Атбегінің әліппесі

0
302

Сан ғасыр көшпенді дәуірде тұрмыс – тіршілігі тікелей мал шаруашылығымен байланысты өткен қазақ халқы жылқы малының сыр–сипатын, қадір–қасиетін жете біліп, ерекше қастерлеген. «Атбегінің әліппесі» осы дәстүрді өскелең ұрпақ зейініне жеткізіп, санасына ұялатуды мұрат тұтады.

ЖЫЛҚЫ ЖЫРЫ                                                        

 

Жылқы– жырым,                           ,                  

Жылқы – пірім,                                              

Жылқы – малым,                            

Жұлқындырып,                       

Болашаққа ұмтыламын!                                                                                                                        

Жылқы – көркім,                           

Жылқы – сертім,                            

Жылқы – даңқым,

Жылқы – нарқым,

Жылқы тектес,

Мақтау жетпес,

Сондықтан да менің халқым!

 

АТБЕГІ

Ат баптаушы – ат бегі,

Құс бптаушы – құсбегі.

Жырдай болар бәстері,

Нұрдай болар істері.  

Атбегі деп аталған

Үлкен өнер иесі.

Қолдайды оны қашаннан,

Қамбар – Ата киесі.

Атаң қазақ баласы                   

Ат дегенде тақ тұрар.

Дастандарға қарашы-

Жылқы мініп,

Батырдан соң ат тұрар.

  «Топ бастаймын, ту алам,-

Деші, балам, — өскесін!»

Жаттап алсаң қуанам

«Атбегі әліппесін».

 

ЖЫЛҚЫНЫҢ ТҮР ТҮСІ

 

Алдыңғы ат баран болмай, қылын болды,

Құлагер жығылмаса қайда деймін!?

                                          ( Ақан сері).

Малдың шетін қайырмас-     

 Май мен етті жемесін.                                          

Жылқы түрін айырмас-         

«Мен қазақпын» демесін.

Жылқыда көп айырма,            

 Балам, мұны біліп ал.                   

  Түсі-түгін айыр да,                        

  Ең жүйрігін мініп ал. 

Түрін білсең жылқының,         

 Тануыңда күмән жоқ.

  Екі айырып түр-түсін,             

 Бөлер бараң, қылаң деп.         

 Баран жылқы мыналар:

Қара, қоңыр, жирені,                                   

Торы, кері, құла бар,

Құбақан мен күреңі.

Қылаң жылқы мыналар:

Ақбоз, көкбоз, көк, сары,

Теңбілкөкке қуанар,

Былай қойып басқаны.

Ақ – қарасы аралас

Ала жылқы – мал дара.

Шұбар жылқы шамалас

Құлан сынды аңға да.

Ең сүйікті түліктің,

Міне, осындай түр-түсі.

Адам болар жігіттің,

Аман болсын жылқысы!

 

СӘЙГҮЛІК                                                  

         

Әрі мырза, әрі құл                                        

Жігіт қайдан табылар?                            

Әрі жорға, әрі жуйрік                                                                       

Күлік қайдан табылар?                                                                    

                   (Халық мәтелі).

«Күйсіз күлік жүгірмес» –            

Дейді аталар неліктен?                

Күлік – жылқы сүрінбес             

Тау мен тастан, еңістен.              

Нағыз күлік – сай күлік,              

Сөздің бұл бір көнесі.                  

Дейміз қазір сәйгүлік,                 

Бұл – жылықының төресі.           

Күйсіз күлік сорлайды,                

Бабын тауып бақпаса.                  

Жұлдыздай боп самғайды,           

Нағыз жігіт бптаса.                       

Бұдан асқан ғажап жоқ –                                          

Армандамас қай жігіт!?                                             

Азамат боп, қазақ боп,                                              

Астыңа мін сәйгүлік!                                                

 

ЕР-ТҰРМАН АТАУЛАРЫ

 

Атқа тисе алтын ер,

Алтының ал да, отқа жақ.

                            (Халық мақалы).

 

Болма, ботам, тым сылбыр,

Тақ ноқтаға қыл шылбыр.

 

Сол тайыңа жүгенді,

Ер-тұрманды түгенде.

Тайдан құлап қалған көп,

Ауыздығың сал жөндеп.

Сағалдырық, сулығы

Сайлы болсын, біл мұны!

Мықты болсын тізгіні,

Көрсең, түзет бір мінін.

Терлікті сал қаққылап,

Тоқымды сал жақсылап.

Ерге бекіп тұратын

Қос тұрманның біл атын:

Өмілдірік алдында,

Құйысқанды салдың ба?

