Алапат апат қарсаңындағы жағдайлар

0
184

Қарақұм құрылтайынан кейінгі жылдары Әбілқайыр ханның әскери жасақтары терістік-батыс шекараны қорғауға батыл кірісті. Еділ қалмақтарымен, Жайық казачествосымен, тіпті башқұрттармен де жиі-жиі шайқасып қалып жүрді.

Әбілқайыр ханның өзі де әлсін-әлсін ел тыныштығын бұзушыларға қарсы шабуылдар жасап қоятын. Қазан қаласына дейін барды. Жайық қалашығын айдан астам уақыт бойы қоршауға алып тұрды. Оңтүстік Орал, Еділдің орта ағысы және Сібір аймақтарындағы қазақ елімен шектесетін жерлерде өте шапшаң, жұлдызша аққан  тұлпарлармен шапқан қазақ сарбаздарының көрінуі патша әкімшіліктеріне едәуір қобалжу туғызды. Жігіттердің патшалық жеріне терең сұғына жорықтар жасауы Астрахан, Қазан, Сібір губерниялары әкімшіліктеріне қорқыныш туғызып қана қоймай, солардың бас қолбасшысы Әбілқайыр ханның есімін әбден танып алды. Ресей губерниялары мен Қазақ хандығы арасында елшілер толассыз жүріп жатты. Екі жақтан алынған тұтқындарды босатудың яки өзара алмасудың жолдарын келісу, қазақтар мен ресейлік бодандар (Жайық және Сібір казактары, қалмақтар, башқұрттар) арасындағы әскери қақтығыстарды, түрлі өзге де кикілжіңдерді шешіп, ретке келтіру, сондай-ақ сауда-саттық байланыстарын дамыту, көпестердің қазақ халқы ішіне баруына жағдай туғызу, дала үстімен өтетін сауда керуендерінің қауіпсіздігі мәселесін шешу – келіссөздердің негізгі тақырыптары болды.

1715 жылы Түркістанда Тәуке хан дүние салды. Қазақтың бас ханын арулап қоюға үш жүздің де хандары, кейбір қалалардағы кіші хандардың бәрі, сұлтандар, билер мен ел ішіндегі өзге де бас адамдар түгел қатысты. Қаралы астан кейінгі мәслихатта ел басқару тізгінін кім ұстайтыны талқыланды. Қазақтың көне заманнан келе жатқан жасы үлкенді сыйлау хақындағы жол-жорасына сәйкес,  жалпықазақ әміршісінің өкілеттіліктері хан тағында отырған мерзімі мен жасы есепке алынып, жүздердегі хандардың біріне берілгені жөн деп шешілді.  Солай таңдалған аға хан өз аймағындағы билігімен қоса, басқа әріптестерімен ақылдаса отырып Әз Тәукенің міндетін атқарсын, сондай тәртіп ел бірлігіне тиімді қызмет етеді деген ұйғарымға тоқтасты. Сөйтіп, қазақтың аға ханы  ретінде Тәукенің көзі тірісінде ең бірінші болып шығыс өлкеде хан мәртебесіне көтерілген Қайып хан танылды. Осы оқиғаның артынша, сол 1715 жылы, бұл жайында Әбілқайыр хан орыс патшасының Тобыл (Тобольск) қаласындағы сібірлік өкіметіне хат жазып хабарлады. Қайып ханның өзі де Тобылдағы губернатор әкімшілігіне жіберген арнайы елшісі арқылы хат жолдап, Әз Тәукенің ізбасары болғанын баян қылды.

