Кейбір молдалар дәстүрге неге қарсы?

0
458
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Соның бір жарқын үлгісі — бүгінгі «Ел-шежіре» қоры ұйымдастырған бас мүфти Ержан Малғажыұлының «Дін мен дәстүр 2» кітабының тұсаукесері мен «Халық мұрасы» атты дәстүрлі музыкалық концерті.
Дөңгелек үстелде әдебиеттанушы Даңдай Ысқақ, ақын Аманхан Әлімұлы, мәдениеттанушы Қали Сәлсенбай, дінтанушы Алау Әділбаев тәрізді зиялы қауым өкілдері жақсы пікірлерін ортаға салды. Алау Әділбаев «Уаһабизмнен Арабияның өзі бас тарта бастады. Бізге ұлттық құндылықтарға қарай бұрылу керек» десе, Мүфтияттан келген әлдебір мола «Қазір теледидарларын толы зинақорлық, мұның ақыры жаман, ертең уаһабизммен жылап көрісетін боласыздар» деп өзінің уаһабизмді жақтайтынын білдіріп алды.
Тұсаукесерден кейін болған «Халық мұрасы» концерті өте жоғары деңгейде өтті. Амангелді Күзеубай бастаған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның Халық әні кафедрасы мен Рамазан Стамғазиев бастаған Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының ұстаздары мен шәкірттері бірінен бірі асып түсіп өнер көрсетті.
Шараға арнайы шақырылған дін оқуын оқып жүрген жастар ән тыңдамақ түгіл, өзара емін-еркін әңгімелесіп, ерсілі-қарсылы кіріп-шығып, тіпті сахнаға шыққан дәстүрлі әншілерді мазақтап, сықылықтап күліп өзге тыңдармандардың әбден мазасын алды. Оларға қой дейтін өздерінен де бір ұстаз табылмады. Өнертанушы, қазақ музыкалық өнерінің шын жанашыры Жұмабек Табын ағамыз шыдай алмай орнынан тұрып: «Қазақтың төл өнерін неге құрметтемейсіңдер? Елге рухани тәрбие беретін болашақ молдалар емессіңдер ме? Егер қазақ дәстүрін сыйлмасаңдар, мақазақтап, ыржақтап отырмай шығып кетіңдер» деді. Арада бір-екі ән айтылған жоқ, ұстазы бар, шәкірті бар, бүкіл дін адамдары орындарынан дүр етіп көтеріліп сыртқа қарай кетіп бара жатты. «Концерт жүріп жатқанда бұлай топырлап шыққанымыз мәдениетсіздік болды-ау» деп бірі де қымсынбады. Концерттен асығып шыққанда бір үлкен мемлекеттік шаруаны бітіретіндей түр жасап алыпты. ҚР Ұлттық кітапхана оқырмандары мен шақырусыз-ақ концертті іздеп келген тыңдармандар шараның соңына дейін отырып ән мен күйге жан сарайларының шөлдерін жақсылап қандырып қайтты.


Арман ӘУБӘКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