• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Безбен » ҰҚК Сириядағы соғыста қанша Қазақстан азаматының қаза тапқаны туралы дерекпен бөлісті.

    ҰҚК Сириядағы соғыста қанша Қазақстан азаматының қаза тапқаны туралы дерекпен бөлісті.

    Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Азаттық агенттігіне берген ресми жауабындағы дерек бойынша, Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 8OO -ге жуық Қазақстан азаматы кеткен. Олардың көбі – балалар.

    — Шілдедегі жағдай бойынша, Сирия мен Ирактағы халықаралық террористік ұйымдарда қазақстандық 120 ер адам, 250-ден астам әйел және 500 кәмелетке толмаған бала бар, — деп жазылған ҰҚК жауабында.

    ҚАНША ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЕЛІНЕ ОРАЛДЫ?

    Астана Ирак пен Сириядағы соғыста барлығы қанша қазақстандықтың қаза тапқанын білмейді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде тек Сириядағы халықаралық террористік ұйымдар жағында соғысқан 260-тан астам қазақстандықтың қаза болғаны туралы мәлімет бар.

    ҰҚК дерегі бойынша, қарулы қақтығысқа заңсыз қатысқаны үшін Сирияда 60-қа жуық, Иракта шамамен 20 Қазақстан азаматы қамауда отыр.

    Астана қазір құқық қорғау және мемлекеттік органдармен бірігіп, ұрыс аймақтарына кеткен қазақстандықтарды елге қайтару үшін жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

    ҰҚК дерегінше, Сириядағы әскери қақтығыс басталғалы 112 қазақстандық (61 ер және 51 әйел) елге қайтарылған. Ал бұдан бөлек халықаралық террористік ұйымдардың лагерьлері мен базаларынан Қазақстанға қайтарылды делінген балалардың саны — 81.

    Daily Mail басылымы жариялаған «Сириядағы жиһадшы қазақ балалар» туралы ИМ видеосының скриншоты.

    Ал биыл наурызда ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков Астанадағы журналистерге арналған жиында Сириядан 125 қазақстандықтың оралғанын, 57 адам қамауда отырғанын, қалғандарының бақылауда екенін айтқан.

    ҰҚК соғыс аймақтарынан қайтып келген адамдарды оңалту шараларын жүзеге асырып жатқанын да мәлімдеді. Бұл шаралар үшін Қазақстанда оңалту орталықтары ашылған.

    Қазақстан азаматтарының Сирия мен Иракқа кеткені туралы алғаш рет 2013 жылы айтыла бастаған. Осы жылы күзде Ирак пен Сириядағы қарулы жанжалға исламшыл радикалдар жағында қатысуға Қазақстаннан барған «150 жихадшы» туралы видео тараған еді.

    Кейін Таяу Шығыстағы соғыс аймағында жүріп қаза тапқан қазақстандықтар туралы ақпарат да жиілеген. Олардың кейбірінің артында бала-шағасы қалған. Қазақстаннан Сирия мен Иракқа кеткен балаларын қайтару мақсатымен ата-аналар комитеті де құрылған. Кей ата-ана тіпті Сирияға баласын іздеп барғанымен, оларды елге қайтуға көндіре алмай оралған.

    Бір жыл бұрын, яғни 2017 жылдың шілдесінде Түркияның Ішкі істер министрлігі «Кітап» деп аталатын баяндама жариялап, 1941 Қазақстан азаматының Түркия арқылы Сирияға өтпек болғанын хабарлаған. Стамбул жариялаған баяндамада Қазақстан азаматтары қақтығыс аймағына кіруге жиі талпынатын 10 ел қатарында аталған.

    Өткен жылы қарашада Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Орал қаласының тұрғыны — 1988 жылы туған әйел мен оның төрт баласы Сириядағы соғыс аймағынан Шешенстан астанасы Грозныйға арнайы рейспен бір топ адаммен бірге жеткізілгені туралы хабарлаған.

    Қазақстан 2015 жылы күзде ДАИШ ұйымын «террористік топ» деп таныған.

    ҰЛТКЗ

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Қазақтың Тәуелсіздігін көзге ілмей ме?

    2018 жылдың 15 қаңтар күні, сағат 12.00-де Жанар Жахат (Zhanar Zhahat) Фейсбук парақшасында Қарағанды облысының ...