«Ұлы дала көшпелілерінің ізімен…»

0
422

Жуырда Алматы қаласының 1000 жылдығы мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Ұлы дала көшпелілерінің ізімен» атты Алматы облысы бойынша халықаралық экспедиция ұйымдастырылды. Экспедицияға Моңғолия ғылым академиясының Тарих және археология институтының қола және ерте темір дәуірі бөлімінің жетекшісі, PhD доктор, профессор Төрбат Цагааны, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, белгілі шығыстанушы ғалым Нәпіл Базылхан қатысты. Жобаны ұйымдастырушылар: «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі, халықаралық «Көшпенділер Атамұрасы» қоғамдық қоры және халықаралық «Түркі әлемі» газеті.
Моңғол ғылым академиясы, Тарих және археология институтының қола және ерте темір дәуірі бөлімінің меңгерушісі, PhD докторы, профессор Төрбат Цагааны мырзаның қатысуымен басталған экспедиция Алматы облысы бойынша 1 995 шақырым жол жүріп қайтты. ЮНЕСКО мұрасы саналатын әйгілі Таңбалы тас, Қапшағай жағалауындағы жартастардағы буддалық суреттер салынған Тамғалы тас, «Алтын емел» табиғи ұлттық мемлекеттік паркі, ондағы Бесшатыр, Ошақ тас ескерткіштеріне, сақтар заманынан сыр шертетін Есік музейіне, Жаркенттегі Киелі ағашқа, ондағы екі ғасырлық мешітке барып қайттық. Жалпы экспедиция бес күнге созылды. Сапар барысында көшпелі дәстүр негізінде көбіне киіз үйлерді жалға алып түнеп отырдық. Атаулы шараға түріктанушы Нәпіл Базылхан, археолог Төрбат Цагааны, «Көшпенділер атамұрасы» халықаралық қорының президенті Батыржан Сейдомар, «Адырна» ұлттық-этнографиялық порталының редакторы Жасұлан Наурызәлиев және осы жолдардың авторы қатысты.

img_6171

Таңбалы тас сапары

ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Алматы облысындағы Таңбалы тас ескеркіштеріне бара жатқанда ойдым-ойдым жол бәрімізді әбден қажытты. Шетелдіктер қазақтың тарихқа деген құрметін осы жол арқылы-ақ бағалайтындай қысылып-қымтырылдық. Қазақтың қасиетті Мекке-Мәдинесі – ежелгі ескерткіштері орналасқан тарихи орындар ғой.

Таңбалы тас Алматыдан 170 шақырымдай қашықтықта орналасса, ескерткіш бағытына бұрылғаннан кейін қалған 35 шақырым жолы көлігіңіз бен жүйкеңіздің қып-қызыл сорына айналады.

img_6861

Таңбалыдағы қорықшы Нұрахан ағаның айтуынша, бұл жолдар 1990 жылдардан бастап мүлде жөндеу көрмеген. Осыдан үш-төрт жыл бұрын осы жерге өз көлігіммен шетелдіктерді алып келгенімде де жол мәселесін көтерген едік. Шағын көлігімнің асты қайта-қайта соғылып, бұзылып әрең барып-қайтқан едім мұнда. Бұл мәселе «баяғы жартас — сол жартас» күйінде қалып отыр екен. Мұның бәрі шенеуніктердің ата тарихқа деген немқұрайлы көзқарасын ғана білдірмейді, ел экономикасына сүбелі үлес қосар туризм саласының дамуына селқостықты аңғартады.

