Алматы – Нара арасы

0
287

 

НАРАДА ТУҒАН АЙ АРУ

 

Ерте, ерте, ертеде Такэтори деген қария өмір сүріпті. Қария күнде тауға бамбук кесуге барады екен. Кесіп алған бамбуктен себет жасап, оны сатып күнін көріп жүріпті. Бір күні, қария әдеттегідей ағаш кесіп жатса, бір бамбуктен жар­қыраған нұрлы сәуле шығады. 
«О, тоба! Мынау бір ғажап нәрсе ғой!» деп, шал ағаштың ішін жарып еді, ішінде шынашақтай сәби бар екен. Сәбидің сүй­кім­ділігіне сүйсінген қария шұғылалы баланы бамбуктың ішінен шығарып алды. Шалдың ерекше бала тауып алғанына кемпірі де қуанады. Екеуі баланы мәпелеп бағыпты. Шұғылалы сәби шыққан бамбуктен жарқ-жұрқ еткен алтын теңгелерді күн сайын алып тұрады. Сөйтіп, қария дәулеті барша жұрттан асқан бай адамға айналыпты.
Бамбуктің ішінен шыққан балаға Кагуяхимэ (Ай нұрынан жаралған ару) деген есім тағылады. Ай десе аузы, күн десе көзі бар, ғажайып бір сұлу қыз боп бой-жетеді. Кагуяхимэнің даңқын естіген сегіз қырлы бес сері «маған қа­лың­дық болар ма екен?» деп, қарияның үйіне келіпті. Кагуяхимэ бес жігіттің қайсысы ойындағы затты әкелсе, соған қалыңдық болатындығын айтады. Ол қандай зат? Ишицукуриномико есімді жігітке Будданың Ишипачи деп аталатын құнды жананын, Курамочино Ишицукуриномико деген серіге алтын ағашты, ал министр Обеге от тышқанының терісін, Оотомо мырзаға бес түске құбылатын мон­­шақты, Исонокамимаро мырзаға қарлығаштың қауырсынын алып келу тапсырылады.
Ишицукуриномико қария айтқан затты таппай қиналды. Будданың жананы жапон елінде жоқ нәрсе екен. Алыстағы Үнді жерінде бар деседі ел. «Сонау алыс елге қалай бармақпын?» деп ойлайды ол. Сөйтіп, белгіленген мерзімге дейін үйінде жата береді де, қол астындағыларды жанан­ды іздеуге жібереді. Олар болса, бір таудың қойнауындағы храмдағы көне жананды алып келеді.
Курамочиномикоға қымбат ағашты табу тапсырылған болатын. Ол ағаш тегін ағаш емес: бұтақтары алтыннан, жеміс­тері аппақ нұрлы болуы керек. Курамочиномико Кагуяхимэнің үйіне барып: «Мен қазірден бастап, асыл ағашты із­дей­­мін», – дейді де, өзі серіктерімен ке­ме­­­ге мініп, саяхаттауға кетеді. Бірақ үш күн өтпей қайтып оралады. Сосын шебер­лерді жинап: «Бұтақтары алтын, жемістері аппақ ағашты жасаңдар» деп тапсырады. Ағаш әп-сәтте дайын болды. Жарқ-жұрқ еткен бұтақтарының сәулесі аппақ же­містерімен шағылысып айналаны нұрға бөлеп тұр. Әдемілігі сонша, бейнебір жұмақ ағашы дерсің.
Курамочиномико ағашты алып, бірден Кагуяхимэге барады. «Мен бұл ағашты алыс-алыс елдерге сапар шегіп, әрең таптым» дейді. Бірақ ағаштың жасанды екендігі ашылып қалады.
«От тышқанының терісін қолға қалай түсірсем екен?» деп ойлайды Абэ. Алыс­тағы елдің бір адамына «от тышқанының терісін тауып, маған жіберіңізші» деп хат жазады. Содан соң хатпен бірге көп ақ­шаны серігіне береді де, алыс елге жі­бе­реді. Ақша мен хатты алған кісі «от тыш­қанының терісі дегенді естуім бар, бірақ көрген емеспін. Дегенмен, іздес­тіріп көрейін», – дейді. Хатты тапсыр­ған кісі әлгі адамның сөзін Абэге жеткі­зеді. Олар от тышқанының терісін күтіп жата бер­сін.
Үш жыл өтті. Алыстағы елдің адамы уәделі затын жіберді. Министр қуанып, зат­ты ашып көрді. Тері аспан түстес көгіл­дір әрі жалт-жұлт етіп, шұғылалы сәуле шашып тұр. Министр «бұл шынымен де баға жетпес зат қой. Кагуяхимэге көр­сетіп, қуантайын» деп, теріні өрнек­тел­ген сәнді сандыққа салып қыздың үйіне апарды.
«От тышқанының терісін әкелдім, міне!» деп, сандықты қыздың алдына қойды. «Иә, шынымен де әдемі екен», – дейді Кагуяхимэ. «Бірақ бұл нағыз асыл тері ме екен, сынап көрмей сенбеймін. Нағыз от тышқанының терісі отқа салса жанбайды. Қане, көрейік!» деп, қыз теріні ошаққа тастады. Сол-ақ екен, тері лап етіп отқа оранды да, демде жанып кетті.
