Азаттық үшін арпалысудың алғашқы кезеңі

0
189

Басқыншылардың қарақұрым  әскері оңтүстік аудандарға төбеден жай түскендей баса-көктей кіріп, ел-жұртты көл-көсір қайғы қасіретке душар еткен «Ақтабан шұбырынды» трагедиясының алғашқы айларында қазақ әміршілері қатты есеңгіреп қалған.

Дұшпан қазақтардың басты саяси орталығы Түркістан шаһарын басып алды. Жеңіліске ұшыраған ел билеушілері қанды шайқас барысында  қаланы тастап кетуге мәжбүр болды. Астанада тұратын басқарушы элитаның көшіп үлгермеген отбастары, солардың ішінде аға ханның бәйбішесі, өгей шешесі, бауырларының әйелдері тұтқынға алынып, Жоңғарияның ішкі ұлыстарына әкетілді. Ет-жақындарынан айрылу өз алдына, күлліқазақ астанасы мен өлкедегі оған жапсарлас отырықшы елді мекендердің  басқыншы ойраттардың бақылауына өтуі  ел ағаларын қатты күйзелтті. Олардың жауға қарсылық күресті ұйымдастыру мүмкіндіктерін төмендетіп, жігерлерін жасытты.

Міне осындай ахуалда солардың ішінен тез ес жиып, жағдайды айқын саралай білген және тиісінше мақсатты іс-әрекет ұйымдастыра алған жалғыз ғана тұлға қазақтың аға ханы Әбілқайыр баһадүр болды. Ол Арал маңындағы ру-тайпалардың намысын жанып, жоңғар  агрессиясын қайткенде кері қағуды көздейтін ахуал туғызды. Өзін содан бір мүшелден астам уақыт бұрын хан көтерген құмды өңірді мекен еткен баршаны отан қорғау ісіне жұмылдыра алды.  Сондағы ел-жұртының қолдауымен қысқа мерзім ішінде қазақ және қарақалпақ жігіттерінен жиырма мың сарбаздан тұратын қол ұйымдастырып, жарақтандырды. Әскери өнерге баулыды. Шешімтал жорыққа дайындады. Сосын жер қайысқан қалың жасақтың басына өзі тұрып, жауға аттанды. Бірақ оңтүстікті, оңтүстіктегі қазақ елінің бас қаласын басып алған жоңғарға емес, солтүстік-батыстағы қалмақ иеліктеріне қарай шапты.

Баһадүр хан ойраттардың екі қиырдағы мемлекеттері арасында жүріп жатқан байланыстардың түпкі мақсатын не өзінің түйсігімен болжап, не барлау ретімен жеткен түрлі хабарлар мен деректерді сараптау нәтижесінде, алдын-ала әбден біліп алған болатын. Қалмақ ханы Аюкенің жоңғар қонтайшысы боп отырған күйеу баласына көмектесуге тырысатыны күмәнсіз еді. Еділдің төменгі ағысындағы қалмақ пен оның Ертістің бастауындағы түп туысы жоңғар араларын алып жатқан қазақты бағындырып алуды Бошоқтудың сонау арнайы заңдар жинағын  қабылдап алған заманынан армандайтын. Цеван Равданның балалары от-қарулы үлкен армиясымен тұтқиылдан басып кіріп, қазақ елін қансыратқан қазіргі жағдай көкейлерін тескен сол армандарын жүзеге асыруға әбден қолайлы сәт туғызған. Жоңғардың оңтүстіктегі жеңісін баянды ете түсу үшін терістіктен қалмақтың шабуылдауы ғана қалған. Ашық дұшпанымен бетпе-бет келген қазақтың ту сыртынан әне-міне соққы беруі ықтимал еді. Әбілқайыр хан соның алдын алуға ұмтылған.

