Асықтан – ат, шыныдан – барыс

0
237

Бүгінде жас суретші-мүсіншілеріміз өздерінің осал еместігін айқын аңғартып келеді. Асықтан жасалған ат, хрусталь тастардан құралған барыс тәрізді мүсіндердің авторлары – Нұрлан Әбішев, Нұрлан Әділхан, Қуаныш Мәтенов. Осыған дейін Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай асықтан арғымақ көтеріп, алаш назарын өзіне аударған олардың толық аяқталған екінші жобасы – таза шыны тастардан өрнектелген барыс мүсіні. Бұл мүсін қазір Алматыдағы ойын-сауық орталықтарының бірінде көпшілік назарына ұсынылып тұр.

Арнайы Мысырдан жеткізілген 12 мың хрусталь тастан тоқылған барысты жұртшылық Алматының символына балай бастапты. Ел ішінде барыстың мұртын ұстап тұрып, тілек тілегендердің арманы орындалады екен сөз де желдей есуде. «Мен бұл жұмыстарымды жалғыз емес, Нұрлан Әділхан, Қуаныш Мәтенов сияқты әріптестеріммен бірлесіп жүзеге асырдым. Олардың жұмысқа сіңірген еңбегі орасан. Барыс мүсінін аяқтау үшін үш ай тынбай жұмыс істедік. Оның жалпы салмағы  – 35 келі», – дейді суретші Нұрлан Әбішев.

 

Нұрлан Әбішев, суретші-мүсінші
– Бірде бір аңшы дүрбі арқылы нағыз барысты көріпті. Барыс сағымданып, жартастар арасында мөлдіреп көрінгендей әсер қалдырыпты. Көздері ғана анық байқалады дейді саятшы. Біз сол мөлдір барыстың бейнесін беруге барынша тырысып бақтық.

Суретшілер бұған дейін 8 500 асықтан ат жасап, елді таң-тамаша еткен еді. Енді асықтан жасалған арғымақ Дубайда өтетін дүниежүзілік өнер көрмесіне жол тартпақ. Барыс мүсінінің де бағы ашылатын күн алыс емес, – дейді суретшілер.

 


Арман СЕРІКҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