Оотомономиюки бес түске құбылатын моншақ табуы керек болатын. Моншақ кісіде емес, айдаһардың мойнында деседі жұрт. Оотомономиюки серіктері­мен кемеге мініп, сапарға шығады. «Айдаһар­ды мына садақпен ату керек», – дейді ол. Кенет айдаһар қозғалысын білдіргендей теңіз тулады. Кеме асау толқынмен бір көтерілді де жағаға бір-ақ шықты. Сөйтіп, асыл Оотомономиюкидің моншақты іздеуі осымен аяқталыпты.
Исонокамимаро қарлығаштың қауыр­сы­нын іздеді. Сарайдың шатырында қарлы­ғаштың ұясы бар еді. Серіктеріне аспалы себет жасатқызды. Өзі себеттің ішіне кірді. Серіктері себетті шатыр төбе­сіне дейін көтерді. Исонокамимаро қолын қарлығаштың ұясына салып еді, домалақ бірдеңе ілікті. Сол кезде аспалы себеттің арқаны үзіліп, Исонокамимаро жерге құлап түсті. Белі сынып, есінен танып қалды. Серіктері жедел көмектесе бас­тады. Исонокамимаро есін жинап, жұ­мыл­ған алақанын ашып еді, қарлығаштың қатып қалған құмалағы екен.
Кагуяхимэнің сұлулығы күн сайын арта түсіп, даңқы бүкіл әлемге шарық­та­ды. Оның көркін көрмей ғашық болған жігіттер де көбейді. Тенши деген мырза жігіт: «Бұл өзі қандай екен, өз көзіммен көрейінші» деп, Кагуяхимэнің еліне қарай бет алды. Сәнді күйме дарбаза алдына тоқ­тағанын көрген кемпір мен шал: «Бұл кім болды екен?» деп қараса, әйгілі Тенши мырза екен. Қариялар қо­нақты құр­мет­пен қарсы алды. Қызды көр­ген Тенши есі­нен танып қала жаздады. «Менің сарайымда тұрғың келе ме?» деді ол Кагуяхимэге. «Жо-оқ, мені атам мен әжемнен айыруға болмайды» деп жауап берді қыз.
Кагуяхимэ қарияның үйіне келгелі қаншама жылдар өтті? Содан бері ол күнде кеш бата мұңайып, аспандағы Айға мұңын шаққандай, көк жүзіне ұзақ-ұзақ қараумен болды. «Қарағым, шырағым Химэ, сонша қайғылы күйге түсетіндей не болды?!» деп атасы мен әжесі жалынса да, Кагуяхимэ үндемеді. Ай күнтізбесі бойынша 15-нен 16-на қараған түні Кагуяхимэ көз жасын төгіп, мұңайып жылайтын болды. Өйткені, оның Ай еліне оралатын мерзімі жетіп еді. «Осы жолғы джюгоя кешінде Ай елінің өкілі мені алып кетуге келеді. Атам мен әжемнен ажырайтынымды ойлап қайғырамын», – дейді. Қариялар қыздың бұл сөзіне таң­данып, «Біз Кагуяхимэні титтей кезі­нен ба­ғып, тәрбиеледік. Ол біздің туған бала­мыздай. Ешкімге бермейміз», – дейді. Ал Кагуяхимэ болса, «Ай елінің өкіліне ешкім қарсылық көрсете алмайды» деп, көз жасын одан сайын көлдетіп, егіле жылады.
Қария сиынатын орынға барып, пе­ріш­телерге: «Осы жолғы джюгоя түнінде Ай елінің өкілі Кагуяхимэні алып кетуге келмек. Қалай да бермей, алып қалуды сізден сұраймын» деп періш­телерге жалбарынды. Періште басын изеп: «Жарайды, бәріміз жабылып, Кагуяхимэні алып қалайық» деп жауап берді. Джюгоя кеші де келіп жетті. Періш­те­лер қарияның үйін айнала қоршай бастады. Кенет Ай жап-жарық боп кетті де, одан ақ бұлт баяу қалқып төменге түсе бастады. Бұлт үстіне қонып алған Ай елінің өкілдері еді. Періштелер садақ­та­рын дайындады. Сол сәтте не болды деңіз? Ауыл халқы кенеттен қалшылдап, селкілдей бастады да, көздері тұман­данып, еш нәрсе көрмей қалды.
Ай елінің өкілдері: «Кагуяхимэ, біз келдік», – деді. Кемпір қызды құшақтап, жібергісі келмесе де, Кагуяхимэ баяу сыр­ғып әжесінің құшағынан ажырай бастады. «Ата, әже, мені бағып, тәрбиеле­гендеріңіз үшін мың алғыс. Екеуіңіз бақытты өмір сүріңіздер» деп, Кагуяхимэ қарияларға қоштасу сөзін айтты. Ол кимоносын қалдырды. Өзін баққан ата-әжесіне арнап шығарған қоштасу жырын әнімен қосып жазып қойған еді. Ән жазылған хатты да қалдырды.
Ай әлемінен келген өкілдер Кагуяхимэге әдемі қауырсындардан тігілген көйлекті кигізді. Кагуяхимэнің жарқ-жарқ етіп күймеге мінгені ғана көрінді. Кагуяхимэ мінген күйме алып бұлтқа оранып, ғаламат Ай нұрын сепкен аспан еліне көтеріліп, көрінбей кетті.
Ал қария Кагуяхимэні тауып алған бамбук Нарада өсіп тұр. Нара префек­ту­ра­­сындағы Китакацураги уезіне қарасты Коурйоу шаһарында Такэтори деген жер бар. Жапон елі Такэтори бағын «Такэторимоногатари» ертегісімен байланыстырады. Нара қариялары баққа немереле­рін ертіп апарып, Ай нұрынан жаралған ару туралы ертегіні осылай баяндайды.