Ол қателеспеген еді. Қыз беріп, қыз алысып тұрған бұл екі хандықтың әміршілері арасында жекжаттық алыс-беріс, әңгіме-сұқбаттар астарымен 1640 жылы барлық ойрат тұқымдары құрып тұрған хандықтардың өкілдері қабылдаған заңнамалық «Ики Цааджин Бичик» құжаты сөз болатын. Сонда негізделген ұлы жоспар еске алынып тұратын. Сол бойынша  әскери-саяси одақ құру мәселесі қаралып жүрген. Ал 1723 жылы көктемгі сәтті соғыс соны тиянақтауды күн тәртібіне шығарды да, Цеван Равдан Аюкеге арнайы жаушы жіберіп, қазақтарға қарсы бірлесіп әскери қимыл жүргізуді ұсынды.  Оны Аюке хан ықыласпен қабыл алды. Ізінше орыс патшалығына да қолайсыздық туғызып жүрген  қазақтарға қарсы  жорық жасау үшін үкіметтен өзіне от-қарулы жасақ бөлуін өтінген. Алайда жоңғарлардың қазақ жеріндегі әскери жеңісінен хабардар ресейлік билік оның бұл соғысқа араласуын қоштамады.  Себебі Ресей үшін екі қиырдағы ойраттың тұтасып күшеюінен гөрі олардың арасында дербес күш ретінде қазақтардың сақтала тұруы тиімді-тін. Өткен жылы ғана Ұлы Петр қазақ даласының өздерін шығыс елдеріне шығаратын қақпа екенін, оны пайдаларына асыру қажеттігін айтқан. Егер сол қақпа зенгорлардың қоластына түссе – орыс үшін жабылғанмен парапар еді. Себебі сол шамада Цеван Равдан ордасынан оралған Унковский оның орыс бодандығын қабылдамайтынын, кытаймен шекарасына қамалдар да салғызбайтынын жеткізген. Демек, Аюкенің Цеван Равданға қосылуына жол беруге болмайды. Сондықтан да оған бұл соғысқа араласпағаны жөн деген сыпайы кеңес берілді.  Алайда қалмақ ханы бәрібір алғашқы ниетінен бастарта қоймаған, өйткені ол қазіргі жоңғар соққысынан қансырап жатқан қазақ елін орыстың көмегінсіз-ақ жаулап алатын күш өзінде де бар деп білетін. Ойраттардың қанқұйлы  басқыншылығы ұшыратқан «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жағдайында ол, шынында, Қазақ хандығына  елеулі қауіп  төндіріп тұрған. Осыны айқын ажыратқан Әбілқайыр хан жедел де ұшқыр жасақтарымен Сырдың орта ағысы тұсынан Еділ қалмақтарына қарай шұғыл аттанған еді.

Қазақ ханының үлкен қолмен Жайыққа қарай жасаған шешімді жорығы қалмақ әміршілерін әбігерге салды. Олар бітім жасау жолын іздеп, Әбілқайырдың алдынан елші аттандырады. Алайда Аюкенің сенімді өкіліне Әбілқайыр «қалмақтар мен орыстарға қарсы соғысуға келе жатқаны, жасағында қырық мың сарбазы бары» жайында ымырасыз мәлімдемесін жария етеді. Сонда, империяның түстіктегі қалқанының жағдайы мүшкілдігін парықтаған Астрахан губернаторы Аюке ханға көмекке артиллерия командасы мен алты эскадрон солдат жібереді. Бірақ онысы ахуалды жақсарта алмайды. Әбілқайыр ханның ірі әскери күші Жайыққа жеткен бетте қарсы шыққан қалмақтарды алғашқы шайқаста-ақ тас-талқан жеңеді де, терістікке қарай тереңдей береді. Қазақ жасақтары жеңісті шерулерін жалғастыра түседі. Патша үкіметі сол жылдың соңына қарай Аюкеге «император ұлылығы мәртебесімен арайланған біздің қалаларымыз бен сенің – біздің боданымыздың ұлыстарына келе жатқан» қазақтар мен қарақалпақтарға тосқауыл қойып, «қалаларымыз бен үйездерімізді талан-таражға түсіруге жол бермеуді» тапсырады. Әрине, тиісті әскери жәрдемі де болады. Нәтижесінде, қалмақтардың біріккен әскерлері қазақтардың Жайық бойын түгел тазалауға бет алған қозғалысын тоқтатады.

1723 жылдан 1724 жылға қарайғы қыс айларында елеулі әскери қимыл жасалған жоқ, бірақ, көктем келе (1724 жылғы ақпанда Аюке хан дүние салады),   Әбілқайыр баһадүр мен оның Есет және басқа да батырлары бастаған жасақтар Еділ қалмақтарына шабуылдарын жаңғыртты. Қалмақтар Есет батырдың жасағын патша өкіметі берген зеңбіректерден атқылай отырып жеңді. Содан кейін Әбілқайыр ханның батырлары қалмақ-орыс жеріне одан әрі жорық жасауын доғарды. Дегенмен, екі жыл бойы орын алып тұрған ірілі-ұсақты әскери қақтығыстар өз жемісін берді.1724 жылдың ортасына қарай қалмақ хандығы бұдан әрі қазақ еліне бұрынғыдай қатер төндіруге қауқары жетпейтін күйге түскен еді.

