Қажығұмардың тартысты тағдыры

0
304

Қытай үкіметі Қажығұмар Шабданұлын «1986 жылдың желтоқсанында ұлттық дербестікті көздейтін «Үміт» атты партия құрды және Қазақстанның астыртын ұйымдарымен байланыс жасады» деген айыптаулармен, «шетел жансызы» деген желеумен 13 жылға екінші мәрте түрме жазасына кеседі.

Қажығұмар 40 жылдан астам өмірін түрмеде өткізді. Оның соңғы 13 жылында Үрімжідегі №1 түрмеде болды. Қытай өкіметі тарабынан саяси себептерге байланысты қудаланғаны үшін Қажығұмар Шабданұлы қамауда отырған кезде адам құқығын қорғау жөніндегі «Халықаралық рақымшылық» (Амнести интернешнл) ұйымы оны «ар-ождан тұтқыны» деп танып, Қытайдың құзыретті ресми орындарынан ол кісіге байланысты әділ тергеу мен ашық сот жүргізуін жүйелі түрде талап еткен. Қажекең сол №1 түрмесінде жатқанда «Пана» романын жазыпты.

«Пана» романында сол замандағы Алтай мен Шинжияңдағы саяси-тарихи оқиғалар діни және қоғам қайраткері, Алашшыл асыл азамат, батыр – Зуқа Сәбитұлының тағдыры мен өмірі арқылы көрніс тапты. Алтайдағы азаткер шалдардың ұрпақ пен ұлт үшін күресі бейнеленді. Жоқ-жітікке, жетім-жесірге, босқын елге пана болған Зуқа рудың емес, ұлттың тұлғасына айналды. Туысқан татар, ноғай азаматтары, орыс патшасынан қашқандар мен әскерден қашқандар, кеңестің қызыл үкіметінен қашқандар Зуқаны паналады. Тіптен моңғол, орыс, қытай, дүңгендер, ұйғұрлар да паналапты. Осылайша саналы ғұмырын халық үшін жұмсаған аяулы тұлға өзінен пана тапқан дүңген жігітінің сатқындығы себебінен Қытай әскерінің қолында қаза болды. Марқұмның басын елге сес көрсету үшін Сарсүмбе (Алтайдың әкімшілік орталығы, қазіргі Алтай қаласы) қаласындағы көпірде жеті күн іліп қойған. Кейін халықтың райынан қорқып қайтып берген. Осылайша тарихта Кенесары хан, Бөке батырдан кейін үшінші қазақтың басы жау тарапынан кесілген. Зуқаның басын үкімет қайтарғаннан кейін денесіне қосып жерленді. Ал, Бөкенің денесі сонау Тибетте қалса, басы Алтайға қойылды. Кенесары ханның басы әлі еліне қайтпай отыр. Қажығұмар атамыз Алтайдың ұлы тұлғасының бейнесін «Пана» романы арқылы мәңгілік етіп қашап жазып кетті.

Қажығұмар тағдыры Зуқа тағдырының жалғасы

Қажығұмар Шабданұлы (1925-2011) туралы білмейтін қазақ кем де кем. 86 жылдық ғұмырының 40 жылдан астамын түрмеде өткізген асыл азаматтың әр ісі мен әр сөзі «Пана», «Қылмыс» романдары арқылы аңыз болып қалды. Күрескер жазушы, Алаштың ардагер азаматы Қажығұмырдың қилы тағдыры Кеңес Одағының қуғын-сүргіні мен Сталин заманыныдағы қолдан жасалған қатыгез «Ашаршылыққа», кейін Қытай үкіметіндегі «Үш аймақтағы ұлт азаттық көтерілісі», «Солшылдық» пен соғыс жылдарына тура келді. 1916-1917 жылдардағы Ақ патша мен Кеңестік коммунистердің арасындағы қянкескі соғыста қазаққа және татар бастаған туысқан ұлттарға оңай тиген жоқ. Осылайша соғыстан қашқан, ашаршылықтан қашқан, әскерден қашқан азаматтар топ-тобымен Қазіргі Қытай еліне қарасты Алтай, Тарбағатай және Іле мен Еренқабырға өңірлеріне асты. Ол кезде Шинжияңды Қытайдың Гоминдаң үкіметі басқарып тұрған болатын. Онсыз да үкімет пен халық арасындағы ушығып тұрған бұл кез Қажығұмар Шабданұлының «ПАНА» ромынында көрініс тапты.

Романның бас кейіпкері Зуқа қажы Сәбитұлы Нұрмұхамбет абыз немересі. Шығыс Қазақстанның Зайсан, Аякөз өңірлерінде қатар көшіп қонған туыстас-ағайын ауылдардың тағдырлары да ұқсап кетті. Зуқа Алтайға ауса, оның соңғы кезі Қажығұмардың бала кезіне тура келді. Ол да қытайға ауды. Зуқаның өмірі 1870-1930 жылдардағы қазақ халқының басындағы аласапыран тағдырды көрсетсе, Қажығұмар өмірі сол 1930 жылдан бастап қазірге дейінгі қазақ басындағы тағдырдың бір бөлігін көрсетті. Рухтас, тетелес, жалғас болды.