ЖАУЫНДЫ КҮНГІ ЖҮЗДЕСУ

Нара бағындағы ағаштан тұрғызылған көне сарайлардың арасы. 1300 жыл бұрынғы Ямато дәуірі ме, әлде ХХІ ғасыр­дағы техникасы дамыған елдің шаһары ма? Стансадан түскен сәттен ежелгі Жі­бек жолы тұсындағы ауыл шықты алдыдан. «Киотономиябини, Наранохинаби» деген сөздің мәнісін бұл шаһардың ықы­лым заман ауылына тән келбеті дәлелде­гендей. Иә, Киото – кербез қала болса, Нара нар тұлғалы ерлердің қолымен тұрғызылған күйі, бірде-бір бағаны өз­гер­­меген қалпы сақталған ауыл кей­пін­дегі шаһар. Нара ел астанасы болған заманда салынған Тоудайдзи – ұлы Шығыс ғибадат­хана­сында ұлы шебер­лердің қолының табы қалғандай. Бүгінде маңызы зор мәдени мұра ретінде қор­ғауға алын­ған бұл кешендегі Дайбуцудэн дүние­жүзіндегі ең үлкен ағаш ғимарат ретінде белгілі. Нарадағы үйлер де алғашқы кейпін сақтап отыр. Әлемдегі ең көне ағаш ғимарат та Нарада. Хоурюдзидің Кон­доу сарайының оюлы жақтауларына қарап тұрып, тозды деуге болмайтын көне өркениет туындысы қаншама дәуір өтсе де өзгеріссіз қалғанына таңданасың. Мыңжылдықтардың куәгері боп тұрған Дайбуцудэн сарайының ені о баста 87 метр болыпты. Нью-Йорктың символы са­налатын Бостандық монументі сыйып кетеді дейді.
Архитектураның ғаламат үлгілерін Шығыс мемлекеттерін аралағанда көреміз. Тоудайдзи, Тоуфукудзи, Касуга, Хйодзйо, Хоурюдзи, Якушиджи, Тошйодайдзи сарайларын аралап жүргенде өзің өмір сүріп жатқан заман есіңнен шығып кетеді. Тұнық ауа, жанға жайлы климат, алып дарбазалар мен шағын шарбақтар, мөлдір бастау суы, балығы алаңсыз жүзген айна көл – нағыз ауыл көрінісі. Шөбі күзде де сарғаймайтын шабындықта еліктер жайылуда. Құрала­йын ерткен еліктер Нараның көшелерінде көп. Бұл дүниежүзіндегі еліктер мекен­дейтін жалғыз шаһар.
Нараға аяқ басқанда тайфун бастал­ған кез еді. Префектурадағы бір ауылдың тау бөктеріндегі он шақты үйі селге кетіп, толассыз жауған жаңбырдан өзен арнасынан асып жатқан. Күншығыста күзгі жауын да жып-жылы. Осакадан Нараға баратын электрпойызға мінгенде қолым­да бір газет болған. Қолшатыры бар қала тұрғындары жауынды елемей еркін басып барады. Басқа қаладан қолшатырсыз келгендері қасындағы ағаш сарай шаты­рының жиегі астына тұра-тұра қалды. Нара бағынан шығып, қалың еліктің арасымен келе жатыр едім, көне үйлердің қатарындағы «Ақпарат орталығына» көзім түсті. «Тайфун кезінде келгеніңіз-ай» деді, қабылдаушы келіншек. Екеуміз екі сағаттай әңгімелестік. Бір кезде күзетші таяу тұрған аппақ креслоны нұсқады. Пішіні қолжуғыш сияқты шұңғыл ақ «орындық» 8 балмен селкілдейді екен. Жер сілкінісінің қалай болатынын сезін­гісі келетіндер үшін жасалыпты. Оған отырудан бас тартып сыртқа шықтым. Жаңбыр әлі жауып тұр.
