Долларсыздандыру: Ұлттық банк ұлттық валюта үшін не істеп жатыр

0
138

 ҚазАқпарат — Әлемді шарпыған жаһандық дағдарыстың бір саласы «валюта соғысы» ретінде де сипатталады. Шындығында дүниенің қаржы жүйесіне үстемдік етіп келген долларға қарсы «соғыс» соңғы бірнеше жыл бойы көптеген мемлекеттің күн тәртібінде тұр.

Валюта сарапшылары доллардың әлемдік үстемдігін сонау жылдары алғаш рет араб түбегінде ағытылған мұнайдың әлемдік нарыққа шығуымен байланыстырады. АҚШ-тың алпауыт компаниялары араб мұнайын әлемдік нарыққа шығару үшін оның баррелін доллармен сатуды ұсыныпты-мыс. Содан бастап «көк қағаздың» әлемді жаулап алу миссиясы басталған. Әрине мұны теріске шығара алмайтынымыз да бар. Өйткені мұнай әлі күнге доллармен сатылады. «Қара алтын» бағасы құлдыраса, ұлттық валютадан да дегбір кететіні сол, бір жағынан.

Жалпы долларсыздандыру — экономикаға доллардың қатысуын шектеп, ұлттық валютаға басымдық беру. Бұл Қазақстан Үкіметінің де, Ұлттық банкінің де бірнеше жыл бойы нысаналы түрде атқарып келе жатқан жұмысы. Әрине, нарықтың ашықтығы, шетелдік инвестиция, халықаралық сауда мәселесі бұл жұмысты қиындата түсетіні анық. Дегенмен сол сұрақ — Қазақстандағы қаржы нарығының негізгі реттеушісі болып табылатын Ұлттық банк ұлттық валюта үшін не істеп жатыр? Ел экономикасын «көк қағаздан» тазартып, долларға тәуелділіктен құтыла аламыз ба? Оның қандай жолдары бар? Жауап іздеп көрелік.

«Теңге — доллар» дегенде Ұлттық банктің ең бірінші атқаратын шаруасы — долларсыздандыру. Теңгедегі тұрақтылықтың бір факторы, реттегіш құрал, шетелдік валютаны ел аумағында қолданыстан шығару мақсатында жүргізілетін шаралар, яғни, осы дедолларизация. Ал экономиканы долларсыздандыру үшін ең алдымен елдің санасын долларсыздандыру қажет. Жұрт «теңгенің тілінде» сөйлеуі керек. Қарапайым халықтың «теңге тілімен» сөйлеуі үшін елтұтқаларының есеп-қисабы теңгемен түгенделуі тиіс. Мұны Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев ескерткен еді. Мемлекеттік органдардың мәлімдемелері мен ақпараттарында шетелдік валютадағы эквиваленттерді пайдалануға тыйым салу туралы сөз қозғаған. Олимпиада жүлдегерлеріне берілетін ақшалай сыйлықты да теңгемен белгілеу керектігін, бұның санадан долларды шығаруға септігі зор екенін айтқан-ды. Теңгеге сенім сонда артады. Бірақ айтуын айтты-ау, елеу, ескеру жағы баяғы жартас қалпы.

Енді атқарылған нақты істерге келейік. Ауқымды жоспардың алғашқы сатысы -теңгенің қолданыстағы салмағын арттыру. Тапсырма алған бойда іске кіріскен банкирлер бірден осыдан бастады.  Сатылымға шығарған кез келген мүлік (жер телімі, үй, пәтер, автокөлік) құнын доллармен көрсетуге, шетелдік валютамен несие беруге тыйым салынды. Теңгемен ашылған депозиттердің пайыздық мөлшерлемесін 9%-дан 14%-ға дейін көтерді. Ал шетелдік валюталармен ашылған депозиттердің пайыздық мөлшерлемесі 4,5%-дан  2%-ға дейін түсті. Себебі теңгемен сақталатын құралдардың табыстылығы жоғары болуы тиіс. Сондай-ақ ұлттық валютамен ашылған депозиттердегі кепілдендірілетін сома мөлшерін арттырды. Қазір мемлекет банк банкроттыққа ұшыраған жағдайда салымшыларға 5 млн теңгеден 10 млн теңгеге дейінгі соманы қайтарады. Яғни, адамдарға капиталын шетелдік валютамен емес, төл теңгемен сақтау тиімді болуы керек. Осы шаралардың нәтижесінде теңгемен ашылған депозиттер көлемі артты. Бұл сөзімізді жақында бас банкир Данияр Ақышев дәйектеді. Биылғы қаңтар-ақпан айларында теңгемен сақталатын депозиттердің жалпы көлемі 0,3 пайызға өсіп, шетелдік валютаның депозиттері 11,5 пайызға азайған.