Сібір аймағы өкіметінің басшылығына тағайындалған Матвей Гагарин губернатор қызметіне 1711 жылы кіріскен-тін. Ол мұнда Қайып  қаза тауып, Әбілқайыр аға хан  болған 1719 жылға дейін істеді. Губерния әкімі кезінде Тәуке ханмен, Қайып ханмен, Әбілқайыр ханмен хат жазысып, елшілерін қабылдап, өзі де оларға елші жіберіп, жиі  байланыс жасап тұрды. (Ол ертеректе Нерчинскіде воевода болған. Тобылда губернатор лауазымында отырғанында Сібірдегі обаларды қазғызып, көне заман көсемдерімен бірге көмілген алтын бұйым, әшекейлерді жиып алған да, І Петрге жіберіп тұрған. Мәскеу мен Петрборда зәулім сарайлары бар, Ресейдегі ең бай адамдардың санатына жататын. Губернатор шағында Қытаймен жасырын сауда-саттық жасағаны, Сібірден үкіметке төленуі тиіс алым-салықты кем бергені, тіпті Сібірді дербес мемлекет ретінде бөліп алмақ ойы бары анықталған да,  Петр патша оны 1721 жылы сыбайлас жемқор ретінде Санкт-Петербургте дарға астырған. Елдегі өзге коррупционерлерді үрейлендіру үшін, мәйітін бірнеше ай бойы дарға асулы тұрған күйі алаңнан алаңға көшіріп, ел назарына ашық көрсетіп қойып отырған деседі). Гагарин аталған хандардың үшеуіне де  жоңғар қонтайшысының Қазақ хандығын жаулап алуды көздейтін  орасан зор жоспары бар екенін айтып, орыс патшасынан қолдау іздегендері жөн деген мағынада кеңес берген. Егер олар Ресей мемлекетіне бағынар болса, аталмыш жаудан қорғануларына өзінің көмектесе алатынын айтқан. Алайда жеме-жемге келгенде олай етпеді. Қайып хан мен Әбілқайыр хан жоңғарға қарсы орыс әскерімен бірлесіп жорық жасау жайында 1717–1718 жылдары ұсыныс білдірген, бірақ қолдау таппады. Өйткені орыс үкіметі, шындап келгенде, Жоңғарияның әлсірегенін қаламайтын. Ресейге бұл көшпенді хандық сол шамада күшейіп келе жатқан Цин-Қытай империясына қарсы күш ретінде қажет еді. Әрі, жоңғарлар да, Еділ бойындағы қалмақ туыстары секілді, орыс патшалығының бодандығын қабыл етер деп те үміттенетін. Сондықтан Гагарин қазақ хандарының жоңғарға қарсы бірлесіп қимыл жасау жайындағы нақты ұсынысын құрғақ уәдемен алдаусыратып,   әскери көмек сұраған өтінішіне сырғытпа жауап берумен шектелді. Ал орыс үкіметінен әскери жәрдем ала алмаған  қазақ армиясы 1917 жылғы жазда Аягөз  өзені маңында қалмақтардан ойсырай жеңілді. Бүгінде бұл жәйтті тарихшылар  Қайып хан мен Әбілқайыр ханның алауыздығы салдарынан орын алды деп бағалауға құлаған…

