Қазақ зиялысы

0
1116

Әлемдік өркениетте қазақ халқынын өз атымен, тілімен, өз дінімен, мемлекеттігімен орын тепкеніне 6 ғасыр шамасындай уақыт өткен екен. Ақбас тарих үшін бұл айтарлықтай ұзақ уақыт емес. Әйткенмен қамшының қысқа сабындай көрінетін осынау ғасырлар аясында халқымыз жеңісті жарқын күндерді де, қара бұлттай каптаған сын сағаттарды да бастан өткерді. XVIII ғасыр басында «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» аман қалған, жоңғардай жойқын жаудың бетін қайтарған қазақ этносы XIX ғасырда бодандықтың қамытын киіп, елдігі мен тәуелсіздігінен айрылса, XX ғасырда тоталитаризм шеңгеліне ілігіп, аштық пен қуғын-сүргінге, демографиялық апатқа душар болды. Адамзаттың рухани қазынасына Абай мен Шоқанды, Мұхтар мен Қанышты, Әміре мен Күләшті сыйлаған халық мың өліп, мың тірілді, Күлтегін жазуында айтылғандай, «Елді халық едім, елім енді қайда, кімге елдік жасаймын? Қағанды халық едім. Қағаным кайда? Қай қағанға күш — қуатымды беремін», — деп күңірене жүріп, үміт оты үзілердей көрінген сәтте, жаңа мыңжылдық қарсаңында азаттыққа қол жеткізді. Үш ғасырға жуық созылған отарлау мен қуғын-сүргіндерде халқымыздың тоз-тоз болып жоғалып кетуден, жат өркениет пен құндылыққа біржолата кірігуден аман қалуы — бірінші байлығымыз, бүгінгі тәуелсіздігіміздің әлеуметтік іргетасы.

«Қазақты сақтап қалған қандай құдірет?» деген сұрақ баршамыздың алдымыздан жиі шығатыны рас. Зиялылар тарихына жазылған бір зерттеу көлемінде бұл сұраққа толық жауап бере алмаспыз. Дегенмен өз пайымдауымызды ұсынғанды артық көрмедік.

Сонымен, қазақтың небір теперіш көре жүріп жер бетінде сақталып қалуына берік те шешуші негіз болған екі құдірет бар деп білеміз. Олардың біріншісі — қазақ әйелінің ерлігі, екіншісі — тарихи тамырлары сонау сақ дәуірінен, одан да әріден бастау алатын, ғасырлар бойы қалыптасып шыңдалған, ұрпақтан ұрпаққа жалғастығынан ажырамаған рухани-мәдени байлығымыз бен құндылықтарымыз.

Қазақ әйелінің ұлт тарихы мен тағдырындағы ерлігі деген пайымдауымыздың мәнін қысқаша ғана айтар болсақ, біздің аналарымыз қандай қиын-қысталаң шақтарда да халықтың табиғи өсімін биік деңгейде сақтап қалғанын, ұрпағын жөргегінен халқына, Отанына адал рухта тәрбиелегенін ауызға алуымыз керек. Отарлау кезеңін былай қойғанда, XX ғасырдың 20-30 жылдарында большевиктер жүзеге асырған халық шаруашылығын индустрияландыру саясаты да бұл үрдісті тоқтата алмады. Қазақ әйелдері өнеркәсіп өндірісіндегі жұмысқа жаппай тартыла жүріп, кенттік психологияны бойына сіңіре отырып, балалы үйдің базарын тарқатпады. Күні кешеге дейін қазақи отбасының әрқайсысында орта есеппен 6-7 қарадомалақ жарыса өсіп келе жататын. Тап сол тоқырау жылдары Балтық бойындағы республикаларда, ресейлік ірі қалаларда табиғи өсім мәселесі өткір қойыла бастаған еді.

Қазақ әйелінің дархандығы мен ұлтжандылығы арқасында Голощекин нәубетімен келген алапат шығын отыз жылдың ішінде, яғни бір ғана ұрпақ өсімімен толтырылды. Демек, бүгінгі азаттығымыздың адами факторын аналарымыз қалыптастырды. «Орнында бар – оңалар», деген осы. Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің мына тұжырымында ұлы ақиқат жатыр: «Мақтасақ, әйелді мақтайық та, құрметтейік те әйелді. Әйел — ана, барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, көзді бұлақ емес пе!.. Бұл шындық қой. Өйткені қай анадан сұрасаң да: — Біз өлімнен күштіміз. Біз дүниеге ақын да, ғалымды да, данышпан да, ер де береміз. Өлім адам баласын құртуға тырысса, біз оны жеңіп, адам баласын көбейттік-демей ме!..».

Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарына көз жүгіртіп, құлақ қойсақ, қазақ қыз — келіншектерінің атына ауыр сөздер айтылып, кінә тағу жиілеп кеткенін байқау қиын емес. «Шетелдіктердің қолтығында кетті, тәнін сатып жүр, көкектен айырмашылығы қалмады», — дейді. Рас, дауласпаймыз. Бірақ ақиқаттан алшақтамайық. Біріншіден, жезөкшелік -мейлінше көне кәсіп. Әзірге ол кедей елдерде ғана емес, шылқыған бай Америкада да жойылған жоқ. Екіншіден, қазақ қыз-келіншектерінің ішінара жаңсақ басуына ең алдымен өзіміздің жігіттеріміз, ер-азаматтар кінәлі. Жұмыссыздықты сылтауратып, саусағының ұшын қимылдатпастан жанын аяласа, етін ауыртпаса, бар жауапкершілікті әйелінің мойнына артып, базар жағалатып жіберсе, әрине, атам қазақ айтқандай, бақпаған мал кетеді, қарамаған қатын кетеді. Сонда да ештен кеш жақсы. Әлі сүйекке сіңе қоймаған бұл дерттің алдын алуға мүмкіндік бар. Осыдан 50-60 жыл бұрын сексуалды революция Батыс Еуропаны да жайлаған еді. Біліктілікпен жүргізген саясат арқасында сабасына түсіп, басылды. Біз де құтылармыз.

Енді тәуелсіздігіміздің ірге тасына қаланған екінші факторға көшейік. Әрине, бұл жерде экономикалық, саяси, тағы басқа факторлардың ролі мүлде маңызсыз деген ой тумау керек. Олар — Отан тарихының ажырағысыз бөлігі. Сөйте тұрғанмен біздің халқымызға тән дәстүрлі шаруашылық пен саяси құрылысты алыс-жақын этностар тарихынан байқауға болады. Ал рухани-мәдени болмыс-бітімімізді басқанікімен шатастыруымыз мүмкін емес. Елбасы Н. Назарбаев дөп басып айтқандай, «өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады».

Мәдени-рухани байлық — халықтың өсіп-өнуінің, кемелденуінің, тарихы мен тағдырының, болмыс-бітімінің анықтауыш бөлігі, баспалдақтары мен мәнді өлшемі. Ол шаруашылық түріне қарай, қоршаған табиғи ортаның мүмкіншілігі және ерекшелігімен тығыз байланыста, сан алуан тарихи үрдістердің кірігуі барысында қалыптасады. 1918 жылы 21 жасар Мұхтар Әуезов «Мәдениет һәм ұлт» атты мақаласын жариялап, онда былай деген екен: «Мәдениет деп адамның дүние жүзіне алғаш келгенінен осы күнге дейін тапқан һәм сол білімге сүйеніп істеп отырған өнерін айтамыз …Мәдениетке негіз салушы адамның ақылы һәм жүрегінің көрген нәрседен әсер алғыш сезімділігі». Демек, мәдени -рухани байлықтарды жасаушы да, тұтынушы да адам. Ал адам белгілі бір ұлттың өкілі болатынын ескерсек, мәдениет те ұлттық сипатта дамитынын жоққа шығара алмаймыз. Мәдениеттің үздік жетістіктері әдебиет, ән-күй, ғылым, сәулет өнері, ел басқару тәрізді салалар мен нұсқада дүниеге келіп, ұрпақтар игілігіне айналады. Ал бұл құндылықтарды барша халық болып бағалағанмен, басына көтергенмен алғашқыда әрқайсының нақты авторы болғаны сөзсіз. Айталық, XVII ғасырдың мұрасы «Қыз Жібек» поэмасын барша қазақ баласы жиылып жазған жоқ, бірінші нұсқасы бүгінде аты ұмытылған ақын-жыраудың шығармашылық ізденісімен дүниеге келді. Халық әні, халық күйі деп жүрген мұраларымыздың да нақты сазгері болғаны ақиқат. Ендеше мәдени-рухани мұраны бағалаушы, ұқсатушы, сақтаушы халық екен де, оны дүниеге әкелуші, Мұқаң жазғандай, «ақылы һәм жүрегінің көрген нәрседен әсер алғыш сезімділігі» бар нақты тұлға екен. Ғылымда бұларды «интеллигенция» деген терминмен бейнелеу орныққан.

«Интеллигенция» сөзі қазақ тілінің қорына кейініректе кірді. Қазақ хандығы тұсында «жақсылар», «ел ұстайтын ұл», «ерлер» ұғым — түсініктері қолданылған екен. Келе-келе жинақтама термин орнықты. А. Байтұрсынов пен Ә. Бөкейханов бастаған шоғыр тарих сахнасына шыққан ғасыр басында адамдардың осынау қауымдастығын оқығандар, зиялылар деп атады. Ұлы

М.Әуезов осыдан жүз жылға жуық бұрын былай деп жазған екен: «Жә, қазақтың сол баста деп алдына салып отырған көсемі кім? Ол — қазақтың оқыған азаматтары, зиялылары».

Тарихқа материалистік көзқарас тұрғысынан қарағанда, ой еңбегінің пайда болуының, оның дене еңбегінен бөлініп шығуының обьективті және жалғыз ғана негізі — мал шаруашылығы мен жер шаруашылығы арасындағы, жер шаруашылығы мен қолөнер арасындағы, деревня мен қала арасындағы қоғамдық еңбек бөлінісі. Мұның сыртында, қоғамдық еңбек бөлінісі өндіргіш күштердің дамуынан ғана туындап қоймай, олардың бұрынғыдан да жылдамырақ өсуіне ықпал етеді. Мінеки, осы өзара байланысты және өзара тәуелді үдерістің тереңдей түсуі нәтижесінде адамзат қоғамы әлеуметтік жіктеліске түседі, мәдениеті әралуандалады, жаңа кәсіп салалары шығады, мемлекет пайда болады.