«Зуқа батыр» деген атпен танымал Зуқа Сәбитұлы (1866-1928 ) ата жолын қуып, діни тәрбие алған, бала оқытып, медресе ашқан ғұлама кісі. Зуқаның атасы НҰРМҰХАМБЕТ орта жүздің діни қайраткері, Абыз дәрежесіне дейін көтерілген тұлға. Нұрмұханбет абыз Бұхара, Уфа қалаларында білім алып, кейін Шығыс Қазақстан өңірінде медресе салып, бала оқытқан. Зуқаның әкесі де 40 жыл бала тәрбиелеп, «Дамолла» атанған ұстаз. Әкеден жастай жетім қалған Зуқа сол аумалы-төкпелі заманның қиындығын көрді. 1883 жылы туып-өскен Зайсан өңірінен Қытайдағы Алтайға асқан болатын. Абыз ұрпақтарының Алтайға келуін Алтай елі қуана қарсы алды. Зуқа осылайша медресе ашып, бала оқыта бастады. Кейін түрлі заңсыздықтар мен қорлық көрген жетім-жесірлердің, қуғын-сүргін көріп, босқын қазақтың күнін көрген соң, саясат пен билікке араласа бастады.

Тіптен, Алтайда алғаш рет әскер ұстап, қорғаныс құрды. 1924-1926 жылдары Қытайдың 5 реткі шабуылын тойтарып, үлкен әскери күшке айналды. Осылайша Алтай ұлықтары мен Қытай үкіметі үшін ең қауіпті тұлғаға айналды. Әуелі, Ресей Ақ патшасының Қызыл үкімет армиясынан қашқан Атаман Бакишевтің армиясын Зуқа сарбаздары Өр Алтайға жібермей, екі рет соғыс арқылы тойтарғаны да романда көрніс тапқан болатын.

«Біз Алтайдың шалдарына қарыздармыз»

Жазушы, этнограф Баяхмет Жұмабайұлы Қажығұмарды қалай көргенін былай еске алды:

Қажығұмар атамыз 1985 жылдары қытай түрмесінен шығып, «Шұғыла» журналында жұмыс істеп жүрген кезі еді. Кезекті бір бас қосуға Үрімжідегі Шинжияң университетінің Әдебиет факультетінде оқитын жігіттер де келеді. Әрине, аты аңызға айналған тұлғаларды көріп, олардың тәлімін алу кімге болса да қуаныш ғой. Жиналыста Қытайдың Тарым еңбекпен Өзгерту алаңын тоздырған Ғаппар Біләл, Оразанбай Егеубай қатарлы біраз тұлғалар болды. Бір үзілісте Қажыекең зыр жүгіріп, қызмет көрсетіп жүрген мені шақырып алды, – деп есіне алды Баяхмет аға. – Ұзын бойлы, тіп-тік жүретін, әппақ, шашын қайқайта тарған Қажекең бәрінен сәлиқалы көрінетін.

– Жігіттер қайдан баласыңдар?

– Шинжияң Университетінің Тіл-әдебиетіненбіз.

– Қай ауылдансың?

– Алтайдан.

– Е, Алтайдың шалдарына өтей алмай жүрген қарызым бар еді. Көп қазаққа қорған болып, көп адамның жанына араша болды – деді де күрсінді.

Міне бұл Баяхмет ағамыздың Қажығұмарды еске алуы еді. Менің нағашы атам Ожаубай Аухади Қажекеңмен Тарым түрмесінде 7 жыл бір бөлмеде, қатар төсекте жатыпты. «Көп қылмыскерлердің ішінде 3 қана қазақ болдық. Қалған қазақтар басқа жақта болды» – деп еске алды атамыз. Атамыз 2014 жылы Астанаға келгенде ол кісі туралы:

«Қажығұмар – адамның бұлбұлы еді. Оның жазған шығармаларын ешкім де оқи алмайтын. Тек бірнеше белгімен жазған шығармасын өзі ұзынсонар етіп оқып беретін», – деп еске алды. Мен де нағашы атамнан Қажығұмар туралы көп деректер сұрадым (алда жазатын боламын). Астанада жайылған дастарханда Баяхмет ағадан бастап, Үзбен Құрманбай, Ерғожа Тілепберді сынды біраз тұлғалар болды. Бір сұрағымды Қажығұмардың «біз Алтайдың шалдарына қарыздармыз» дегенді қалай айтқанын сұрадым.

Ожекең: «Алтай елі – сәбеттен (Кеңес Одағы) қашқандарға, қуғын-сүргінде жүрген, ашаршылықтан босқандарға пана болды. Тіптен Тарым түрмесінде де Алтайдың тарымдағы әскердің малын жаятын шалдары көп көмектесті. Олар даланың академиктері ғой», – деді.

Шалдар көрсетпей сойған малдың етін пісіріп, Тарымнан ағып жатқан судың жағасын сәл үңгіп көміп кететін, біз оларды белгі бойынша тауып алып, жейтінбіз. Су жиегіне көмілген тамақ бұзылмайтын. Одан сырт қаншама науқастарды қазақы емдеу жолымен емдеп аман алып қалды, – деп әңгіме өрбітті.

«Пана» – Қажығұмардың Алтайдың шалдарына қойған мәңгілік ескерткіші еді…


Бейсен Ахметұлы Бұқарбай

«Baq»kz сайты

ПІКІР ҚАЛДЫРУ