Академиктер әулетi

0
222

Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенова. Бұл қос есім сонау мектеп жасынан-ақ бізге аса таныс. Сыныптан сыныпқа көшкен сайын әр 1 Қыркүйекте қолымызға тиер оқулықтың алғашқы бетін асыға ашқанымызда, ең бірінші көзге түсетіні де осы есімдер болатын. Оқушы күнімізден жарыса оқып, танымымызды өсіріп, көкжиегімізді кеңейткен осынау оқулықтардың авторымен жүзбе-жүз кездесу бала ұғымы үшін ертегілер елінде болатын қиял-ғажайыптай көрінетін. Ойласақ болды, көз алдымызға данышпан адамдар елестейтін. Сондықтан болар, межелі уақытта академиктердің ауласына келуін келсек те, тетікті басуға жүрексініп тұрып қалдық. Арғы жақтан бала қиял жетелейтін ертегілер елінің есігі айқара ашылатындай ерекше бір сезім толқынысына түстік. Балалық шаққа саяхат жасаймыз деп, уәделі уақыттың 10 минутын өткізіп алғанымызды байқамаппыз да. Қоңырау соғылды. Қақпаны сәнді киінген, шашы жарасымды етіп жиналған апа ашты. Тек суреттен көріп, біз де осы кісіге ұқсасақ деп сырттай тамсанып жүретін әдемі апай осы — Әлия Бейсенова. Міне, қос қабатты коттедждің табалдырығын да аттадық. Тап-тұйнақтай етіп жиналған бөлмелерді басып ауызғы үйге өттік. Төрде кемеңгерліктің биік эталонындай болып отырған абыз ақсақал Серік атаға сәлем бердік. Ата әдеттегіше сабырлы, бірақ нұр толы жанарынан мейірім шуағы төгіледі. Қорқыныш билеген бойымызды енді мақтаныш сезімі керней бастады. Үстелді жағалай жайғасып, Әлия апаның сүт қатқан тәтті шайынан іше отырып: — Өздеріңіздің ақылдарыңызды тыңдап, тағылымды өмірлеріңізден үлгі алып кетуге келдік, — деп, бұл шаңыраққа келуіміздің себебін түсіндіре бастап едік; – Ақылы көп заманда қазір ақыл айту да қиын ғой, — деп академик ата бір күрсініп алды.

— Ата, сонда да әңгімемізді ақсақал дейтін сөзден бастайықшы. Қазір осы бір ұғымға саятын қария бар ма немесе бүгінгі ақсақал қандай болуы керек?

СЕРІК АТА:

— Ақсақал деген дәстүр сый­лаған қазақтай елдің салтында бар нәрсе ғой. Үлкен, көпті көрген, өмірдің сабақтарынан өткен адамдардың тәжірибесі көп болады. Тәлімін айтып, жұртты ұйытып отыратын сондай адамдарды халық ақсақал дейді. Алайда кімнің ақсақал, кімнің ақсақал емес екенін білу бүгінде оңайға түсе қоймайды. Заман дегеннің өзі адамның тұғырын бұзып жіберді. Елдің көпшілігі ақсақалдыққа дайын емес. Сондықтан жасы келгендердің бар­лығын ақсақал деп айта алмаймыз. «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деп қазақ тегін айтпаған ғой. Дегенмен, халықтың дәстүрінде бар нәрсе жоғалмайды. Осы жасқа дейінгі өмірімде мен бірқатар адамдармен, үлкен кісілермен етене араластым. Көптеген адамды көрдім. Солардың ішінде жасы ұлғайған сәтінде, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ақсақалдығын жоғалтпағандар біздің ортамызда болды. Мысалы, кешегі Бәйкен Әшімовты, көп жыл Қазақстан Үкіметін бас­қарған Нұртас Оңдасыновты, қазіргі көзі тірілерден Мақтай Сағдиев, Сағадат Нұр­мағамбетовтерді шын мағынасындағы ақ­сақалдардың қатарына жатқызамын. Сағадат деген әскери саладағы адам, бірақ азаматтық қалпын да, мінезін де, салмақтығын да – бәрін сақтаған ерекше бір керемет жан. Шын мағынасындағы ақсақалдар деп осыларды атауға болады деп ойлаймын. Сондықтан ақсақал деп шашы ағарғанның барлығын атап, сөздің қадірін тым арзандатып жі­бермеген дұрыс. Елдің бәрінің арманы, бәрінің тілейтіні – қазақтың қазақтығын сақтап қалу. Осы бір ұлы мұраттан біз Тәуел­сіздік алғаннан бері көп үміттеніп едік. Еліміздегі бүгінгі ахуалдар бұл сенімімізді біртіндеп азайтып бара жатыр. Мен сендерге шынын айтайын, ана тіліміздің келешегі әлі де бұлдыр. Қазақтың саны артқанымен, қазақша сөйлейтіндер көбейген жоқ. Туған тілдің насихатталуы әлі де жетпейді. Ана тілін көркейтіп жатырмыз дейтіннің бәрі құр босқа ақша шығару ғана. Ортақ мүддеге жұмылып жатқандары некен-саяқ. Ұлттық тәрбие тек тілге жетіктікпен шектелмейтінін ескеру керек. Халықтық музыка мен салт-дәстүрлеріміз де – қазақылықтың негізгі қай­нар көзі. Ауызекі сөйлей білумен қазақ тілінің өркені өспейді. Қазақша ойлап, қазақша жаза да білу керек.

