«Алатау» театры Сарыарқаның сайын даласын «сазды әуенмен тербетті»

0
198

ЭКСПО. Төрткүл дүние көз тіккен дүниежүзілік көрме, дүбірлі мереке. ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында алғаш рет «ЭКСПО – 2017» көрмесін өткізіп жатқан еліміздің Астанасы қаптаған халық пен шетел туристеріне толды.  Алты Алаштың Ақордасы ән мен жырға бөленді.

Халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесіне орай Алматы мәдениет күндері аясында «Алатау» дәстүрлі өнер театры да Астанаға гастрольдік сапармен барып, дүбірлі мерекеге үн қосып қайтты.

dsc_1665-2

16-17 маусым күндері Астана Жастар театрында және Этноауылда театрдың концерттік бағдарламасын қойып, «Інжу-маржан», «Мәңгілік мұрат» дәстүрлі музыка кештерін өткізді. Ұлттық өнерімізді ұлықтап, рухани мұрамызды дәріптеу мақсатында өткен кештерге театрымыздың қарасөздің қаймағын қалқып, сүбелі сөзді сарқыттай сақтаған, семсерін жырға суарған, от ауызды, орақ тілді жыршылары мен термешілері және көмейіне бұлбұл ұялаған жезтаңдай әншілері өнер көрсетті. Олардың көшін бастап дәстүрлі ән өнерінің насихаттаушылары, халыққа танымал өнер иелері Сәуле Жанпейісова,  Еркін Шүкіманов, Жәкен Омаров, Аманқос Садықов, Алма Аманжолова сынды сахна майталмандары тұр. Сонымен қатар, Бағдат Самединова, Нұржан Жанпейісов, Мұрат Әбуғазы, Талғат Әбуғазы, Болат Бөкенов, Саят Медеуов және «Қоңыр» тобы мен «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің қатысуы дәстүрлі музыка кешінің сәнін келтіріп, көркін қыздыра түсті.

dsc_1639-2

Жанды дауыста, ұлттық музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен өткен концерттік іс-шараны Арқа жұрты және Астана қаласының қонақтары жылы қабылдады. Оны зал толы көрермен мен олардың  ыстық ықыласқа толы қошеметінен байқадық.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Мәдени мұра» бағдарламасында: «адамзат тарихының күретамыры – мәдениет. Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты» деп атай отырып, «мақсатымыз – халқымыздың өскелең рухани-мәдени сұранысын қанағаттандыру» деген болатын. Ендеше, ата-бабамыздан мұраға қалған ұлттық өнерімізге қамқорлық көрсету, оны жан-жақты насихаттау мақсатында шаңырақ көтерген «Алатау» дәстүрлі өнер театрының атқарар қызметі зор.

19221747_275809189557474_4868074413501156049_o-2

Әлемнің алты құрылығынан, дүниежүзінің алпауыт мемлекеттері бас қосқан «ЭКСПО – 2017» дүниежүзілік көрмесінде өнер көрсеткен театр өнерпаздары Астана аспанында ән шалқытып, Сарыарқаның сайын даласын сазды әуенмен тербетті. Артылған істі абыроймен атқарды. Алайда, үміт ақталды, іс тынды деп арқаны кеңге салатын театр ұжымы емес, олар бүгінде кең тыныс, жаңа леппен «Ұлы дала рухы» көшпенділер фестивалінде қойылатын концерттік бағдарламаға дайындық үстінде. Фестиваль «Алатау» ауданы «Боралдай сақ қорғанында» өтеді. Келіңіздер! Исі қазақтың иісі аңқыған көшпенділер өркениеті фестивалінде кездесейік!


Мөлдір ЖАМИХАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