Күш атасы — Қажымұқан

0
331

 

Қара күште әлі ешкім жоқ сенше биік шырқаған,
Өнерге де өзгелерден жақын ең ғой бір табан,
Рух қашып бара жатыр өзің өскен қырқадан…
Бүгін мені қайта көтер жарты ғасыр өткен соң,
Қанатсызды мойындамас мінезіңмен бұрқаған.
Сол бір салтың тірі тұрса, тұрар әр кез ұлт аман,
Қазақтың бас бұлшық еті, құлагер төс, піл табан…
Мұхтар Шаханов

Қазақ халқының мақтанышы, аты аңызға айналған Қажымұқан Мұңайтпасов жа­йында көптеген естеліктер, көркем фильм, хроникалық киноленталар бар. Ол кісімен кездескен адамдар айтып жүрген аңыз-әңгімелер де аз емес. Кейінірек шыққан Ғазизбек Тәшімбаев құрастырған «Күш атасы» жинағындағы («Қазақстан» баспасы, Алматы, 1990 ж.) естеліктерде оның палуандыққа қандай қиын жолмен келгені, бүкіл Еуропа, Америка, Азия халықтарына өзін қазақтан шыққан тұңғыш палуан екенін көрсеткені тәп-тәуір берілген. Оның ішінде Қазбек Сүлейменовтің «Палуанның балалық шағы», Дихан Әбілевтің «Алыптың ақ батасы», Әуелбек Қоңыратбаевтың «Өз аузынан естігендерім» бар. Қадыр Мырзалиевтің «Бұлшық еті даланың» өлеңіндегі:
«Сайын далаң – өзің анаң, өз әкең,
Сол далаға тартпай туған аз екен.
Осындай ұл таба алам дегендей,
Тапқан сені қазекең», – деген шумағы кімді болса да бір тебірентіп тастайды-ау. Сәкен Сейфуллин­нің «Қажымұқан», Сырбай Мәуленовтің: «Ұл тартып туса игі енді өзіңе» өлеңдеріндегі теңестіру, сипаттама, тірі адам түгілі, өлген аруақтардың өзін бір аунатып тастайтындай.
Қажекеңнің тек білек күш иесі ғана емес екенін, оның парасатты, ойшыл, намысшыл, зейінді адам болғанын бір ғана автор (Ж.Бектұров. «Күш атасы», 248-б.) жазбайды, оны бәрі өздерінің естеліктерінде дәлелдеп келтіреді. Талиға Бекқожина «Әншілігі де бар еді» деген әңгімесінде: «Көпшіліктің сұрауы бойын­ша Қажекең қолына домбыра алып, қоңыр дауысымен шырқай жөнелді:
Атандым Қажымұқан бала жастан,
Ішінде империяның болдым асқан,
Кешегі Омскінің қаласында
Құлаттым қырық палуанды бір шалмастан», –
деп жазады. Бұл шумақ Қажекеңнің әншілігін, шы­ғармашылық өнерін байқатса, «Ал қазақтың қара сөзін мақалдап, мәтелдеп сөйлегенін, соның үлгісін мен Қажекеңнен көрдім» дей отырып, Ә.Қоңыратбаев: «Әттең, ол кісінің сөзін магнитофон лентасына да түсіре алмаппыз», – деп өкінішін білдіреді. Маркс Қазыкеновтің Бәтима апайдың (Қажекеңнің бірінші әйелі) өз аузынан жазып алған Қажекең туралы әңгімесі маған өте ұнады. Себебі өз басынан кешкен өмір шындығы, жұртшылыққа аттары әйгілі болған, сол уақыттағы палуандардың дұрыс берілген мінездемелері, қай жылдары, қай жерде күрескені – тарихи шындық. Бәтима апай Қажымұқанның 1914 жылы Вестергад Шмидтпен Нижний Новгородта кездескені жөнінде: «Шмидт тәжірибелі палуан ғана емес, сонымен бірге пайда іздеген алаяқ ретінде де танылған болатын. Бұл кездесудің өз пайдасына шешілмейтіндігіне көзі жеткен ол Қажымұқанмен тек жеке жүлде үшін күресетінін мәлімдейді. Жүлдені 100 сомға бағалайды. Қалтасында ақшасы жоқ, амалы таусылған Қажымұқан жиналғандардан көмек сұрайды. «Топ ішінен екі жас жігіт шығады да, төрешіге 100 сом ақша тастайды. Олар Нұрлан және Абдолла Есбергеновтер еді» дейді.
1970 жылдары болуы керек, белгілі жазушы Зейін Шашкиннің үйінде бір фотосуретке көзім түсті. Қарасам, ортасында еңгезердей, бұлшық еттері бұлтылдаған, жалаңаш, жалғыз шолақ дамбалмен тұрған Қажекең, ал екі жағында біреуі орысша (еуропаша), екіншісі кавказша, басында ақ сеңсең бөрік, әдемі, сол уақыттағы модамен киінген екі қазақтың жас жігіттері. Үй иесі Мариям жеңгемізден «Мына жігіттер кім?» деп сұрасам, «Бұ­лар: Абдолла – менің әкем, Нұрлан – әкемнің інісі, семейліктер. Н-Новгород жәрмеңкесіне барып жүр­генде Қажымұқанмен кездесіп түскен суреттері» деді. Бәтима апай айтқан Нұрлан мен Абдолла осы фотосуреттегі жігіттер болып шықты. Олардың сондай ерлік, азаматшылық жасағанын «Күш атасы» кітабынан оқып білдік. Сол «Күш атасында» (15-29-б.б.) Қажымұқанды көрген, білгендердің ішінде ең ма­ңыздысы – Бәтима апайдың естелігі және оны жазып алған Маркс Қазыкеновтің зор еңбегі.
Осы «Күш атасы» кітабының кіріспесінде Ғазизбек Тәшімбаев: «Қажымұқанның замандас­тары, ол кісіні көзімен көргендер азайып барады. Көпшілігін (көргендердің – Қ.Ә.) көре алмай қалдық», – деп өкінеді. Бірақ осы уақытқа дейінгі Қажымұқан жөніндегі шығармалар – Қ.Әбдіқадыровтың «Қа­жы­мұқан» кітабы, М.Танекеевтің 1964 жылғы зерттеу еңбегі, Ә.Бүркітбаевтың деректі повесі – келесі ұрпаққа үлкен мұра.
Қажекеңді көрмегендердің бірі Тұманбай Мол­дағалиев:
«Бөліп берген олжасын бар адамға,
Алғыс алып анадан, ағадан да.
Қажекеңді көргендер бақыттырақ,
Көрмей қалған біздерге қарағанда», – деп өкінішін білдіреді. Дұрыс қой. Ал біздің міндетіміз – көрген, білгендерімізді жариялап, айтып кету. Сол көргендердің, Омбы жағындағы Қажекеңнің отбасымен араласып жүргендердің біреуі мен едім.