 

ӘЛИЯ АПА:

—  Қазір педагогика дегенге біз шетелдің әдістемелерін жаттап алып, соларды алға тартамыз. Басқаға бармай-ақ, Абай­дың қара сөздерінің тәрбиелік мәні қандай зор. Ол үшін баланы ұлттың дәстүрін біле­тіндей сауаттандыру керек. Қазақта жыр-толғаулар жетеді. Әлемдік музыканы мең­гермес бұрын, әуелі қазақтың дом­бы­ра­­сының құдіретін бойға сіңірген жөн. Мысалы, Моцарттың, Штраус­тың туындыларын жақсы көремін. Ол – классика. Алайда, Құрманғазы, Тәттімбет, Динаның күйле­рімен ғұмыр кешемін. Бүгінгі жастар ұлағатты, білімді, дарынды адамдарды білмейді. Осыған қарнымыз ашады. Абайды Ұлы Отан соғысында қайтыс болды дегенге қалай шалқаңнан түспейсің? Шо­қанды білмеген жастан қалай түңілмейсің? Сондықтан бала тәрбиесіне немқұрайлы қарамаған абзал. Оның ең басында ана тіліміз, ұлттық тағылымымыз жатуы керек.

 

—  Студенттік жылдарыңыздан бастап қалада тұрып келе жатырсыздар, бірақ сөйлеген сөздеріңізден, отбасыларыңыздан қа­шанда қазақылықтың исі аңқып тұрады, мұның сыры неде?

 

СЕРІК АТА:

— Біз таза қазақ отбасында өскен адамдармыз ғой. Әлия да біздің елдікі. Әкелері үлкен ауқатты болған да, кезінде тәркілеуге ұшырап, жер аударылып кетіп, екеуміз кейін Алматыда та­быстық. Шешесі 1986 жылы 96 жасында қайтыс болды. Қазақы тәрбиедегі ибалы адам еді. Туған анамдай болып кетті. Ағайын-туыс, дос-жаран, елден келетін жамағайын үйімізден үзілген емес. Қазақы болатын се­бебіміз сол. Апамыз Арқаның баяғы дәстүрі бойынша, қонаққа ет берген уақытта туратпай, қазанға мүше-мүше­сімен салдыратын. Біз дүкеннен таразыға тартып ет алып көрген адамдар емеспіз. Қойды тұтастай алып, қыста соғым союды әдетке айналдырдық. Ол дәстүрлер бізде сақталып қалды. Апам өмір­ден өтсе де, Әлия осы күнге дейін етті дас­тарқанға тұтастай қояды. Бұдан өзге елден білім іздеп келген туысқандарымыздың балаларының барлығы да біздің қолымызда оқыды. Кішкентай үйіміз, бір ұзын үсте­ліміз бар болатын. Барлығымыз жағалай отырып тамақ ішеміз, ұйықтар кезде бәрі осының астында аяқтарын созып-созып жіберіп жата қалады да, мен үстелде отырып диссертация жазатынмын. Біз осы қалпымызға бірден түсе қалған жоқпыз, тағдыр ұсынған қиындықтың барлығынан өтіп келдік. Маңдай тер, адал еңбегімізбен жеткенімізді елдің бәрі біледі. Мен өзім шамам келгенше кез келген мәселеге адалдық­пен қараймын, бұра тартатын жерім жоқ. Бір шаңырақта тұрғандықтан, әсер етпей тұрмайды, Әлекең де ол жағына таза, адал.

