• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Дәстүр мен дін » СОҚЫР СЕНІМ – АПИЫН

    СОҚЫР СЕНІМ – АПИЫН

    «ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ҰЛТ ҚОРҒАНЫ»  БАЙҚАУЫНА КЕЛІП ТҮСКЕН МАҚАЛАЛАР

     

    Шын мәнінде, пайда болған кезінен бастап бүгінге дейін өзінің тылсым сырын жан баласына ашпаған, ғылыми түрде тереңдеп танып, түбіне жетуге мүмкіндік бермеген жалғыз нысан болса, ол – дін саласы шығар. Қазіргідей араб тілін шала-шарпы білетіндер дінтанушыға айналған заманда мен де оған көзді жұмып қойып кетуден аулақпын. Десек те, үнсіз қалуға болмайтын ахуал қоғамда туындап отырғандықтан публицист ретінде еріксіз ауыз ашуға мәжбүрсің. Мейлі, ол қате болса да, «өз сөзім өзімдікі» (Абай). Жаратылыс заңдылықтарын зерттеуге келгенде қамшы салдырмайтын физик-ғалымдардың өзі квант теориясының арғы шегіне барып, енді «өлім», «тағдыр», «тәннен шығып, мәңгі ғұмыр кешетін жан», «о дүниеге өтіп, өзге эфирге ауысу үрдісі» дегенге келгенде тығырыққа тіреліп қалады. Бірақ, онысын мойындап жатқан жаратылыстанушылар жоқ. Бар айтатын сылтаулары «ары қарай мұны философтар, жазушылар, көркем өнер өкілдері қарастыруы тиіс» деп оп-оңай құтыла салу ғана. Ақыры, не болды? «Осылай шығар, бұлай болуы ықтимал» деген аңғал ұғым, соқыр сенім, қала берді есек дәменің арбауымен сырттан таңылған жат діннің жетегіне еріп, соқыр сенімге негізделген жалған идеологияның құрбаны болуға кәдікпіз. Оны тура жолдағы ақиқат деп қабылдап адасушылықтың салдарынан қоғамда жанкештілердің бой көрсете бастауы бүгінгі күннің қасіретіне айналып отыр. Кейбір жастарымыз Сирияға барып соғысқа қатысатындай бастарына не күн туды? Ең үлкен адасушылық та бүгінгі таңда дәл осы болып тұрғаны белгілі. Адамзат тарихының буырыл тартқан беттерін парақтап, оған мұқият көз жүгірітсек, шет жұрттың жат пиғылмен әдейі жүргізіп отырған әрекеттерінің астарына үңілместен тікелей қабылдай салып, еш бас қатырмастан ішкі идеологияға айналдырған, оны стратегиялық бағыты еткен, кейін сол надандықтарының кесірін тартып, оңбай ұтылған жұрт қаншама. Өткен қоғамдық формация бізге «дін – апиын» деп насихат айтты. Бірақ, оның орнын «марксизм-ленинизм» атты идеологияларымен алмастырғылары келгенімен, ешбір қазақ шын атейст болып кеткен жоқ. Дәл
    бүгінгі күні діннің өзі болмаса да оның түрлі ағымдарының, сан алуан секталарының апиын екендігіне көз жеткізе бастаған секілдіміз. Діни догма ұстаным мен шектен шыққан фанатизмнің рухани соқырлыққа жетелейтіндігін қазірден бастап жастардың санасына сіңірмесек, кеш қалатын түріміз бар. Имандай шынымызды айтсақ, кеңес дәуіріндегі жетпістен аса жылда қазақ қоғамы түрлі діни ағымдар, сансыратқан секталардан аулақ болғандығының арқасында қазіргі заман ғылымы мен техника- технологиясын танып, өркениетке бейімделген шығармыз. Әрине, коммунизм идеологиясында утопиялық бағыттар көп болды. Кеңестік империя да бізді тонау, қыру жағынан келгенде аянып қалған жоқ. Дегенмен, қанша жерден тоқыраушылыққа ұшырадық, қарыштап дамып кете алмадық десек те белгілі дәрежеде дамудың, ілгерілеудің болғанын жоққа шығара алмаспыз. Социализммен ауырмаған, коммунистік идеологиямен уланбаған Африка, Шығыс Азия, Латын Америкасының кейбір елдерімен салыстырып көрсек, өзіміздің иман тараздау екендігімізді аңғарамыз. Соған қарағанда өткен жетпіс жылымызға өлердей қарғыс айтып, жеті атасын желдей көшіре
    сыбаудың да қажеті шамалы секілді көрінеді, кейде. Әсіресе, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Ақмола облысында тарамай сақталып қалған жалғыз совхоз «Родина» ауылын көргенде «егер елдегі барлы кеңшарлар мен ұжымшарларды осылай сақтап қалғанда ғой» деп бармақты тістей жаздайсың. «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» деп олар кезінде құр