АЛҒАШ КӨРГЕНІМ

Мен Қажекеңді 8-11 жасымда көргенмін. Ол кезде Омбы облысындағы Шарлақ (бертін Дробышев, Нововоршавка) ауданындағы Қаратомар ауылында тұратынбыз. Қажекең әр уақытта сондағы Г.Дмитров атындағы колхозда орналасқан ауылдық кеңестің сессиясына бір топ белсенділермен бірге келіп жүретін. Еліне бара-келе жатқанда жолшыбай түсетін жері – менің әкемнің үлкен ағасы Аманжолдың үйі. Еш уақытта жалғыз жүргенін көрмедім. Бір келгенде қасында басқалармен бірге Құдайберген ақын (Иса ақынның ұстазы) немесе Төлеш әнші, тағы басқалары жүретін. Бір келгенінде суық тиіп, сыздауық шыққан екен. Келісімен: «Әй, Аманжол, бір әлді жігіт бар ма ауылда, мына сыздауықтың іріңін сығып алатын» дейді Қажекең. Әлді жігіт деп Сейсенбайдың Шайқысы шақырылады. Шайқы Алматыдағы атты әскерлер эскадронында әскери борышын өтеп келген-ді. Палуан шалқасынан жатып, Шайқы күректей ала­қанымен сыздауықтың маңайын басып отырса керек. Бұл қимыл Қажекеңе ұнамай басын көтеріп: «Мен саған қатты бас дедім ғой!» – деп ақырғанда, Шайқы жалаң аяқ, жалаң бас үйден қашып шығады. Артынан жеңгелері Шайқыны көргенде қалжыңдап: «Сен Шайқы немене гүжілдеп отырсың, әнеукүні палуанның сыздауығына шамаң келмей, қалай қашқаныңды айтшы» деп әжуа қылатын. Есенбай атам жуан талдан дойбы жасап, соны ойнауды үйреткен-ді. Қажекең бір келгенде үйдегілер: «Айналайын, Қажыатаңмен ойнап көрші», – деді, менің дойбыны жаман ойнамайтынымды қызық көріп Қажекең: «Кел, ойнаймыз» деді де, іске кірістік. Артынан жеңіліп қалғанда (әдейі жеңілген шығар) дойбымды ұрлағандай қимыл көрсететін, үйде отырғандар бұған мәз болып жататын.
Тағы бір келгенде кешкі тамақтан кейін, жатарда, төсек салардың алдында қонақтар далаға шығып келеді. Далаға шығып келген соң Қажекең: «Апырай, жаңа көкте, ұшып бара жатқан қырғауыл сияқты бір ғажайып дүниені көрдім. Бұл не қараңғы түнде ұшып жүрген?» – дейтін. Біреулер: «Ия, ия» деп құптап, қарқылдап күліп жататын. Бертін келе ойласам, онысы мені бала деп қорқытқан болып, үлкенмен де, кішімен де жасайтын кішіпейіл қалжыңы екен.
Бала кездегі таңғалдыратыны – көз алдыңдағы құбылыс, көрініс. Бірде жазды күні көргенім: ұзын трашпан (арба), оған жегілген есік пен төрдей қара айғыр, арбаның ортасына отыра кеткенде ағаштары майысып, сынғалы тұратын. 1935 жылы Құлан елінде (6-шы Ауыл кеңесі) сабантой өтті. Сол тойда Қажекең ойын көрсетті, үстінен «полуторка» машина жүргізді. Анда-мында Шарлақ аудандық партия комитеті бірінші хатшысының ашық жеңіл машинасымен жүрді. Есімде қалғаны, сол машинаға отыра кеткенде бір жағы қисайып бара жататын. Сол сабантойдағы тағы бір көрініс көз алдымда. Самсаған халық бөлініп, жолдың екі жағында ат бәйгесін күтіп отыр. Бір жақ ортасында таудай Қажекең, ақ көйлек, ақ қалпақ, әйелі, балалары – бәрі ақтан киген. Сол көрініс ерекше эстетикалық әсер берді. Ол да қазақ халқына көрсеткен үлгісі ме, тартуы ма деген ойда қаласың. Ал біздің елге келіп жай жүргендегі киімі – қарасұр әскери жағалы бешпет, белбеуімен, шалбарының балағы етіктің қонышында болатын. Сібірдің қысында – баста түлкі тымақ, аяқта саптама етік, иығында қасқыр ішік, сыртынан үлкен жағалы тон киетін. Осы киген киімдерімен тұрған тұрысына, бойына көз салсаңыз, Қажекеңнің жанында еріп жүрген сапарластары ергежейлілердей болып көрінетін.
Мен көргендегі келбеті астыңғы ерні, сол құ­лағының ұшы жырық болатұғын. Өзінің айтуынша, Саракики деген жапон палуаны күрестің ережесін бұзып, зақым жасаған. Осы арада америкалық, бокстан әлем чемпионы, өз қарсыласының құлағын тістеп алған М. Тайсон еске түседі. Мұндай қылық XX ғасырдың басында да болғаны байқалады.
Ең ақырғы есімдегі – 1937 жылдың қысы, «Шар­лақ» совхозының орталығы. Кеңсенің алдында тыпырлап, буы шығып тұрған үш ат шанаға жегілген. Қажымұқанды совхоздың директоры Д.П.Гутовский қабылдап жатыр екен. Балалармен бірге көреміз деп тосып-тосып, содан суыққа шыдамай тарап кеттік.

ОЛ – ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛЫ

Қажымұқан өзінің бір отырысында әндетіп айтқан:
Сұрасаң арғы атам ұзын қыпшақ,
Тәңірім беріп еді өлшеусіз бақ.
Шын бабам қарақыпшақ Қобыланды,
Тең келер ондай ерге қандай қазақ.
(«Күш атасы», 157-бетте).
Осы қысқаша ғана берілген шумақта өзінің арғы заты, ата-бабалары қазақ тарихында болған белгілі тұлғалар екені менмұндалап тұр. Оған талас жоқ. Бертін келе кейбір жерде, тіпті қазақтың зиялы азаматтарымен кездесіп қалсақ: «Осы Қажымұқан кімдікі?» деген өрескел сұрақтар пайда болып жүр. Бұл сұрақтардың аржағы белгілі. Ашып айтсақ, шымкенттіктер: «Қажымұқан біздікі» десе, ақмолалықтар «Жоқ, ол біздікі» деп шығады. Мені 2006 жылы Қазақ радиосының тілшісі шақырып: «Аға, шынын айтыңызшы, Қажымұқан солтүстіктікі ме, әлде оңтүстіктікі ме?» деп қойып кеп қалды. Мен: «Қажымұқан солтүстіктікі де, оңтүстіктікі де емес, ол – қазақ халқының ұлы» дедім.
Кеңес өкіметі үстемдік жүргізіп тұрған кезде Қажымұқан жайында шыққан естелік-кітаптарда көп құпия сырлар айтылмады. Оның қажылығы, Алаш партиясымен болған тығыз байланысы, 1937 жылдардағы зобалаң кезінде Омбыдан (Ресейден) Шымкент (Қазақстан) өңіріне қашып келгендігі, тағы басқалары да жазылмады.
Қажекең туралы білу үшін әлі іздену керек-ақ. Батырды «кімдікінің» аржағы – оның қай өңірде дүниеге келгені, қай аймақта өсіп-өнгені. «Кімдікі» деп таласып жүрген азаматтарға ақпарат ретінде туған, өскен жерін айтуға болады. Онда тұрған не бар?
«Қажымұқан Ақмоладағы Қараөткел дуанына қарасты Қоспа деген жерде дүниеге келген» («Күш атасы», 150-бетте). Қазіргі орны Астанадан қырық шақырымдай солтүстік-батыс бағытында. Тағы бірі, Ж.Бектұровтың жазып кеткені: «Қажымұқанның туған топырағы – Целиноград іргесіндегі Сарытерек маңы. Есіл өзенінің оң жақ қапталы. Оның ағайындары осы Сарытерек (Максимовка) пен Тасмола (Семеновка) арасында отыр. Жиырмасыншы жылдары ел ішін бір аралағанда атақонысына салдырған өз үйінің орны да осы арада жер болып жатыр» («Күш атасы», 245-бетте).
Бұл аралар сол уақытта Запсибкрайға бағын­ған, орталығы Омбы қаласы болған. Осы жерлер – Қажекеңнің кір жуып, кіндік кескен Арқаның аяулы кең даласы. Бай-көпестердің: Қалипа, Козулин, Масляковтардың жалшысы, малшысы болған кез; өскен, өнген, ерекшелігі білініп, палуандығы халықтың көзіне түсіп, білек-күш өнерін әрі қарай үдетуге себеп болған киелі аймақ.
Құдайға шүкір, қазақ халқының киелі де қасиетті ер­лері, жерлері Шығыста да, Батыста да, Оңтүстікте де, Солтүстікте де мол. Қажекеңді бөлісетін қажеттілік жоқ.