 

ӘЛИЯ АПА:

— Еңбектің зейнетін көріп отырған шақта бәрі әдемі көрінгенмен, біз ғылымға оңайшылықпен келген жоқпыз. Ғылым жолы – ауыр жол. Ғалым болу – ол бір затты қопарып тастап, жаңалық ашу емес. Ізденісіңді қорытып, соны пайдаға жаратып, білгеніңді әрі қарай дамыту. Ал оны отбасымен ұштастыру тіпті қиын. Бірақ, біз сол ауыртпалықтың барлығын ең­бекпен жеңдік. Біріншіден, отбасының бірлігі, екіншіден, адамның өзінің жеке басының намысы деген болады, яғни мақсат еткен мұратыңды жетер жеріне жеткізіп, ұзақ уақыт бір қалыпқа түсіріп, содан қо­ры­тынды шығару. Қазақтың қай азаматын алмаңыз, бәрі де қазір сауатты, бәрі де елдің тағдырын ойлайды. Бірақ, сол ізгілікті ары қарай дамытып алып кете алатындары сирек. Мәселен, менің өз басым отбасын бағып, жар күтуде төрт адамның тәлімін ерекше көрген жанмын. Олар: Сәбит Мұқановтың, Ғабиден Мұстафиннің, Әбділда Тәжібаевтың және Ғали Орманов­тың жарлары, асыл әпкелерім. 50-жыл­дардағы жазушылардың жұбайларының бір-біріне деген өзара керемет сыйластығы, жар күтудегі айрықша қамқорлықтары маған ғұмырлық өнеге болды. Мен сол Мұхаңды да, Сәбеңді де, Әбділданы да кө­зіммен көрдім, отбасыларымызбен өте жақсы сыйластық. Бүгінде оларды кей­біреулер сыйыспайды екен деп, бір-біріне жау шығарып жүр. Бұл – кейінгі жастардың қаламгерлердің ойын, қарым-қатынасын білмегендіктен туындап жатқан қасаң түсінік қой. Мәселен, Мұхтар Әуезов Ленинградта оқып, Еуропалық тәрбие алған, терең адам. Сәбең болса, ел арасынан шыққан таза халықтық талант. Екеуінің осы екі бағытын көп жағдайда бір-біріне қарсы қойғысы келеді. Алайда мен отбасында бұлардай тату, ізетті, дастарқан басында солардай бірімен-бірі ғажап үйлесім тауып, үстел үстінде отырып-ақ ұлттық идеяны дамытып кете беретін жандарды көрген емеспін. Ал енді Мәриям апайдың күйеуін сыйлауы, Сәбеңді алақанына салып аялауы отбасылық өмірдің алғашқы баспал­дақ­тарын басқан біз үшін үлкен сабақ болды. Мәриям апай 100-ге келіп өмірден қайтты. Серағаң екеуміз сол апамызбен сыйлас­тығымызды өмірден өткенше үзбей, соғымымыздың басын апарып батасын алып, көйлек-көншегін, шайын беріп ерекше құрмет етістік. Мен болмай қалсам, орнымды жоқтатпай, Серағаңа анасындай шайын беріп отырды. Міне, біз осындай жағдайда тәрбиелендік. Сыйластық пен құрметтің ортасында қалай 64 жыл бірге өмір сүргенімізді білмей де қалдық. Мұның барлығы балаларымыз бен келіндерімізге, немерелерімізге ғұмырлық сабақ.

