«Ер қаруы – бес қару»

0
256

«Көкше батыр» – «Қырымның қырық батыры» топтамасына енген халықтық жырлардың бірі. ҚР Білім және ғылым министрлігі Орталық ғылыми кітапханасы мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар қорында жырдың бірнеше нұсқалары сақталған.

«Ер Көкше» жайында кеңестік дәуірдің өзінде-ақ көптеген ғылыми мақалалар мен зерттеу еңбектері жазылды. Шежіреде уақ руының ер Көкшеден таралғаны айтылады. Қадырғали Жалайырдың шежіресіндегі, «Никон жылнамасындағы» деректерге қарағанда, ол 1419 жылғы Едіге мен Қадырберді әскерлерінің арасындағы ұрыс кезінде қайтыс болған. Қазақ халқында «Ер Көкше» атты бірнеше жыр бар. Ер Көкше сонымен қатар Мұрын жыраудан жазылып алынған өзге жырлардың бірқатарында да, қырғыздың «Манас» жырында да кейіпкер ретінде көрінеді.
Көкше батыр Шыңғырлаудың Торыат деген тауында отырғанда, оған: «Сүйретпенің тауында күтеміз, ноғайларын жинап соғысамын десе келсін, егер одан қорқып қашса, біздің қалмақтар барып елін шауып алады»,-деп қалмақтың Сұлтанғали деген ханы хабар жібереді. Өкінішке орай, Көкше ноғайлардың басын қосып жинай алмайды да, қысылғанда жөн сілтейтін, адасқанға жол көрсететін Сыпыра жыраудан кеңес алады. Сондықтан да Хан Мамайға хабар салады. Осы орайда Орақ, Жаңбыршыұлы Телағыс, Айсаның ұлы Ахмет, батыр Алау, ер Әмет, Шынтасұлы Төрехан, Асанұлы ер Абат, Ақжонасұлы ер Кеңес, міне есімдері тарихта қалған осындай батырлар ел басына қиын-қыстау күн туғанда өз әскерлерін жинап, Көкшеге көмекке келеді.
Тыныштығын кетірген қалмақтың Сұлтанғали деген ханымен Көкшенің жекпе-жек шайқасуы, Сұлтанғалидың соғыс майданында мыңдаған әскерінен айрылып, шаһарына қашуы, Көкше бастаған батырлардың екінші рет соғысып жауды жеңуі, көп олжамен еліне оралуы жырда барынша шынайы суреттеледі. Эпостың бір ерекшелігі Көкше батыр мен оның жолдастарының жауынгерлік жорықтары және ерлік істері тым әсіреленіп көрсетілмейді.
-Біздің текті сұрасаң,
Біз ноғайдың елі едік.
Елдегі байтақ ер едік,
Ерегіскен дұшпан тап болса,
Жерміз етін деп едік.
Елу екі кісі жолдасым,
Бәрін де Құдай оңдасын.
Елу екі кісі – бәрі ер,
Әрқайсысы мың кісі.
Елу екі кісі әскермен,
Қалмақтың білдім оңбасын.
Ер болса келсін жекеге,
Суырайын қолқасын.
Мінекей, Көкше батыр қалмақтың хабаршысы тұрған жерге барып осылайша жар салады.
Көкше мінген Тарлан ат,
Аспанға қарғып ойнады.
Көкше киген шарайна,
Бастыра киген дулыға,
Күмістей болып жайнады.
Келе жатқан жауды көрген соң,
Ер қаруы – бес қару,
Бәрін тегіс сайлады.
Мыңдаған әскер жинап, сайланып келген қалмаққа қарсы ноғайдың бар болғаны 52 батыры қиян-кескі ұрыс салады. Қалмақтың кезеп атқан оқтарынан бұлтарып кетіп, бойларына дарытпайды. Шашақты болат найзалы, ақ сауытты ерлер қылыштары жарқылдап қалмақтармен сегіз күн мен түн бойы жағаласқан кезде ептілік, шыдамдылық танытып, талай қалмақтың қанын судай төгеді. Тіптен қалмақтың ең мықты ері Жайнастың да тізесін бүктіреді. Қалың қалмақтың әскерлерін шетінен сұлатады, олардың атын, қаруын иемденеді де, алға ұмтылады.
Жөнеді ерлер, жөнеді,
Мінгені өңкей сал бедеу,
Ауыздықпен алысып,
Табан жолмен тартысып,
Дөңгеленіп желеді.
Қаптаған жауды көреді,
Көріп көңіл бөледі.
Жиналған өңкей батырлар,
Қолдарында болат асыл бар.
Үстерінде кілең көк темір,
Ақ сүңгі, найза өңгерген.
Азын көпке теңгерген,
Жауға бұлар тигенде,
Қалмақтар жаман сенделген.
Отыз екі күн бойы соғысқан кезде сегіз мың қалмақтың көбісі қырылып, екі мыңдайы бет-бетімен қаша жөнеледі. Сонда да алған беттерінен қайтпаған ноғайдың ержүрек батырлары оларды еліне дейін қуып барып тағы соғысады.
Қобыландының Тайбуырылы, Алпа­мыстың Байшұбары секілді Көкшенің Тарлан аты да жырда өте ақылды жануар түрінде бейнеленеді. Ер қанаты бола білуімен қатар үстіндегі батырдың шайқас кезінде аман-есен, әрі жаудан күші басым болуына көп ретте тікелей ықпалын да тигізе біледі.
Тарлан аты ойнаған,
Бір шабысқа тоймаған.
Көкше мінген Тарлан ат,
Бұға жата қалады.
Оғы тимей қалмақтың,
Көкірегі жанады.
Әсіресе, Көкше батырдың қасындағы ерлердің жойқын әрекеттері оқырманға на­нымды-ақ. Өңкей сал бедеу, ауыздықтарымен алысқан тұлпар мінген ержүрек батырлардың туған жерге махаббаты ерекше. Ноғай-қазақ ұлыстарының ержүрек жігіттерінің дұшпанға қарсы жұмыла қайрат көрсетуінің тәрбиелік мәні зор. «Ерлер бар-ды керемет, Қалмақтар жаман қырылды, Жөнін тауып жүре алмай, Біріне-бірі сүрінді» дейтін жолдардан көп нәрсені аңғаруға болады.
Найзаласып шанысты,
Шанышқанға шыдамай,
Аттан түсе қалысты.
Жаяуласып асып алысты,
Бірін-бірі ала алмай,
Алуға айла таба алмай,
Бірін-бірі бағысты.
Күні-түні сегіз күн,
Терін жұтып қан ішті.
Шұбырған қалмақтарды жер жастан­дыр­ған Көкше бастаған жігіттер олардың малдары мен дүние-мүлкін алып олжалайды. Бұл ұрыста елу екі батырдың тоғызы көз жұмады.


Нұрлан ҚҰМАР, «Ана тілі».

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