img_5955

Таңбалы ескерткіштеріне туристер тарту жолға қойылса, қорық іргесіндегі бір ауылды жұмыспен қамтиын бағыт іске қосылатыны айдан анық. Тарихи ескерткіш маңайындағы елдің әртүрлі сала бойынша жұмыспен қамтылуын шетел сапарларымызда талай көзбен көріп жүрміз. Ескерткіш түбіндегі Қарабастау ауылында небәрі 20 отбасы тұрады екен. Осы 20 отбасын толықтай жұмыспен қаматамасыз етуге ескерткіштің тарихи құндылығы толық жетіп жатыр.
img_6223Таңбалы тас ескерткіштері ерте қола дәуірінен бастап темір дәуіріне дейінгі аралықтағы діни-мифологиялық, тұрмыс-тіршілік көріністерінен хабар береді. Мұнда Көк Тәңірі мен киелі рухтарға тағзым жасалып, ас берілгені, жерлеу рәсімдері және тағы басқа маңызды жоралғылар өткізілгені археологиялық тұрғыдан дәлелденген. Дегенмен, ескерткіштердің тоза бастағаны байқалады. Оны қорғап, сақтап, болашақ ұрпаққа қалдыру мәселесімен ерте бастан шұғылдануымыз керек. Өйткені, ескерткіштерге жауын да, жел де, күн де зиян шектіреді.
Таңбалыда қос киіз үй тігіліпті. Ішінде ескерткіш туралы кітаптар сатылады. Қазақтың ұлттық жиһаздары мен әртүрлі жәдігерлерін көруге болады. Игі бастамаға қуанып қалдық. Енді ұлттық сусындар мен тағамдар, жалға алып мінуге арналған жылқы, киіз үйдің ішінде жайғасып отыруға еден (немесе киіз төселіп) жатса, тіпті қатып кетер еді. Ескерткішті жүйелі насихаттайтын орталық құрылып, халықпен, туристік компаниялармен жүйелі жұмыс жасалса ғой деп ойладық.

Бесшатыр қорғандары

Екінші күні Қапшағай су қоймасының маңындағы Тамғалы таста туларымызды желбіреттік. Су жағасындағы биік жарқабақ көркем көрініс сыйласа, Іленің арғы бетінен «Көшпенділер» фильмі үшін әзірленген қорғандар да тарихи орынға сән бере түседі. Буддалық суреттері бар тарихи нысан болашақта туризмді дамытуға өте қолайлы орын екені анық. Мұнда XVIII ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығы кезінде уақытша мекендеген жоңғарлар буддалардың бейнелерін тасқа қашап салып, табыну орнына айналдырған көрінеді. Ал «Қыз Жібек» фильмін түсіру кезінде салынған қазақ руларының таңбаларын да бүгінде тарихи ескерткіш қатарына жатқызуға болады.

img_7069
Экспедиция мүшелері Тамғалыдан шығып «Алтын емел» ұлттық табиғи паркіне қарай жол тарттық. Біз «Алтын емелдегі» Басши ауылына жеткенше қас қарайып, кеш бола бастады. Онда қонақтар қондыруға арналған әп-әдемі киіз үйлер тігілген екен. Туристік бағыттағы тың бастама бәрімізді қуантты. Сол себепті де, ақысын төлеп киіз үйге қонып шықтық. Өзіміздің киіз үйді тулармен безендіріп, естелік болсын деп суретке түстік. «Қазақ-моңғол достығы жасай берсін!» деп мәз-мейрам болыстық.
img_4929«Алтын емел» ұлттық табиғи паркінің бас директоры Халық Баяділов бізді өз кабинетінде қабылдап, «Алтын емел» жайында кітаптар сыйлады. Ертесіне Жансерік есімді гид-таныстырушының жетекшілігімен Бесшатырға қарай жол жүрдік. Табиғи парктің сұлулығы көз тұндырады. Жол бойы түрлі аң-құстар кездесіп отырады. Жансерік жол бойы табиғи қорықта түрлі жан-жануарлармен қатар мұнда құланның бар екенін де айтып өтті. Олардың саны жыл сайын артып келеді екен.
Бесшатыр алыстан бес қорған тәрізді көрінеді. Бірақ жақындай түскенде сақ қорғандарының саны әлдеқайда көп екенін аңғарасыз. Біздің заманымызға дейінгі IV-V ғасырдарға тән қорғандардың ішіндегі ең үлкенінің биіктігі – 17 метр, ал диаметрі 104 метр. Әлбетте, қорғандардың биіктігі мұнда жерленген тұлғаның дәрежесінің жоғары екендігін білдіреді. Тізбектелген қорғандардың айналасы көптеген меңгір тастармен қоршалған. Бұл меңгір тастарда әртүрлі аң-құстардың бейнелері, түрлі таңбалар қашалып салынған.
Сақ қорғандарында Қарабатыр бақсылық рәсім жасап, шаңқобызда музыкалық шығармалар ойнады. Ал Жасұлан Наурызәлиев дәл мұндай сұлу тарихи орынды көрмеген ол айрықша әсерлі көрініске шексіз сүйсініп, қуанышы қойнына сыймай, әрбір қоранның басына бір көтеріліп, қолды-аяққа тұрмай жүгіріп жүрді.
Бесшатырды ең алғаш ғылыми тұрғыда Кемал Ақышев зерттеген екен. Бірақ ол көптеген қорғандардың зерттелуін кейінгі ұрпақтың еншісіне қалдырған. Өйткені, ол кісі уақыт өткен сайын зерттеудің технологиялық мүмкіндіктерінің артатынын түсінсе керек. Бір қорғанға реконструкция жасалып, музей жасау әрекеті қолға алыныпты. Бетонмен қорған төбесіне көтерілетін баспалдақ жасалып, сосын ішіне енетін есік, ішкі жайдың көріністерін қалыпқа келтіріп, жерлеу орнының байырғы қалпын көрсетуге сәтті талпыныс жасалған екен. Алайда жұмыс толық аяқталмағаны көрініп тұр. Бұған дала музейі деңгейіне жеткізу үшін ақпараттық мағлұматтар жазып ілу, артифактілер қою, жарық қою, әрлеп-сылау, әктеп-сырлау тағы басқа жұмыстарды жүзеге асыру керек.

