«Өлмей тірі жүргенің…»

0
197

«Ол кезде Қази да, мен де Қызылорда тұрамыз. Қазекең  мықты журналист. Сөзі өткір, ойы ұшқыр. Сыр елі сыйлайтын азамат.  Әр жылдарда Сенатқа, Мәжіліске түскен Тоқтар Әубәкіров пен Оңалбек Сәпиев штабын мен,  Қожахмет Баймаханов пен  Нәжмәддин Мұсабаевтың штабын Қазекең басқарды.Сөйтіп, тіршілікте сыйлас, әріптес, бір-бірін құрмет тұтатын екеудің арасына сайлау деген сайқал өтіп, бір-бірімізге жауласпасақ  та түйліге қарап, қырын жүрдік.Ол да өткінші екен ғой.

Өткенге салауат. Кейін қайта арқа-жарқа құшақтаса амандасып, қауқылдасатын қалпымызға түстік. Қызылорданың аптап ыстығын білесің ғой, еңсеңді басып есеңгіретіп жіберетін. Сөйтіп бір күні жұмысқа қоғамдық көлікке мініп, автобус ішінде тірегінен ұстап, мазам қашып өз қолыма басымды сүйеп келе жатқанмын. Ту сыртымнан біреудің әрекетімді бақылап қарап тұрғанын сездім. Жалт бұрылсам Қазекең.  Жымия күліп, жылышырай қалпымен менен  көз алмайды. Амандастық. Салған жерден Қазекең:

-Алмас,сенің бір кінәң бар. Не екенін айтайын ба?,-деді.

-Айтыңыз…. -Өлмей тірі жүргенің ғой,-деді.   Әрине өзі еңсем бастырылып келе жатқанда ол сөзді естуде оңай болмады. Жауап айтардай табанда тиянақты тіліме ештеңе байланбады. -Солай шығар,-деп күмілжіңкі жауап бердім. -Жоқ, Алмас. Мен саған шынымды айтып тұрмын. Осы жерден әңгімеміз кілт үзілді де,қоштасты да Қазекең редакция тұсынан түсіп қалды. Мен де діттеген жеріме жеттім. Содан «Неге айтты екен?»,-деп жауабын таба алмай жүрдім.

Араға уақыт сала бірде танымал суретші Қайырбай Зәкіровтің шеберханасында кездестік. Аман-саулықтан кейін Қазекең:

-Алмас,  ана жолы айтқаныма әлі ойланып жүрсін ғой?

-Иә, ойланып жүрмін. Жылы жымиып отыратын Қазекең ойлы жүзбен Қайрекең және маған бір қарап:

-Алеке, адамдардың тіршілікте үш түрлі  категориясы бар. Лев Гумилевтен оқыдым-ау деймін. Бірінші топ- көнбіс. Оларға қай басшы, қай қоғам ауысса да еңбекпен тапқан ырзығын жеп, қарнының тойғанына тәубесін айтып жүреді. Екінші топ- творения жасайтын топ. Интеллектуаль, өзің секілді жырау, мына отырған  Қайрекең секілді суретшілер, ақын-жазушылар, ғылымда жаңалық ашқан ғалымдар  тобы. Ал үшінші топ –қоғамды алға сүйрейтін, қоғамдық сананы өзгертуге бейім топтар. Биліктегілер де осы топқа кіреді. Алайда, үшінші топтағылар өз орнына нық отырғандар ма жоқ әлде кездейсоқ келбеттер ме? Ол сауал. Сіз бен біздің алашапқын болып, кандидатурасын ұсынып,  штабын басқарған азаматтарымыз қазақ қоғамында не өзгертті, не бітірді? Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов секілді тарихта аты қалатын қайраткерлік болмысы қайда? Сол дүрмекте сенің еңбегің еш кетіп, өлмей жүргенің дегенім сол еді»,- деп Қазекең әңгімесін әдемі қайырды.


   Жырау Алмас Алматовтың сұхбаты негізінде жазған Нұрлан Қазиұлы

 Kazakh-tv.kz 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