Вакакуса тауындағы еліктерді бақы­лап, Икома, Уда, Йошино, Аманокагуяма, Миминашияма, Унэбияма, Яматосандзан жоталарынан асып, Нараның орталық көшесіне жеткенше қолымдағы газетті қалдырмадым. Бұл жарнамасымен танысып болып, жырта салатын немесе ет ора­ған соң ошаққа пайдаланатын, әлде үй жөндегенде еденге төсейтін жай газет емес, қиын кезеңдерде от кешіп жүріп шығарған қаламгер аталардың маңдай тері сіңген «Қазақ әдебиеті» ғой. Бұл газет қазақтың басқа да газет-жур­нал­дары сияқты Жапонияның барлық ай­мағындағы танымал тұлғалар мен түрлі мекемелердің жеке қорларында сақ­таулы. Қазақ газет-журналдарын Жапо­нияның әр аймағына жеткізуде қолдау көрсеткен жапон азаматтарына алғыс айтамын.
Электрпойызбен Нараға бара жат­қан­да қасыма бір ақсақал жайғасты. Қолым­дағы газетті алып, ішіндегі «Әгугай, Нара!» деген мақаланы көргенде «оқыма­сам да мағынасын түсініп тұрмын» деп, жымиды. Қарияның келіні тай ұлтының өкілі екен. Жапон тілін жақсы білетін көрінеді. Бір қызығы қазақ газеттерін көрген жапондар оның мәнін бірден біледі. Қос халық арасындағы рухани байланыстың бір құралы осы газет екендігі белгілі. Ақсақал Нара префектурасында тұрады. Шаһар маңындағы туысының үйіне қонаққа барады екен. Аз уақытта үлкен тарихтан да біраз дүниені қозғаған қария Нара шаһарына бір станса жетпей түсіп қалды. «Ичигоичиэ» дейді жапондар. Жапон танымында әр адам маңызды және әр кездесудің ешқашан қайталанбас мәні бар деген ұғым берік орын алған. Сондықтан біреумен жүз­дес­кенде оны жасына қарамай құрметтейді. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» қағидасы осындайда еске оралады.
Нара Орталық кітапханасының директоры Мацушима Тэйичи қалыпты жағ­дайда қарсы алды. «Қазақ әдебиеті» газетін тапсырады деп күтпеген еді. Бей­небір өзі сыйлық алып тұрғандай әсерде болды. Орынбасарын, кітап­ха­на­шыларды шақырды. Біраз талқы­лаудан кейін Алматы мен Нараның арасын жалғаған «Қазақ әдебиеті» кітапхананың арнайы бөлімінде сақ­талатын болды. Тайфунда, жауын ас­тындағы Нара бағының жұпар ауасын сіңірген газет осылайша орнын тапты. Мацушима сан Жапония мен Қазақстан арасындағы әдеби-мәдени ынтымақтас­тықтың өркендеуіне үлкен үлес қосқан «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына үлкен алғысын жеткізді.
Бұл кітапханадан Нара тұрғындары бес кітапқа дейін алып оқиды. Кітаптар он бес күнге тегін беріледі. Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге арналған бөлме де жабдықталған. Аналар сәбиле­рін көрпе үстіне жатқызып қойып, кітап оқып беруіне болады. Көзі нашар көретін кісілерге кітапханашылар қалаған кітабын оқып беретін қызмет түрлері бар екен.
Нара таулы жердегі шаһар. Мәтелде аталған ежелгі астана Киотомен Кинки деп аталатын бір аймаққа жатады. Нара­ның тауларында болған ғажайып оқиға мына бір фольклор туындысында суреттелген.

