Бейбіт күннің батыры

0
386

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі. Дей тұрғанмен «ерлікті жасау үшін қолыңа қару алып, жауыңмен арпалысуың керек» деген қағида жоқ. Бейбіт заманның да ерлікке лайықты түрлі  іс-әрекеттері болады. Жуырда ҚР Мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ  түсірген «Бейсетай Дәуренбеков және 12 тағдыр» атты жаңа деректі фильмнің көрстетілімінде болып, бейбіт күндегі қаһарманның өмір жолымен таныстық.

Деректі фильмнің желісі осыдан жарты ғасырға жуық бұрын Алматы облысында болған қайғылы оқиғаға негізделеді. Оқиға былай болған екен. Дәрібай ауылында қазақтардан басқа орыс, белорус, украин, шешен, поляк  сияқы ұлттар да тұратын. Осы ұлт өкілдерінің балалары Үшжармадағы орыс интернатында білім алды. Сол заманның үрдісі бойынша кейбір қазақ отбасылары да балаларын сол интернатқа берген екен. Балалар интернатқа бару үшін  Іле өзенінің арғы бетіне қайықпен (көпір болмағасын) өтіп жүрді. Бірде үстіне 15 интернат тәрбиеленушісін тиеген паром өзен ортасында аударылып кетеді. Сол мезетте өзен жағасында жүрген Бейсетай Дәуренбеков дереу суға түсіп, 12 баланы құтқарып қалады. Ал үшеуі Бейсетай су ортасына жетем дегенше ағып кетеді. Ажал аузында тұрған 12 адамның өмірін аман алып қалған жас жігіттің ерлігі бүгінге дейін ел жадында сақтаулы.

Бейсетай Дәуренбеков қазір 78 жаста. Аман қалған 12 оқушы оған алғыстарын айтудан танған емес. Қазір сол 12 оқушыдан 60-қа жуық ұрпақ тараған.

Фильм режиссері Қайрат Қуанышбаев осы туындысы арқылы ел арасындағы беймәлім қаһарманды шынайы қалпымен жеткізуге тырысқанын аңғаруға болады. «Бұл оқиға жайында досым – суретші Жанұзақ Мүсәпір айтып берген болатын. Фильмнің басты кейіпкері жасаған ерлік кез келген адамның қолынан келе бермейді. Мұндай жанқиярлық әрекетті жасау Бейсетай ақсақалдың тағдырына жазылған болар» деді ол.

Әсет ЕРНАЗАРОВ, «Қазақфильм» АҚ «Деректі фильмдер және киношежіре» шығармашылық-өндірістік бірлестігінің жетекшісі:

-Бұл туындының авторы Қайрат Қуанышбаев оқиғамен он жылдан бері таныс. Оқиғаны естіген соң, фильм түсіруді ойластырып қойды. Біз жоспарға енгізгеннен кейін түсіріле бастады. Қазіргі деректі фильмдер мақтау мен мадақтауларға толып кеткенін көріп жүрміз. Қайраттың бұл туындысынан тек шынайылықты ғана көруге болады. Біздің халық шынайы деректі фильмді көруге сусап отыр. Бұл фильм сол үдеден шығады деп ойлаймын. Қазір киноны бірнеше халықаралық байқауларға шығарайын деп жатырмыз. Кем дегенде екі жүлдеден үмітіміз бар.


Жасұлан НАУРЫЗӘЛІ

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