ЖҰБАЙЛАРЫ ЖӨНІНДЕ

Атышулы адамдар жөнінде аңыз-әңгімелер көп болады ғой. Менің есімде қалғаны, Қажымұқан атамыздың бүкіл Ресейді, Қа­зақстанды аралап жүріп негізгі қоныстанған жерлері – «Сибкрайда» (Омбы маңайы) және «Киркрайда» (Оңтүстік Қазақстан облысы). «Енді ол неге Омбы жерінде қоныстанды?» деген сұрақ тууы мүмкін.
1910-37 ж.ж. дейінгі келіп, кетіп тұрған елі – төре ауылы, «Жаңа жол» колхозы, Шарлақ ауданы, Омбы облысы. Менің әкем Көшкімбай 1939 жылы қайыншылап осы араға көшіп келді. Сол 40-шы жылдары Халиолла бірінші әйелі Бәтимадан (Н.Н.Чепковскаядан) туған, екінші алған әйелі Ырыс­ты үш қызымен «Жаңа жолда» – төре ауылында тұратын. Төре ауылына қоныстануы – бір уақытта әлді, әйгілі ел болған. Оның өзіндік тарихы бар. XIX ғасырдың басында әр елде өзінің төресі болуы керек деген салт бар екен. Мадияр – Қыпшақ: «Біздің төреміз жоқ» деп «Қызылғақ» (Ертіс ауданы, Павлодар облысы) деген жерден Самай атты төрені алып келіп, жер беріп, алдына мал салып, өздері малшысы, жылқышысы болып жүреді. Самай туған баласының атын Абылай деп қояды. Сол Абылайдан тарағандар бір рулы ел болып, Төре ауылы атанып, бертін «Жаңа жол» колхозына ұйымдасты. Қажекең Омбы циркінде өнер көрсетіп жүрген кезінде тамыр-танысқа жиі барып, қонақтап жүреді. Омбы маңайында қазақ жұрағаты көп қой: керей, найман, қосқұлақ, уақ, атығай, қарауыл, қаржас. Ал енді қыпшақ рулары: Мадияр, Жанайдар, Қосайдар және Құлатай – Төбет­тің төрт ұлы дейтіндер Омбының оңтүстік жағында, Көкшетау, Павлодар облыстарының төңірегінде мекендеген.
Қазан төңкерісінен кейін Орынборда, әсі­ресе, Омбыда зиялы, оқыған қазақ азаматтары шоғырлан­ды. Солардың ішінде Міржақып Дулатов та болған. Міржақып (өзі мадияр – арғын, қостанайлық) елге шыққанда, көбінесе менің мына өңірде де ма­дияр қыпшақ ағайындарым бар екен деп Қажымұқанды, тағы басқаларын жанына ертіп жүретін болған. Қа­жекеңе мадияр-қыпшақ жұрағаты ұнап, оның төре қыпшақ болып кеткен Төре ауылына отбасын көшіріп әкеліп, өзі осы арада 1937 жылға дейін тұ­рады. Тағы бір жайт, жұрттың айтуына қарағанда, ақ­сақал, қарасақалдар жиналып: «Айналайын Қажеке, жас болса келе жатыр, сені екі әйел алды деп ешкім сөкпейді. Мына тұрған «Ақшада» (Дробышево) ма­дияр-қыпшақ Тыныбай дегеннің үкілеп өсірген Ырысты атты бойжетіп тұрған сұлу қызы бар» деп, сол қызды ел болып, құдалық жасап алып береді. Біз сол мекенде 1939-41 ж.ж. Қажымұқанның Ырысты тоқалымен, оның қыздарымен үй арасында үй жоқ – көрші тұрдық.
Қажекеңнің үрім-бұтағын айтудан бұрын алған, бірге тұрған жұбайлары жөнінде аздап болса да мәлімет беру керек болып тұр.
1909 жылы Қажекең Надежда Николаевна Чепковскаяға үйленеді, 1925 жылы Тыныбай қызы Ырыстыға, 1938 жылы Мүнәймге, 1946 жылы Ай­шагүлге… Менің жақсы білетінім – «Сибкрай» өңі­­ріндегі жұбайлары, жұрағаттары. Бірінші неке қиып алғаны Н.Н.Чепковская – 16 жастағы, аттың құ­ла­ғында ойнайтын, «цирковая наездница» атанған әртіс қыз. Өзінің айтуы бойынша: «Омбыға келгеннен соң ұзамай мені мешітке апарып, Хасен деген молдаға некемізді қидырды. Сол күннен бастап мен Қажымұқанның зайыбы Бәтима атандым. Осының өзін әлі күнге дейін менің басыма Қажымұқаннан қонған зор қасиет деп санаймын», – дейді. («Күш атасы», 17-18-беттерде). Осы Бәтима апайдан 1910 жылы Қажымұқанның ұлы Халиолла туады. Халиолла 16 жасқа толар-толмаста Шәпен атты қызды алып беріп, отау жасап, жеке шығарады. Біз сол елде тұрған жылдары (1939-41 ж.ж.) Халиолла үйлі-баранды, іргелі отбасы, сол «Жаңа жол» колхозының төрағасы еді. Халиолланың жеті баласы болды. Ең үлкені Шабдан – 1927 жылғы, менің досым. «Екіағаш» орта мектебінде бірге оқыдық. Ұзын бойлы, палуан, атасына тартқан. Ол әскерге барып, сол жақтан бірден елге қайтпады. Қажекеңнің (Шымкент облысына) қолына келіп, атасы үйлендірді. Қазір зейнеткер. Омбы облысындағы «Шарлақ» совхозының Платоновка деген бөлімшесінде тұрады. Мен ағайын аралап жүріп, 1999 жылы әдейі барып кездестім. Халиолланың балалары: Фарида, Рәзия, Жанайдар, Елтай, Құлымбет. Орыс әйелінен туған баласының атын білмеймін.

