• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Басты тақырып » Мектепте хиджаб киюге қатысты даудың шешімі табылған сыңайлы

    Мектепте хиджаб киюге қатысты даудың шешімі табылған сыңайлы

    Мектепте хиджаб киюге қатысты даудың шешімі табылған сыңайлы. Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев бүгін арнайы жеке мектептер ашу керек деді. Яғни, ер балалар мен қыздарды бөліп оқытуға мүмкіндік берілмек. Алайда, кейбір депутаттар «заң бәріне ортақ» деп отыр.

    Ақтөбеге арнайы барған депутаттарға ата-аналар осылай арыздарын айтқан болатын. Бәрі де мектепте хиджаб кигізбейтініне наразы. Мәжілісмен Бақытбек Смағұл оқу орнының талаптарын орындау керек деп түсіндірмек болғанымен, ата-аналардың дені келіспеген. Тіпті, бірнешеуі сол жиыннан шыққаннан кейін мектеп алдында намаз оқыған болатын.

    БАҚЫТБЕК СМАҒҰЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

    —  Мешіт бар, сол үшін салынған Алланың үйі бар. Намазға ешкім шек қойып жатқан жоқ, оразаға ешкім шек қойып жатқан жоқ. Сен санаңмен жиһад жаса. Санаңмен күрес. Балаларды адастырма!

    Бірақ, депутат ол қандай жиһад екенін нақтыламады. Ал, қоғамда қызу талқыға түскен 4 келіншектің кімдер екендігі көп ұзамай анықталыпты. Олардың бұл әрекеті заңға қайшы және ол үшін 50 мың теңгеге дейін айыппұл қарастырылады екен.

    Сондай-ақ, Ақтөбедегі жиында ата-аналар өз қыздарына жеке медресе ашып беруді сұраған-ды. Бұл ұсынысты Дін істері министрлігі қарастырып жатқан көрінеді.

    НҰРЛАН ЕРМЕКБАЕВ, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі:

    —  Егер сондай ата-аналар болса, қыздарын тек орамал тағып, хиджаб кигізіп мектепке жіберетін болса, олар өздері жиналып, демеушілерді іздеп, ондай жеке мектеп ашуға барлық жағдай бар. Құқықтары да бар.

    Яғни, ер балалардан бөлек оқытатын жеке мектеп ашып, сол жерде орамалсыз жүруге жағдай жасау көзделіп отыр. Бұл – діни білім беретін орын емес, заңға сәйкес зайырлы оқу ордасы болмақ. Бірақ, оны мемлекет емес, ата-аналар өздері салып алулары керек.

    Министрлер жеке мектепке рұқсат бар деп әлек болып жатқанда Ақтөбеде орамал таққан оқушылардың саны азайып келеді екен.

    ЕРБОЛ НҰРҒАЛИЕВ, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:

    —  Біз міне осы 1 аптаның ішінде 75 бала мектеп формасын сақтауға көшті. 75 бала. Енді 269 бала қалып отыр.

    Әрине, дәл осындай хиджаб мәселесі бірнеше облысқа тән. Алайда, баласына мектеп формасын кигізгісі келмейтін ата-ананың саны бойынша бәрібір Ақтөбе облысы алда тұр. Астанаға есеп беруге келген кезінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев «мәселе оң шешімін таппаса өзім араласамын» деген болатын. Бірақ, жағдай қанша ушықса да, Сапарбаев мырза сол күйі араласпады.


    Бақытнұр Әлібай, Нұркен Тоқмурзин

    informburo.31.kz


     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Білім және ғылым миниитрлігі ескертті: Мектепте хиджапқа жол жоқ

    Білім және ғылым министрлігі мектептерде хиджабқа тыйым салынғанын тағы бір мәрте ескертті. Білім және ғылым ...