Қазақтың 8 мың жылдық тарихы бар

0
406

Бұл туралы тайвандық ғалымдар мәлімдеді.

Ежелгі тас дәуірі – адамзат тарихындағы ең маңызды кезеңдердің бірі.
Африкадан табылған соңғы материалдар негізінде адамзат өміріндегі ең ілкі кезеңді қамтитын ежелгі дәуір бұл күнде «олдувэй» дәуірі деп аталады. Ол (б.ж.б.) 2,5 млн жылдан басталады.

Ежелгі тас дәуірінің одан кейінгі екі кезеңі – 800 мың жылдан 140 мың жылға дейінгі дәуірді қамтиды. Көптеген зерттеушілер орта палеолитті біздің заманымыздан бұрынғы (б.з.б) 140-40 мың жылдықтарға жатқызады. Соңғы тас дәуірі 40 мың жылдықтан, 12 мың жылдыққа дейінгі уақытқа сәйкес келеді екен.

Адамзат тарихы туралы діннің айтары басқа. Ал діни емес, пәни тарихшы- ғалымдар адамзат тарихының әлеуметтік-экономикалық даму кезеңдерін -тас дәуірі, мыс дәуірі  деп, ұзақ-ұзақ, ірі — ірі кезеңдерге бөліп қарастырады.

Ал біздің археолог-тарихшыларымыз Қазақстан жерінде ежелгі адамның қазынды қалдықтары әзірге кездесе қоймағанына қарамастан, олардың мекен еткен аудандарының бірі – Қаратау жотасы болғанын анықтап отыр. Арыс өзені жағасындағы Кіші Қаратау жотасының солтүстік-шығыс бөлігінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде ертедегі адамдардың еңбек құралдары болып табылатын. Ірілі-ұсақты шақпақ тастардың табылуы осыған айқын дәлел бола алады. Қаратаудың алғашқы тұрғындары от жағып, оны сөндірмей ұстай білген. Олар аң аулаумен, тамақ болатын өсімдіктерді жинаумен шұғылданған. Орталық Қазақстан жеріндегі қазбаларға қарағанда, осы маңда орналасқан ежелгі адамдар еңбекке тас құралдарын кеңінен пайдаланған. Олар тастарды үшкірлеп, үлкен-үлкен қырғыштар, әртүрлі дөңгелек құралдар жасап, қажеттеріңе жарата білген.

Б.з.б. 2 мың жылдықтың ортасында Қазақстан жеріндегі тайпалар қола заттарын жасауды меңгерген. Қазақстан жерінде түсті металдар өңдеуге, әсіресе мал өсіруге мықтап көңіл бөлген. Сөйтіп, б.з.б. 2 мың жылдықтың аяғында – I мың жылдықтың басында дала халықтары шаруашылықтың жаңа түрі – көшпелі мал шаруашылығына ауысады.

Міне, бұл қазақ жерінің ежелгі тарихы туралы біздегі әбден қалыптасқан ұғым. Яғни біздің жыл санауымыздан екі мың жыл бұрын ежелгі қазақ жері – тас, қола дәуірін бастан кешіп жатқан-мыс. Ал өзге жұрттар тас, қола дәуірін әрісі 140 мың, берісі 40 мың жылдың алдында бастарынан өткеріп жатыпты. Бізге олай деп айту, бір түрлі ұят сияқты. Тіпті қазақ хандығы құрылудың алдындағы ежелгі түркі тайпалардың өзін «ата-бабамыз» десең, өзге емес, өзіміздің ішіміздегі білгіштер «қой-ей, ұят болады» деп, беттері ду ете түседі.

tarih

Біз «қытай» деп жүрген халық өздерін «ханьзу» дейді. Бұл «хань ұлты, хань жұрты, хань халқы» деген мағынаны беретін сөз. Бұл атау оларға қытай тарихындағы Хань патшалығы (б.з.б. 202 ж. құрылып, б.з. 220 жылы жойылған) тұсында берілді. Соған қарамастан, қытай жерінде болған арғы-бергі хандықтар мен өркениеттердің бәрін қытайға меншіктеп жазып, айта береді. Оған бір пенде «неге бұлай?» деп жатқан жоқ. Керісінше, «қытайдың 5000 жылдық өркениет тарихы бар» деген пәтуаны әлем жұртының санасына сіңіріп болды. Ал бізде болса, өркениет тарихымызды 2000 жылға, тіпті шырқағанда 4000 жылға апарсақ, өзге емес, өзімізді сендіру қиын. Неге, біз осылай болып қалдық?! Неше ғасырлық құлдықтың әсері шығар, бәлкім…

Жуырда Тайванның мемлекеттік телеканалының «Шешуші сәт» атты бағдарламасында Қазақстан туралы арнайы хабар берілді. Телехабарға жүргізушіден басқа, тарихшы-археолог, Орталық Азия зерттеуші, саясаткер-ғалым қатысты. Тарихшы-ғалым АҚШ-тың Әуе кеңістігі және ғарыштық кеңісті зерттеу ұлттық агенттігінің ғарыштан түсірген суреттеріне сілтеме жасай отырып, «Қазақ жеріндегі өркениеттің тарихы 8 мың жылды құрайды» деп мәлімдеді. Ал саясаткер-ғалым Қазақстанның бүгінгі ұшқан құстай дамыған әлеуетін тілге тиек етті. Төменде біз сол телехабардың қысқаша стенограммалық нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.