_mg_5002Қайтар жолда Шыңғыс ханның ошақтасы атты ескерткішке соқтық. Айналдыра қойылған меңгір тастар қола дәуіріндегі Көк Тәңірге, аруақтары табыну, құрбандық шалу орны болғаны ап-анық көрініп тұр. Қола дәуірі ескерткіштерінің білікті маманы, археолог Төрбат Цагааны да бұл ойымызды қуаттап, пікір білдірді. Расында, қазанның бұттарындай болған тастардың ортасында от жағылғаны, мал сүйектері табылғаны анықталған. Иә, Алтын емел жері ас өткізіп, аруақтарға құрмет көрсетілетін ертеде өте қасиетті орын болғанға ұқсайды. Тау баурайы, өзен жағасы, қыста қар қалың түспейтін ерекше қасиеті, Бесшатыр қорғандары осыны көрсетіп отыр. Кім білсін, осынау қасиетті жерді бір кездері Шыңғыс хан да баса-көктеп өтпей, құрбандық шалып, аруақтарға тағзым жасаған болар… Меңгір тастардың Шыңғыс ханның қазандығы атануы бәлкім, содан да шығар.

_mg_5143

Есік музейі

Есік қорғандарынан да біз осындай сұлулықты, табиғатпен көмкерілген көріністі көреміз. Белгілі археологтар Кемал Ақышев пен Бекен Нұрмұхамедов анықтаған Алтын адам қазақтың қана емес, күллі көшпелі халықтардың мақтанышына айналып отыр. Шетелдік қонағымыз Төрбат Цагааны шағын ғана Есік музейінің жұмысы мен жәдігерлеріне дән разы болды. Аң стиліндегі Алтын адам киімінің әрбір бөлігі көне дәуір дүниетанымынан сыр шертетіндігі кімді болса да қайран қалдырады. Мұнда кейінгі кезде Қазақстан жерінен табылған бірнеше «Алтын адамдар» туралы ақпарат алуға болады. Солардың бірі – Қырым Алтынбеков қалпына келтірген Батыс Қазақстаннан табылған «Алтын адам» бейнесі.