Енді дайын ерің де,

Тұрсың тайдың белінде.

Төс айылы бос болсын,

Шап айылы бек болсын.

Қанжығаңды майлап қой,

Қоржыныңды байлап қой.

Қамшы ұстауды білерсің,

Бүлдіргіден ілерсің.  

 

Тұрма бекер жан аяп,

Үзеңгіге сал аяқ.

 

Таралғыңды ұзартпа

Тым қысқартпа бірақ та.

Енді, ботам, жүріп кет,

Біз тұрайық «жігіт!» деп.

 

ЖЫЛҚЫ АТАУЛАРЫ

 

Құлын-тайдай тебісіп бірге өскенім,

Дөненіңде дөңкиіп тілдеспедің…                                       

                                               (Халық өлеңі).

Биеден құлын туады,

Қамыстай болып құлағы.

Одан өсер жабағы

Жұлдыздай боп жанары.

Жақсы көріп қалады

Тәтті берген баланы.

Жабағыдан тай болар,

Жиеннің көңілі жайланар.

Нағашылап келгенде

Үйретуге айналар.

Тұлпарым деп тұмарлап,

Бөпесіндей аймалар.

Тайдан құнан шығады,

Балақай жылқы бұл әлі.

«Барып келге» бапандай,

Мінуге жарап тұрады.

Мінген бала аңдасын –

Қолы түсіп қалмасын.

Ақсап қалса, шабам деп,

Құнан қалар қолау боп.

Ұрғашы жылқы бұл жаста,

Мінезді болар бір басқа.

Байтал деп оны атайды,

Денесі кемел сымбатқа.

Байқап-байқап мінген жөн,

Барар болсан бір жаққа…

Күзеліп жылқы бұл жаста

Шолтиып және тұрмақ та.

Құнаннан шығар дөненге,

Саласын өр мен төменге.

Жарамды тұрар жас жылқы,

Қашпақ пен қумақ дегенге.

Қарадан қарап қағынып,

Еркегі болар сәуірік.

Азынап жүрген айғырдан

Арқасы қалар алынып,

Ұрғашы жылқы қарын сап,

Табады тұңғыш құлыншақ.

Қулық бие атанып,

Байталға қылар апалық.

Дөненнен кейін бесті бар,

Ес тоқтатқан есті мал.

Піштіріліп бұл шақта,

Шіңгірлемей тек тұрар.

Оқыранып, сүйкеніп,

Өз иесін ес қылар.

Алтыға толып ат болар,

Азамат ерге тақ болар.

Озып келсе, бәйгеден

Ауыл-аймақ шат болар.

Бөлісіп ап жүлдесін

Жер-дүниеге мақтанар.

Қай ақын мұны жай жырлар,

Жылқыдан кие, айбын бар.

Қайырып бағар үйірін,

Қасиетті айғыр бар…

Он жаста болар ат бөлек,

Ат міну үшін бап керек…

Қартайған кәрі жылқыны

Атайды қазақ «лақса» деп.

 

АТ ЖАРАТУ

 

Ат шаппайды,

Бап шабады.

                  (Халық мақалы).

 

Семіз жылқы алысқа,

Шаба алмайды алқынып.

Арық аттың жарыста

Қалар күші сарқылып.

Аттың азап тоқтығы –

Арманда боп кетеді.

Араласып боқ-жыны

Түбіне сол жетеді.

Сондықтан да бәйгеге

Бір ай бойы баптайды.

Назар салып әр неге

Қолдап, күтіп сақтайды.

Жуып шаңнан арылтып,

Сұлы беріп, жемдейді.

Сарылдырып, сағынтып,

Суды да көп бермейді.

Кеш батырып, түн қатып,

Сейілге алып шығады.

Бұлшық етін ширатып,

Шомылдырып тұрады.

Арам терден аылмай,

Ашылмас ат қабағы.

Көпіршіген сабындай,

Ащы терің алады.

Кеңейтпейтін терісін,

Ащы тер көп көбеңде.

Қосып алар сол үшін,

Қара жарыс дегенге.

Тұщы тері шықты ма? –

Алынған соң білесің.

Ащы ма, әле тұщы ма? –

Дәмін татып көресің.

Ащы болса – тағы да,

Шабу керек баппенен.

Келгеннен соң бабына

Құлпырады ат деген.

Тер алудың ақыры –

Киіз жабу жабады.

Ең соңғы рет атының

Қамау терін алады.

Ыстық күнде оны әлі

Терлетеді желдіріп,

Сонан кейін қояды

Бітеу тамға ендіріп.

Бұдан кейін жүрікте

Тер қалмайды бір артық.