Міне, мен білетін палуанның «Сибкрай» өңіріндегі ұрпақ­тары. Ал енді Ырыс­тыдан қалған София мен Рашида ерте дүние салды. Рыстыдан туған Әзия қы­зынан бір қыз бар деп естідім, ал Шымкент маңайында­ғы Мүнәйімнан туған Айдархан, одан дүниеге Шаттық келді. Ең соңғы тоқа­лы Айшагүлден Жанәбіл туса, оның баласы Жанар. Палуанның бұл не­мерелерінен кімдер бары маған белгісіз.
Қажекеңнің балаларын, немерелерін, жоғарыда айттық, көбі парасатты, ойшыл азамат болып өсті. Жанәбіл де ірі, палуан болды. Айдарханның баласы Шаттық та «карате-до» бойынша 2002 жылы Азия ойындарында күміс жүлде алды. Бірақ өзіне тартқан нағыз палуан, батыр әлі жоқ. Бәрі қатардағы ғана. Қажекеңнің тірі кезінде жанашыр жолдастары, замандастары аласұрып палуанға бір әйелден соң бір әйелді алдырып жүргені айтпаса да белгілі болып тұратұғын – өзі сияқты аузынан түскендей білек күшін, күш атасын тосты. Қайтесің, Құдай бермеді. «Үмітсіз – шайтан». Л.Н.Толстой айтқан екен: «Менен кейін табиғаттың берген таланты демалады» деп. Сол сияқты демалып жатуы да мүмкін. Жеті атасынан кейін қайталанады деген қазақтың ата сөзіне сенеміз де, күтеміз де.Атышулы азаматтардың жалған да балалары болған ғой. Қажымұқанның баласы Айдархан: – «Әкемнің үлкені – Халиолла, ең кішісі – Жанәбіл. Мұхтар атты тағы бір Қажымұқанов бар деп естідім. Оның жайын жетік біле бермеймін», – дейді («Қажымұқан қағанаты», 483-б.). Менің білетінім, өзінің заңды, некесін қиып алған әйелдерінен туған Халиолла, Айдархан, Жанәбіл. Ғабдолла туралы жоғарыда айттық. Осы арада Сырбай Мәуленовтің:
Саусағы Алатаудың еменіндей,
Жотасы Қаратаудың кемеріндей.
Жүзінен шаттық, қайғы білінбейді,
Тұп-тұнық Қараөткелдің тереңіндей, – деген шумағы еске түседі. Шіркін, қан­дай асыл сөздер. Түрін, тұлғасын көріп, мұндай жігітке кім ғашық болмайды. Біз өзіміз көп уақыт үгіт-насихат, мәдени-ағарту жүйесінде қызмет істеген адамбыз. Сондықтан халыққа, елге эстетикалық сезім ұялататын сөздерді жеткізгіміз келіп тұрады. Асқар Тоқмағамбетов:
Он жігіт жауырынына жайланса да,
Елу пұт білегін байласа да,
Бұлқ етпей бәрін жалғыз көтереді,
Үстінен пятитонка айдасаң да, – дейді.
Бұл сипаттама кімнің делебесін қоз­дыр­майды. Ат үстінде жүрген Қажекең көппен кездесті, таныс болды. Жоғарыда айтылған тұлғасы, мінезі, мықтылығы қыз-келіншек түгілі, ер адамның өзін қай­­ран қалдырады. Әрине, палуан аға­мыз жас болды, «мас» та болуы мүмкін. Өз көзімізбен оқығанымызды, өз құлағы­мызбен естігенімізді несіне жасырамыз. Бір кітапта былай деп жазылды: «1960 жылы Қызылордаға Мәскеу циркі келіп, ондағы Николаев деген палуан өзін Қажымұқанның баласымын деп жариялағанда, халық нөпірі отыз күн­дей цирктің алдын бермеді. Бұл қазақ халқының батыры Қажымұқан Мұңайт­пасов­қа деген құрмет, үлкен ілтипат болатын» («Қажымұқан қағанаты», «Ордабасы», 378-б.). 2005 жылы маусым айында Ом­быдағы цирк директорының орынбасары болып істейтін, өзі бала кезінен цирктің аренасында қызмет істеген Евгений Юрье­вичпен кездестім. Оның айтқаны: «1960 жылдары болу керек. Бізге жыл сайын бір айға келіп-кетіп, білек күшімен ойын көрсетіп жүрген Герасимов: «Мен Қажымұқанның баласымын, осы Омбы облысында тұратын менің ағайындарым бар» деп, Шарлақ, Русская поляна, Дробышев (Нововаршавка) аудандарына сұранып, апталап барып тұратын». Бұл әңгі­мені сол жылдары елге (Омбы облысына) амандық-саулық білуге барып жүргенде мен де естігенмін. Жайықбай деген менің жолдасым: «Еңгезердей бір орыстың жігіті келіп, «Шешемнің айтуы бойынша, менің шын әкем Қажымұқан. Әдейі іздеп келдім» дегеннен кейін ел болып қарсы алдық, мал сойып, Қажымұқан аруағына ас бердік» деген еді. Тағы бірі. Сол Омбы облысы, «Целинный» деген совхозда тұратын са­ғал-қыпшақ Омардың баласы Кеңес күйеу­баланың айтқаны: «1970 жылдары ауданның орталығы «Русская полянаға» Башқұртстаннан келген Қажымұрат деген азамат өзінің туған әкесінің үрім-бұтағын іздеп жүр деп сол кісіні маған жібереді. Сұхбаттасқанда ұққаным: Қажымұқан Уфада 1915 жылдары болған. Бұл жайында кітаптарда да айтылады. Уфа қаласының ақсақалдары атынан хат жолдаған Мұса: «Қажымұқан мырза, сізді үлкен мерекеміз – сабантойдың құрметті қонағы болуға шақырамыз» деген. Уфада жарты айдай демалған соң палуан Қазанға жүріп кетеді. «Әкемнің аты Қажымұқан болған соң үлкен атам қызынан туған баланың атын Қажымұрат деп қойған» дейді Қажымұрат. Қажымұраттың айтуы бойынша, мұндай ескі дәстүр – жақсыдан ұрпақ алып қалу Орал бойындағы басқа да халықтарда болған. Қажымұрат сондай салттан пайда болған бала секілді.
Ең ақырғысы, «Караван» газетінің 2009 жылғы 10 сәуірдегі нөмірінде Қажымұқанның немересі Шаттық былай дейді: «1996 г. мы к своему удивлению получили приглашения из Франции, где как выяснилось у Кажымукана остались дети от жены француженки. Они пригласили нас приехать, но отец (Айдархан), как член партии наотрез отказался ехать «к буржуям» и больше мы связь с ними не поддерживали». Осы Қажекеңнің балаларымыз деп жүрген азаматтар мүмкін жалған да болар, бірақ басқа ұлт өкілдері Қажымұқан деген есімді мақтан етіп, атын шығару үшін пайдаланған ғой деген ой келеді.

