Киіз үйдің түрлері

0
277

Киіз үйге байланысты қазақ тұрмысында қолданылған салттар, ғұрыптар мен ырым-тыйымдар аз болмаған. Олар — қазақ халқының менталитетінен сыр шертетін этномәдени ақпараттар көзі. Бұрынғы уақытта қарындасын, яки жиен қызын т.б. ұзатқанда қыздың ағайын-туыстары: «Мен қарындасымның болыс үйін аламын», — дейді екен.

Оның мәнісі — сол адам өз үйінде келген қонақтар мен ауылдағыларды шақырып, бір кеш ойын-сауық өткізіп, ас-ауқат, қонақтардың көліктеріне қарау міндетін мойнына алады. Бұл дәстүр — ұзатылып жатқан қыз үйіне жәрдем беріп қолдаудың, тойға қызмет етудің бір жолы. Осындай қызықты кеш өткізілетін үйді «болыс үй» деп атаған. Байырғы қазақ дәстүрі бойынша оң жақта отырған қалыңдықтың ұзатылуына жарты жылдай уақыт қалғанда қызды бір жеңгесімен бөлек тігілген үйге шығарған. Бөлек шыққан бойжеткен қыз осы үйде жеңгесімен бірге тұрып, жеңгесінің күнделікті істейтін жұмыстарын істеп үйренген, яғни ерте тұрып, кеш жатып үй тіршілігін атқару, қазан-ошақ жұмысына араласып тамақ істеу, кір жуу, қонақ күту т.б. атқарып, отбасылық өмірге «дайындық мектебінен» өткен. Қыздың жеңгесімен бірге тұрған осындай үйді халық тілінде «доғалаң» деп атаған.
Қазақ дәстүрінде отырып қалған қызға да арнайы үй тігілетін жағдайлар болған. Мұндай үй барлық жасауымен жабдықталады. Алыс-жақын жерлерден қыз көруге шыққан жігіттер мұндай үйге келіп, қызбен танысып-білісуге мүмкіндік алған. Ондай арнайы тігілген үйді «бөде үй» деп атаған.
Қазақ танымында қызыл орамал (оны кей жерде қызыл шарқат дейді) тұрмысқа шықпаған қыздың белгісі екендігі мәлім. Жалпы, қызыл орамал байлап, қызыл киінген қызы бар үйді жұрт «қызыл үй» деп атаған. Бұл, әрине, қызыл шатыр яки қызыл түсті киізбен жабылған үй емес. Оның халық түсінігінде қандай үй екені жергілікті тіл ерекшеліктерінде сақталған: Қызыл үй — қызы бар үй (Қостанай өңірі қазақтары тілінде кездеседі). Бойжеткен қызы бар үйді осылай атауға байланысты ел аузында «қатыны өлген қызыл үйге қарап жылайды» деген мәтел сақталған. Қазақта әйелі қайтыс болған еркекті «үй сынық» деп бейнелеп айтқан. «Орта жолда атың өлмесін, орта жаста қатының өлмесін» деген мақал отбасының ұйытқысы болған әйелдің қаза болуы үлкен бақытсыздық екенін білдіреді. Егер осындай үйі сынық адам қызыл үйдің қызын айттырса, оны қыз жағы кемсіту деп түсініп, қатты намыстанған. Байырғы дәстүр бойынша қызы бар үйді әспеттеп қызыл үй деп атау Әсет пен Ырысжанның айтысында да кездеседі. Үйге алыстан қонақ келсе, ауыл адамдары оған міндетті түрде сәлем береді және үйіне шақырады. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді» деген сөз осыған байланысты шыққан екен.


Назым ЕРМЕК,

«ҚАЗАҚСТАН ZAMAN»

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