Шығыста Цеван Рабдан қонтайшы орыс экспансиясына азу тісін көрсетіп қалып жүрді. Гагарин Сібірге әкім боп тағайындалар қарсаңда, І Петрдің жарлығымен Бие және Катун өзендерінің құйылысындағы қазіргі Бийск қаласының орнына 1709 жылы Бикатун қамалы салынған болатын, жоңғарлар соны жаңа әкім тұсында тас-талқан еткен. Одан олар Петр патшаның Ертіс аймағынан алтын іздеуге аттандырған экспедициясын жойған. (Подполковник Бухгольц басқарған үш мың адамдық экспедиция  1715 жылы Тобылдан шыққан еді, оны жасақтауға Гагарин жауапты болатын. Экспедиция сәтсіздікке ұшыраған соң, оны жорыққа дайындауды ұйымдастыру жұмысын нашар жүргізген деп, үкімет Гагаринді айыптайды). Экспедицияға қатысушының біразы тұтқынға алынған-ды. Тұтқындар ішінде  швед артиллерия сержанты Юхан-Густав Ренат болатын. Ол 1709 жылғы Полтава шайқасы кезіндегі соғыс тұтқыны еді, содан орыс әскерінде қызмет етіп, патшалықтың шығыс шегінен бір-ақ шыққан. Ренаттың қолға түсуі Жоңғар хандығы үшін нағыз олжа болды. Ол хандықта 17 жыл қызмет етті. Зеңбірек құятын зауыттар салды. Кен өндіру зауыттарын ашты. Оқ-дәрімен атылатын қару-жарақ жасауды жолға қойып берді. Өстіп, жоңғар тұтқынында жүрген ресейлік әскери адамдардың арқасында, Жоңғар хандығында соғыс өндірісі пайда болды. Хандықтың әскери күш-қуаты артты. Мұның І Петрді алаңдатып, ойландырғаны сондай, мәселенің насырға шабуы ықтималдығының алдын алу үшін, 1716 жылы Цеван Рабданға арнайы елші жіберуге мәжбүр болды. Сосын казактар мен солдаттар қайтадан Ертіс бойымен жоғары өрлей бастады. Олар әр басқан жерлеріне қамалдар салып, қарулы  гарнизон қалдырып отырды. Ал жоңғар қонтайшысы орыс сынды күшті қарсыласпен тікелей айқаса кетуден тартынды. Әскери теке-тіреске барудан, соғысудан қашқандықтан, орыс экспедициясының шығысқа қарай тек Ертіс бойымен жасаған экспансиясына көз жұма қарады. Ертіс пен Обь арасында көшіп-қонып жүрген Алтай көшпенділерін ішкі аудандарына қоныс аудартты. Сыртқы саяси жағдай күрделі сипат алды.  Хандығына қарайтын аумақтың біразынан айрылуға тура келді. Дегенмен Жоңғарияның өз ішінде халықтың тығыз болуын қамтамасыз етті.  1715 жылдан бері жоңғарлардың негізгі әскери-соғыс қимылдары екінші ойрат-цин соғысы майдандарына ауысқан болатын. Ал 1717 жылдан бастап соғыс Кукунор (Көк көл) аумағы мен Тибет жерлерінде жүріп жатты. Кукунор хандығы Тибеттегі буддизм орталығының үстінен қарайтын, ал бұл Цин-Қытай билеушілері үшін – жол беруге болмайтын жәйт еді, сондықтан олар өз әскерін солай қарай бағыттап, 1719 жылы Тибетке басып кірді. Оның алдында ойраттар Тибетті басып алып, Лхасаны талан-таражға түсірген. Енді өздеріне соғыс аша келген цин әскерін талқандады. Сонда Цин-Қытай императоры Канси Тибетке арнайы әскери экспедиция жіберіп, ойраттардың сондағы хандығын 1720 жылы мүлдем жойды. Одан Хами, Тұрпан алқаптарын алды. Жоңғар хандығына кіруге дайындалды. Тибеттегі жеңісті шеруінің жалғасы ретінде, 1720–1721 жылдары Шығыс Түркістанға жорық жасады. Үрімшіні басып алды. Жері мен қаласын өзіне қайтару үшін жоңғарларға үлкен күш-жігер жұмсауға тура келді. Осы шақта Қара Ертіспен жүзген Ресейдің экспедициялық  күштері Жоңғарияның тап ортасынан шыға келді.  Жоңғарлар олардың өзен бойымен ілгерілеуін көрмегенсігенмен, тап мұнысын күтпеген болатын. Онсыз да циндермен, халхалармен, қазақтармен соғысып жүргендіктен, енді орыстармен арада жаңа майдан тууы олар үшін  мүлдем қолайсыз еді. Сондықтан Цеван Рабдан шұғыл аттандырған елшілік І Петрге көмек сұрай барады, алайда оң нәтижеге жете алмайды.

Сол 1721 жылы  І Петр Cолтүстік соғысында жеңіске жетіп, ел аумағын Балтық теңізі жағына қарай кеңейткен. Содан соң патшалықты империя, өзін император деп жариялаған. Ал сенат императорға Ұлы Петр деген атақ берген. Жаңа мәртебе Ұлы Петрге ұлан-ғайыр жаңа жоспар жасатты. Ол оңтүстік-шығыс бағытқа назарын тікті. 1722 жылдың басында Жоңғар әміршісі Цеван Рабданға арнайы елшілік аттандырды. Құрамында геодезия және тау-кен ісі мамандары бар, яғни ғылыми сипатты бұл экспедицияны артиллерия капитаны Иван Унковский басқарды. Унковский басқарған осынау елшіліктің алдына тек қана қонтайшымен дипломатиялық келіссөздер жүргізу ғана емес, сонымен бірге Сібірден Орта Азияға баратын өзен жолдарын зерттеп, алтын кенін іздей қайту міндеті қойылған болатын. Миссия керуені ерте көктемде Тобылға келді, одан жалпақ табан қайықтарға мініп, Ертіс бойындағы Семейге, сосын Ертістің сол жақ саласы Шар өзені аңғарымен Қалба қырқаларына барды, үлкен қиындықпен қалың қарлы Тарбағатайдан асты. Еміл өзенінен өтті. Содан кейін Алтын-Еміл қырқаларымен жүріп,  күзде Жоңғар қақпасы арқылы жазыққа шықты, тағы біраз жер-суды артқа салып, 1722 жылғы қарашаның соңына қарай Іле өзенінің орта ағысындағы қонтайшы ордасына жетті.

Бұл кезде Цеван Рабдан қытай қатері және қазақ елін шабу жайын ойластырып отырған…

(Жалғасы бар)


Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымының кандидаты

ПІКІР ҚАЛДЫРУ