БАРҚЫТ БЕЛБЕУДІҢ ҚҰПИЯСЫ

Сонау ерте заманда Нарада гүлді ерекше жақсы көретін бір қария тұрыпты. Бір күні ол ғажайып гүлді іздеп Йошино тауына барады. Қария таудың қатпар-қатпар қойнауларын кезіп жүріп әбден шаршайды. Бір кезде беткейден қамыс шатырлы үйді көрді. «Бұл тауда кісі тұрады екен ғой» деп қуанған қария жалғыз аяқ жолмен әлгі үйге таяды. Есігін қаққанда бір сұлу қыз шықты. Күлгін крібдішін көйлегі бар, қара барқыт белбеу байлаған бойжеткен ақсақалға иіліп сәлем берді. Шал қалың тау арасында үй тұрғанына қатты таңданды. «Әлде бұл елес пе екен?».
– Қандай шаруамен келдіңіз?– деді қыз жұмсақ үнмен.
– Таудан ерекше гүл іздеп келіп едім, кеш батып кетті. Түнеуге рұқсат па?
– Үй иесі болмаса да кіріңіз, – деді қыз. Үйден су алып шығып қарияның қолына құйды.
Үй-іші мұнтаздай. Үлкен пеште от лаулауда. Қыз қарияға бұрын-соңды татпаған дәмі ерекше шай берді. Алдына қойған тағам ащылау болғанмен, тіске жұмсақ екен. Шай ішіп болғанда шаршағаны басылды.
– Мына сусын адамға керемет күш береді екен. Мың ри ( 1 ри – 3,927 км.) жүгірсем де қажымаспын, – деді қария терін сүртіп жатып. – Тау тұрғындарының сусыны ма? Елсіз жерде қорықпайсың ба?
– Бұл үйге мені ғажайып күш ұрлап әкелген. Өзім киотолық саудагердің қызымын. Есімім – Хару. Бірде көршіммен Инарияма тауына папоротник жинауға бардым. Кенет қарсы алдымнан құрма түсті киімі бар, өткір көзді дін адамы шыға келді. Ол мені еріксіз ертіп әкетті. Қанша уақыт жүргенімді білмеймін, есімді жиғанда осы үйде отыр екенмін. Дін адамы мені үй иелеріне тапсырды да өзі шығып кетті. Ол кеткен сәтте әуеден сыңғырлаған қоңырау үні естілді. Дін адамын содан кейін көрмедім.
– Қызық екен. Бұл үйдің иесі кім сонда?
– Тырнадай арық, ақ сақалды тау адамы. Мен оған күнде осы шайды бере­мін. Өзі таңертең кетіп, кешке бір-ақ келеді.
Хару мұңая қарады.
– Ата, мені алып кетіңізші. Үй иесінен сұрап алыңызшы. Келін ғып аламын десеңіз де…
Шал қызды аяды.
– Расында жиырма бірдегі ұлым бар еді. Айттыруға келдім дейін.
Кешке үй иесі келді. Шалдың сөзін үндемей тыңдады.
Таңертең ол қарияға былай деді:
– Сіз іздеген өсімдікті берейін, жүріңіз. Үй иесінің қимылы ширақ. Қария да ғажайып сусынды ішкендіктен бе, жүрісі бұрынғыдан жылдам. Екеуі биік жартастың басына шықты.
– Іздегеніңіз мына гүл ғой?
Жартас түбіндегі орхидеяны көрсетті. Қария мұндай гүлді бұрын көрмеген еді. Үй иесі қарияға орхидеяны үзіп алып ұстатты да «Аялап өсіріңіз!» деді. Содан соң бейнебір құс сияқты қалықтап ұша жөнелді. Осы сәтте қария Нара шаһарын­дағы өз үйінің алдында тұрғандай болды. Орхидея өскен жерден қараса кәдімгі өз мекені. Үй терезесінен ұлының дәптерге бірдеңе жазып отырғаны көрінеді. Кемпірі Камидана (Пірге сиынатын орын) алдында шырақ жағып, сиынып отыр. Анадай жердегі дүкен алдында бүлдір­шіндер су шашып ойнап жүр. Үй-іші қария­ның қарап тұрғанын білмейді де. Кенет арт жағынан «кетейік» деген дауыс естілді. Өзін жартас төбесіне әкелген тау ішін­дегі үй иесі екен. Қария орнынан қоз­ғалғанда үйі де, шаһар да ғайып болды.
– Үйіңізді көрдік, енді қызды беруге келісемін. Таудан түсіп қайта беріңіз. Келесі күні таңертең Ямагучи деген жерден тосыңыз. Қызды сол жерге әкеле­мін.