    босқа әндетпеген секілді. Соңғы жиырма жылда ірі қалалардың шет жақтарында сән түзеп, бой көтерген ат төбеліндей азғана жаңа байлардың зәулім сарайлары мен жат жұрттың ауқаттыларынан біздің ақылымызға сыймайтын мол ақшаға сатып алған пәлен деген аралдағы виллаларын көргенде «осының бәрі тәуелсіздіктің арқасы, тәуба» деуге аузың бармайды. Ондай есепсіз байлық пен сән-салтанат нарықтық экономикалық қатынастағы адал еңбекпен, демократиялық сайлаудағы әділ бәсекемен біреулердің басына бақ болып қона қалды дегенге де сенбейсің. Жетпіс жылдан астам құрсауланса да жадымыздан өшпеген дәстүрлі дінімізге еркіндік беріліп еді, түрлі секталар мен күмәнді ағымдар да ере келді. Ондай кері кеткен діни ағымдар сананы улаушы апиын ғана емес, ақшамен алдап шақырып алып, кейін басындағы жалғыз үйінен айырып, қаңғытып жіберетін көлеңкелі бизнестің де сорақы бір түрі болып шықты. Онымен қоймай қыз-қырқындар бет-ауыздарын тұмшалаған қара хиджаб жамылып, ұлдарымыз екі балақты шорт кесіп, шоқша сақал өсіріп әуіре-
    сарсаңға түсті. Екі сөзінің бірі «мәшаллах» пен «әлһамдүллә»-дан тұрғанымен ата-дәстүрден ат-тондарын ала қашатын оғаш қылық тапты. Мұндай мазмұнсыз форманың соңы ұшпаққа шығармайтынына енді көзіміз жете бастағандай. Хиджаб кигенімен олардың бәрі періште болып кеткені жоқ. Керісінше, сол шолақ балақтылар мен хиджаб кигендердің арасында
    зинақорлықтың өршіп кеткенін, шариғат жолымен неке қидырған болып, бірер айдан соң үш мәрте «талақ» деп тастап кете беретін опасыздықтың белең алғаны қоғам тарапынан қатты сынға алынып жатыр. Білім мен ғылым саласында жасалған неше түрлі реформа XX ғасырда жеткен жетістіктерімізді тәркі етіп, барымыздан айыруға шақ қалғандығының салдарынан жақсы мен жаманды айыруға дәрменсіз жастар, ақшаның жолында ештеңеден тайынбайтын жалмауыз жасамыстар пайда болды. Жоғарыдағы келеңсіздің түп тамыры айналып келгенде біліксіздікке барып тіреледі. Кереғар көріністердің бәріне де сырттан күштеп таңылған түрлі идеялық ұстанымдардың елеулі ықпалы бар. Тәуелсіздіктің 23
    жылында дін саласында ғана емес саяси-экономика, әлеуметтік дамудың барлығына көлделең көк аттылардың көсемсіп берген «ақыл-кеңестерінің» тигізген зардаптары айта берсек таусылмас бір хикая. Қарапайым қазақ үшін бүгінгі проблема атаулы шашетектен. Бұрыңғыдай олардың шағымын тыңдайтын, біреулерден көрген қорлығына араша түсетін ұйым-мекеме атаулы жоқтың қасы. Тым құрығында, еш негізсіз жұмысынан айырғалы жатса, ара түсіп, алып қалатын бұрынғыдай кәсіп одақтар да қазір іс жүзінде келмеске кеткен. Сондықтан, бір Жаратушыдан ғана медет сұрап, дінге жүгінбеске өзге амалдары жоқ. «Сенген қойым сен болсаң, күйсеген аузыңды ұрайын» демекші, көңілге медеу болатын діннің орнын секталар мен жат ағымдар басса, одан не үміт, не қайыр! Егер халық сенім-нанымынан айырылып, барлығынан үміт үзер болса, ол бүкіл қоғамның, ұлттың күйреуіне әкелетін, жалма жан дабыл қағарлық қауіпті құбылыс. Шет елден әдейі «экспортталып» әкелінген діни ағымдар жастардың санасын улап, салт-дәстүрден, ұлттық құндылықтардан бездіруге жан таласа тырысып жатыр. Оқ атпай отарлаудың тәсілін асқан зұлымдықпен пайдаланып, біртұтас ұлтты іштен ірітіп, сан түрлі топқа бөлуді көздеуі олардың шын мәнінде діни ағым ғана емес нағыз түп тамырымызға балта шабатын апиын екендігін айғақтап отыр. Апиын қолданған адам уланып есеңгірейтінін, біраз уақыт айналасында не болып жатқанын сезуден қалатынын, алдамшы сағымның жетегінде қалатынын ескерсек, діни ағымдар мен секталарға арбалған жандардың да бастан кешетін жайлары осыған ұқсас көрінеді. Олай болса, ағымдар мен
