Дала аңызы

0
280

2016 жылғы 15 желтоқсан айынан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында суретші, қолөнер шебері Аман Мұқажановтың «Дала аңызы» атты сәндік-қолданбалы өнер туындылары көрмесінің ашылу салтанаты өткен болатын. Көрме 2017 жылғы 30 қаңтарға дейін жалғасады.

 

Көрмеде автордың 200-ден астам қолдан жасалған бұйымдары қойылған. Олардың қатарында сырға, сақина, білезік, танамоншақ, алқа сынды әшекейлер бар.  Көрмеге әшекей бұйымдармен қатар, суретшінің қарым-қабілетінен хабар беретін  сурет және графика, инстоляция қатарлы сәндік қолданбалы өнер туындылары қойылған.

Аман Мұқажанов 1987 жылы Алматы мемлекеттік театр және көркем сурет институтының сәндік-қолданбалы өнер факультетін тәмамдаған. Қазақстан Республикасы суретшілер  Одағының және дизайнерлер Одағының мүшесі. Көптеген халықаралық, республикалық көрме жобаларының қатысушысы. Халықаралық зергерлік өнер көрмелерінің құрмет грамоталары мен бағалы сыйлықтарын иеленген. Авторлық көрменің ашылуында ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай:

«Көркем дүние тудыру үшін зергердің өзінің көкірегі көркемдікке толы болуы керек. Көкірек көркем болған жерде ғана адамның қолынан көркем дүниелер туады. Ал Аман Мұқажановтың кеудесіне бұл көркемдік туған жерінің сұлулығы арқылы қонған дер едім. Және бұл зергер туған жерінің көркемдігін әлем эстетикасымен ұштастыра білген», — деп зергердің шығармашылық зертханасына тоқталып өтті.

Салтанатты жиында автор Аман Мұқажанов та өз көрмесі жөнінде: «Мен өз ұлтымның, туған халқымның өнеріне алғысым шексіз. Өйткені, осы ұлттың қолөнері, зергерлік өнері болмаса, бұл жерде мен де, сіздер де болмас едіңіздер. Бүгінгі және болашақ зергерлеріміз сол бабаларымыздың өнерін осы күнге икемдеп, ескілік пен заманауилықты ұштастыра білуі керек. Бұл – бабалар алдындағы біздің басты міндетіміз, болашаққа деген басты мақсатымыз болуы тиіс» деді.

Аман Мұқажановты табиғаттың әсемдігі мен адам баласының бойындағы қарапайымдылық секілді қасиеттер қызықтырады. Автор осынау қызығушылығының арқасында өзінің шеберлігін шыңдап, сурет өнерінің жаңа қырларын іздеуде. Қазіргі таңда суретші сәндік өнерде металды қолданудың және өңдеудің жаңа технологияларымен жұмыс істеуде.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