• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Жаңалықтар » ДСҰ-ның пайдасынан зияны көп

    ДСҰ-ның пайдасынан зияны көп

    Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеніне 2 жылдан асты. Осы екі жылда ДСҰ қаншалықты пайда көрдік? Әу баста көл көсір табысқа кенелеміз деген Үкімет соңғы жылдары бұл туралы ләм-мим демейтін болды. Ал сарапшылар аталған ұйымның пайдасынан зияны көп екенін айтады.

    Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу біздің экономикамызды жаңа көкжиектерге бастайды» деп мәлімдеген еді Сондай-ақ, президент аталған ұйымға мүше болу отандық кәсіпорындарымыздың шетел нарықтарына шығуын қамтамасыз етіп, тұтынушылар үшін тауар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауға жол ашады деген-ді. Өкінішке қарай қарапайым халықтың ДСҰ күткен үміті ақталмаған тәрізді. Ендеше 19 жылдан бері аталған ұйымға мүше болуға неге ұмтылдық?

    ДСҰ БОЛАШАҚТА ПАЙДА КӨРЕМІЗ

    Үкіметтің бастамаларын үнемі мақтап жүретін белгілі экономист Рахман Алшановтың өзі ДСҰ қандайда бір пайда көрмегенімізді айтады. Алайда ол алдағы уақытта аталған ұйымнан табысқа жетуіміз мүмкін екенін жоққа шығармайды.

    – Дүниежүзілік сауда ұйымына кірмей тұрған кездің өзінде біздің елге көптеген тауарлар кедергісіз келетін. Сондықтан да атаған сауда ұйымына мүше болғаннан кейін пәлендей пайда таптық деп айта алмаймын. Жалпы ДСҰ кіргендегі ең басты мақсатымыздың бірі – шет елге тауар жіберу болатын. Алайда біздің дайын тауарларымыз болмағандықтан экспортқа ешқандай өнім шығара алмай отырмыз. Мысалы, Астанадағы локомотив құрастыратын зауыт жылына 100 тепловоз шығаруға қауқарлы. Өкінішке қарай отандық тепловозды Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Эстония сынды кішкентай мемлекеттер алды. Бір қызығы іргеміздегі көршіміз әрі экономикалық серіктес болып саналатын Ресей бізден тепловоз сатып алмай отыр. Шын мәнісін де Қазақстан өзінің дайын өнімдер шет елге сатқан кезде ғана ДСҰ пайда көреді. Менің ойымша аталған ұйым болашаққа ашылған есік болып саналады. Әйтсе де, біз болашақты толығымен игере алмай жатырмыз, – дейді ол.

    Иә, экономистің айуынша, халықаралық сауда ұйымынан болашақта пайда көреді екенбіз. Әрине «Қазақстан 2030» және «Қазақстан-2050» стратегиясы сынды тым ұза мерізімге жоспар құратын елде бұған таңғалудың қажеті жоқ. Алайда ДСҰ дұрыстап пайда көрмегеніміздің ең негізгі себебі келісім-шартты дұрыстап жүргізбегеніміз болып отыр.

    ДСҰ ПАЙДА КӨРУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

    Экономика ғылымдарының докторы Бауыржан Исабеков ДСҰ пайда көрмеуіміздің басты себебін келісім-шарттағы кемшіліктермен байланыстырады. Сондықтан да ол аталған ұйымнан пайдадан гөрі зиян шегіп жатқанымызды жасырмайды.

    – Мысалы Жапония елі нағыз нарықтық экономикасы дамыған ел болып саналады. Халқының дені күріш өсірумен айналысады. Алайда күн шығыс елі ойлы-қыратты таулы аймақта орналасқандықтан күріш өсіру тиімсіз. Мәселен елде күріш өсіру іргедегі қытайға қарағанда 200 пайызға қымбат. Бірақ ДСҰ шешімі бойынша, қытай күрішіне квота жасауға болмайды. Соған қарамай Жапония ДСҰ кірердің алдында шет елден келетін күрішке кедендік баж салуға рұқсат беріңдер деген шешім шығарып алды. Ал біздің Үкімет аталған ұйымға қандай талап-тілектер бойынша мүше болғанын түсіндірген жоқ. Бірақ біздің билік тауарға үстеме ретінде 10 пайыз кедендік баж салуға рұқсат алдық деп мәлімдеді. Десек те бір жылдық инфляция ресми дерек бойынша 15-17, тіпті 22 пайыз болып кетті. Ал азық-түліктер, оның ішінде картошка 70-80 пайызға дейін қымбаттады. Бірақ біз шет елден келетін картошкаларға 10 пайыздан артық кедендік баж қоя алмаймыз, – дейді ол.