Бұдан бөлек, теңгені еркін айналымға жібергеннен кейін теңгемен депозит ашқан салымшыларға валюта бағамының айырмасын өтеу механизмі әзірленді. Бұл санатқа екінші деңгейлі банктерде 2015 жылдың 18 тамызына дейін ашылған және шотта қалған сомасы 1 млн теңгеден асатын депозиттер ілікті. Шарты бойынша әр салымшы депозитті қайта ресімдегеннен кейін кемі бір жыл тиіспей, банкте сақтауға міндеттелген еді. Күні бүгінге дейін атқарылған бар шаруаның бас-аяғы осы. Бұл экономиканы «көк қағаздың» құрсауынан шығаруға жеткілікті ме? Бұған біз емес кәсіби сарапшы баға берсін.

Халықаралық Forex Club компаниялар тобының сарапшысы Валерий Полховский: «Атқарылып жатқан бұл шаралардың барлығы халықтың ұлттық валютаға деген сенімін күшейту шаралары. Егер теңгеге сенім болмаса, экономиканы долларсыздандырудан түк шықпайды. Экономикалық агенттер сенімді, балама валюта іздей бастайды. Өйткені кез келген экономикалық жүйеге барлық талап пен сұранысқа жауап бере алатын валюта керек. Долларсыздандырумен күресу үшін теңгеге сенімді күшейту қажет. Бұны қалай жасау керек? Ең қарапайым тәсілі — инфляция. Экономикалық жүйедегі инфляция процесі бақылауда болса ақша бірлігі өзінің барлық функциясын атқара бастайды. Ол құнның өлшемі, айналым құралы, жинақтау құралы болады. Экономикада инфляция жоғары болғанда ақша бұл рөлдерді атқара алмайды. Сондықтан бірінші инфляциямен күресу керек. Қазір Ұлттық банк теңгеге басымдық беріп, айналымдағы салмағын арттыру саясатына көшкенін ескерсек, бұл дәл осы мәселені шеше алады. Егер реттеуші инфляцияны реттеп, төмен деңгейде ұстай алатынын көрсетсе, біртіндеп теңгеге деген сенім күшейеді» — дейді.

Инфляция — азық-түлік пен көрсетілетін қызметтер құнының қымбаттауы. Яғни қымбатшылық. Сол себепті елдегі бағаны бір қалыпта ұстау маңызды. Обалы нешік, Үкіметтің жағы талмай айтып жататыны осы. Президенттің өзі бұл істі әкімдерге қатаң тапсырған. Бұл тұрғыда атқарушы билік қам-қарекетсіз емес. Күш салу арқылы жағдайды ушығудан аман алып қалып отыр. Алайда экономиканың жағдайы ұзын арқан, кең тұсауға салып, сенімді отыруға мүмкіндік бермейді. Инфляцияның қатері төнген сайын төтеп беретіндей сенімді отыру үшін ішкі нарықтың қажеттілігін толықтай өзіміз өтеуіміз қажет. Азық-түлік пен тұрмысқа қажетті тауарлардан бастап отандық өнімнің үлесін арттыру — ішкі инфляцияны бақылауда ұстаудың ең бірінші тетігі. Көп ақсап жатқанымызбен, бізде бұған мүмкіндік жеткілікті. Сонымен салыстырар болсақ, соңғы жылдары Қазақстандағы инфляция деңгейі баяу өскен. Кестеге көз жүгіртіңіз

Инфляция деңгейі

20170425110135

Соңғы 18 жылдан бергі ең төменгі инфляция 2013 жылы тіркеліпті. Доллардың дүмпуі болған 2015 жылы әжептәуір өскен. Биылғы қаңтар-ақпанда 7,6 % құраған. Мамандар биыл жылдық инфляция осы деңгейде сақталып, 8 пайыздан аспайды деп отыр.