Мәселені басқаша түсіндіретін тұжырымдамалар да бар.

Билік пен байлыққа ие адамдар қауымдастығы басқаларға үстемдігін сақтау үшін және оған заңды сипат беру үшін ой еңбегіне қабілетті жандардың белгілі бір тобын қамқорлығына алады, өз ортасынан да бөліп шығарады әрі соларға әрқашан иек артады. Бұл адамдар өз кезегінде үстем таптың идеялық және саяси мүддесін білдіреді, дүниетанымы мен салт-санасын жақтайды, қолына қару алып жарылқаушысының байлығы мен тыныштығын қорғайды, мемлекеттік билікті жүзеге асыратын аппаратта шоғырланады, әскер басқарады. Әкімдер, қолбасылар, мемлекет қайраткерлері қандай болуы керектігін, оларға лайық қасиеттердің біразын осыдан мың бір жүз жыл бұрын өмір сүрген ұлы жерлесіміз Әл-Фараби өзінің трактаттарында егжей-тегжейлі жазғаны белгілі.

Жинақтай айтсақ, алғашқыда ой еңбегі адамдарының әскери мамандар, басқарушы, көркем интеллигенция сияқты топтары қалыптасты. Қоғамдық еңбек бөлінісінің тереңдеуімен экономиканың және мәдениеттің жаңа салалары бой көтеріп, ой еңбегі саласында сұранысты ұлғайтқан үстіне ұлғайта берді. Интеллектуалды еңбектің қолдану ауқымын елестету үшін орта ғасырдың өзінде-ақ университеттер ашылғанын, ғылыми, шығармашылық мектептер, бағыттар, көркем ұжымдар болғанын айтса жеткілікті. Индустриялық қоғам мамандардың, интеллигенцияның қатарын бұрын-соңды болмаған дәрежеде өсірді. Олар енді саяси, мәдени, әскери ғана емес, орасан зор экономикалық күшке де айналып алды.

Сонымен, интеллигенция қоғамдық-экономикалық дамудың жемісі болып табылады. Оның пайда болуы капиталистік қатынастардың орнығуымен өлшенбейді. Әлеуметтік-кәсіби, таптық, тіпті мүліктік жіктелу қашан дүниеге келсе, содан бері ол – қоғамның белсенді әрі көрнекті мүшесі, халықтың рухани мәдениетін, болмысын әрлендіруші және ұрпақтан ұрпаққа аманаттаушы қауым. Ол-ол ма, тарих сахнасына шыққан халық интеллигенциясыз болмайды. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, тарихтың бетбұрысты кезеңдерінде, өмір мен өлім бетпе-бет келгенде халықтың, мемлекеттің тағдыры көбінесе басқарушы, әскери, дипломатиялық және басқа интеллигенция топтарының іс-әрекеті мен ұйғарымдарына байланысты шешіледі. Сондықтан да жасампаздық әлеуеті мол интеллигенциясы жоқ халық бәсекеге төтеп бермегендіктен тарих сахнасынан түсіп қалуы немесе мәңгүрттікке ұшырауы әбден мүмкін. Және керісінше. Өз халқының мүддесі мен қажетінен қол үзген интеллигенция қоғамдық прогрестің тежеуішіне, сол құрылыстың объективті қажеттіліктерін бүркенген масылға айналады.

Ендеше, қазақ зиялысы қашан пайда болып, қалай қалыптасты? Ол дәстүрлі коғам перзенті ме, жоқ әлде отарлаумен туған құбылыс па? Бұл сұрақтарға жауапты қазақ этногенезінің койнауынан іздеу керек. Қазіргі тарих ғылымының пайымдауынша, Қазақстан жерінде әрісі сақтардан тартып, берісі байырғы түркі халықтары мекендеген замандарда тегі бір этностардың жақындасуы мен кірігуі негізінде солардың заңды мұрагері — қазақ халқы тарих сахнасына шыққан. Байырғы түркілер қоғамында зиялылардың мәртебесі мен құрамы мейлінше күрделі болғанын Орхон-Енисей жазулары бұлтартпай айғақтап отыр. Руна жазуларында қағандарды, тархандар мен бектерді «білгіш кісілер, алып, батыл кісілер» деген ұғым-терминмен ұлықтаса, әскербасылар мен қол бастаған батырларды «соғыс иесі, әскер иесі» деп атаған, көрші елдерге жіберген мәмілегерлері мен тыңшыларды да «хабаршы, көргіш, тілді» ұғымдарымен деректерге енгізген екен. Ғалымдар мен ұстаздарға, сәулетшілер мен көркемөнер мамандарына байланысты айтқандары аз емес. Мамандарды даярлайтын оқу орындары жайлы жылы сөздерін тасқа да, қағазға да түсіріпті. Одан беріде Отырардан шыққан Әл-Фарабиді, Түркістандық Қожа Ахмет Яссауиді, моңғолдармен соғыста қол бастаған Қайырханды, жерұйық іздеп шарқ ұрған Асан Қайғыны зиялылар қатарына жатпайды деп кім айта алады? Ендеше XV ғасырдың екінші жартысында Керей мен Жәнібек сұлтандар шаңырағын көтерген қазақ хандығындағы әлеуметтік құрылымда зиялылар қауымы лайықты орын алғаны күмәнсіз. Бір ғана мысал келтірейік. Қазақ хандығымен түйдей құрдас Шалкиіз жырау /1465 -1560/ былайша жырлайды:

Ғадыл төре ел бастар,

Батыр жігіт жау бастар,

Аға жігіт қол бастар,

Шешен адам сөз бастар

[Бес ғасыр жырлайды. А., 1984. І-том.-49 б]. Осы жырдың әр жолында қазақ зиялыларының әлеуметтік-кәсіби топтары тізіліп тұрған жоқ па?

Қазақ зиялыларының мәртебесі мен құрамы Ресейге бодан болғанға дейінгі хандық дәуір барысында нақтыланып, сұрыпталып, кемелденіп, күрделілене түсті. Әрине, олардың саны, жасы, әлеуметтік құрылымдағы үлесі, аймақтық жіктелуі бізге толық мәлім емес. Жазба деректер мен ауызша тарихнамада хандардың, сұлтан-төрелердің, билердің, батырлар мен әскербасылардың, жыраулар мен сал-серілердің, күйшілердің аттары, ұлағат сөздері, шығармалары сақталып калған. Бұлардан басқа емші-сынықшылар, бақсы-балгерлер, ғалымдар мен ұстаздар, бапкерлер, ишан-молдалар аз болмағаны сөзсіз. Тарихи-табиғи даму үрдісін сілкініссіз, басқаның өктемдігінсіз кешіп жатқан Қазақ хандығына қанша зиялы қауым қажет болса, сонша зиялыны қоғам өз ортасынан шығарып отырды. Бұрынғыдан жеткен рухани-мәдени мұраны игере алған және оны жаңаша жалғастыра білген бұлар мемлекеттің, халықтың шынайы күш — қуатына айналды. Егер сақ, байырғы түркі өркениетін қазақ мәдениеті мен зиялыларының бастау көзі деп қабылдасақ, осынау құндылықтардың ұлттық негізде қалыптасуы мен дамуындағы бірінші кезең ретінде XV-XVIII ғасырларды пайымдағанымыз жөн. Ресейдің қол астына енгенге дейінгі қазақ қоғамы ой еңбегі адамдарына кенде емес болатын. ХV-ХVІІI ғасырларда өмір сүрген шығармашылық интеллигенцияның жекелеген көрнекті өкілдері өздерінің мұралары арқылы бізге белгілі болып отыр. Мәселен, қазақ поэзиясының үш томдық «Бес ғасыр жырлайды» атты антологиясында оннан астам ақынның шығармалары жарияланған, Абай мектебінің өкілі Ш.Құдайбердіұлы тап осы ақындарға байланыстыра айтпаса да: «Терең ой, түзу тәжірибесі бар адам ғайыптан хабар береді», — дей келе: «Әулие дегені сол болса керек», — деп түйіндейді. Ал оларды университет немесе басқа оқу орнын бітірмеді деген сылтаумен интеллигенция қатарына, ой еңбегі адамына санамауымызға еш құқымыз жоқ. Тіпті қазіргі ғылыми-техникалық прогресс заманында біліми көрсеткіш, диплом әлеуметтік субъектіні қоғамдағы белгілі бір топқа жатқызуға кепіл бола алмайды.

Рухани-мәдени әлеуетіміз бен зиялыларымыз XVIII ғасыр басында мейлінше толысқанын жоңғарлармен соғыс айдай анық көрсетті. Күтпеген жерден «ақтабан шұбырындыға» ұшыраған қазақ қоғамы Абылай мен Әбілқайырды, Бұқар жырау мен Ақтамбердіні, Қабанбай мен Бөгенбайды тарих сахнасына шығара алды, елдігін сақтап қалды.

Ұлт зиялылары тарихы мен тағдырының екінші кезеңі Ресейге бодан болумен басталды. Бұл кезеңде жасампаздық әрекетке көп кедергі туғаны рас. Әйткенмен халқының төлтума қасиеттері мен құндылықтарын санасына сіңіре өскен қазақ зиялыларының жаңа толқыны отарлық тәртіп тұсында да ұлттық мәдениетке аз олжа салған жоқ. Отарлаушылар әкелген жат өркениеттің талаптары мен сұраныстарына бейімделе алуымен-ақ әлеуметтік икемділік танытты. Жоғалтқанымыз да аз болмады. Дәстүрлі басқару жүйесі күйретілді, 1847 жылы қазақтың соңғы ханы Кенесары өлтірілді, төре-сұлтандардың қадір-қасиеті төмендеді. Билер мен батырлардан гөрі орысшаны игерген тілмаштың сөзі өтімді болды. Ресей үлгісімен қазақ жерінде ашылған мемлекеттік мекемелердегі қызметтен қазақ зиялылары мен оқығандарына болар болмасы ғана тиді. Кезінде ханы да, сардары да, төбе биі де өзінен шыққан халықтың жақсыларына енді бұйырғаны болыстық пен старшындық еді. Қазақ зиялылары билік пен байлықтан шеттетілді. Билік пен байлықтың жат қолында кетуімен капиталистік қатынастар өлкеге енгенмен ұлттық буржуазия шын мағынасында қалыптаспай, мешеу күйде қала берді. Кезінде жарты дүниені ашса – алақанында, жұмса – жұдырығына ұстаған көшпелілердің дәурені өткені түпкілікті анықталды. Махамбет жырға қосқан:

«Мұсылманшылық кімде жоқ,

Тілде бар да, дінде жоқ.