ҚАЖЫЛЫҒЫ ТУРАЛЫ

«Күш атасы» кітабында: «Таяу және Орта Шығыс елдерін аралады. Түріктің жауырыны жерге тимеген атышулы палуандарын жыққаннан кейін оған қажы атағы беріліп, Қажымұқан аталды» делінеді.
Бұған сену қиын. Бірінші, дәлел ретін­де құжат жоқ, екіншіден, ол елдің жеңіске жеткен палуанға қажы атағын беру салты болса баяғыда естілер еді. Тағы бірі, түрік халқы Ислам дінінің ережесін мықты ұстаған. Қажылық дінмен байланысты десек, ол аз, ол – бес парыздың бірі. Осыны еске алсақ, сен жақсы күрестің, жеңдің деп қажы атағын бере салуы мүмкін емес. Түркиядан келген жігіттермен де кездестім, бізде ондай тәртіп жоқ дейді.
Ал енді шынына келсек, қажылыққа баруы, қажы атануы рас. Оны Омбы жа­ғындағы елдің ақсақалдары кесіп айтатұғын: «Барған ғой қажылыққа!» деп. Жоғарыда: «Таяу және Орта Шығыс елдерін аралады…» дедік. Көрсеткен қызығына, жеңісіне риза болған араб елі сонау Ресейден келген топ палуандардың ішінде жалғыз мұсылман екенін біліп, Мұқаңды Меккеге, Мәдинеге алып баруы ғажап емес. Күшіне, күресіне айыздары қанған сол ел азаматтарының ұйымдастырған қошеметі болуы мүмкін. Мен бұл болжамымды Қажымұқанның қажылығы хақында жазған мақалаларымда айтқан едім. Болжамым расталды. Қолыма кеш түскен Әлімқұл Бүркітбаевтың 1978 жылы «Жалын» баспасынан шыққан деректі хикаясында Мұқаңның Меккеге барып, қажы атағына ие болғанын нанымды дәлелдейді. Стамбулда түріктің Нұрла атты палуанын жеңген соң Шәкір паша (генерал) мен Имам Баюр Мұқаңды құттықтап, Шәкір паша: – «Жарайсың! Менің саған берейін деп тұрған сыйлығым мына имам тапсырайын деп тұрған сыйлықпен салыстырғанда түк емес. Жақында әлемнің барлық мұсылмандары Құрбан мейрамын тойлайды. Біз Меккеге қажылыққа барғалы жатырмыз. Ол жерге ең күшті палуандар жиналады, сен сонда өзіңнің күшің мен өнеріңді көрсете аласың. Қаржы туралы қам жеме, ол біздің мойынымызда», – дейді.
Сөйтіп, үш аптаға созылған керуен Орталық Таврдан, Тигр өзенінің бойымен Бағдатқа, одан әрі Үлкен Нефуз шөлімен Меккеге жетеді. Меккеде дұға оқылады, Мұқаң зәмзәм құдығынан су ішеді, Арафат тауының етегінде үш күн шатырдың ішінде түнейді, Мин аңғарында шайтанды бейнелейтін тұлғаларға тас лақтырады, Мәдинеге барып бір мешіттің есігінің артында Мұхаммед пайғамбардың табыты қойылған есікке сәлем беріп, Меккеге, көп ұзамай Стамбулға қайтады. Содан былай Мұқан деген есімі жайына қалып, Қажымұқан деген атаққа ие болады. Мұны талдап жазып отырғанымыз – Мұқаңның қажылығын растау. Кеңес өкіметінің дәуірі жүріп тұрған кезінде жасырған, бертін келе Қажекеңнің айтқан шындығы.
Осыдан кейін кім сенер: – «Жауырыны жерге тимеген түрік палуанын жеңген соң Мұқанға қажы атағы беріліпті» деген жалған лақапқа. Кеңес өкіметі үстемдік жүргізіп тұрған кезде Ресейде болсын, Қазақстанда болсын, «молла», «қажы» атағына ие болған адамдар екінші са­нат­тағы, тіпті Кеңес өкіметіне қарсы адам­дар сияқты көрінетін. Сол уақыттағы ко­ғамның құбылысын, көзқарасын бай­қап, палуанның нағыз қажылығын жасы­рып, себеп тауып, өзінің шығарған «ер­тегісі» ғой. Омбы жағы көбінесе Мұқан, Мұқа дейтұғын. Үлкен ұлы Ғабдолла ғана Мұңайт­пасов болатұғын. Халиолла баласы, немерелері – бәрі Мұқанов болып жазылған.

ҚАЖЫМҰҚАН «АЛАШ» ПАРТИЯСЫНЫҢ
МҮШЕСІ БОЛДЫ МА?