_mg_5370

Киелі ағаш

Ел аузында «Әулие ағаш» деп аталып кеткен Киелі ағаш Жаркент қаласының түбінде екен. Ағашты киеліге балау, оған шүбірек байлау жалпы түрік халықтарының көпшілігіне тән дүние.
Киелі ағаштың жан жағындағы айнала өскен шағындау талдар ортаға қарай иіліп тұр. Жеті адам құшағына әрең алатын алып ағашты айналдыра жол салынған. Сол жолмен айналып адамдар тілек тілеп, аруақтарға табынады. Яғни аруақтармен байланысқа түсетін, күш-қуат алатын, ауру-сырқаудан емделетін, бала сұрайтын орын ретінде бұл жер ертеден белгілі. Киелі ағашты құшақтағанда ерекше тылсым толқындар сезіліп, айрықша күш-қуатын білдіргендей. Қарабатыр даңғырасын қағып, аруақтарға құрмет көрсетті. Біздің бойымыз балқып, киелі ағаштың құдіретіне шын сенгендей болдық. Табиғат ананың көптеген тылсым күштері бізге беймәлім ғой.

img_7151
Алматыдағы алтын жәдігерлер

Алматыдағы мемлекеттік орталық музейдің ішіндегі жәдігерлер ерекше әсер етті. Әсіресе, ондағы алтын қордағы жәдігерлер көздің жауын алады. Мемлекеттік орталық музей директорының орынбасары Бабақұмар Қинаятұлы әрбір жәдігерлерді айрықша ықыласпен таныстырып, Моңғолиядан келген қонағымызға ерекше ілтипат білдірді.

14433160_657446017746829_659363555840129381_n
Экспедици аясында Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультетінде тарих ғылымының докторы, профессор Әбдеш Төлеубаевпен ресми кездесу өткізілді. Кездесу барысында Моңғолия ғылым академиясының тарих және археология институты мен ҚазҰУ арасында әріптестік байланысты арттырып, тәжірибе бойынша студенттер алмасу мәселесі айтылды. PhD докторы, профессор Төрбат Цагааны қазақ жерінде мақтануға тұрарлық ескерткіштердің көптігін айтып, оларды бірлесіп зерттеуге қызығушылық танытты. Ол Моңғолиядағы жоғары деңгейдегі элиталық ескерткіштер мен ғұрыптық кешендерді қазақ студенттерінің көру керектігін де сөз етті.
Сондай-ақ, экспедиция қатысушылары Қырым Алтынбековтің «Қырым аралы» реставрациялық орталығында болып, баға жетпес құнды экспонаттардың қалай қалпына келтіретіндігін өз көздерімен көрді. Қырым Алтынбеков іске кіріспес бұрын өз объектісін әбден зерттеп, көптеген тарихи материалдарды оқып барып жұмыс бастайтындығы таудай болып үйіліп жатқан кітаптардан аңғарылады. Қырым аға өз тәжірибесімен туысқан моңғолиялық әріптестерімен тегін бөлісуге әзір екендігін жеткізді. Бүгінде Қырым Алтынбековтің жәдігерлерді қалыпқа кетіру әдіс-тәсілдері мен жаңа технологиялық мүмкіндіктері әлемдік деңгейде сұранысқа ие екенін айта кеткен жөн. Өйткені, осы күні Қырым Алтынбековтің зертханасынан тәжірибе өтіп, өз білімдерін арттыруға ынталы шетелдіктердің көп екені мәлім. Ал біз өзіміз осындай ардақтыларымызды бағалай алып отырмыз ба?

14484897_657440144414083_5271366355935417440_n

Түйін:

Бұл Моңғолияның Тарих және археология институтымен бірлесіп жүзеге асырған шағын экспедиция болашақта жүзеге асар үлкен, ауқымды экспедициялар мен конференциялардың басы екені анық. Қола және ерте темір дәуірі бөлімінің жетекшісі, PhD доктор, профессор Төрбат Цагаанымен әріптестік жоспарлар құрылып, алдағы жылдарға бірлескен жобалар әзірленді. Көшпелі ұлы империяларды бірлесіп құрған қазақ пен моңғол ежелден туыс халықтар. Бірақ туыстарды әр кез бөлектеп, бір-біріне қас, жау етуге тырысушы сыртқы күштердің бар екенін ұмытпауымыз керек. Кейінгі кезде осы сыртқы күштер біздің достығымызға нұсқан келтіруде. Қаны мен жаны, тұрмысы мен салты бір моңғол ағайындармен татулығымыз мәңгілік болсын!


Арман ӘУБӘКІР,
PhD докторант

ПІКІР ҚАЛДЫРУ