандардың үйлері жылы, құрғақ, тұруға жайлы, ал соңғы, кешірек келгендердікі күзгі жауын суықта салынғандықтан дымқыл болған. Соңғы келгендердің бәріне бірдей үй жетпегендіктен, олардың біразы үйлердің шатырларына орналастырылған. Шатыр үйлер су өтпейтін кенептен, терезелері екі басында, 100-150 кісілік, бұлардың іші де жер үйден суық, дымқыл болған» [7].

    Бүкіл өмірлерін ұлт жолына арнаған қазақ зиялылары тыл жұмысына алынған қандастарының майдандағы мұндай жағдайы тыншытпады. Майдан жұмысына алынған қазақтардың басым көпшілігі Земгорсоюз мекемесінің қарауына келіп түсті. Ұлт зиялылары Земгорсоюз жанынан ашылған бұратана бөлімінде қызмет істеді. Ал бұл бөлімге Әлихан Бөкейханов басшылық еткен еді. Ұлт жанашыры ең алдымен тыл жұмысына алынғандардың басы-қасында болуға,олардың отаршыл әкімшілік өкілдерінен қысым көрмей, елге аман-сау оралулары үшін қызмет етуге жан-жақтағы көзі ашық азаматтарды шақырды. Өз ғұмырларын халық жолына арнаған, бір жағынан шақыруды тиек еткен сондай жанашырлардың бірі – Міржақып Дулатов Тоғай облысының губернаторы атына бірден өтініш білдіреді. Губернатор Бас қолбасшының Жоғары Штабына жолдаған жеделхатында «Қазақ» газетінің қызметкері М.Дулатов пен дәрігер Ә.Алдияровтар өздерін Земгорсоюздың бұратана бөліміне қызметке жіберуін сұрағанын айта келе, оларды аталған бөлім бастығы Ә.Бөкейхановтың М.Дулатовты жұмысқа шақырған жеделхатын өздеріне көрсеткенін баяндайды. М.Дулатов пен Ә.Бөкейхановқа қол қойған кепіл қағазды бергендігін хабарлай келе [8], олардың үнемі қадағалауда болғандығын, күдік тудыратын жағымсыз әрекеттердің байқалмағандығын, әрі Орынбор жандарм бастығы бұлардың үстінен ешқандай іс қозғалмағандығы себепті тыл жұмысында қазақтармен жұмыс істеуге жіберуге болатындығын мәлімдейді [9].

    Зиялыларды майданда, әсіресе дәрігер мен тілмаштің тапшылығы қатты мазалады. Мұны «Қазақ» газетіне келіп түсіп жатқан тілшілердің хабарлары да баса көрсетіп отырды.

    Беймәлім өлке, бейтаныс жағдайға тап болған қандастарымыз барған жерлеріне бірден көндігіп, бейімделіп кетті десек шындыққа қиянат болар. Олардың туған жерге деген сағынышы  ерекше болғанын өздерінің хаттарында былайша жеткізеді: «Омбы уезінен бірге шыққан 1207 жігіт едік бұл күнде бәріміз де аманбыз, майданға жақын жерде жұмыс қылып жатырмыз. Ел-жұрт, ата-ана, құрбы-құрдасқа көп сәлем. Бұл күнде бірге шыққан 1207 жігітті  бөліп жіберді, осы арасы бізге ауыр болды, жат жерде туысқаннан артық болып едік. Тамағымыз жаман емес, сонда да қазақ баласы үйренбеген тамақты тамақсына ма, қазақ тамағын сағынамыз… Расын айтқанда 700 жігіттің көбі ауру, бұлардың нашарларын ауруханаға әкетті. Жұмысқа тіпті жарамаса, бұларды қайтармақ» [10].

     

    Әлихан,Міржақыптар елден жырақта, майдан шебінде жүрген бауырларымыздың жағдайларын үнемі біліп отыруға тырысты. Қолдан келгенінше көмек беріп отырды. Олар мұндай шараға Ресейдің түрлі оқу орындарында оқитын студент жастарды тартқан. Осындай бір сапарында Әлихан жанына Қостанайдағы орыс мектебінің оқытушысы Мырзағазы Есболұлы мен Мәскеуде оқып жүрген Тел Жаманмұрынұлы, Мұса Сейдоллаұлы, Хасен Бекетайұлдарын әдейі ертіп күнтабыс майдандарын аралайды [11]. Әлихан басқармаға 17-желтоқсанда жазған хатында: «2-3 күнде біз Әлихан, Мырзағазы, Тел, Мұса, Хұсайын бесеуіміз, западный фронтқа жүреміз, онда барып қазақ жігіттерін көреміз, земский союзға көмек көрсетпек боламыз. Земский союз қазаққа не қыл десе соны орнына келтіреміз деп қуантып тұр. Өзге фронтқа да барамыз» [12].

    Істің басы-қасында жүрген зиялыларымыз қазақтар тыл жұмысынан елге қайтқанда да Ресей қалаларының темір жол вокзалдарында тапжылмай тұрып, оларға лауақы беріп, елге шығарып салып, келешек істеріне бағыт сілтеген еді.

    Тыл жұмысына алынған қандастарымыздың шынайы жағдайы әлі күнге дейін арнайы зерттеу тақырыбына айнала қойған жоқ. Бұл проблеманың көптеген аспектілері, әсіресе Ресейдің қандай қалаларында, қандай өндірістерде нендей жұмыстар атқарды, жалпы алғанда нақты қанша мың адам майданға тартылды, олардың бастан кешкен жағдайлары өз алдына саралауды қажет етеді. Ол үшін жергілікті ұлттық басылымдарға үздіксіз жолдаған олардың хат-хабарлары мен Ресей, Беларусь, Балтық бойы елдерінің орталық мемлекеттік мұрағаттары қорларын арнайы зерделеу қажет.

     

    Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

     

     

    1. Қаһарлы 1916 жыл. Грозный 1916 год. Құжаттар мен материалдар жинағы. 1-том., Алматы. 1998. 177-178 бет.
    2. «Қазақ». №189. 1916.
    3. «Қазақ» газеті. Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы. А., 1998. 339 бет.
    4. ҚР ОММ 369-қ, 1-т, 6077-іс, 25-27-пп.
    5. «Қазақ» газеті. Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы. А., 1998. 338 бет.
    6. Сонда, 345 бет.
    7. М.Қойгелдиев Алаш қозғалысы. А., 1995. 200-201 беттер.
    8. ҚР ОММ 25-қ, 1-т, 490-іс, 149-п.
    9. Сонда, 137-п.
    10. «Қазақ». №205, 1916 ж.
    11. А.Мектепов. 1914-1916 жылдар дүрбелеңі // Соц. Қазақстан. 1990 27 сентябрь.
    12. «Қазақ» газеті. Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы. А., 1998. 354 бет.

      «adyrna»kz

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Ел-жұрт Би-ағаның есімін таңдады!

      Жақында Қостанай облысындағы Таран ауданының аты Бейімбет Майлин атына өзгертілді. Енді аудан қызыл империяның ...