Қария алғыс айтып, таудан түсті. Алдынан жол шықты. Осы жолмен Йошино тауындағы үйіне келді. Үй-іші қарияны іздеп әбігерге түсіпті. «Қасқыр жарып кетті ме?» деген ой да келіпті. Қария ғажайып үй, барқыт белбеулі қыз туралы айтты.
Таңертең мөлдір бұлақты Ямагучиге барды. Көпір үстінде сұлу қыз тұр. Қария қызды үйіне әкелді. Қыздың табылғаны туралы хабар Киотоға да жетті. Ат сабылтып ата-анасы келді. Сөйтсе, қызды он алты жасында жоғалтыпты. Бес жыл өтсе де қыз балғын қалпы, түк өзгермеген. Күлгін кріпдішін көйлегі, барқыт белбеуі де кірлемеген, тозбаған. Ата-анасы қызының табылғанына қуанып, Киотоға қайтты. Жеті сандыққа жасауын салып, Харуды сән-салтанатымен ұзатты.
Қарияның келіні ерекше қасиетке ие болыпты дейді. Араға екі жыл салғанда жаңа жыл қарсаңында Хару Киотодағы төркініне былай деп сәлем айтты: «Жа­қында Хигашиямада өрт болады. Ел көш­сін. Құнды заттарды алып, Нараға келіңіздер».
Төркіні аң-таң болып, жүгін тиеп, Нараға келеді. Расында Харудың айт­қанын­дай, Хигашияма от құшағында қалып, Киото күлге оранды. Жұрт Харуды «көріпкел келін» атайтын болыпты.
Хару балалы-шағалы болып, бақытты өмір сүріпті.
Бақтағы ғажайып орхидея әлі күнге гүлдеп тұр деседі…
Нара ежелгі Ямато (Жапония) елінің өркениетті шаһары болғандығын, Орта Азиямен мәдени байланыста ерекше маңызы бар мекен екендігін ел тарихынан білеміз. Жапонияның басқа аймақ­тарының аңыз-ертегілерінде кейіпкер киімі кимоно деп беріледі. Ал Нарадан жазылып алынған жоғарыдағы аңызда қызды «күлгін крібдішін көйлек киген, қара барқыт белбеу байлаған» деп суреттеген. Бұл киім үлгісі қазіргі жапонның ұлттық киімі кимоноға сәйкес емес. Кимононы жібек кездемеден тігеді, «оби» деп аталатын жалпақ белбеуі де барқыт емес, жібек болады. Аңыз сюжеті Нара­ның ежелгі көшпенділер дәуіріндегі өрке­ниет шаһары екендігін дәлелдейді. Нара­дағы көне қабырға суреттерінде етегі тар, дәстүрлі кимоно емес, кең көй­лекті, ұзын шапан киген адамдар бейнеленген. Асука кезеңінің түрлі-түсті ға­жайып мұрала­рын айтсақ та болады.
Ал Ай нұрынан жаралған ару туралы аңыз сюжетінің Оғыз қаған жырымен ұқсастығы туралы «Күншығыс аңыздары» деген еңбегімізде жазғанбыз.
Нара – жапон әдебиетінің ордасы, Күншығыс өркениетінің бесігі. Нара префектурасындағы Сакураи шаһа­рын­да «Манъйошю» поэзия антологиясынан алынған 62 жыр тасқа қашалған. «Манъйошюге» өлеңдері енген ұлы ақындардың есімдері Нара префек­турасының Кашихара қаласындағы тасқа бедерленген. Кашихара – тұңғыш император Джим­мудың сарайы са­лынған тарихи орын. Әйгілі Фудзивара руы Сайтамадан кен қазып, алғашқы жапон ақшасын құйып шығарған. Нарада мәдени мұра ретінде ерекше қорғауға алынған 200 архитек­туралық нысан бар. Ұлттық музыка, этногра­фия­лық заттар, әдебиет жанрлары, тағам түрлері мен сакэ сусыны да тари­хын Нарадан бастайды. Нара мыңда­ған жылдар бұрын Орта Азиямен әдеби-мәдени байланысқа қақпасын ашқан, елдің ежелгі астанасы. 712 жылы «Кодзики», 720 жылы «Нихоңги», «Манъйошю» шежірелік кітаптары мен поэзия антологиясы Нарада жазылған. Кии тауларын күнде көрсең де, Йошиногава, Яматогава, Тоцукава өзендерінің жағасында қанша серуендесең де Нара ешкімді жалықтырмайды.