Жүргізуші: Біздің қазір көріп отырғанымыз, NASA-ның (National Aeronautics and Space Administration) түсірген суреті. Бұл қазақ даласындағы көлемі жағынан ең үлкен, адам қолымен жасалған белгілер. Яғни біз білетін накас сызықтары сияқты әдетте жай көзге көрінбейтін, бірақ аспаннан төменге қарай немесе спутник картасынан қарағанда, көне дәуірдегі адамдардан жер шарында қалдырған түсініксіз жұмбақ күйінде қалған белгілер. Сонда, осы бедер-белгілерін қалай түсінуге болады?

Тарихшы: NASA-ның ақпараттық құралдарында жариялаған қазақ даласындағы жұмбақ күйінде қалып келе жатқан белгілердің суретін көріп, көптеген ғалымдар қатты таң қалған. Ғалымдардың білуінше, накас сызығы жайдан-жай пайда болмаған. Осы спутниктік картадан қарағанда, қазақ жерінде 260-тан астам белгілердің суреттерін анық көруге болады. Топырақтан үйіліп жасалған көптеген төбелердің пошымы бір-біріне өте ұқсас. Кейбір сызықтардың бір-біріне сәйкестігі де, әсте кездейсоқ емес. Әрбір сызықтардың ұзындығы және ені 200 метр болып келеді. NASA 110 топырақ төбеден құралған дөңгелек немесе төрт бұрышты белгілер және ағылшын тілінде «Х» әріпіне ұқсас келген белгілерді байқалған. Бұқаралық ақпарат құралдарында NASA бұл белгілерді 2013 жылы байқағаны туралы айтады. Google cайтының картасынан да бір ерекше таңғаларлық жаңалық байқалды. Ол жерден де қазақ даласынан 46-ы бес жұлдызды шеңберді анықтап көруге болады. Бұл көрініс ғалымдардың қазақ даласына деген үлкен қызығушылығын тудырып отыр. Кейін ғалымдар спутник арқылы 260 төбешіктерді анық байқады. Бұл айтып отырған төбешіктер ағаш және топырақтан үйіп жасалған. Ғалымдар тарихи деректерге сүйене отырып, бұл төбешіктердің 8000 жыл бұрын пайда болғанын айтып отыр. Бұл төбелердің тағы бір ерекшеліктері, барлығы биіктігі – 3 метр, ал ені 1,8 метр. Тағы бір ерекшелігін айтатын болсақ, ол табиғи апаттық жағдайларға төзімді болып келеді. Анықтап айтқанда, бұл төбешіктердің аралығында арнайы арналардың болуы. Бұл үш бұрыш, төрт бұрыш, бес жұлдызды бұрыштардың сызықтары дәлме-дәл кескінделген. 8000 жыл бұрын ауыр техника құралдары мүлдем болмаған жағдайда, осы сызықтарды қалай дәлме-дәл кескіндегенін ғалымдар да түсіндіріп айта алмай отыр. Міне, бұл қазақ даласындағы бір жұмбақ болып қалып отыр.

kazak-tarihy

Деректерге сүйенсек, (қазақтың) 1600 жылдан бергі тарихы анықтап жазылған. Ал одан бұрынғы тарихта қазақ ұлты көшпенді малшы ретінде қалыптасып, ешқандай білім және ғылымда олар туралы дерек қалмаған. Тағы бір қызық жағдай, 2012 жылы Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағынан ғарышқа ұшқан ғарыш кемесінің маңынан аспанда бес жерден үлкен жұлдыз пайда болған. Сонымен бірге Қазақстанның Алматы қаласының маңынан аспанда белгісіз бір алып жарық сәуле көрінген. Бұл көрініс 2 минут 43 секунттан кейін көзден ғайып болған. Ғалымдар бұл құбылысты әскери полигон жаттығуларымен байланыстыруға тырысқанымен, бірақ шындығына келгенде, бұл мүлдем оған сәйкес келмейді. Қазақ даласының аспаны мен жерінің бетінде байқалған осындай таңғажайып құбылыстар шетелдік ғалымдардың қатты қызығушылығын туғызуда. Қазақстанның оңтүстігі мен батысындағы киік деген жануардың топтап қырылу себептері де анықталмады. Үш айдың ішінде 64000 мың бас қырылып, бейуаз жануардың түбегейлі жойылуына әкеліп соқты. Бір қызығы, киіктің тек аналықтары ғана жаппай қырылған. 2013 жылдың мамыр айында төрт күннің ішінде 60 мың бас қырылды. Өлген аңның денелерінде еш қандай табиғи апат немесе жұқпалы аурудың белгілері байқалмаған. Осы жоғарыда айтылған құбылыстардан қазақ даласының құпияға толы екенін аңғаруға болады.