Осылай, солтүстік-батыс аймаққа жасаған жорығы нәтижесінде Әбілқайыр хан елдің терістік жақтағы шекарасын қауіпсіздендіріп алды да, шапшаң қимылдап дағдыланған жауынгер жасақтарын бірден Түркістан қаласы бағытына бұрды. Ұзақ шеруде жолшыбай кезіккен жоңғардың алғы шептегі бекеттерін бұзып-жара ұрыс салып, күзде Түркістанға жетті.  Жау қолындағы қалаға бірден  тікелей штурм жасап, тез азат етті.  Қазақ әскерінің қуатты  шабуылы барысында жоңғар қонтайшысының баласы, тәжірибелі қолбасшы Лаузан Шоно қаланы тастай қашып, Қаратау қойнауына шегінуге мәжбүр болды. Ал Әбілқайыр қазақ астанасын босатысымен, жеңісті шеруін күллі өңірде жалғастырды.   Қаһарман сарбаздарымен  Ташкентті және сол аймақтағы дұшпан басып алған өзге де қалаларды түгел азат етіп, жарты жылдан астам өз қарауында ұстап тұрды.

Алайда қазақ жеріндегі  жоңғар әскеріне көп ұзамай қосымша күш келіп қосылған. Сөйтіп өлкеде басқыншы күші басымдық еткен. Сол себепті, бірқатар қантөгісті шайқастардан соң, 1725 жылдың көктемінде  Әбілқайыр баһадүр бұл аймақты тастап кетуге мәжбүр болды. Батырларымен бірге әуелі Бұхара хандығы аумағына, одан терістікке қарай ауысты. Ол шегінісімен, Сыр бойы қалаларын, Жетісуды жылдам жоңғарлар басып алды. Ұлы жүз билеушісі Жолбарыс ханның иелігінде есептелетін өлке Цеван Равдан қонтайшының қоластына қайтадан түсті.  Қазақтың Ұлы жүзінің халқы мекендейтін аймақ тәуелділік жағдайда, жоңғар нойондарының бақылауында қалды.

Бұл шақта терістіктегі жер-су қатынастары тағы да шиеленіскен еді. Соған байланысты  Әбілқайыр хан 1726 жылы Орта жүз ханы Сәмекемен бірлесіп, он мың жігіттен құралған қарулы жасақпен жаңа жорыққа аттанды. Қалмақ тайшыларын ұлыстарымен Жайық бойынан күшпен қууға тырысты (жалпы, Әбілқайыр баһадүр қырық жылға тарта уақытқа созылған жауынгерлік, қолбасылық, ел билеушілік  қызметінде қазақ мемлекетінің терістік-батыс шегін қорғауда жан аямай шайқасқан, орыс патшасы өкіметіне «қазақтар Жайықтан суы сарқылғанша айырылмайды» деп, еш бұлжымай, табанды  түрде әлімдеген күрескер). Жайықтың сол жағалауында қазақ әскері жеңісті ұрыста жүргізген еді, алайда оң жағалауда саны да басым, қару-жарағы да озық қалмақтардың үш жақтан шүйліккен шабуылы астында қалды. Қоршауға түскен қазақ жасақтары төрт күн бойы жан алып, жан берісе шайқасты. Ақыры жағдаймен санасуға тура келді. Келіссөздер жүргізіліп, қос тарап өзара бітімге келісті. Әбілқайыр хан қалмақ жағына аманатқа Тама Есет батыр, Табын Бөкенбай батыр  бастаған ондаған сарбазын берді. Рас, бітім алдағы уақыттарда екі жақтан да әлсін-әлсін бұзылып тұрады, кикілжіңді реттеу үшін одан кейінгі жылдарда Сәмеке хан қалмақтармен жаңа келісімдер жасайды. Дегенмен,  тараптардың бұдан былай шекара бұзбай, бейбіт қатар өмір сүру жайында қол жеткізген алғашқы уағдаластығы арқасында қазақ әміршілері сол шақтағы жалпы ел жағдайына нақтырақ көңіл бөлуге мүмкіндік алды.


Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымының кандидаты

ПІКІР ҚАЛДЫРУ