Көшпелі дәулет кімде жоқ,

Бірде бар да, бірде жоқ.

Азамат ерлер кімде жоқ,

Еріккен күні қолда жоқ.

Заманым менің тар болды,

Тура әділдік биде жоқ»,

апалаң — топалаң мезгіл жетті.

Екіншіден, қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси құрылымдарындағы түбегейлі өзгерістерге лайық мамандар даярлау қолға алынбады. Бітпейтін ырғалу-жырғалумен өлкеде ашылған 6-7 орта арнайы оқу орындары ұлттық зиялылардың уақыт талап етіп отырған топтарын — инженерлерді, агрономдарды, дәрігерлерді, әскери мамандарды, тағы басқаларды даярлап шығаруға шамасы жетпеді. Мәскеу, Петербор, Омбы, Қазан сияқты қалаларда білім алған қазақ жастарының қатары молайғанмен, сұраныс және ұсыныс арасындағы алшақтық жер мен көктей еді. Мектеп ісіндегі олқылықтар өз алдына бір төбе болды. Түптеп келгенде, қазақтың рухани-мәдени өмірін түсінбеген әрі менсінбеген, ұлт зиялыларының сандық — сапалық өсуін тежеген отарлаушылар қоғамдық регресті туғызып қана қоймай, бар кінәні өзімізге жауып, бұратана халық, надан халық, мәдениетсіз халық, болашағы жоқ халық атандырды. 1893 жылы дат ғалымы В.Томсен 1500 жылға жуық тарихы бар байырғы түркі жазуын оқығанда да, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» поэмасына ұлы ақыны А.С. Пушкин ден қойғанда да, Шоқан Шығыс Түркістанды әлемге танытқанда да селт етпеді. Қара шекпенділерді қаптатты, жерді алды, шоқындыру саясатын жүргізді, біртұтас қазақ жерін әкімшіл-территориялық талапайға салды. Қазақ зиялыларының бастау бұлағы мен тамырына апат қаупі төнді. Бұқар жырау күңірене әшкерелеген:

Түсті мынау тұман-ай,

Істің бәрі күмән-ай!

Баспақ тана жиылып,

Фана болған заман-ай.

Құл -құтандар жиылып,

Құда болған заман-ай!

Арғымағын жоғалтып,

Тай жүгірткен заман-ай

Азаматың құлапты,

Жұрт талық болған заман-ай! – туды.

Үшіншіден, отарлаудың зілдей салмағынан күйремесе де сыр берген дәстүрлі коғамға, ұлт зиялыларының арасына жік түсті. Қазақ хандығы тұсында ара-кідік байқалып қалатын саяси тұрақсыздық, ру-тайпа арасындағы қақтығыстар мүлде басқа сипат алды. Ханға басу айтатын, өкпелеген ағайынның көшін тоқтататын, шекіскен батырларды татуластыратын дуалы ауыз билер, ақын-жыраулар көзден ұшты. От ауыз, орақ тілді шешендер, дүйім жұрт аузына қараған ақындар «хан емессің, қасқырсың, қас албасты басқырсың» деп сөз саптауды әдетке айналдырды. Оқығандар мен зиялылардың бір тобы отарлаушылардың сойылын соғып, туған халқының қанын теспей сорса, екіншілері «сен тимесең — мен тимен» деген психологиямен қарақан басының қамын күйттеумен әуреленді, үшіншілері жалпықазақтық идея мен үйлесім үшін жанталаса қызмет қылса, төртіншілері болашақтың алтын кілтін большевиктік бағдарламадан немесе діни қағидалардан іздеді. Бірін-бірі сынауда, мазақтауда, реті келсе жазалап жіберуде сараңдық танытқан жоқ. Жікшілдіктің ауыр дертке айналғаны XVIII ғасырдағы С.Датұлы көтерілісінен алғаш байқалса, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тұсында бадырайып көзге түсті. 1917 жылғы қос революция оны барынша асқындырды. Осылайша қазақ зиялыларының іштей ыдырауы мен өзара тартысы халық тағдырына және рухани біртұтастыққа қауіп-қатер бұлтын үйірді.

Саны аз, басы бірікпеген ұлт зиялыларының әлеуметтік практикасы әрқашан пәрменді бола бермеді. Абай Құрманғазыны, Құрманғазы Жамбылды білмей дүниеден өтті. Тыңдаушылар мен оқырмандар да осы дәрежеде қалды. 1913 жылы қазақтың бас ақыны Абай жайлы А.Байтұрсынов былай жазған еді: «Ақмоламен сыбайлас Торғай облысында Абайды білетін адам кем, тіпті жоқ деп айтса да боларлық». Ел өмірін ұйыстырып отыратын орталық мемлекеттік құрылым, ұлт мүддесін қорғайтын заң мен идея жұмыс істемей, зиялылар арасында келісім орнықпағанда басқаша болуы мүмкін де емес еді. Бұл міндеттерді таралым саны шектеулі «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті де түпкілікті шешуі қиын-тын. Озық ойлы зиялылардың айтқан, айтса да баршаға жете бермеген асыл, шырын сөзі мен ісі, Асан қайғы жырлағандай, «атажұрты бұқара өз қолында болмаса, қанша жақсы болса да, қайратты туған ер ғаріп» болған сол дәуірде бар үміт көшпелілердің жадында сақтау қабілетіне артылды. Солай болып шықты да. Ауызша әдебиет мұралары, ән-күйлер, шежіре, мақал-мәтелдер — бәрі қағаз бетіне хаттала бермесе де, халқымыздың рухани-мәдени қоржынынан түсіп қалмастан елдігімізді, болмысымызды, этникалық сәйкестілікті (этническая идентичность) жойылып кетуден сақтап қалды.

Зиялылардың қоғамдағы қауқарсыздығының бір себебі ұлттық буржуазияның қалыптаспауында жатты. Ұстанған жобалары мен бағдарламаларын жүзеге асыру үшін арқа сүйейтін материалдық — қаржылық тірек таппаған бұлар мәдени-ағартушылық бірлестіктер құрудан аспады. Қажеттілігін 1905 жылы мойындаған саяси партияның өзін 1917 жылы ғана құра алды. Көшелі буржуазиясының байлығы мен қолдауына ие болған Финляндия, Польша, Балтық елдерінің зиялылары халқының көш бастаушысы дәрежесіне көтеріліп, мемлекеттік тәуелсіздігін жариялап жатқан ғасыр басында қазақ оқығандары түрлі идея соңына түсіп, бір — бірін жағадан алумен әуреленді. Жалпы, ұлттық буржуазияның қалыптасуы мен тағдыры — күні бүгінге дейін ғылыми тұрғыдан зерделенбеген, «ақтаңдақ» күйде қалып келе жатқан мәселе. Өлкеде капиталистік қатынастармен бой көтерген жұмысшы табы тарихынан том-том кітаптар кезінде саяси тапсырымға сай жарық көрді де, медальдің екінші жағындай буржуазия табы ескерусіз қала берді. Түптеп келгенде, оның экономикалық әлеуеті, қалыптасу көздері мен құрамы, саяси бағыт- бағдарлары, XIX ғасырдың аяғы — XX ғасыр басындағы орыс және шетел капиталымен кірігуі, жеңісі мен жеңілісі зиялылар тарихына ғана емес, бүкіл өлке тарихына тікелей қатысы бар, өзіндік ізін қалдырған құбылыс.

1917 жылдың ақпанында самодержавиенің құлауымен, қазанында большевиктердің жеңуімен Ресей империясының іргесі шайқалып, алғашқыда үміті мол, кейін күдігі күшейген әрі-сәрі сегіз жыл басталды. 1925 жылы Сталиннің сенімді қолшоқпары Ф.И. Голощекин Қазақстан басшылығына жайғасқанша большевиктердің ұлт республикасындағы саясаты тәтті уәдеге толы еді. Ақпан мен қазан революциялары аралығындағы жанталаста антикеңестік позицияда қарулы карсылық көрсеткен Алаш зиялыларына кешірім жарияланды, ұлттардың өзін өзі басқаруға құқығы бар деген тезис үздіксіз алға тартылып отырды, қазақ мемлекеттігі дүниеге келіп, А.Байтұрсынов сынды зор бедел иесінің басшы қызметке тартылуына байланысты коғамдық пікірде оң өзгеріс жүрді. Әлеуметтік әділеттілік ұстанымдарының жер-су, меншік, өндірістік, ұлтаралық қатынастар саласында қолданым таба бастауы, әйел теңдігі жолындағы нық қадамдар, қара халықтың қалың ортасынан шыққан тұлғалардың мемлекеттік аппарат жұмысына келуі — бәрі қоғам мүшелерінің энтузиазмін туғызды. Мәдениет құрылысында мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралар қолға алынды. 1919 жылы Жетісу ақындарының айтысы үлкен табыспен өтті, Қазақстанды зерттеу қоғамы игілікті істерді тындырды. Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Әміре Қашаубаев тәрізді ірі ақын-жазушылардың, әншілердің есімдері мен шығармалары бүкіл Қазақстан жұртшылығына танымал болайын деді. Жұмысшы факультеттері, институттар мен техникумдар, қысқа мерзімді курстар ашылып, мыңдаған қазақ жастары зиялылар мен мамандар қатарын толықтырып жатты. Халықтың мәдени әлеуетін көтеруге сауатсыздықты жою науқаны, жаңадан ашылған мектептер, газет-журналдар сүбелі үлес қосумен болды. Әрине, большевиктік бұра тартуларсыз болған жоқ.