СУДЗАКУ – ОҢТҮСТІК ӘМІРШІСІ

Киото шаһары алғаш салынған кезең­де – Хэйанкйоу, ал Нара – Хэйдзйокйоу деп аталған. Жапон ғалымдары Нара да­ласында тұрғызылған шаһарда қол­өнер­дің, ауыл шаруашылығының бірнеше мың жыл бұрын орныққанын дәлелдеген. Шйоуму императордың кезінде Фудзивара әулетінің көсемдері Хэйдзйокйоу сарайын жабдықтап болғанда ұлы Судзаку қақпасы ашылған. Осы кезде қазақ даласының Оңтүстігіндегі Созақ жерінде бір өркениет шаһары болған-ды…
Императордың әмірімен бой көтерген астананың төрт қақпасы бар еді. Шығыс танымында шаһарды төрт тараптан әулие Пірлер қорғайды деседі. Әр қақпа Пірдің атымен аталады. Солтүстікті Гэнбу, Шы­ғыс­ты Сэйрю (Көк айдаһар), Оңтүстікті Су­дзаку (Қызыл торғай), Батысты Бякко (Ақ жолбарыс) жебейді екен. Бұндағы құс пен аң атаулары таңбалардың тікелей аудармасы болып табылады. Сонымен бірге Солтүстіктен тау, Шығыстан өзен, Оңтүстіктен көл, Батыстан жол ашылады деп есептейді. Мұның барлығы алғаш астана салынған кезеңнен жеткен сим­воликалық түсініктер.
Нара бір жарым жылда салынған ша­һар. Атауы Хэйдзйокйоу деп таңбалан­ғанмен, «Нараномияко» (Нара астанасы) деп оқылған. Судзаку сарайдың алдыңғы қақпасы болып табылады. Биіктігі – жиырма метр, қос қабатты қақпа шетел де­­легациясын қарсы алатын орын ретін­де халы­қаралық роль атқарған. Жапон миф­терінде Шығыс билеушісі Көк айдаһар болса, Оңтүстік әміршісі – Судзаку. Аузы Оңтүстікке қараған қызыл түсті алып қақпаның алдына келгенде оңтүстік астана Алматы ойға оралды. Екеуі де нарттай қызыл алманың атасы салған шаһарлар. Алайда, ежелгі Алматының қандай болғанын ешкім білмейді.
Осакаға бет алған электрпойыз теміржолмен зулап келеді. Шіркін, осы жолмен Созаққа тура тартар ма ед!..


Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,

«Қазақ әдебиеті»

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