Саясаткер: Деректерге қарағанда, қазақтар дала халықтарының ішіндегі ең ер жүрегі болып есептеледі. Қазақ халқының бұл ерекше қасиетін тарихта Шыңғыс хан да мойындаған. Басқа бір деректердің мәліметінше, Ресей патшалығы заманында қазақтың соғыста алдыңғы шепте жіберілуі де, қазақ халқының ер жүрек екенін мойындатқан. Кейінгі деректерде, яғни 1941-1945 жылғы Екінші дүниежүзілік соғысында да алдыңғы шепте көбінде қазақтар болған. Қытай деректерінде қазақтар түркілердің ұрпағы емес, олар өзінше дара ер жүрек халық болған делінеді.

Бүгінгі таңда қазақтардың көшпенді, далалық ұлт болғандығының бір белгісі – саятшылық өнері. Бұл – көшпелі қазақ халқының негізгі көрнекті белгілерінің бірі. Бұл құсбегілік өнер қазақ халқының өршіл рухы мен қайсарлығын көрсетеді. Бүркіттің түрлері өте көп. Байқасаңыз, Қазақстан дүниежүзі бойынша жер көлемі жағынан 9-орында тұр. Әлемдегі ең ірі құрлық мемлекет. Біз қолда бар мәліметтерге сүйене отырып, қазақ халқының тарихта көшпенді ұлт болғанын білеміз. Қазір олар құрып отырған мемлекет, олардың салған қалаларына таң қалмасқа амал жоқ. Ол елдің кісі басына шаққандағы орташа жылдық табысы 15 000 АҚШ доллары, бұл көрсеткіш Тайван халқының жылдық жеке кірісімен пара-пар. Сондай-ақ Қазақстанның мұнай қоры өте мол. Ал қазіргі қазақ елінің Елордасы – Астана қаласы заманауи, өте дамыған қала. Қазақстан астанасын көшіріп, қысқа ғана он шақты жылда 154 миллиард АҚШ долларына Астана қаласын салды. Қазіргі кезде Қазақстанға көптеген Таяу Шығыс елдері инвестиция салуда, сонымен қатар Жапония, АҚШ елдері Қазақстанға келіп, кәсіпорындар ашып жатыр. Дегенмен, бәрінен де Қытаймен сауда-экономика көрсеткіштері өте жоғары. Қытайдың Ұлы Жібек жолы бойындағы елдерге қаратқан «Бір өңір – бір жол» бағдарламасы мен «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» бағдарламасына байланысты Қазақстанда темір жол мен көлік жолдары көптеп салынуда. Сондай-ақ қазір жұрт Қазақстанды «Орталық Азияның Дубайы» деп атайды. Бұл ел – Қытайды Еуропа мен жалғастыратын негізгі өткелдің бірі. Қазір Жапония жанталасып Орталық Азиямен қарым-қатынасты нығайтуға тырысуда. Бұл – Жапонияның Орта Азияны Қытайға қарсы қою саясатының бірі. Қысқасы, Қазақстан тек Азияның ғана емес, бүкіл әлемнің қызығушылығын туғызып отырған мемлекет. Қазіргі таңда ҚХР Шығыс Азиядағы мемлекеттерге онша қызығушылық танытып отырған жоқ, оның негізгі назары Орталық Азияда. Мұның негізгі белгілері – Ұлы Жібек жолындағы мемлекеттермен қарым-қатынастарды дамытуынан байқалады.

Міне, телехабардағы әңгіменің ұзын-ырғасы осы. Ал біздің айтпағымыз, өз жеріміздегі осынау ғажайып өркениет іздерін өзіміз неге зерттемейміз? Қытай ғалымының айтуынша, Қазақ даласындағы аспаннан байқалған алып «құрылыс» үлкендігі мен тарихы, мән-мағынасы жағынан Ұлы Қытай қабырғасы мен Мысыр пирамидаларын жолға тастап кететін көрінеді. Әрі оның тарихы 8 мың жылды құрайтынын NASA ғалымдары да, тайвандық қытай ғалымдары да мойындап отыр. Өзімізде ғарыш айлағы жұмыс істеп тұр. Біздікі енді не тұрыс?! 8 мың жылдық өркениет тарихымызды дәлелдеп, әлем жұртынан сүйінші сұрайық!..

Дүкен Мәсімханұлы, 
профессор

«Жас қазақ» газеті

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