 

— Апа, Сіз тек бір әулетке келін болып түскен жоқсыз, бүкіл Алаш руханиятына келінсіз… «Жан сәулем» деп ән шыр­қайтын Нұрғиса Тілендиевтің, «Арыс­таным-ай» дейтін Қалтай Мұхамеджановтардың ерекше ықы­ласына бөленген сізде арман бар ма?

 

ӘЛИЯ АПА:

— Біздің үйдің есігі тілектес достарға әрдайым ашық, дастарқанымыз жаюлы болды. Шаңырағымыздан кісі үзілмейтін. Үйде болмасақ та, өздері келіп-кетіп жүре беретін. Ол уақыт жоқшылық кез ғой, баспанасыз жүрген жолдастары Серағаңды паналап, біздің үйге келетін. Сонда біреуіне қабақ шытып, тәй демей, келген қонақты Серағаңның өзін қалай сыйласам, солай қабылдадым. Бұл – отба­сының сыйластығынан туатын бақыт. Ақтақаш дейтін едік, мына Әбдіжәміл Нұрпейісов келіп, жаңбыр жауып кетіп, осы үйде қонсақ екен дейтін. Бұл – Се­рағаңның жайлылығы. Ол кездегі шы­ғармашылық адамдарының дені өзінің туындыларымен дәріптелді де, отбасына көңіл бөлуден қалып қойды. Ал біз ке­рісінше, қолымыздан келгенше бос уа­қытымыздың барлығын балаларымызбен бірге өткізуге тырыстық. Менің негізгі тағ­дырым, бар бақытым – отбасымның, ба­лаларымның бақытымен тікелей байла­нысты. Әкесі де, анасы да жанында болып, мейірім мен тәрбиенің уызына жарытып өсіруді бас­ты қағидам еттім. Енді сол балаларыма ба­қыт берсе екен деп тілеймін.

 

—  Ақсақалдық дегенде ойға оралып отырғаны ғой, қазірге дейін аңыз қылып айтатын ғылымда ғана емес, өмірде де ұстаздық пен шәкірттіктің жарқын үлгісін көрсеткен Қайнекей Жармағанбетов пен Сіздің, Мұхтар Әуезов пен Зейнолла Қабдоловтың арасындағы рухани үндестіктіктің жалғасы бүгінгі жастар арасында неге үзіліп қалды?

 

СЕРІК АТА:

—  Иә, ондай адамдар болды. Бәріміз де ұстаздың алдын көріп, шәкірт болдық. Біздің ғылымға келіп, кемелденуі­мізге ең алғашқы көмектескен де сол кі­сілер. Оны жазып та жүрмін. Мені ең бі­рінші ғылымға тартып, кандидаттық дис­сер­тациямның оппоненті болған – Мұхтар Әуезов. Соғыстан кейінгі кезең, 1950 жылдардың бас кезінде әдебиет та­рихының очерктерін жазу мақсатында авторлық ұжым құрылып, оны Мұхаңның өзі басқарды. Сонда Зейнолла бар, мен бар, Айхан Нұрхатов, Тахауи Ахтанов бар тағы да басқа жазатын жастардың барлығы аталмыш жобаның аясына шоғырландық. Әдебиеттегі тұсауы­мызды кескен де – осы жинақ. Одан кейін Қайнекей Жармағам­бетовтың есімін ерекше ілтипатпен еске аламын. Студент кезімдегі жа­за бастаған дүниелерімнен ұшқын көріп, Жазушылар Одағында баяндама жасататын. Осы кісінің арқасында мен Одаққа, әдеби ортаға ерте кірдім. Үлкен ағалардың барлығы жастарға қамқор бола білді. Әдеби ортада ғана емес, өмірде де отбасымызбен араласып, шай-суды бірге ішіп кете беретінбіз. Апаңның айтып отырғаны сол. Олар бізді баласынған жоқ, келешегімізден мол үміт күтіп, қорған бола білді. Ал бүгін адамның пейілі бұзылып кетті. Бұрынғыдай кеңшілік жоқ. Мен кеше соғысты көзіммен көрген адаммын. Соғыс кезінде екі адам, екі үй қатар отырып, барын бөліп жейтін. Қазір көр­шіңе сіріңке, тұз сұрап барсаң, ала ал­майсың. Бір қатыгездік заман туып кетті. Адам адамға бауыр деп үйретіп еді бұ­рын­ғылар. Қазір адам адамға қасқыр болып бара жатыр. Қатыгездік қайдан келді? Осыны ойланғанымыз ләзім. Әлгі Ғабит Мүсірепов қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ дегенде, осы мінезімізге ренжіп айтқан ғой. Бізге баяғы күннің кең пейіл­ділігі керек.