Шабатынын біліп те,

Тұрар соған құмартып.

Маңғаз тартып, марқайып,

Бір салауат табады.

Екі бұты талтайып,

Көздері оттай жанады.

Алпаяды көкірек –

Арыстандай турасы.

Қуырдақтық еті жоқ,

Қауқаяды қу басы.

Келте кекіл, шал құйрық,

Бөкен қабақ, салпы ерін.

Боташылап шын жүйрік

Майыстырар тірсегін.

Бурадай боп жараған,

Аш сілеусін пішінді.

Таба алмайды жаңадан

Мұндай ғажап мүсінді…

Ал осының баршасы –

Ат жарату жемісі.

Ат бегінің арқасы –

Шын тұлпардың жеңісі.

 

БӘЙГЕ

 

Бәйгенің бәсіресі –

Қырық қысырақ.

                       (Мақал).

«Салтын білмес» атам ба,

Жүрсін сенің ойыңда –

Ат шабады қашанда

Қазақтың ас-тойында.

Жарыстың да бірақ та

Үлкені бар, шағыны.

Жеткен бәрін пәлен жүз атқа,

Аламандар бар ұлы.

«Бәйге» деген бір сөзге

Үш мағына сыяды.

«Бәйге» болды десе егер,

Ат жарысқа саяды.

Озып келген өренді

«Бәйге ат» дейді тағы да.

Нағыз жүйрік ол енді

Жаралған ел бағына.

«Келген аттың бәйгесі» –

Жүйріктің жүлдесі.

Жүлделердің әмбесі –

Қазынаның көмбесі…

«Бәйге» сөзін жаттап ал,

Сен де аларсың жүлдені.

Бәйгелі боп шаттанар,

Басқан бала ілгері.

 

ТАҢ АСЫРУ

 

Торыны таң асырып мінген қандай!

                                                (Халық өлеңі).

Маза бермей күнімен,

Мал қайырып, аң қағып

Келгеннен соң, түнімен

Атты қояр қаңтарып.

Ішек-қарнын ұлытып,

Ащықтыру бұл деген.

Тұла бойын суытып,

Жаттықтыру бұл деген.

Бірте-бірте басылар

Аттың ішкі қызуы.

Тәтті ұйқыға батырар

Тыныш түннің ұзыны.

Мән-мағына бар мұнда,

Атбегілер түсінед –

Жаратардың алдында
Таң асырар үш рет.

 

АТСАЙЫС

 

Атсайысқа түскен ер –

Аттың терін ішкен ер.

                                 (Мәтел).

Ат үстінің өнері –

Ерекше үрдіс бұл да өзі.

Мынандай боп келеді,

Атсайыстың түрдері:

 

  1. 1.     Көкпар

Көкпар деген лаө тарту,

Серке тартқан бір кезде.

Бабалардың сол салты

Жетіпті осы күндерге.

Көкпарға той иесі,

Ешкі малын береді.

Өйткені ешкі терісі,

Өте мықты келеді.

Бұл ойынды ертеде

«Көк пері» деп тартыпты.

«Көк періні» бертінде

Сәл өзгертіп айтыпты.

Шындығында бұл ойын,

«Жын-перінің» ойыны.

Түсер ердің дүлейі

Жынға толы қойыны.

Түскен кезде додаға,

Ат мықтысы сыналар.

Түскен кезде додаға,

Ер мықтысы тұра алар.

Көкпар тынбай тартылар

Ауылдардан ауылға.

Аты мықты шарқ ұрар,

Аңыз болып қауымға.

Көкпардың көп тәсілі –

Айта берсең таусылмас.

Бұл сайыстан, әсілі,

Ешбір қазақ артылмас.

  1. 2.     Аударыспақ

Ат үстінде алысу,

Жағаласу, жұлысу,

Қабарысу, қарысу,

Қапа, болу, у ішу.

Қарсыласың жеңіліп,

Аттан алсаң аударып,

Шын батырдай көрініп,

Марапаттар бар халық.

Жеңілгенің – өлгенің,

Етегіңді қаққылап,

Сүйеп сені әлдекім,

Атың қашар шапқылап.

Қартқа дағы, жасқа да

Қатал сынақ бұл деген.

Күлкі болар жұртқа да,

Аударыса білмеген!

  1. 3.     Қыз қуу

Қыз қашады, сен қуып,

Астыңда ұшқыр атың бар.

Жету керек ер жігіт –

Қызда кеткен бәсің бар.

Қызға жетсең болғаны –

Ат үстінен өбесің.