Қазақ зиялыларының тағдырына ауыр соққылар, тоталитаризмнің кешірілмес қылмыстары Голощекиннің 1925 жылы өлкелік партия комитетіне бірінші басшылыққа келуімен басталды. Іле-шала Алаш қозғалысының басшыларына қарсы күресті қолға алған ол 1929-1931 жылдары ұлт зиялыларын қуғын-сүргінге ұшыратқан репрессияның бірінші толқынын ұйымдастырса, 1931-1933 жылдарғы аштықпен халықтың жартысын қырып жіберуге қол жеткізді. Қазіргі ғылыми зерттеулерде кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйе 1929-шы жылдан орнықты деген тұжырым айтылып жүр. Біздің ойымызша, Қазақстанда әміршіл-әкімшіл жүйе Голощекиннің келуімен қалыптасты. Голощекин өзінің қолға алған «солшыл» бағытының мәні мен болмысын Сталинге мақұлдатып алғаны тарихтан белгілі. Бұл — бір.

Екіншіден, Сталин Голощекиндік кешенді экспериментті жіті бақылап отырып, 1929 жылы басталған ауыл шаруашылығын ұжымдастыру сылтауымен оны бүкіл кеңестер қоғамына таңған тәрізді. Өйткені, әміршіл-әкімшіл жүйенің барша мәнді белгілері — саяси қуғын-сүргін, шаруаны меншіктен ажырату, еш кінәсі жоқ адамдардың өмірін қию, ұлттың мәдени құндылықтарын аяқ асты қалдыру, бір адамның шексіз билігін орнату, тағы басқалар Голощекин басқарған жылдары Қазақстан үшін қалыпты тәртіпке айналды.

Қысқасы, социалистік құрылыстың алғашқы 10-15 жылы қазақ зиялыларының тағдыры мен болашағын не күтіп тұр деген сұраққа толық жауап берді. Қоғамдық — саяси бағыт-бағдары мен таптық позициясы үйлеспеген, бірақ халқы үшін барын сала қызмет істегісі келген зиялылар мұны түсінді. Революция аласапыранында баррикаданың екі жағында тұрған С.Сейфуллин мен М.Жұмабаевтың 1929-1931 жылдардағы репрессиядан кейін, 1931-1933 жылдарғы аштықтан кейін бір-бірін іздеуі, сырт көзден жасырын кездесуі терең нысандық мәні бар оқиға ғой. Бірақ бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ұйысуға, ұйымдасуға мүмкіндік бар мезгіл өтіп кеткен еді. Өз ырқы өзінен кеткен зиялыларымыздың тағдыры Орталықта қалды. Бұдан кейін де ұлт зиялыларына Мәскеудің ұстанған саясаты мен практикасы 1991 жылдың 16 желтоқсанына дейін айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Бүкіл кеңестер елі бойынша алсақ, Сталиннен Горбачевке дейін, Қазақстанда Мирзояннан Колбинге дейін мамандарды даярлау мен пайдалану, олардың әлеуметтік-кәсіби және мәдени-имандық келбетін қалыптастыру, дүниетанымдық немесе шығармашылық ерекшеліктерімен есептесу — бәрі-бәрі, әрісі жалпы адамзаттық, берісі ұлттық ұстанымдарға емес, партиялық, таптық, түптеп келгенде шовинистік мақсатқа бағындырылды. Шовинистік империялық өктемдік «ядролық шоқпар» қолға тиген соң мүлдем жүгенсіз кетті. Семейде атом қаруын сынайтын полигон салғанда, тың жерлерді игеруге шешім қабылдағанда, Орта Азия әскери округін құрғанда қазақ зиялысымен ақылдасқан, санасқан ешкім болмады. Республикадағы өнеркәсіп орындарының 93 пайызы Орталықтан басқарылған жылдарда да ұлт намысына тиген Мәскеудегілер айылын жимады. Хрущевтің, Брежневтің, Горбачевтің қолдауына арқа сүйеген үлкенді-кішілі басшылар Қазақстанда отырып, қазақ зиялылары мен мамандарына мұрын шүйіріп қарайтын астамшылыққа барды. Ең кереметі — осы жымысқы саясат асқан шеберлікпен бүркемеленді. Бірер айғақ келтіре кетейік.

1928 жылы Қазақ елінде алғашқы жоғары оқу орны пайда болды да, кейінде олардың саны үздіксіз молайып отырды. Күмән жоқ, мұнда ұлт зиялыларының басым бөлігі даярланды. Бірақ уақыт өте келе ұлттық сана-сезім өскен сайын, ғылым мен техниканың адымы аршындай түскен кезеңде аяққа тұсау болған кереғар үрдіс те байқала берді. Өткен ғасырдың 60-жылдарының аяғына дейін қазақстандық жоғары мектептегі студенттердің көпшілігін қазақ ұл-қыздары емес, славян тектестер құрады. Жағдай 70-жылдары ғана өзгерді. Бірақ оқу үдерісі көбінесе орыс тілінде жүріп жатты, яғни болашақ зиялылардың санасы, тілі, мінез -құлқы басқа ұлттық негізде өрілді. Сөйтіп, орыс тілінде сөйлейтін «мәңгүрттер» мен қазақ тілінде сөйлейтін «мәмбеттер» деген мәселе туып, оны тіпті қала мен ауылдың арасындағы қайшылық дәрежесінде түсіндіргісі келгендер табылды. Қайшылық тәлім-тәрбиеден туындаған дүниетанымдық айырмашылықта жатқаны ескерілмеді. Мұның сыртында республика университеттері мен институттары жоғары технологиялы мамандықтарды Мәскеу, Ленинград, Новосибирск еншісіне қалдырып, өздері негізінен мектепке және аграрлық экономикаға маман даярлады. Мәдениет пен өнерге жоғары білікті мамандар даярлау мейлінше мардымсыз жүрді. Қазақстанда қазақ жастарынан мәмілегер, әскери мамандар, ғарышкерлер даярлау ісі Мәскеудегі «көсемдердің» қаперіне де кірмеді. Оқу-материалдық база да замана талабына сай келмейтін. Айталық, тәуелсіздік жылдарында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас әкімшілік ғимаратын салуға екі жыл ғана уақыт кетсе, кеңестік Қазақстан басшылары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жаңа кешенін салуды бастауға рұқсат алу үшін табаны күректей 15 жыл қайрат қылған еді, Қарағандыда екінші университет ашуға Мәскеудің рұқсатын 10 жыл күтуге тура келді. Ал мұның астарында, саяси теңсіздікке қоса, мәдениет саласына сарқынды ұстаныммен қаржы бөлу жатқан еді. Сарқынды қаржыландыру 50-ші жылдардың ортасында-ақ орын тепкен болатын. Себебі, жеке басқа табынуды әшкерелеумен тегін жұмыс күші ретінде пайдаланылған миллиондаған тұтқындар бостандыққа шығарылды, жанталаса қарулану дәуірі келді, социалистік елдер мен ұлт-азаттық қозғалысын қолдауға қыруар қаржы жұмсалды. Мұншама шығынға төтеп бере алмаған кеңестік экстенсивті экономика мәдениетті қаржыландыруды сарқынды негізге көшіруді дүниеге әкелді. 1940 жылы республика бюджетінен ағарту ісіне жұмсалған қаржы шығыстың 40 пайызын құраса, 1955 жылы ол 19 пайызға да жетпеді. Білім, ғылым, мәдениет мекемелеріндегі жабдықтар мен құралдар жаңартылмай, тозған үстіне тоза берді.

Осы тұжырымдарды Қазақстанда ауылшаруашылық мамандарын даярлау тарихының 1946-1965 жылдары жинақталған тәжірибесінде көрсете кетейік. Ауылшаруашылық интеллигенциясы деп аграрлық экономикада күрделілігі және мазмұны әрқилы ой еңбегімен айналысқан мамандар тобын айтамыз. Ғылыми әдебиеттерде бұларды «өндірістік», «өндірістік-техникалық», «ауылшаруашылығының өндірістік-техникалық интеллигенциясы» деп те атай береді.

1946-1965 жылдары республикада ауылшаруашылық мамандарын даярлайтын жоғары және арнайы орта оқу орындарының ауқымды жүйесі орнығып, аграрлық экономиканы білікті қызметкерлермен қамтамасыз ету мәселесі негізінен шешілген болатын. Әрине, оңтайлы ілгерілеулер өздігінен келе қалған жоқ. Қаражаттың тапшылығы, окытушы-профессор кадрларының жетіспеушілігі, интеллигенцияға карсы репрессиялар, тоталитаризмнің идеологиялық өктемдігі — бәрі білікті мамандар даярлауға зиянын тигізумен болды. Төрт жылға созылған соғыс та ауыл-селолардағы мамандар қатарын сиретіп жіберді. Нақтырақ айтсақ, 1945 жылы аграрлық секторда еңбек етіп жатқан жоғары және орта ауылшаруашылық білімді мамандар саны 4 мыңнан сәл ғана асатын. Егер тап осы жылы республикада 7 мыңнан астам колхоз, совхоз және машина-трактор стансасының болғанын ескерсек, әр шаруашылыққа бір дипломды маманнан келмегенін байқау қиын емес.

Білікті мамандар тапшылығы және оларға сұранымның ұдайы өсуі институттар мен техникумдарды көптеп ашуды талап етті. 1951 жылы Семей мал дәрігерлік, 1958 жылы Ақмола ауылшаруашылық, 1963 жылы Батыс Қазақстан ауылшаруашылық, Жамбыл гидромелиорациялық-құрылыс институттары шаңырақ көтерді. 1946 жылдың басында республикалық жер шаруашылығы наркоматы жүйесінде 17 арнайы орта оқу орны болса, олардың саны 20 жыл өткенде 31-ге жетіп, онда 33,4 мың студент оқып жатты.

Ауылшаруашылық оқу орындарының дамуын зерттей отырып, үш үрдісті көре аламыз. Біріншіден, олардың сандық өсуі даярлайтын мамандық түрлерінің де кеңеюімен қатар жүрді. Егер 20-жылдары  ауыл шаруашылық оқу орындары 2-3 мамандық бойынша маман даярласа, 30-жылдары ол 8-ге, тың игеру қарсаңында 13-ке, ал 60-жылдар басында 15-ке жетті. Екіншіден, ауылшаруашылық оқу орындары қалаларда ғана емес, ауыл-селолық жерлерде жиі ашылып жатты. 50-жылдардың басында республикамыздағы 28 ауылшаруашылық орта оқу орындарының 12-сі ауыл-селолық елді мекенде орналасса, 60-жылдардың басында 29-ның 17-сі ауыл-селоларда жұмыс істеп тұрды. Біздіңше, бұл — әбден құптауға тұрарлық құбылыс. Өйткені, ауылшаруашылық институттары мен техникумдарында негізінен колхоз-совхоздардан келген жастар оқитын, мұның сыртында олар өндірістен қол үзбей оқуға мүмкіндік алды.