 

—  Пейіл неге өзгеріп кетті, ата?

 

СЕРІК АТА:

—  Мен соны өзім де түсін­беймін. Нарық та әсер еткен болар…

 

Ата сауалымызға ғалым көзқарасында емес, қарапайым қария ретінде жауап бергісі келді білем, бірақ жауабын дөп басып тауып, адамдар арасындағы бұл салқындықтың салдарын нақты тарқатып бере алмай, үнсіз ойланып ұзақ отырды. Демінен күрсініс сезілді. Абыз ақсақалдың ұлт болашағына, ел ертеңіне бей-жай қарамайтындығын осы бір күрсінісі мен ойға шомған үнсіздігінен айқын байқадық. Үзіліп қалған әңгімемізді сәл үнсіздіктен кейін қайта жалғадық.
— «Өзімнің туыс, жақындарымнан кейде жатбауырлықты сезінгендіктен «Менің әкелерім» атты естелік, толғаныстарымды жаздым» деп едіңіз бір сұхбатыңызда. Ол жатбауырлықтың себебін неден іздеу керек?

 

СЕРІК АТА:

—  Оның рас, қызым. Ағайын­ды адамдар арасында бірінің баласын бірі бауырына басып асырап алу – бұл біздің әкелерімізден қалған дәстүр болатын. Мен де солай, әкемнің ағасының қолында өстім. Оны есейген кезімде ренжіп, әкеме де айттым. «Осының керегі не жатбауыр жасап, әр бала өз әкесінің бауырында жүрмей ме?» – дегенімде, әкемнің айтқаны: «Еее, сен түсінбейсің ғой. Біздің саясатымыз сендерді жат қылмау, бөлініп кетпесін дегеніміз», – деді. Әкемді сонда бірақ түсіндім. Мысалы, менің өзіммен бірге туысқан балалар бар. Ол бауырларыма жат емеспін, қанша дегенмен, мен туған әкеден олар да туды. Ал мені асырап алған әкемнің балаларымен бір төсекте өстім, бұлармен тіпті жақынмын. Сондықтан телқоңыр, екеуіне де ортақ құлын секілді қос әкемнен де кете алмаймын. Міне, шалдардың жатбауыр қылмау деген саясаты осы еді ғой. Қазіргі қыздар ағайынның баласын бауырына баспақ түгілі, өз баласын өзі лақтырып кетіп жатыр. Осылардың бәріне тәрбиенің жаңаша жолдарын қарастыру керек. Ал ондай ізденуге Үкімет бармайды. Биліктегілердің шаруасының барлығы асығыс. Тек қана тездетіп істеп, елдiң қабылдауына қарсы бағ­дар­­ламалар шығарады да, оны бірінің артынан бірін жедел түрде жүзеге асыруды жүк­тейді. Соның салдарынан халықтың са­на-сезімін, ұлттық психологиясын тәр­биелеу деген сынды құндылықтарға мүлдем көңіл аударылмай кетті. Мұның барлығы біздің за­манның үлкен ауыртпашылығын туғызып отыр.