1937 жылдары Қа­же­­кеңнің Омбы жағынан Оң­түс­тік Қазақстанға келген кезі. Баршаға бел­гілі, кешегі актив болып жүргендері бар, жай ғана шаруасы әлділе­рі бар, бұрынғы байлардың, төрелердің ұрпақтарын үйлерінен ұстап, алып кетіп жатты.
Қажекеңнің Арқадан оңтүстікке қа­лай кеткенін Есенгелді төренің (Төре ауылының жігіті) біздің үйде қонақтап оты­рып айтқаны: «Бес жігіт Омбыға, Омбыдан Қызылжарға (Петропавловск) қарай шығарып салдық. «Әрмен қарай өзім барам, сендерге көп рахмет» деп бізді үйлерімізге қайтарды». Сол Есенгелдінің тағы бір айтқаны: «Шарлақ аупарткомы­ның Чемоданов деген бірінші хатшысы болған. Оны 1937 жылдың басында Кобак деген ОГПУ-дың бастығы ұстап, «халық жауы» деп айдап жібереді. Чемоданов хатшы болып жүргенде Қажекең үйіне барып шай ішіп, дәмдес болып жүреді екен. Чемодановты ұстады, енді үйіне барып, жақын жүрген мені де алып кетуі мүмкін дейтұғын». Бертін келе мұндай әңгімені сол елдің басқа да тұрғындары айтатын. Мұның шындық екенін мына жағдайдан білуге болады. Біріншісі, қайда кетіп бара жатқанын, қай жерде қоныстанатынын ешкімге айтпайды. Мұнда (Төре ауылында) қалған отбасылар 1942 жылға дейін Қажекеңнің өлі-тірі екенін білмейді. Артынан ғана пыс-пыс хабар келе бастап, Оңтүстік Қазақстанда тұратыны белгілі болады. Сірә, Қажекең өзінің ұсталатынын біліп, оңтүстікке қарай жылжыса керек.
Ең бір өзекті мәселе, «Қажымұқан жер шарын аралап жүріп, неге нақты Омбыда, Омбы өңіріне қоныстанды?» деген заңды сұрақ. 1910 жылдан бастап 1937 жылға дейін, 27 жыл өмірін осы арада өткізді. Бұл сұраққа жауап беру бір уақытта өте қиын болды. Ал қазір оңай.
Қиын дейтініміз, сол уақытта алашордашылардың шоғырланған, мекендеген жері Омбы қаласы болды. Зиялы қазақ азаматтарының жиналып, қазақ халқына азаттық әпереміз деп партия құрып, газет-журнал шығарып, әне-міне бостандыққа қолымыз жетеді деп жүрген кезі. Қажымұқан сол зиялы азаматтардың арасында бірге жүрді. Олар – белгілі Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Жұмат Шанин, Бекмұхамбет Серкебаев… Тіпті біз білмейтіндер қаншама!
Кеңес өкіметінің дәуірі жүріп тұрған кезінде кім де болса айтар ма еді, мен солардың арасында болдым деп. Жоқ, онысын сол уақытта Қажымұқан да жариялаған жоқ. Бар естеліктер де, өзі де, басқалар да ләм деп ауыз ашпады. Осы арада еске салатын бір құжат. РСДРП-ның Минскіде өткен І съезінде қабылданған Бағдарламасында былай жазылған: «Патша өкіметін құлатқаннан кейін, бұрынғы қанауда, Ресей қоластында болған барлық ұлттарға бостандық беріледі. Еріктерің өздеріңде!». Соған сенген қазақ зиялысы 1917 жылғы төңкерістен кейін егемендік үшін бел шеше кіріскен.
Солардың ішінде, әрине, Қажымұқан болған. Олардың серкесі Әлихан, Ахмет, Міржақыптар болса, Қажекең солардың еркесі ретінде араларында жүрген және бір жағынан алдарына ұстаған туы да болуы мүмкін. Олай дейтініміз, Қажымұқанның 1929 жылы 6 ай Новосибирскіде абақ­тыда болғаны. Қажекең Омбыда жүріп Но­восибирскіде отырғаны, ол кезде Омбы облыс емес – округ. «Үлкен саяси қыл­мыс­тар» жоғарыда (облыста) қаралған ғой.
Сол жылдары Қажымұқанның неге абақтыда отырғанын Ғазизбек Тәшімбаев басқаша жорамалдайды: «Палуан өмірін­дегі ең бір күрделі кезең жиырмасыншы жылдар болды. Елде азамат соғысы жүріп жатты. Бұл кезде күресті тастап, Омбы облысының Дробышев ауданының «Жаңа жол» колхозында атбағар болып жүрген Қажымұқанды кейбіреулер ақ патшаның өзінен сый алған деп әңгіме ете бастайды. Мұны естіген аңғал палуан награда қағаздарын өртеп, медальдарын астыққа айырбастап жібереді. Онысына қоймай ауыл белсенділері 1929 жылы Қажымұқанды тіпті 5-6 ай абақтыға жаптырады» («Күш атасы», 5-6-беттер). Ал енді «…медальдарын астыққа айырбастап жі­бер­ді» деген сөзге мен өзім нанбаймын. Ол жылдары «Сибкрайда» Қазақстандағы, Поволжьедегі сияқты аштық болған емес. Бұл – бір. Екіншісі, Қажекеңнің беделі ел арасында сондай биік болған. Сондықтан «медальдарын астыққа айырбастады» де­ген лақапқа сене алмаймын. Ал енді медальдары қайда кеткен? Дұрыс сұрақ. Қазақ халқы мал жинауды, дүние жинауды біледі, ал қағаз, медаль сақтауға үйренбеген. Қажекеңнің өз сөзі: «Күрестің мәні жеңіс пен жеңіліс емес. Оның мәні көрерменнің алдында өз бақытың үшін күресуде» («Күш атасы», 331-бет). Бұл – Қажекеңнің негізгі тұжырымы. Палуан кілем үстіндегі әр күннің қуанышына бөленген. Қайтсем мыңдаған көрерменнің ризашылығын алам деген. Ду қол шапалақтың астында, цирктің жарқыраған прожекторларының алдында жүріп, награда қағазын, медальды ойламаған ғой. Әрине, награда қағаздар, медальдар болған. Келушілер, қайырлы болсын айтушылар палуанның маңайында аз болмаған. Одан қалды, Кеңес өкіметінің атқамінерлері бір жағынан. Батыр аңқау, береген болады ғой. Біреудің қолында, қанжығасында жоғарыдағы айтылған қа­ғаздар, медальдар кетуі де әбден мүмкін.
Біздің негізгі айтайын дегеніміз – Қажекең сол алашордашылардың ішінде болды ма, жоқ па? Бір кезде «алашорда» десе ат-тонымызды алып қашып жүрдік. «Алашорда» деген атау құлақты тесіп түскендей естілетін бізге, біздің замандастарымызға. Оны солай ұқтық та. Бұл партия 20-30-жылдарда үлкен дау туғызғаны белгілі. Мәселен, А.Богачев кезінде «Алашты» «ұсақ ұлттық буржуазиялық партия» десе, С. Брайнин мен Ш. Шафиро «бұл – байлардың саяси ұйымы» деді. Ал енді ақырғы шындық анықтаманы, «Алашорданың» қандай пар­тия екенін, тоқетерін, марқұм академик М.Қозыбаев айтып кетті: «либералды, ұлттық интеллигенция партиясы. Оның идеологиясы отаршылдыққа қарсы бағыт­талған ұлтшылдық болды». Кім ұлт­шыл емес? Ұлты жоқ адам ғана ұлтшыл болмауы мүмкін. Индира Ганди Д.Нерудің «Взгляд на всемирную историю» деген кіта­бының кіріспесінде: «Джавахарлал Неру гордился тем, что он индиец» деп жаз­ған. Әрі қарай – «…подлинный интернацио­нализм может быть основан на национализме, свободном от шовинизма» (Д.Неру. «Взгляд на всемирную историю», стр. 31).
Жоғарыда «Алаш» партиясын М.Қо­зы­баев «либералды ұлттық интеллиген­ция партиясы» десе, сол уақыттағы интел­лигенция тобына Қажымұқан жата ма? Әрине, жатады! Қажекең сол Омбыда, Орынборда, Семейде жиналған қазақ ин­теллигенциясының дәл қайнаған ор­тасында жүрді. Олардың сана-сезімі, бағыты, іштегі сыры әр уақытта, тіпті екі қазақтың басы қосылып кетсе әңгімесі: «Қайтсек қазақ халқын қанаудан, отар­шылдықтан алып қаламыздың» маңа­йында болды. Омбы халқының дәстүрі – қонақжайлылығы, қыс, жаз болсын осы уақытқа дейін қонақшылдығы, сыба­ғаңды, омыртқаңды жеп кет деуі әлі қал­маған. Ал сол 20-30-жылдары палуан, ақын, әнші, саясаткерлердің жиналмаған, бас қоспаған бір күндері болмаған. Сон­дағы әңгімелері, әрине, саясат, оның арасын­да жүрген Қажекең де сыртта қалған жоқ.
30-шы жылдың аяғында ескі интеллигенция өкілдері қудалауға түсті. Міржақып Дулатов 1928 жылы, Мағжан Жұмабаев 1929 жылы ұсталды. А.Байтұрсынов 1929 жылдың 2 маусымы күні қамауға алынып, кейін Архангельск облысына… жер аударылды. Ал Қажымұқанды сол 1929 жылы 6 ай абақтыда отырғызғанын алдында айттық. Бұл жай ғана кездейсоқ па, әлде заңды уақиға ма? «Аргументы и факты» газетінің 2007 жылғы оныншы нөмірінде Омбы журналисі Айгүл Бескемпірова «Соотечественники под шаныраком» деген мақаласында былай деп жазды. «А в одном из дел НКВД обнаружила имя известного борца Қажымұқана. Об этом очерк «Батыра спасли друзья». Ауған соғысына қатысушы Бақытбек Смағұл: «Қажымұқан өзге елдерде жүрсе де қазақтың зиялылары құрған «Алаш» партиясына бірнеше рет ақша аударған» дейді. Қажекеңнің 1937 жылы екі отбасын Омбы өңірінде тастап кетуі жоғарыда айтылған Шарлақ ауданы аупарткомының бірінші хатшысы болған Чемодановқа ғана қатысты емес екені байқалып тұр.
Бұл жылдары «Сибкрай» өңіріндегі мұрағат, газет, журналды қопара бастаған кез. Шолақ белсенділер бастарын көтеріп, «Кімдер «Алаш» партиясында болды, не айтты, кім кіммен сыбайлас болды?» деп байбалам салған уақыт. Осының бәрін еске алып, аздап қорытсаңыз, Қажымұқан сол «Алаш» либералдық ұлттық интелли­генция партиясының мүшесі болмаса да солардың ұстанған Бағдарламасын қол­даған. Және оның іске асуының тілектесі болғаны ақиқат сияқты.