Үшіншіден, оқу орындары аймақтық тұрғыдан алғанда айтарлықтай үйлесімді орналасты. Қазақстанның кез-келген аймағындағы маман кадрларға деген сұранысты қамтамасыз етуге бейімделіп ашылды. Мәселен, 1930 жылы құрылған Қарқаралы мал дәрігерлік техникумы 30 жыл ішінде 900-ге жуық маман шығарса, Петропавл қаласында орналасқан ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумы осы мерзім ішінде 5 мың маман даярлапты, ал 1929 жылы шаңырақ көтерген Қапланбек малдәрігерлік техникумы 2,6 мың маманға жолдама берген екен. Техникумдар мен институттардың территориялық-аймақтық оңтайлы орналасуы ауыл шаруашылық мамандарының шоғырлануына да игі әсер етті. Айғақтарды сөйлетер болсақ, 1959 жылы 1,9 млн селолық тұрғыны бар оңтүстік аймақта (Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Талдықорған, Шымкент облыстары) жоғары және орта арнайы білімі бар 59 мың адам ауыл-селоларда тұрып жатса, осынша халқы бар солтүстік аймақта (Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары) 63 мың дипломды маман село интеллигенциясының алдыңғы қатарлы тобын құрады. Ауыл-село тұрғындарының саны бұдан 3 есе кем батыс және шығыс аймақтарында дипломды мамандар 19-20 мыңнан аспады.

Ауыл шаруашылық мамандарының соғыстан кейінгі жылдардағы тапшылығы оларды даярлаудың дәстүрлі жолы — институттар мен техникумдарды ашумен қатар қысқа мерзімді оқу орындарын ұйымдастыруды талап етті. Тек 1950-1954 жылдар аясында үш жылдық агрономдық мектептерді 627 адам бітіріп шығып, оларға кіші агроном атағы берілді. 1949-1956 жылдары екі және үш жылдық орта ауылшаруашылық мектептерін 2894 адам тәмәмдады. Бұлар негізінен колхоз төрағасы қызметіне даярланған болатын. Жоғары және орта ауылшаруашылық оқу орындары жанынан 6 айлық немесе бір жылдық курстар ұйымдастырылып, мұнда өндірістік-техникалық мамандар біліктілігін көтерді.

Соғыстан кейінгі жылдары Қазақстан үшін ұлттық мамандар даярлау, қазақ қыз-келіншектеріне жалпыға бірдей орта немесе кәсіби білім беру айрықша маңызға ие саяси-мәдени міндет болатын. Өйткені, социалистік құрылыстың алғашқы 20-25 жылы ішінде бұл мәселені түпкілікті шешу мүмкін болмады. Біріншіден, уақыт аз еді. Екіншіден, соғыстар мен қуғын-сүргіндер азды-көпті ілгерілеулерді жоққа шығарып отырды. Үшіншіден, Қазақстан топырағындағы тұңғыш институт 1928 жылы шаңырақ көтергенін ескерсек, соғысқа дейінгі бесжылдықтар ішінде ұлттық интеллигенцияны қалыптастыру еш мүмкін болмағанын ұғыну қиын емес.

Міне, осы себептерден де бейбіт құрылысқа көшкен республиканың бар саласында — экономикада, мәдениетте, әлеуметтік-тұрмыстық салада мамандар тапшылығы, оның ішінде ұлттық кадрлар аздығы қатты сезілді. 1951 жылы халық шаруашылығы білікті мамандармен 47,5 пайызға ғана қамтамасыз етілген екен, ауыл шаруашылығына жоғары білімді 8 мың, орта арнайы білімді 8,2 мың маман жетіспейтін. 50-жылдардың екінші жартысында да жағдай оңалып кете қойған жоқ: республикаға 117 мың жоғары білімді маман керек болса, бары 65,2 мың ғана еді, яғни 55,8 пайызға ғана қамтамасыз етілген.

Ұлттық маман даярлау мәселесі күрделі де қарама-қайшы үрдіспен шешілгенін теориялық-методологиялық тұрғыдан дәйектеудің маңызы зор. Басқару тізгінін қолына алған партия мен Мәскеу қабылдаған шешімдерде, саяси-идеологиялық құжаттарда ұлт мәселесі, ұлттық кадрлар даярлаудың өзектілігі төңірегінде әділ де оптимизмге толы қағидалар аз болған жоқ. Олар жергілікті басшылық деңгейінде де қайталанып жатты. Ал нақты өмірде іс пен сөз қабыса бермеді. Қазақстанда, айталық, соғыстан кейінгі жылдары институттар мен техникумдар көптеп ашылып жатқанмен оларда оқитын студенттер арасында қазақ жастарының үлесі өте баяу өсті. 1949-1950 оқу жылында республика жоғары оқу орындарында оқитын студенттер ішінде қазақтар үлесі 36%, арнайы орта оқу орындарында 23% ғана болатын. Егер 1946 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институты студенттерінің 26%-ы қазақ болса, арада он жыл өткенде ол 38,6%-ға ғана көтерілді. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында 9%-дан 48,4%-ға жетті. 1956 жылы Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтында оқитындардың 40,7%-ы қазақтар еді. 1965-66 оқу жылында республика жоғары оқу орындары студенттерінің 22%-ы, арнайы орта оқу орындары студенттерінің 38%-ы қазақ жастары болатын. Сол жылдарда кез-келген қазақ ауылынан шыққан студенттің беделі де, оған деген ауылдастарының сенімі де өте жоғары еді.

Қазақ студенттерінің үлесін баяу өсірген себептер мынадай: біріншіден, Қазақстан халқы сырттан келушілер есебінен көбейіп, осы жердің байырғы тұрғындарының үлесі кеміген үстіне кеми берді. 1926 жылы республикада 3,6 млн. қазақ өмір сүріп, барша тұрғындардың 58,5%-ын құраса, 1959 жылы қазақтың саны 2,8 млн. шамасында ғана болып, үлесі 30 %-ға дейін құлдырады. Есесіне 1926-1959-жылдар аралығында орыстардың саны 1,3 млн.-нан 4 млн.-ға дейін көбейіп, үлес салмағы 20,6%-дан 42,7%-ға жетті. Немістер, белорустар, татарлар, корейлер саны күрт өсті. Өзбектердің азын-аулақ өскені байқалды. Үлес салмағы кему үстіндегі қазақ халқының жастары студент қатарында көпшілік құрай қоюы қиын ғой. Қазақ студенттерінің үлесі, әсіресе, техникалық оқу орындары мен қазақ тұрғындары аз облыстарда мардымсыз болды. Қазағы қалың өңірдегі Шымкент құрылыс материалдарының технологиясы институтында 50-жылдардың аяғына дейін қазақ жастарының үлесі 30 %-дан асқан емес. Бұл аздайын республикадағы барлық техникалық жоғары оқу орындары кеңес өкіметінің алғашқы 40 жылында небәрі 929 инженер-қазақ даярлап шыққан екен. 1947 жылы Петропавлов ауыл шаруашылық техникумында қазақтар студенттердің 48%-ын, Қазалы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумында 55%-ын құрапты. 50-жылдардың аяғында да осы ахуал сақталып қала берді. 1957 жылы, мәселен, Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын арнайы орта оқу орындарында 18,2 мың адам оқыса, олардың 6,4 мыңы ғана қазақтар еді (35%), ал орыс студенттерінің саны 8,9 мың, яғни 49% болатын.

Студенттердің ұлттық құрамы даярланған мамандардың да санына сәйкес келді. Айталық, соғыстан кейінгі 12 жыл аясында Қазақстан жоғары оқу орындарын 43,5 мың маман аяқтады, ал солардың 16,5 мыңы ғана (38%) қазақ ұлтының өкілі еді. Ақмола зоотехникалық-малдәрігерлік техникумы 1954-1957-жылдар аралығында 334 маман шығарса, арасында 68 ғана қазақ жастары бартын, Қызылорда гидромелиорация техникумы 1949-1956 жылдар аясында тиісінше 475 және 164, Семей ауыл шаруашылығын механизациялау техникумы 1950-1967 жылдары — 433 және 42, Өскемен ауыл шаруашылық техникумы 1948-1967 жылдары — 744 және 65 маманнан берген екен.

Соғыстан кейінгі жылдары қазақ жастарын институттар мен техникумдарға тарту жұмыстары нашар жүргізілді десек, ақиқаттан аттағандық болады. I курсқа қабылдау емтихандарының қорытындысы жыл сайын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюросында қаралып жататын, қазақ жастарын студент қатарына қабылдау мен маман ретінде даярлап шығарудың жоспарлары жасалатын, қазақ мектептерін бітірген қыздар мен балалар есепке алынып, жоғары мектеп өкілдері оларды әңгімеге тартып, студент болуға үгіттейтін, газеттер мен журналдар да бұл істен тыс қалмайтын.

Бірақ болашақ мамандар арасындағы қазақ жастарының үлесі баяу өсті. Бұған тежеуіш болған және бір іргелі себеп халықтың ауыр әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы деп білуіміз керек. Қалт-құлт етіп әрең күнін көріп отырған отбасы қай баласын оқуға жібере қойсын. Ал қалаға оқуға түскен, бірақ жатақханамен қамтамасыз етілмеген жасты кім асырай алады.

