Киiз басу

0
288

– Осы сен орысқа, не қауын­ның шөнегiн тартып отыратын дүнгеннiң баласына кетерсiң, – деп шешем қолымдағы сабауды жұлып алып, жүндi бұрқылдата сабай жөнелдi. Бiр шөкiм бұлт жерден көтерiле берiп, қайта сылқ ете түскендей. Тулақтың жан-жағына шашырамайды да. Жып-жинақы. Мен батылсыздана қай­тадан сабауды қолыма алам. Сабаудың ұшына iлiнген жүн айда­лаға шашылып қала бередi. Абысындарының көзiнше қайта-қайта ескерту жасаудан ұялады бiлем, жаныма келiп отырған болып, батырып-батырып шымшып кетедi.

– Ала қағаздың бетiне қа­раймын деп осы балам сүлейсапа бiреу болып өсiп келедi. Барған жерiнен үш күннен кейiн қайтып келiп ала ма деп қорқам, – шешем ендi ауыл әйелiнiң сасық қулығына салып менi жамандаған болып, келiндерiне де тиiсiп алады. Иығым удай ашығанымен, әнi-мiнi дегенше-ақ тулақтағы күзем жүндi үлпiлдете сабап, жұмысыма бейiмделiп-ақ алам.
– Тиiсерге қара таппайсыз-ау деймiн, әйтпесе қара қыздың сабаған жүнi анау-мынау жаман қатынның мұрнынан моншағын түсiрiп түткен жүнiнен артық, – деп сөзiмдi сөйлеп, көңiлiмдi көтерейiн деген жеңгеме.
– Кiндiк шешесi татар емес пе, көңiлi келсе әп-сәтте алып соғып, тындырымды істейді де, көңiлi келмесе күйбеңдеп жүрiп алады, – апам менi мақтауға бейiлдi емес екенiн бiлдiрiп, жүнге жабысқан шөп-шаламды тазалап, ши үстiне әдемiлеп, әспеттеп жаяды. Шабақтауға абысындарын түгел шақыра қоймайды. Ала-құла iстейдi-ау дегендерiн қазан басына жұмсап, жанына жұмысқа тыңғылықтыларын ғана алып қалады. Жүннiң бетiне ыстық су себуге мен де қалам. Мақтап қойса арсалаңдап тындырымды iстейтiнiмдi бiледi, бiрақ пiсе түссiн дей ме, менiң арқамнан қағуға көп құлықты емес. Жүндi шиге орап, екi-үш жерiнен арқанмен байлап, ендi ерсiлi-қарсылы домалата тартқылайды. Осы жерде әйелдердiң күлкiсi де, бiр-бiрiне қағытпалары да көбейедi. Жүн қылшықтары ши сыртына шыққанда шидi жазып, киiздi бөлек алады. Ендi бiлектеу басталады, басқа ауылда қайдам, бiздiң ауылда еркек-әйелi қатар отыра қалып, бiлектерi күлдiрегенше «киiз пысый түссiн» деп басады. Мен осы жерде өз жұмысымды бiттiге санап, орнымнан тұрып, оңашалау жерге барып отырам. Жай тұрмаймын, пәле бағып тұрамын. Ағамның жеңгемдi жоқтан өзгеден қызғана беретiнiн бiлемiн. Оған өзiм iштей қатты күлкiм келедi. Қазiр де тiзерлеп отырғанда бұрымы алдына түсе берген соң, сiлкiп қалып арқасына жiберейiн деп едi, иығы көршiмiз Тұрсынның иығына тиiп кеттi. Ол кiсi тәтеме мейiрлене қарап, жымиып қойды. Шындығына келгенде жеңгемдi жақсы көрмеу мүмкiн емес едi. Мен ағама жалт қарадым. Қабағы түйiлiп, жүзi күреңiтiп кетiптi. Мен өз-өзiмнен күлiп жiбердiм.
– Осы бiреудiң қыз сиқы жоқ. Шайтан түртiп тұр ма сенi, – ағам сәтте келген ашуын менен алды. Еш нәрседен хабары жоқ жеңгем екi бұрымы алдына түсiп, бiлегi қызарып бар пейiлiмен басылып жатқан киiздi бiлектеуде.
– Қырық жылда да iрiмейтiн бұйым болды, – әйелдер бiр күнгi тiрлiктерiне тәубе айтысып, қою шәйге бас қойысты.
Ағам мен жеңгем үйге кiрiп кетiп, қайтып шықпай қойды, аңдығаным ағам болғасын ба, мен түсiне қойдым да, жеңгемдi жоқтатпай етке нан илей бастадым. Құлағыма жеңгемнiң:
– Осы сенiң ағаң неге сонша қызғаншақ? – деп күле қараған дауысы естiлдi.
Шындығында ағам кiмге тартып сонша қызғаншақ болды екен? Қайта жеңгемнiң соншама бiр нәзiк, үлбiреген денесiмен киiз басқанына қуанбай ма?..


Ділдәр МАМЫРБАЕВА

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