МӘСЕЛЕ САЛМАҚ ПЕН БОЙДА ЕМЕС

«Жас Алаш» газетінде 2007 жылғы 23 қаңтарда «Қажымұқанның салмағы қанша болған?» деген мақала жарияланды. Оның қысқаша мазмұны: «Не көп, портрет көп. Бұлардың бір-біріне ұқсастығы. Кейбір басылымдар Райымбек батыр деп Жанғожа батырдың, Жанғожа батыр деп Өтеген батырдың суреттерін береді екен». Қажымұқанның портретін салған Е.Бидахметұлын мақтаған «Аса бір құндысы һәм дәлдісі» деп. Әрі қарай: «Күресіп жүрген кезінде Қажымұқан 190 келі тартады екен.

Егде тарт­қан кезінде палуанның салмағы 230 келіге жеткен». Күресіп жүрген кезіндегі салмағы да дұрыс емес, егде болғандағы 230 келісі тіпті сенімсіз. Ә.Қоңыратбаев әдейі іздеп барып, 1946 жылы Қажымұқанмен (1948 жылы дүние салды) кездескенде тұл­ғасын өлшеп, анықтама берген. Онда Қажекеңнің салмағы – 174 кг., бойы – 185 см., төбеден белге дейін – 77 см., белінен аяғына дейін – 113 см.», – дейді («Күш атасы», 159-б). Қайсысына сенеміз? «Жас Алаштың» салмағы 230 келісіне ме, әлде Ә. Қоңыратбаевтың 174 келісіне ме? Қажымұқанның бірінші әйелі Бәтима апай: «Ол өте сымбатты, бойшаң, қараторының әдемісі, биіктігі – 186 см, салмағы 130 кг еді», – деген. Әрине, әйгілі азаматтардың соңынан артық әңгімелер айтылып жүреді. Мен өзім: «Ой, әлгі пәленшенің 48 кг тартатын біп-биттей баласы батыр атағын алыпты деп естідім. Батыр деп марқұм Қажымұқанды айтсаңдаршы, салмағы – 300 кг, бойы 2 метр деген» деген әңгімені де естігенмін. Мақтан үшін, жастарды баулу үшін көтеріп айтатындары ғой. Ал ресми хабарда халыққа дұрысын мәлімдеген жөн. Суретшілер дүниеден көп жыл бұрын өтіп кеткен батырларды көрген жоқ. Сол себептен біріне-бірі ұқсас болуы мүмкін. Ал енді Қажекеңді көргендер де бар, сырлас, сұхбаттас болғандар да аз емес. Оқырмандар ойлауы, айтуы мүмкін: «Оның бойында, салмағында не ақың бар» деп. Бірақ Қажекең қатардағы қазақ емес, тіпті қатардағы палуан емес, әлемге аты шыққан, ғасырда бір туатын тұлғаның шын тұлғасын халқы білуге тиіс.

АЗАМАТТЫҚ ЕРЛІГІ

Денешынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Рес­публикасы Орталық Атқару Комитеті Президиумының 1927 жылы арнайы шешімімен Қажымұқанға «Қазақ даласының батыры» деген құрметті атақ берілді.
Патриот ағамыз ел басына ауыр күн туған Отан соғысының отты жылдарында жасының егде тартып қалғаны­на қарамастан, тағы бір ерлік іс жаса­ды. Ол белін бекем байлап, ел аралап, өнер көрсетіп, одан жинаған қаржыға ұшақ жасатып, майданға жіберді. Сөй­тіп, Ұлы Жеңіске өз үлесін қосты. 1944 жылдың 29 қыркүйегінде Мемлекеттік Қорғаныс комитетіне жолдаған хатында Қажымұқан: «Біздің қаһарман қызыл Армия сүйікті Отанымыздың жаңа аудандарының бірінен соң бірін фашист басқыншыларынан азат етіп, неміс-фашист басқыншыларына қи­рата соққы беріп жатқан күндерде мен, өмірімнің елу бес жылын спортқа арнаған палуан, Жеңіс күнін жақындату үшін еңбекпен тапқан 100 мың сом табысымды Қорғаныс қорына тапсырдым», – деп жазған.
Қажымұқанның хатына Мем­ле­кет­тік Қорғаныс комитетінен жа­уап жедел­хат келді. Онда былай де­лін­ген: «Оңтүс­тік Қазақстан облысы, Шәуілдір ау­даны, «Ақтөбе» колхозы, Қажымұқан­ға: «Қызыл Армияның әуе күштеріне көрсеткен қамқорлығыңыз үшін менің сәлемдемемді, алғысымды қабыл алыңыз, жолдас Қажымұқан. Тілегіңіз орындалатын болды. И.Сталин».
Сөйтіп, палуанның жинаған қаржысына өзі жас кезінде бірінші кәсіби күресін бастаған Қазан қаласында ұшақ жасалды. Бұл ұшақ 1945 жылдың бас кезінде 1-ші Белорус майданындағы 284-ші авиация 701-ші түнгі бомбардировщиктер авиапол­кінің құрамында шайқасып жүрген қазақ ұшқышы Қажытай Шалабаев­қа табыс етілді. Ол Қажымұқан сый­ға тартқан ұшақпен 120-дан астам жауынгерлік тапсырма орындады. Ақырында, әскери әуе күштерінің басқа да машиналарымен бірге 1945 жылы 24 маусымда Мәскеуде өткен Жеңіс парадына қатысады. Ал сол ұшақтың ұшқышы Қажытай Шала­баев соғыстан қайтқан соң Қажымұқан ағасымен кездесіп, дәмдес, сәлемдес болып өтті.