Болашақ мамандардың біліктілігі оқу орындарындағы профессор-оқытушылар сапасына қарай анықталатыны ежелден белгілі. Бұл тұрғыдан келгенде де жағдай баяу оңалды. 1952-53 оқу жылында ауылшаруашылығы министрлігіне қарайтын 28 техникумда 616 оқытушы қызмет еткен. Олардың жартысынан көбінде ғана (473 адам) жоғары дәрежелі білім болса, әрбір оныншысында орта дәрежелі ғана білім бар екен. Ғылым докторы немесе кандидаты мүлде болмаған. Басқа оқу орындарындағы жағдай осыдан озып кете қойған жоқ. 50-жылдардың басында республика жоғары оқу орындарында жұмыс істеген 1668 оқытушының 100-і ғана профессор, 324-і ассистент еді, ғылым докторы 70 болса, ғылым кандидаттарының саны 300-ден асты. Салыстыру артықтық етпес: соғыс біткен 1945 жылы Тимирязев атындағы ауыл шаруашылық академиясында 65 профессор еңбек етіпті. Қазақстандағы ең ірі оқу орындары қатарына жататын Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында 1949 жылы 15 ғылым докторы, 33 ғылым кандидаты, Қазақ ауылшаруашылық институтында 1950-і жылы 8 профессор және ғылым докторы, 36 доцент пен ғылым кандидаты ғана жұмыс істеді. 50-жылдардың аяғына қарай осынау екі институтта 26 ғылым докторы мен 145 ғылым кандидаты бар еді. 1961 жылы Қазақ ауылшаруашылық институтындағы 281 оқытушының 13-і ғылым докторы, профессор, 69-ы ғылым кандидаты, доцент, 199-ы ғылыми атақ-дәрежесіз болса, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында тиісінше 193, 13, 78 және 102, Целиноград ауылшаруашылық институтында 81, 1, 16 және 64, Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтында 115, 1, 27 және 86 еді. Осы төрт жоғары оқу орнында 670 оқытушының 28-і ғылым докторы, профессор, 190-ы ғылым кандидаты, доцент, 451-і, яғни 67 пайызы ғылыми атақ-дәрежесіз болды. 1966 жылы Қазақстанда ауылшаруашылық және малдәрігерлік ғылымдарымен айналысқан 2320 ғалымның ішінде 518 ғана ғылым докторы мен кандидаты бар екен.

Әрине, бұдан ауылшаруашылығы ғылымы мешел қалған деген қорытынды шықпайды. Н.О. Базанова, Ф.М. Мұхамедғалиев, В.А. Бальмонт, Т.Ф. Тавильдарова, И.Я. Клейнбок, А.И. Бараев, т.б. ашқан жаңалықтар әлемдік дәрежеде қолдау тапқаны ақиқат. Әйткенмен жоғары оқу орындарындағы ғылыми кадрлар әлеуеті уақыт талабынан төмен тұрғаны басы ашық мәселе. Жағдай кейінгі жылдары да көп өзгерген жоқ. Сандық өсуге сапалық нығаюы сай келмеді. Бұл үрдіс 70-жылдарда да сақтала берді. Тіпті 80-жылдардың ортасында да Қазақстан жоғары оқу орындарындағы профессор-оқытушылар құрамының жартысынан астамында ғылыми дәрежелер мен атақтар жоқ болатын. Ал ғылым докторлары мен профессорлардың үлесі екі пайыздан аспады. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында әрбір үшінші оқытушы ғылыми атақ — дәрежеге ие болмаса, Қазақ ауылшаруашылық институтында бұлар оқытушылар қауымының жартысынан көбін құрады.

Соғыстан кейінгі ширек ғасыр бойында ауылшаруашылығы өндірісінің білікті мамандарға сұранысын Қазақстан жоғары және орта арнайы оқу орындары қанағаттандыра алмады. 1963 жылы республикамыздың ауылшаруашылық оқу орындарында даярланған мамандар сұраныстың 18-20 пайызын ғана қанағаттандырса, басқа ұлт республикаларынан жіберілген аграрлық экономика мамандары есебінен қажеттілік 45-50 пайызға ғана өтелетін еді. Әсіресе, техник-механиктер, экономистер, бухгалтерлер, құрылыс мамандары, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу технологиясы мен сақтау мамандары жетіспейтін. Сондықтан КСРО-ның түпкір-түпкірінен оқу бітірген жас мамандар Қазақстанның ауыл шаруашылығына жолдамамен келіп жатты. Мамандығы бойынша жұмыс істемей, халық шаруашылығының басқа салаларында жүрген агрономдарды, зоотехниктерді, мал дәрігерлерін, инженер-техниктерді аграрлық экономикаға қайтару науқаны да дүркін-дүркін өтіп, колхоз, совхоз өндірісі білікті мамандармен толығып отырды.

Оқу орындарындағы жағдай осылай қалыптасқандықтан Қазақстан зиялыларының, әсіресе қазақ зиялыларының әлеуметтік қауым ретінде пісіп-жетілуі ұзаққа созылып кетті. Кеңес өкіметінің орнағанына 40 жыл толғаннан кейін де қызметкер мен мамандардың басым бөлігі (1959 жылы — 56%) арнайы білімі жоқ практиктер еді. Бұған үздіксіз қуғын-сүргіннің, алапат аштықтың, 1941-1945 жылдарғы соғыстың зардабын қоссақ, кеңестік қазақ зиялыларының қалыптасуы 60-жылдардың аяғы мен 70-жылдардың басына дөп келеді деп түйіндеуімізге болады. Өйткені, тап осы тұста ғана қызметкерлер мен мамандардың көпшілігі арнайы білімі бар адамдардан жасақталды. Екіншіден, жұмыс істеп жатқан әрбір төртінші қазақ ой еңбегі саласына шоғырланды. Дегенмен, ғылыми және шығармашылық интеллигенция негізінен Алматы қаласына жиналды. Бұл да олардың жайыла өсіп-өнуіне, пәрменді күшке айналуына тежеу болмай тұрмады. Ең бастысы, 70-жылдары қазақ зиялыларының кәсіби кемелдігі саяси-этникалық тұрғыдан да толысқанын паш ететін үш оқиға орын алды: 1. Республика басшысы Д. Қонаев КОКП Орталық комитеті саяси бюросының мүшелері қатарына кірді (КСРО-дай алпауыт державада бұрын-соңды мұндай саяси биікке көтерілген қазақ болған емес). 2.Түркі тектес оқырмандарды дүр сілкіндірген еңбек — О.Сүлейменовтың «АзиЯ» кітабы жарық көрді (авторға қарсы науқанды КОКП ОК хатшысы М.А. Сусловтың қолға алуы ғылыми ақиқатты қорғауда емес, саяси есепте жатыр). 3. 1979 жылғы Целиноград оқиғасы. Миллиондаған тыңгерлер келгенде, ұлт лидері Ж.Шаяхметовты жат жерлік П.К. Пономаренкомен ауыстырғанда, Өзбекстанға оңтүстіктен жер бөліп бергенде үнсіз қалған қазақ неміс автономиясын құруды елдің тұтастығына төнген қауіп ретінде қабылдады. Партияның ұлт саясатындағы өктемдігіне наразылығын білдірген басқа да бас көтерулер, наразылықтар орын ала берді. Мәселен, «Жас тұлпар» ұйымының қызметін, Хасен Қожахметтің қуғын-сүргінге ұшырауын зиялылар тарихының маңызды сәті деген жөн. Осының бәрін ішіне бүгіп келген Мәскеу 1986 жылдың желтоқсанында өзінің бет пердесін ашып салды. Қысқасы кеңестік жылдарды қазақ зиялылары тарихының үшінші дәуірі десек қателеспейміз.

Кеңестік қазақ зиялысының сапалы жаңа күш ретінде жарты ғасырдан астам уақыт өте келе қалыптасуына әлемдік өркениеттегі ілгерілеулер, республиканың экономикадағы, әдебиет пен өнердегі, ғылым мен техникадағы табыстары тікелей әсер етті. Қ.Сәтбаевтың, М.Әуезовтің, И.Есенберлиннің, Ш.Қалдаяқовтың, К.Байсейітованың, А.Жұбановтың, Ж.Молдағалиевтің, Ғ.Мүсіреповтің, Б.Момышұлының, Н.Алдабергеновтың, Ш.Аймановтың, Ә. Марғұланның тағы басқалардың шығармалары мен жеңістері сананы ашып, танымды тереңдетті, ұлтжанды намыс отын жақты, ұрпаққа өнеге болды.

Дей тұрғанмен, ұлт зиялыларының бойында, әлеуметтік практикасында жағымсыз қылықтар мен тенденциялар сақталып қала берді. Ескі «ауруға» атаққұмарлық, таққұмарлық, маскүнемдік, ымырашылдық тәрізділері қосылды. 60-80 жылдары қазақ мектептерінің, ана тілінің, бұқаралық ақпарат құралдарының, оқулықтардың мүшкіл халге ұшырауына белгілі дәрежеде ұлт зиялылары жауапты. Кеңес дәуіріндегі қазақ зиялысын титықтатқан ауыр дерт кедейшілік еді. Қаладағылары пәтерге жарымады, ауылдағылары татымды енбекақыға жете алмай, құрыққа сырық жалғап күн көрумен болды. Бай өлкені шикізат көзіне айналдырып, сүліктей сорған держава тұтас бір халықтың зиялыларын тас қамауда ұстағаны былай тұрсын, тұрмыстағы таршылықпен ой-санасын асқаралы істерге бұрғызбай, ас үй мен жан бағудың әуресіне шідерлеп тастады. Түптеп келгенде, 1929-1933, 1937 жылдарғы зобалаң ұлттың интеллектуалдық әлеуетіне қанша зардап әкелсе, ғылыми-техникалық прогресс заманындағы кедейшілік қуғын-сүргіннің ұзаққа созылған екінші нұсқасы еді. Мұның бәрі із-түзсіз кетпеді. Бүгінде Байқоңырды, ірі кен орындары мен зауыттарды шетелдік инвесторларға жалға беруіміздін себебі, біріншіден, қаражатымыздың тапшылығынан болса, екіншіден, істі жаңаша жүргізіп кетуге даяр мамандарымыздың жоқтығынан екенін мойындауымыз керек.

Кеңестік дәуірдегі қазақ зиялыларының тарихы мен тағдырын қозғағанда ғылыми-практикалық шешімін таппаған ең күрделі мәселе ретінде саяси-мемлекеттік басқарушылар мен құқық қорғау мамандары жайлы методологиялық ұстанымды анықтау керек.