Ал доллармен несие бермеу сияқты шаралар — әкімшілік сипаттағы шаралар. Олар сөзсіз көмектеседі. Өйткені халықтың басқа, валютаны қолдануына алғышарттар осылай қалыптасады. Әкімшілік тыйым болса, алғышарт қалыптаспайды деген сөз. Демек қазір Қазақстан экономикасын долларсыздандыруға барлық мүмкіндік жасалған. Валюта бағамы еркін айналымда, қатаң несиелік саясат жүргізіліп жатыр. Ең бастысы, Үкімет Бас банкке еркіндік беріп, тізгінді өзіне ұстатты. Сарапшының сөзіне сенсек, мұндай мүмкіндік барда инфляциямен күресті сәтті жүргізуге болады. Инфляциямен күрес жақсы жүргізілсе, долларсыздандыру шаралары біртіндеп өзі-ақ алға басады.

Бұл бүгінгі тірлік. Бастауына келейікші. Біздің экономикамызға неге доллар дендеп еніп алған? Сарапшының сөзін ескеріп, қалыптасқан жағдайды саралай келе бір-ақ жауап таптық. Валюталық саясат о бастан жауапты жүргізілмеген. Ұлттық валютаға көшкен кезден-ақ ақша-несие саясатына бекем болғанда бүгінгі салдар мұндай болмас еді.  Валерий Полховский ТМД-ның барлық елдері осы күйді кешіп отырғанын, бұрынғы КСРО аумағында «көк қағаздың» қаупін алыстан аңдап, валюта саясатын жауапты жүргізген Ресей мен Прибалтика елдері ғана екенін айтады. Осының арқасында Ресейде ара-тұра болған тұрақсыздық пен 1998 жылғы дефолт кезінде де рубльге деген сенімге селкеу түскен жоқ, шаруа шатқаяқтамады дейді.

Енді салдармен күресіп отырған біздің елге не істемек керек?

Ұлттық валютаның салмағын біртіндеп, жан-жақты арттыра беру ғана қалады. Сонда бүгінге дейін долларсыздандыру аясында қолға алынған негізгі жұмыс инфляция мен несие саясаты төңірегінде өрбіп отыр. Жұрттың санасын долларсыздандыру да біртіндеп жасалуда. Бұл әрине дербес экономикалық саясат жүргізетін егемен ел үшін аздық етеді. Бірқатар елдер болашақта АҚШ валютасына байланысты туындайтын проблемалардың алдын алуға тырысып жатыр. Мәселен, Ресей долларлық активтерге салынатын салымды қысқартып, алтынға басымдық берді. Бұл арада банктегі депозит қана емес, жинақтаушы механизмдердің басқа тармақтары — қазыналық қорлар, құнды қағаздар ұлттық валютамен құйылуы қажет. Бізде ірі компаниялар мен мемлекеттік ірі қорлар сыртқы саудадағы келісімдер үшін де капиталды доллармен сақтауға мәжбүр. Бұған Ұлттық банк қанша құралын іске қосса да пәрмені жүрмейді. Себебі ішкі саудада теңгемен есеп айырыссақ та, сыртқы сектордағы алыс-беріс «көк қағазбен» жасалады.  Демек экономиканы доллардың дауылынан толықтай қорғауға дәрмен жоқ деген сөз.

Осы орайда Елбасының өзі экономиканы доллардың ықпалынан шығару үшін балама валюта қажеттігін айтқан болатын. Бәзбіреулер соның бір тетігі ретінде Еуразиялық экономикалық одаққа ортақ валюта енгізуді ұсынды. Сарапшымыз Валерий Полховский болса, бұның екіұдай, асығуға болмайтын мәселе екенін айтады. Себебі одақ елдерінде шикізат экспортына тәуелділік жоғары. Сол себепті де әр мемлекеттің өз валютасы болғаны тиімді. Жан қысылып, мұрын ұшына келгенде әркім өз валютасын девальвацияға ұшыратып, бюджет шығынын қысқартып, әлеуметтік шиеленістердің алдын алады. Ал ортақ валюта енгізу үшін одаққа мүше мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі бір-біріне жетеқабыл болуы керек. Бәсекеге қабілеттілігінде айтарлықтай айырмашылық болса, әлсіз елдің салық салу базасы, бюджет табысы төмендейді, қарызданады. Салдарынан экономикалық-әлеуметтік ахуал ушығады. Бұны күні бүгін Еуроодақ та дәлелдеп отыр.


 Ақбота Күнтуғанқызы

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