Атбегі

0
231

Бұл күнде шаруасын шал­қыт­қан, дәулетін тасытқан еңбек адамдары қай ауылда да көбей­іп келеді. Олардың шаруасын көр­генде көңілің марқаяды. Осын­дайда «қазақ жалқау» деген сөзге шүбә келтіресің. Әрине, қоғам болған соң «қасық ұстаушы­лардың да» кездесіп қалатыны шындық. Дегенмен, бірен-саран мұндайларға қарап, бәріне күйе жағуға болмайды. Иә, ауылда еңбек ететіндер көбейе түсті.

Солардың бірі – Көктерек ауылдық округіне қарасты «Төлеген» шаруа қожалығының же­тек­шісі Анарбек Жайлаубаев. Анарбек зайыбы Ақжарқын екеуі 1997 жылы атакәсіпті қолға алған.

Отызға да толмаған жас жұбайлар ауыл­ды бойлай ағып, Исатай – Махамбет баба­лары­мыздың найза ұстап, «Ереуіл атқа ер салмай…» жүрген қасиетті жерге нәр беріп тұрған Сарыөзеннің бойынан шаруаларын бастағанда істері жүріп кетті десек, қателескен болармыз. Табыс маңдай термен келеді ғой. Сол жолда ерлі-зайыптылар күн-түн демей ең­бек етті. «Мал баққанға бітеді» ғой. Атакәсіп төрт түлікті өсірудің әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, Қамбар ата тұқымын қораға қамап, көбейте алмайсың. Оларға еркіндік керек. Самал желмен жарысып, аяғы жеткен жерлерге баратын бұл қасиетті жа­ну­ар­ға көз алартатындар да көп. Солардың ішінде дала қасқыры да, адам «қасқыры» да бар…

Бала кезінен жылқыны жақсы көретін Анарбек зайыбы Ақжарқын екеуі аттан түспей, дала қосында түнеп жүрген кездері де болды. Қолдарындағы басқа малдарға да осындай көзқараспен қарады.

Нәтижесінде табыстары өрледі. Олай деп тұрғанымыз, бүгінгі күнде шаруа қожалығында 90 ірі қара, 1500 қой-ешкі, 86 жылқы бар. Техникалары да жеткілікті. Мәселен, лизингке шөп шабатын техникалар алса, сонымен қатар, 2 тракторды қолма-қол қаражатқа сатып алып отыр. Үйдің жанында «джип» автокөлігі мені мініп, серуенге шықсайшы дегенде, жарқырап ол тұр… Міне, табыс деген осы.

Біз әңгімелеп отырған Анарбектің тағы бір қыры бар. Ол – атқұмарлығы. Бізге арғымағын жетектеп алып келді.

– Мына алдарыңда тұрған ағылшын-араб тұқымды сәйгүлік. Қазір бәйгеге қосылып жүрген сәйгүліктер – ағылшын-араб тұқымдас жылқылар. Олар қысқа қашықтықты оңай бағындырады. Алдағы уақытта осы сәйгүлікті баптап, бәйгеге қоспақшымын. 1,5 млн. қаражатқа түскен бұл жануарды Ресейден алдырдым. Ал бір ерекшілігі бау-бақша өнімдерімен азықтандырғанды жақсы көреді. Сондықтан бұл сәйгүлікке арнайы жертөледе ( погреб) көкөнісін әзірлеп қойдым.

Алла қосса, ауданда өтетін Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне бәйгеге қоспақшымын.

Енді күні кеше ғана Ростов қаласынан ағылшын тұқымдас екі сәйгүлікті алып келдім. Олар қорада тұр. Бұл жануарларды сырт көзге әзірше көрсеткім келмейді, – деп күлді Анарбек бізбен әңгімесінде.

Осы арада бізді арнайы іссапарға апарған Қазталов ауданы әкімі Нұрлан Бекқайыр әңгімеге араласып, Анарбек, біз сенің шаруашылығыңнан бәйгенің алдын бермейтін, ауданның атын қалың елге танытатын сәйгүліктер шықсын, сонымен қатар жас ұрпақты шабандоздыққа тәрбиелейтін арнайы орынға айналсын деген тілегім бар, деді.

Иесінің қолынан сәбіз жеп тұрған сәйгүлікке біз де алдағы дүбірлі жарыстарда Ақанның Құлагері сияқты дара келуді тіледік. «Сарыөзеннің» бойын мекен еткен Анарбектің кәсібіне шын көңілмен риза болып аттандық.

Айтпақшы, өз еңбегінің бақытына бөлінген Анарбектің осындай табысқа жетуіне көмекші болып жүрген жұбайы, «Күміс алқа» иегері Ақжарқынның да бұл жетістіктерде қолтаңбасы бар екенін айта кетуді жөн санадық.

Жаңа әңгіме барысында Сарыөзен бойына ата кәсіпті жалғастыруға келген Анарбек пен Ақжарқынның бұл күнде адал еңбектің несібесін көрген және немере сүйген еңбектері еленген отбасы екендерін айтқан дұрыс.


Гүлфия КӨШБАЕВА,

журналист,

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан».

Батыс Қазақстан облысы,

Қазталов ауданы.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