Тізгігін де қолға алып,

Тартып кете бересің…

Қыз қуғанда, сен қашып,

Сорламашы, жігітім.

Жетіп алса ол басып,

Көрген күнің құрысын.

Қыз қамшылының астына

Аямастан алады.

Мінген атқа астыңа

Көңілің де қалады…

Қыз қуатын жігітті

Мақтап қою керек-ау.

Қыз қуатын көлікті

Баптап қою керек-ау!

  1. 4.     Теңге алу

Жеті жерге теңгені

Шытқа түйіп тастайды.

Жеті жігіт ең кемі

Бұл сайысты бастайды.

Шауып өтіп шүйлігіп,

Алу керек ақшаны.

Қалар болса именіп,

Бұл – жігіттің сасқаны.

Жеті бірдей олжаны

Алған жігіт – шын жігіт.

Жығылмаса болғаны,

Бір мүшесін сындырып!

Ер майданы – атсайыс,

Ептілерге бақ сайыс.

Ер қайрағы – атсайыс,

Елімізге мақтаныш.

 

ЖҮЙРІК

 

Түрлі-түрлі жүйрік бар –

Әліне қарай шабатын.

                                (Мәтел).

 

Шын жүйрік шабар алысқа,

Еліре түсер дабысқа.

Жай жүріске шабандау,

Құтылып кетер жарыста.

Терлеген сайын көсілер,

Өрлеген сайын есірер.

Алайып көзі, пырылдап,

Алдағы атқа өшігер.

Кейбір ат шыға шабады,

Шаршамай қолтық созады.

Тарта түссең тізгінді,

Ерегісіп, қозады.

Терісі қалың бір елі

Кейбір ат қамшы сүйеді.

Елестетер түйені,

Мұндай аттың сүйегі.

Атқа шабар баланы

Атбегілер табады.

Сол шабандоз қалайда

Болу керек саналы.

 

ЖОРҒА

 

Жүйріктен озар жорға бар,

Ғалымнан озар молда бар.

                                   (Мақал).

 

Төрт аяқы тең басар,

Бипаз-бипаз жер басар.

Төрт аяғы тең жорға,

Мұндай жорға су жорға.

 

Ал кеудесі айқарма,

Баса түсер байпаңға.

Жеткізбейтін сайтанға,

Мұндай жорға – тайпалма.

 

Бұзып алып жорғасын,

Желіп кетер болмасын.

Желіп кетсе – ол да сын,

Шауып кетсе – ол да сын.

Алдыңғы аяқ жорғалап,

Артқы аяғы қорғалап,

Шала жорға болса атың

Бәрінен де сол мазақ!

 

ҚАШАҒАНҒА ЖАСАҒАН

 

Жақсы қатын алғаның –

Алтын кісен салғаның.

Бала-шаға баққаның –

Күміс шідер таққаның.

                                 (Тәмсіл).

 

Жылқыда көп қашаған –

Жасама оған кешірім.

Соған арнап жасаған,

Бұғаулардың не түрін.

 

  1. 1.     Шідер

Шідер деген үш тармақ.

Үш аяққа – үш қармақ.

Азат аяқ біреу-ақ.

Ата қазақ біледі-ақ.

Қашағаның қаша алмас,

Адымын кең аша алмас.

Қашағаннан басқаға

Мұндай бұғау жасалмас.

2. Өре

Сол жіліншек, оң тірсек,

Жалғанды бір жіппен.

Қашағаның күрсініп,

Түңіледі тірліктен.

Аттап-аттап алыстап,

Кетуі де мүмкін-ау.

Өре салмай, шідер сап,

Қоймадың ба, шіркін-ау!

  1. 2.     Тұсамыс

Екі аяғың атыңның

Қосып байла, батырым.

Қос аяқтап, қарғылап,

Оттай берер ақырын.

Салармын – деп күрмей-ақ,

Жіппен байлап жүрмей-ақ.

Жасап алсаң тұсамыс,

Болар едің сен қазақ.

  1. 3.     Кісен

Жылқыға жау – бөрі бар,

Одан кейін ұры бар.

Ұры алмаудың тәсілін

Осы бастан біліп ал.

Кісен соқтыр ұстаға

Атыңа сал мықта да.

Кілтіңді жоғалтпа,

Ешбір жерге тастама.

 

ТІЛЕК

 

Сау бол, балақан!

Сүйдім бетіңнен!

Айналдым түріңнен!

Айналдым ниетіңнен!

Сен барсың,

Қанағат!

Естірпе жаманат!

Атқа мін!

Асқарым!

Сен болшы – Азамат!


Әбубәкір ҚАЙРАН

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