Мәселеге бармас бұрын «интеллигенция», «зиялылар», «мамандар» деген ұғым-терминдердің мән-мағынасына қатысты методологиялық тұғырнамамызды ашып алайық. Бүгінде интеллигенция мәртебесіне лайық болу үшін білімді немесе еркін кәсіп өкілі болу жеткіліксіз. Кең қолдау тауып отырған қазіргі жалпы анықтама бойынша интеллигенция дегеніміз — ой еңбегімен кәсіби түрде айналысушы адамдар қауымы. Бірақ ой еңбегі терминінің мазмұндық ауқымы кең ғой. Шығармаларымен әлемді тәнті еткен жазушы да, қарамағындағы дүкенде 10-15 қызметкері бар меңгеруші де ой еңбегімен айналысады емес пе? Біздің ойымызша, интеллигенция әлеуметтік қауым ретінде зиялылардан (интеллектуал, элита) және мамандардан тұрады. Зиялылар деп интеллектуалдық ізденісі арқылы таным мен практиканың жаңа көкжиектерін ашқандарды атасақ, мамандарға әр түрлі деңгейдегі ой еңбегі міндетін терең ізденусіз-ақ, кезінде алған кәсіби білімі ауқымында атқарушыларды жатқызуға болады. Айталық, әйгілі академик Ә. Марғұлан жарты ғасырға жуық Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнология институтында аға ғылыми қызметкер, әрісі бөлім меңгерушісі болып істеді, шоқантанудың негізін қалады, көне тарих пен сәулет өнерінен, фольклордан баға жетпес еңбектер қалдырды. Ал тап сол жылдары, тап сол институтта аға ғылыми қызметкер міндетін атқарып, ғылымда болар-болмас із қалдырғандар аз емес. Басқаша айтқанда, Әлекең зиялы қауымның нақ ортасында тұрса, аты аталмаған соңғы азамат мамандар қатарына жатады. Интеллектуал, элита деп қызметімен немесе шығармашылығымен танымның, практиканың, прогрестің жаңа қыр-сырын ашқан, келесі баспалдағына аттауға негіз қалаған ой еңбегі адамдарының жүзден — жүйрік, мыңнан — тұлпар шыққан саңлақтарын айтамыз. Егер Қазақстанның кеңес дәуіріндегі интеллигенциясында интеллектуал топты кімдер кұрайды деген сауал қойылса, әдебиетте Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мағжан, Мұхтар, Олжас, Мұқағали, ғылымда Ахмет Байтұрсынов, Санжар Асфендиаров, Қаныш Сәтбаев, өнерде Күләш Байсейітова, Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, Шәкен Айманов, саясатта Тұрар Рысқұлов, Дінмұхамед Қонаев, тағы басқалар ауызға алынар еді. Интеллектуалдар тобының бағасы, парқы мен нарқы сандық көрсеткіштермен өлшенбек емес. Қаныш Сәтбаевтың сан-салалы білімпаздығын жеткізу үшін Мұхтар Әуезов: «Қаныш — бір өзі бүтін бір мекеме» деп айтқандай, интеллектуалдардың әрқайсысы дүниеден өтіп кеткен, алда өсіп келе жатқан бірнеше ұрпақтардың жүгін, міндетін иығымен көтеріп келеді, солай бола да бермек.

Енді мамандар тобы туралы мәселеге көшелік. Бұл топқа кіретіндер, біріншіден, мейлінше көп, екіншіден, олар атқаруға тиіс ой еңбегі жоғары мектепте оқумен алған белгілі бір кәсіби даярлықты талап етеді. Еңбек бөлінісінің тереңдеуімен мамандардың қатары да, жіктелуі де арта бермек. Мәселен, жиырмасыншы-отызыншы жылдары мәдени-ағарту мекемелерінде кітапханашылар, клуб үйлерінің меңгерушілері ғана болушы еді. Енді көркемөнерпаздар үйірмелерінің жетекшілері, автоклуб қызметкерлері, басқа да мамандықтар дүниеге келді. Олар арнайы оқу орындарында — консерваторияда, өнер институттарында, мәдениет училищелерінде дәйекті даярланды. Өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы өндірісінде де осындай ахуал бар. Алпысыншы жылдары республиканың колхоз-совхоз өндірісінде 50 мамандық пен кәсіп түрі болса, бүгінде олардың саны 160-тан асып отыр.

Интеллектуалдарды қолдан жасау мүмкін емес. Оларды уақыт, өмір талабы дүниеге әкеледі. Ал мамандарды белгілі мерзім аясында даярлап шығаруға болады. 1931 жылы республиканың топырағы тұңғыш жоғары оқу орны — Қазақ педагогика институтын 59 жас маман бітіріп шыққан екен, 1940 жылы — 7,7 мың, 1950 жылы — 16,3 мың, 1960 жылы -30,6 мың, 1970 жылы — 75,5 мың, 1980 жылы — 108,9 мың маман, кейінде жылына 120 мыңнан астам адам республика уннверситеттері мен институттарын, техникумдары мен училищелерін тәмәмдады. Нәтижесінде мамандардың халық шаруашылығы салаларында шоғырлануы қауырт ұлғайды. XX ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның халық шаруашылығында еңбек етіп жүрген жұмысшылар мен қызметкерлер саны 8 есеге жуық өссе, жоғары және орта арнаулы білімі бар мамандар қатары 36 есеге артыпты. Экономика мен мәдениеттің олар ат салыспайтын саласы қалған жоқ.

Интеллектуалдар бірін-бірі қайталамайды, қалдырған мұраларын шатастырып алу да мүмкін емес. Ал мамандардың жөні басқалау. Кез-келген өндірісте, зауыт-фабрикада сол кәсіпорын құрылғаннан бері жүздеген, тіпті мыңдаған инженер, техник, механик еңбек еткені ақиқат. Бірақ олар артына мәңгі өшпестей керемет із қалдырған жоқ, қалдыруға міндетті емес те болатын. Олар қалыптасқан технологиялық процестерді қадағалай қамтамасыз етуімен, өндірістің ырғақты жұмыс істеуіне өз үлестерін қосуымен кәсіби және азаматтық борыштарын атқарып отырды. Сонысымен ұжым құрметіне бөленді. Бірақ бұдан мамандардың бәрі бір қалыптан шыққандай, олардың болмысын жалғыз ғана бағамен сипаттауға мүмкіндік бар деген қорытынды тумаса керек. Ірі конструкторлық бюродағы өнертапқыш, ізденгіш инженер мен аудандык, байланыс торабындағы орындаушы, өзіне ғана тиісті жүмысты атқарушы инженерді егіздің сыңарындай деп кім айта алады? Ешкім де. Тізе берсе, қатар қонған екі кәсіпорындағы инженерлердің кәсіптік әрекетіндегі айырмашылық жер мен көктей болғаны өмірде кездесе беретін құбылыс.

Интеллектуалдардың сандық және сапалық ілгерілеуін жоспарлау, алдын-ала болжамдар құру — утопияның ісі, өнбейтін шаруа. Ал мамандардың біліми, территориялық, ұлттық және басқа да өсіп-өну бағдарын күн ілгері айқындап, нысаналы түрде реттеп отыруға болады. Бұған Қазақстан тарихынан көптеген дәлелдер, айғақтар бар. Бұл жерде біздің айтпағымыз — екі мәселе. Біріншіден, мамандарға сұранысты алдын-ала дөп басып тауып, болашақ қажеттілікпен ұштастыра білу — ілгеріге бастайтын қуатты факторлар қатарына жатса, екіншіден, бұл — болашақ интеллектуалдарды тәрбиелеуге қаланған алғашқы кірпіштердің бірі. «Алып анадан туады» деген емес пе. Ендеше интеллектуалдар да негізінен мамандар ортасынан шығады.

Сонымен, бейнелеп айтсақ, интеллигенция — шалқыған мұхит айдынындағы мұзтау болса, интеллектуалдар — осы мұзтаудың биік-биік шыңдары, ал мамандар — сол шыңдарға тірек боп тұрған, бірақ су астындағы бөліктей көзге көріне бермейтін мұзтаудың ең қалың, ең берік негізгі бөлігі. Интеллигенция-ішкі құрылымы мейлінше күрделі, динамикалық даму үстіндегі адамдардың үлкен қауымы.

Сонымен, саяси — мемлекеттік басқарушылар мен құқық қорғау мамандары мәселесіне қайта оралсақ, бұлар кеңестік дәуірде Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінде, үкіметте, Жоғарғы Кеңесте, министрліктерде, Бас прокуратурада, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде, Әділет министрлігінде шоғырланды. Бұлардың қызметке тағайындалуы, міндеттері, не істеп, не қоятыны Мәскеуде шешілетін болғандықтан және орталық орнатқан қасаң қалыптан шығуға ешқандай мұрсат берілмегендіктен (22 жыл Қазақстанды басқарған Д.Қонаевты Мәскеуден келген ортаңқол ғана хатшы 18 минут ішінде қызметтен босатып жіберген жоқ па) большевиктер билеген Қазақстанда саяси-мемлекеттік басқарушылар мен құқық қорғау мамандары қағаз жүзінде болғаны рас та, іс жүзінде толық қалыптаса алмады. Қазақстандағы саяси-мемлекеттік басқарушылардың пұшайман халын кезінде М.Шоқай аяусыз ашып берген болатын. Интеллигенцияның аталған екі тобы іс жүзінде қалыптаспады деген тұжырымға тоқтағанда, біз олар табан тіреп тұрған негіздер — социалистік экономика, маркстік-лениндік идеология, кеңестік заңдылық — утопия болып шыққанын да ескердік. Кадр саясатында рушылдық, жүзге бөлінушілік тәрізді былық-шылыққа бой алдырғандар да осылар. Сыйынғанынан сүйенгенін мықты санайтындар қашанда лай судан балық аулауға шебер келеді.