    Экономистің айтуынша, Үкімет отандық кәсіпкерлерді қорғай алмай отыр. Өйткені билік әу баста отандық тауап өндірушілердің құқығын қорғауды естен шығарып алған.

    – Үкімет «ДСҰ мүше болсақ болды» деп келісім-шарттарға қол қоя берген тәрізді. Осындай немқұрайлықтың салдарынан отандық тауар өндірушілерді күйзеліске алып келдік. Бір сөзбен айтқанда өндірісті тауарларды шығаруға арналған нарық тұтыну нарқына айналды. Мысалы «Проктер энд гэмбл» дейтін кір жуатын ұнтақ шығаратын дүниежүзілік ірі компания бар. Бұған дейін Кентау мен Жамбыл облысында кір қуатын ұнтақтар шығаратын. Отандық ұнтақтың қорабы «Проктер энд гэмбл» сынды көз тартпағынымен өте сапалы болатын. Өкінішке қарай өзіміздің отандық кір жуатын ұнтақ пен сабындарымыз соңғы кездері жоқ болып кетті. Сондықтан да мен ДСҰ ешқандай пайда тапқан жоқпыз деп нық сеніммен айта аламын. Иә, біздің аталған ұйымға мүше болуымыз шет елдің тауар өндірушілеріне тиімді болды, – дейді ол.

    Бауыржан Исабеков ДСҰ мүше болған кезде барлық тауар өндірушілердің мүддесін қорғау мүмкін емес екенін айтады. Алайда ол ДСҰ пайда көру үшін 3-4 отандық тауарымызды қолдайтын  нарықтық тетік енгізу керек еді деген пікірде. Мәселен ауыл шаруашылығына қатысты негізгі тауар өндірушілердің мүддесі қорғалса нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ экономист кедендік баж 10 пайыз емес, инфляцияға сәйкес болуы керек екенін ескертеді.

    АРЗАН НЕСИЕ АҢЫЗ БА, АҚИҚАТ ПА?

    Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болған кезде жұрт арасында «Шет елдің банктері елімізге келіп, арзан пайызбен несие береді екен» деп сыбыс шыққан болатын. Бұл әңгіме қаншалықты рас? Рахман Алшановтың айтуынша, ДСҰ  талаптары бойынша шет елдің банктері елімізге келіп жұмыс жасауы мүмкін.

    – Алайда бұл мәселеге қатысты келісім-шартқа әлі қол қойылған жоқ. Осы ретте мен шет елдік банктердің елге келіп жұмыс жасауы қауіпті екенін айтар едім. Ең біріншіден олар ұзақ мерізімге бізге арзан несие береді. Қауіпті дейтінім шет елдік банктер несиені теңгемен емес доллармен беруі мүмкін. Егер теңге құнсызданып кетсе отандық банктердің 15 пайыз несиесі арман болып қалады. Мәселен банк 10 пайызбен несие бергенімен теңге 20-30 пайызға құнсызданып кетсе халыққа қиын соғады, – дейді ол.

    Ал Бауыржан Исабековтың ойынша, шет елдік банктердің елге келіп жұмыс жасауы екіталай. Өйткені ол біздің елдің тартымдылығы төмен екенін айтады.

    – Кел келген мемлекетте тұтынушылардың сатып алу мүмкіншілі жоғары болса онда банктер жұмыс жасауға тырсады. Алайда біздің елдің тартымдылығы ДСҰ мүше 90 мемлекеттің арасында 78-80  оырнда тұр. Яғни, елдің сатып алу мүмкіншілігі өте төмен. Оның үстіне Ұлттық бнк базалық ставканы жақында ғана 10,25 пайызға түсірді. Сондықтан да банк қалай болған күннің өзінде 17-18 пайызбен несие беруге мәжбүр болады. Өкінішке қарай мұндай пайыздағы несиені халық ала алмайды. Алған күннің өзінде 87 пайызға дейін қайтарымдылығы жоқ. Бір сөзбен айтқан да біздің тартымдылығымыз төмен болғаннан кейін шет елдік банктер келмей жатыр, – дейді ол.

    Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабындағы 33 нәтиженің 25-тармақшасы ДСҰ арналған. Шын мәнісінде халықаралық сауда ұйымына мүше болып қабылдануымыздан қандай бір нәтиже болмай тұр. Оны біз сарапшылардың сөзі мен күнделікті тұрмыстан анық аңғарып отырмыз.

    _______________________________________________________________________________________________________________________

    Серғали АСЛАНБЕК

    «Адырна»  ұлттық порталы

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Алматы циркінде — «Азия жаңғырығы»

    Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестиваліне қатысушылар Алматыда мерекелік қойылым ...