    секталардың зардабын қоғам үшін есірткіден кем деуге келе ме?! Карл Маркс 1843 жылы жазған «Гегелдің құқықтық философиясына сын» деген еңбегінде діннің салдарын халықты уландыратын апиынға теңеген еді. Бәлкім, бұл жерде қазіргі діни ағымдарды алдын ала болжап, меңзеген болар. Негізі, мұндай теңеуді Маркстан да бұрын жазушы Маркиз
    де Сад «Джюльетта» (1797) атты романында қолданғанын зерттеушілер әлдеқашан мәлімдеген. Алайда, ол жерде әңгіме дін туралы ғана емес. Романның бас кейіпкері Фердинанд деген әйел ат төбеліндей билеуші топтың халықтың аянышты халін патшадан жасырып, оны алдап-арбау үшін неше түрлі қитұрқы әрекеттерге барып жүргендігін сынағанда оларды есірткіге теңеген. Әлгі роман кейіпкерінің «Табиғат ана бізге таусылмас мол байлық сыйлағанымен сенің халқың өлместің күнін көріп отыр. Алайда, олар жалқаулығынан, жатыпішерлігінен емес, сендердің жүргізген саясаттарыңның салдарынан мүшкіл халге тап болды. Қитұрқы саясаттарыңның кесірінен халықтың санасы тұмшаланды, қыруар байлыққа жететін жолдары жабылды. Халық сансырап әлсізденген сайын сендер байыған үстіне шалқып, күшейіп келесіңдер. Есесіне сендер шындықтан өлердей қорқасыңдар. Халық осы шындықты біліп қоймаса екен деп жандарың қалмай үрейленіп, телегей теңіз білімділікті, таңғажайып дарын- қабілеттілікті елден бездіріп, сыртқа теуіп жатырсыңдар. Осы қорқыныштарың арқылы қараңғылық пен надандықты астыртын қолдап келесіңдер. Жұрт ойланбасын, еш нәрсеге бас қатырмасын, біздің былық-шылығымызды көріп, танып қоймасын деп халықтың санасын «апиынмен» уландырып отырсыңдар. Нағыз білім мен шын даналық ешкімге керек болмай қалуы, біліктілердің алға ұмтылыс жасамауы, тағдырдың жазғанына мойынсынуы тек сендерге пайдалы болып тұр» – деп, патшаға айтатын жері бар. 1797 жылы Батыста жарық көрген романдағы осы жағдай бүгінгі әлемде әлі өмір сүріп жатқандай көрінеді. Дінді апиынға теңеп, оны үстем топтың өзіне қолайлы қаруға айналдыратындығын сынаған ойлар Маркстан да бұрын болғанын жалғыз осы роман ғана емес, герман ақыны Новалистің «Гүлдегі шаң тозаң» (1798ж) атты ғахлиялық жинағында да айтылатындығын әдебиеттанушылар кезінде ерекше атап көрсеткен. Кейін ол ойды Ленин де жалғыстырып, «Социализм және дін» атты еңбегінде Марксты қайталап «дін – апиын» деп тұжырымдағаны мәлім. Әрине, бұл жерде мен жетпіс жылдан астам уақытта өзін ақтай алмаған, бүгінде әлдеқашан өмір сүруін тоқтатқан марксизмді дәріптеп отырған жоқпын. Дегенмен, демократиялық ашық қоғамда діни және сенім-наным бостандығымызды түрлі аласапыран ағымдар мен секталардың
    арбауына тәркі етпесек дегенді ғана айтқым келеді. Қазіргі өркениет пен технологиялық дамудың кілті діни фанатизмге бас ұрған елдердің қолында ма, әлде, зайырлы демократиялық құндылықты орнықтырған мемлекеттерде ме? Әрине, терең білім мен озық технология ғана кез келген елді ұшпаққа шығаратыны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Олай болса, ұлттық құндылықтарымыздың бәрін жоққа шығаруға тырысып «ширк», «серік қосу» тағы бердемелер дейтіндер, технологиялық жетістіктердің өзін ысырып тастап, жұртты орта ғасырлық феодализмге қарай кері бұрып әкету үшін жанұшыратын қара желек жамылғандар мен шолақ балақты шоқша сақалдылар таратып жүрген «апиын» атаулыдан ең
    алдымен жастарды сақтандырайық. 

     

    Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Қазақы таныммен түс жорыта білеміз бе?

    Адам ата Хауа ананы ең алдымен түсінде көрген дейді. Алла тағала Адамды ұйықтатып, сол уақытта ...