Қоғамда бос кеңістік болмайды екен. Дәстүрлі қазақ мемлекеттігінен бері үзілмей келген саяси элита отарлау дәуірінде хандық басқару жүйесін жоюмен тарих сахнасынан түсіп қалғандай көрініп еді. Ал XX ғасыр басындағы Ресейде либералдық козғалыстың жандануымен ол Алаш басшыларының Думадағы, қоғамдық-саяси ұйымдардағы белсенді қызметімен сапалы жаңа күйде бас көтерді. Өкінішке орай, ғұмыры ұзаққа созылмады. Большевизм тұсында саяси элитаның орнына Мәскеу мақұлдаған коммунистік-комформистік пиғылдағы жоғары лауазымды басшылар жайғасты. Ең бастысы — бұлардың арасындағы айырмашылық жер мен көктей болатын. Егер дәстүрлі саяси элита мен XX ғасыр басындағы демократиялық саяси элита халық мүддесін білдіріп, соған қызмет істесе, кеңестік саяси-басқарушы ұлт интеллигенциясы тоталитаризмнің кадрлық сұрыптауы мен өктемдігінен жүні жығылып, жақын мен алысты, өзінікі мен өзгенікін айыра алмайтын, Мәскеудің жетегіндегі бағыныштылардан құралды. Әрине, бұлардың арасынан да Смағұл Сәдуақасовтай, Тұрар Рысқұловтай, Жұмабек Тәшеновтей бірен-саран тұлғалар кездесіп қалатын. Мыңмен жалғыз алысқан бұлар бүгінде Отан тарихынан лайықты орын алды. Бірақ қанша батыр болғанмен жалғызды жауға қою бекер екен. Орталықтың пәрменімен жанбай жатып сөнді, тұншықтырылды.

Шын мағынасындағы саяси элитасы бар қоғамда халықтың жасампаз күші ашылып, ғалымның хаты, ақынның сөзі ортақ мақсатқа жұмылдырылады. Бұл ойды XVII ғасырда өмір сүрген Жиембет жырау былайша өрнектейді:

Көруші едім, Есім хан,

Ханымды күнім, сізді айымдай.

Сырым саған түзу-ді,

Садаққа салған бұлыңдай.

Жұмыскерің мен едім,

Сатып алған құлыңдай.

Жүруші едім араңда,

Өзіңнің інің менен ұлыңдай.

Арада үш ғасыр өткенде осы тұжырымға С.Торайғыров та келгенін көреміз:

Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов,

Білемін бұл үш ердің айтпай жайын.

Кешегі қара күнде болмап па еді,

Бірі күн, бірі шолпан, бірі айым.

Солардан басқа кеше кім бар еді,

Қазақ үшін шам қылған жүрек майын.

Жүрек майын халқы үшін шам қылған саяси элита жойылған соң тағдырдың жазуымен басқа түскен ауыртпашылықтан, жалған ұраннан этностың санасы уланып, жігері жасыды. Әліппеміз Лениннің, Кремльдің суреттерімен ашылатын болды, тарихи зерттеулерде асылдарымыздың есімдерінен гөрі Бас хатшының дәйек сөздері жиі қолданым тапты, әнұранымызда большевиктердің көсемін күнге теңедік. Саяси — басқарушы интеллигенцияның маман дәрежесінен арта алмай қалуы қарапайым еңбек адамын ғана емес, ғылыми және шығармашылық зиялыларымызды адастырды, тағдырына көлеңке түсірді. Әйтпесе, ақиық ақын М.Мақатаев «Мавр» мен «Ильичке» асыл уақытын сарп етпей, жалпыұлттық тақырыпқа қалам сілтер еді-ау, Е.Бөкетов пен Ш.Есенов кызметтен қуылмай, бастаған істерін соңына дейін апарар ма еді деген ойға қаласың.

Интеллектуалдық әлеуеті жоғары Ресейде саяси элита миссиясын диссиденттер атқаруға талап қылды. Ал бізде диссиденттік қозғалыс ұйымдаспаған, балаң күйде қала берді. Мұның сыртында, саяси элита көппартиялы қоғамда, демократиялық құндылықтарға сүйенген, заңы әділ ортада ғана қалыптасады екен. Кешегі тоталитарлык жүйеде бұлар үгіт – насихат тілінде бар да, нақты практикада орнықпағанын енді түсінудеміз. Сонау 1935 жылы М.Шоқай жазғандай, «Кеңес үкіметі мен большевиктер партиясының бастау көзі лас. Сол себепті де одан ылғи да лас нәрселер ағады» екен. Шын мағынасындағы басқарушылар мен құқық қорғаушылардың қалыптаспағандығынан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы обьективті қиыншылықтар абдыраудан, оралымсыздықтан тіпті тереңдеп әрі асқынып кетті. Елді қылмыс жасау, нашақорлық, ұрлық-қарлық жайлады. Министрлер, әкімдер жиі ауысатыны ешкімге құпия емес, біршамасы жауапқа тартылып, сотталды. Интеллигенция тарихы тағылымының бір парасы осында. Жаңа буын басқарушылар мен құқық қорғау мамандары енді ғана қалыптасу үстінде.

Қазақ зиялылары мен оқығандары ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікті шексіз қуанышпен қарсы алды. Осылайша ұлт интеллигенциясы тарихының төртінші дәуірі басталды. Бүгінде артта қалған  жылдар оларға табыс пен реніш те, үміт пен күдік те сыйлады. Дүниетанымы, өмірлік позициясы, жансарайы түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Тұтастай алғанда, қазіргі Қазақстан интеллигенциясының бойында, оған деген көзқарасқа қарама-қайшылықтарға толы үрдістер тән болып отыр. Қоғамдық санада әлеуметтік өрлеудің бүгіні мен ертеңі зиялылардың қарекетімен байланыстырылатыны ақиқат. Уақыт артқан міндетті атқара ала ма екен деген күдік те жоқ емес. Өйткені, мамандардың қалың тобы жұмыссыздық пен кедейшілікке ұшырады, ал жоғары және орта арнайы оқу орындарында оқып жатқандардың саны бұрын-соңды болмаған дәрежеге жетті. Шекарадағы темір перде ысырылып, еліміз әлемдік өркениетке кіріге бастады, есесіне жаңа жағдайда өз орнын таппаған немесе нарық қиыншылықтарына төтеп бере алмаған біраз оқығандарымыз біліктілігін жоғалтуда. Әлемді баурап алған жаһандануды, бәсекені көре-біле тұра жас мамандар саяз біліктілікпен өмірге жолдама алуда. Алыс-таяу шетелдерден келген оралман мамандардың қарымды еңбек етуіне әрқашан жағдай туа бермейді. Қазақстаннан көшіп кеткен білікті де тәжірибелі мамандардың орны ойсырап тұр. Зиялылар мен мамандар еңбегінсіз өркениетке ілесе алмайтынымыз баршаға аян болса да, оларға еңбекақы төлеуге келгенде, әсіресе білім, ғылым, мәдениет, медицина салаларында, шық бермес Шығайбайдың жүрісінен шыға алмаймыз.

Нәтижесінде өз ісін терең білетін дәрігерлердің, мұғалімдердің, ғалымдардың біразы сауда-саттықпен кетті, шетелде жүргендері де бар. Оқу орындары жүздеп ашылған, мамандықтар саны мейлінше ұлғайған тұста ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуеті құлдырап тұр. Қазіргі ауылда қолында билігі бар екі-ақ маман жақсылы-жаманды беделге ие: бірі — әкім, екіншісі — полиция бастығы. Қалғандарын қоғамдық пікір қара көбейтушілер ретінде ғана қабылдайды. Партиялық, идеологиялық өктемдік пен бірізділік келмеске кетіп, шығармашылық еркіндік орнықса да шығармашылық зиялыларымыз қанатымен жер сабалап жүрген тәрізді әсер қалдыруда. Ғылыми және ғылыми-педагогикалық қауымның сылбырлығын Елбасымыз әлденеше рет қадап-қадап айтқаны белгілі. Отанымыздың азаттығын нығайтуға үлес қосуға даяр екендігін жариялаушы мамандар көп те, іс жүзінде есептесусіз, қоғамдық негізде ағартушылық белсенділік танытуға кіріскендер көп емес. Қоғамның оның ішінде білім мен мәдениет салаларының шексіз коммерциялануы демократиялы, зайырлы, құқықтық мемлекет құруға пайдасынан гөрі зиянын тигізуде. Одан зиялылар мен мамандардың тіл, мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары, ғылым, білім туралы зандарды жүзеге асыру ниетіндегі ұмтылысына кесе-көлденең келетінін байқамау мүмкін емес.

Тәуелсіздігімізді бекемдеуге дайын рецепт жоқ. Ол әркімнен үздіксіз ізденісті талап етеді. Алайда, зиялылар арасындағы пікірталас, дау-дамай, кейде Қазақстанның емес, бөтеннің мүддесі үшін жүріп жатқан жоқ па екен деген ойға қаласың. Жөргегінен жерігендер де, жалаулатып, қыздырманың қызыл тіліне сүйенушілер де жас мемлекетіміз үшін бірдей қауіпті. Қысқасы, ұлттық интеллигенциямыздың қызметінен туындайтын пайдалы әсер коэффициенті әзірге көңілден шыға бермейді. Осының қырсығынан да болар, мамандардың ел арасындағы қадір-қасиеті, басқа әлеуметтік топтармен ынтымақтастығы әлсіреген. Сұраныс пен ұсыныс, мүмкіндік пен қажеттілік, сөз бен іс арасындағы алшақтық ұлғаймаса, жақындаған жоқ. Мұның негізгі дені, әрине, өтпелі дәуірге тән қайшылықтар. Ең бастысы — қайшылықтарды, қиыншылықтарды жеңсек деген саяси ерік-жігер бар. Егер Батыс пен Шығыстың дамыған, өркениетті елдері ғасырлар бойы жинақтаған оң тәжірибені қазақстандық ерекшеліктерге бейімдей кәдеге жаратсақ, тарихи тамырларымызды сақтай алсақ, біз де көсіле ілгерілерміз. Зиялыларымыздың маңдайы жарқырап, ел бастап, қол бастап, көштің алдына түсер. Өйткені соңғы жылдары бой көтерген жағымды нәтижелер болашаққа сеніммен қарауға негіз қалап отыр. Отаршылдық пен тоталитаризм тұсында да замана үдесінен шыққан зиялыларымыздың бүгінгі мұрагерлері тарих тағылымын тәрк етпей, айдарынан жел ескен күш екенін әлі-ақ дәлелдейді.

Бүгінде адам баласы сан алуан кәсіпті игерді, талай құпиялардың сырын ашты. Бірақ қиынның қиыны — өзіңді тану. Өзіңді тануды ұлт зиялысын танудан бастасақ, тар жол, тайғақ кешуге ұшырамай, ұлы көштен өз орнымызды табарымыз сөзсіз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