ӘЛІ ДЕ БОЛСА ІЗДЕНІС КЕРЕК

Бұл жазып отырған әңгімеміз, бір жағынан, естелік, екінші жағынан өзгелерге ой салу. Осы сияқты естеліктерден, әрине, шындық туады. Әлі де болса, Қажекеңнің өмірі, қызме­ті жөнінде мағлұматтар сарқылған жоқ. Бір жолы «Алатау» демалыс үйінде жатқанымда «Пионер жазы» киножурналының 4-ші нөмірінен («Пио­нерское лето», киножурнал, №4) И.Поддубныйдың туған еліндегі пионер лагерінде балалардың қалай демалып жатқанын көріп отырсам: бір топ палуандар (Петербургте түсірілген болар), арасында И.Поддубныйдың өзі, біздің Қажымұқан және қаз-қатар тұрған палуандар бар. Бұл көрініс бұрын көріп жүрген киноленталарда кездеспеген. Іле-шала Ә.Тарази­ға телефон шалдым. Ол кезде Ә.Тарази Қазақстан Кинематографистер ода­ғын басқаратын. Тапты ма, жоқ па, білмеймін. Бір зерттеушілер Қаже­кең ресми чемпионатқа қатыспа­ған, цирктің маңайында ғана жүрген деседі… Ал мен 1939-40 жылдары үйіне барып жүргенде мойынға салып жүретін (сол уақыттағы мода) жеңіл жібек шарфты көргенмін. Сондағы: «Чемпиону мира, Ташкент» деген алтындатып жазған әріптер әлі көз алдымда. Ал осы мақалада жарияланып отырған фотосуреттерді көргеннен кейін Қажекең ресми жарыстарға қатыспады, цирктің маңайында ғана жүріпті деп кім айта алады екен?
Медальдарымен түскен фотосу­рет Қазақстан Республикасының ха­лық әртісі, белгілі биші Шара Жиен­құлованың мұрағатынан алынған.
Осы кезге дейінгі естеліктерде, Қажымұқанмен кездесіп, өздерінің көрген-білгендерін жазғандардың ішінде Ә.Тәжібаев, С.Мұқанов, Ш.Жиен­құлова, Д.Әбілев, тағы бас­қалар болды. Бұлардың бәрі – қуғын-сүргіннен аман қалғандар. Сол 30-40-ж.ж. айдауға ұшыраған белгілі зиялы қазақ азаматтарының Қажекеңмен дос болғандығын еш­кім жоққа шығара алмайды. М.Дулатовтың Омбы жағын­дағы мадияр-қыпшақтардың ара­сы­на Қажекеңнің келіп қоныстануына се­­беп болғанын айттық. Сол кезде Омбы­ның дәл өзінде жүрген А.Байтұр­сынов, Ә.Бөкейханов, М.Жұма­баев, тағы басқаларының естеліктері болуы тиіс. Бір кезде олардың аузын аштыртпадық. Қазір мүмкіншілік мол, ізденсек көп деректер шығып қалатындығына сенімдіміз. Қажекең хақында қазақ зиялыларының ес­теліктерімен бірге қазақстандық орыс азаматтарының мұрағаттарын, жазып кеткен мақалаларын, очерк­терін іздеген жөн деп ойлаймын. «Простор» журналында (2005 ж. №9) Қазақстанның тумасы, Ресейдің белгілі жазушысы Леонид Мартынов «Дуэльный кодекс» деген әңгімесінде 1919 жылы Қажымұқанмен Омбыдан Семейге дейін пароходпен екі орындық каютада болғанын, ол кісі­нің кішіпейілдігін, қамқоршылдығын айта келіп: «В этой поездке на борца несправедливо обрушилась досада пассажиров, когда пароход сел на мель» дейді. Пароходтың үстіндегі халық естері шығып, не істерін білмей, жәбірленіп, тектен-тек Қажымұқанға: «Что вы тут стоите! Из-за вас и сели на мель» деп ренжиді. Одан әрі жазушы әңгімесін былай жалғастырады: «Великан повел себя достойно. Взглянув с презрением на кричавшего он неторопливо обернулся и медленно зашагал по палубе по направлению корма. Сделав несколько шагов он обернулся и молча, но властью махнув рукой, явно приглашая всех остальных последовать за собой. Вся орава хлынула вслед. И, что самое забавное, к тому моменту как чемпион мира достиг кормы, пароход бешено заработав колесами, задним ходом снялся с мели». Әр уақытта халық арасында аты кеңінен тараған жазушы өзінің аузынан шыққан, жазған сөзіне өте жауапты қарайтыны белгілі. Соны еске салсақ, Л.Мартыновтың: «…Как чемпион мира достиг кормы…» дегенінен сол 1919 жылы Қажекеңнің әлем батыры атағына ие болып жүргені байқалып-ақ тұр. Осы әңгімесінде «чемпион мира» деген сөзін бес рет қайталайды. Өкінішке орай, Қазақ Автономиялы Республикасы сегіз жыл өткізіп, 1927 жылы ғана, оның өзінде «Әлем батыры» емес, «Қазақ даласының батыры» атағын әрең берген сияқты.
Л.Мартынов сияқты аяулы азаматтар, Ертіс бойында туып-өскен, сол кезде өмір сүрген Павел Васильевтің, Антон Сорокиннің, Всеволод Ивановтың, тағы басқаларының Қажекең жөнінде жазғандары болуы мүмкін.
Төменгі Новгород, Петербург, Қа­зан, Мәскеу, Орынбор, Ресейдің басқа қалаларындағы мұрағаттар деректерге өте бай. 1935-36 жылдары сол жерлерде шыққан газеттерден Қажекеңнің пор­третімен жарияланған мақалалар­ды да өз көзіммен көргенмін. Одан қалды, сол жылдары Новосибирскіде қазақ тілінде шығып тұрған («Сибкрай» қазақтарына арналған) газет жергілікті халықтың өмірін, келешекке деген талпынысын, тарихи уақиғаларды, белгілі азаматтардың өмірін көрсетуге атсалысқан. Ұмытпасам, сол газеттің аты «Қызыл ту» деп аталатын. Ұйымдастырушысы, бірінші редакторы белгілі қазақ жазушысы Ғабиден Мұстафин болған. Дихан Әбілев Баян­ауылынан Алматыға көшіп бара жатып Ғабиденнің сұрауымен жолшыбай Новосибирскіге қалып, бір жыл сонда газет қызметкері болып жұмыс істеген. Ақырғы редакторы Әбдірашит Шалабаев деген азамат болатын.
Қажымұқан туралы аз айтылған жоқ, оны елі танып отыр. Бірақ палуанның толық тұлғасын, бейнесін, өмірін әлі жете білмейміз. Бұл ұрпаққа керек өнеге ғой. Сол себепті осыны ел болып қолға алса, жаңа кітаптар жазылып, С.Қожықовтың фильмінің жал­ғасы түсірілсе болар еді. Бізде толық­қанды өмірбаяндық («ЖЗЛ» сияқты) кі­тап­тар да жоқ. Өз ұлтымызды өзіміз толық танымай отырмыз. Біз Қажымұ­қанды осы уақытқа дейін 1871 жылы туған деп келдік. Тіпті энциклопедияда да солай жазылған. Кейін анық­талғандай, көзі тірі куәлардың рас­тағанындай, ол кісі 1883 жылы туған.
1983 жылы Қажекеңнің туғанына 100 жыл толды. Бүкіл Қазақстан болып аузымызды ләм деп ашпадық. 1993 жылы да үн-түнсіз қалды. Зиялы азаматтар осы мәселені көтеріп, 2013 жылы Қажымұқанның 130 жылдығын тойласақ, қазақ халқы үшін үлкен мақтаныш қана емес, ұрпақтар үшін өнеге болар еді.


Қалиәкпар ӘМІРЖАНОВ,
Қазақстанға еңбегі сіңген дербес зейнеткер,
мәдениет­танушы, ҚР мәдениет қайраткері

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