Иманжүсіптің өз қолымен жасаған ері — тұрманы мен жүгені музейде сақтаулы тұр

0
197
 Қазақтың белгілі әншісі Иманжүсіп Құтпанұлының өз қолымен баласы Нұр­ханға жасаған ертоқымы, аты­ның жүгені, жабуы бар, Ақмола облысы Аршалы ауданы Жібек Жолы ауылындағы музейде тұр, деп жазады «Астана ақшамы» газеті.

Бүгінгі таңда Ақмола облысы Аршалы ауданы Жібек Жолы ауылында Иманжүсіп Құтпан­ұлы атындағы орта мектеп бар. Аталған оқу ордасында дарабоз тұлға атында шағын музей жұмыс істейді. Оған Раушан Нұрханқызы жетек­шілік етеді.

— Әкем маған: «Бірінші, атам­ның сүйегі жатқан жерін анықта, екінші, суретін тауып ал» деп аманат жүктеп еді. Екеуі де орындалды. Атам ақталғаннан бері соны елге таныту, мұраларын жинақтап кітап шығару жұмыстарымен айналысып келемін. Мектеп музейі де ашылды. Мұнда атам­ның көптеген дүниелері бар. Өз қолымен баласы Нұр­ханға жасаған ертоқымы, аты­ның жүгені, жабуы бар. Ол кісі жайында жазылған қан­шама деректер жинақталды. Туған-туыстарының суреттері сақталды. Егер қаржы табылып жатса, осы музейді одан әрі көркейтіп, ел аяғы үзілмейтін орталыққа айналдырсам деймін. Біздің әулетіміз де қуғыннан көз ашпады. Әкем атамнан он жасында жетім қалады. Одан кейін бас сауғалап Өзбекстанға өтеді. Сол жақтан елге 1946 жылы оралады. Содан әкесінің туыс­тарын іздейді. Әйтеуір, оларды іздеп табады. Әкесінің жазықсыз екенін айтып, жоғарыға хат жазады. Соның барлығы менде сақтаулы. Иманжүсіптің қызы Күләнда әжеміз жасы 102-ге келіп, дүниеден озды. Солардың естеліктерін жазып алдым. Қан­шама көрнекті тұлғалардың кө­мегін көрдім. Идея көп. Соның барлығына қаржы қолбайлау болып тұр. Ауылдық іргеде біз­дің әулеттің зираты бар. Соны әкімдік қоршап береміз деп отыр. Енді айта берсе атқарылмақ жұ­­мыс көп. Соның барлығы да — атам үшін жасалып жатқан тағы­лымды іс, — дейді тектінің тұяғы.


KAZMUSEUM.KZ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