 

Осы кезде шәй құйып, жолдасының сөзін бөлмей тыңдап отырған апамыз әңгімеге араласып, өз пікірін білдірді. Балалары жөнінде, ұрпақ тәрбиесі төңірегіндегі келелі ойларын, өмірлік тәжірибесін ортаға салды.
ӘЛИЯ АПА:

— Сол себепті де біз бала-шағамызды барынша бауырмал етіп тәр­биелеуге барымызды салдық. Балалары­мыздың алды Мәскеуде лауазымды қыз­­метте. Былтыр 60 жасқа толған мерейтойын тойлап қайттық. Ортаншы баламыз дүниеден ерте кетті. Одан кейінгісі Ресейдің елшілігінде істейді. Мен балаларыммен кәдімгі жастарша өмір сүремін. Келін­деріммен қызымдай қарым-қатынас жасаймын. Алайда, олар өзінің жолын, мен өзімнің міндетімді білемін. Ауылдың қатал енелеріндей «әрі жүр», «бері жүр», «өйтпе», «бүйтпе» деп талап қоя алмаймын. Себебі, қазіргі жағдай – бүкіл әлемдік деңгейдегі талапқа сай өмір сүруге дағ­дылану. Бірақ, әдет-ғұрыпты сақтау, қай жерде жүрсе де атаулы мерекелерде Се­рағаңның шаңырағында жиналу – бұл біздің балалардың бұлжымас қағидасы. Қазіргі қатыгез қоғамда ата-анасын қарттар үйіне апарып тастайтын тасжүректерді де көріп жүрміз ғой. Оның барлығы ата-ананың баланы дұрыс тәрбиелемеуінен болады. Екеуі бірі жоқта бірін «әкең келе жатыр», «қазір анаң келеді» деп балаларын үйде өздері болмаса да сыртынан сыйлап, құрмет тұттыруға үйрету керек. Ата-ана­сын сыйлағаннан бала жаман болмайды. Біздің шаңырақта бұл – бұлтартпас қағида. Дастарқанның басына әкелері келмей, ешкім отырмайды. Әрқай­сысының өзінің орны бар. Қазір ондай қауымдасу жоқ. Адамдар бір-біріне жат­ба­уыр болып бара жатыр.

Әңгіме барысында бірінің пікірін бірі қолдап, жанарымен-ақ бар жайды ұғынысып отырған қос ғалымның айтпай түсінісер көзқарастарынан бір-біріне деген шексіз сенім мен үлкен құрметтің қуатын сезінгендей болдық. Алайда осы жерде академиктер арасындағы бәсекелестік деген сауал да көкейімізде қылтиып тұрып алды. Орайы келгенде сұрағымызды да қойып жібердік.      

— Екі бірдей ғалымның бір шаңырақ астында тұруы бәсекелестікке жол аша ма?
ӘЛИЯ АПА:

—  Әрине. Мәселен, аталарың шыққан газеттің барлығын үйге әкеліп оқиды. Уақытым болмаса да, менің мін­детім – кешке жақын сол газеттердің барлығын қарап шығу. Үйдегі бәсекелестік бізде үлкен. Ол кітап жазғанда, мен неге кітап жазбаймын? Мен одан кембін бе? Үйдің шаруасын істегенмен, менің де өз мақсатым, міндетім, өзіндік «менім» бар. Сырттай жайдары көрінгеніммен, іштей ешнәрсеге бағына қоятын адам емеспін. Бірақ, Серағаңмен салғыласып, «сенің ана шаруаң артық, мынауың кем» демеймін. Жоқ затты сұрап алып отырамын. Мысалы, әдебиеттің маған беймәлім жайттарымен бетпе-бет келгенде ағаңның көмегіне жүгінемін. Табиғаттың ұңғыл-шұңғылын білмей жатса, Серағаң менен сұрайды.

 

СЕРІК АТА:

—  «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды ғой» дейді кейбіреулер. Сыйыспайтын еш нәрсеміз жоқ, үйіміз кең. Оның да, менің де жеке жазу орнымыз бар. Мен жоғарғы қабатқа шығып кетемін. Кешкі мезгіл, дастарқан басында, ұйықтайтын кезде болмаса, кейде тіпті бірімізді-біріміз көрмейміз де. Ол көбінесе өз жұмыстарымен түзде жүреді, мен үйде отырып жазамын. Алдында жұмысы бар, қолы босамай жатқан әйел ешуақытта өзінің ерінің сеніміне сызат түсірмейді. Еңбек барда, бөгде шаруаға уақыт болмайды. Бөгде шаруаға уақыт болмаған жерде ынтымақ жараса береді.

—  Ел баласына ұстаздық етіп жүріп, өз балаларыңыздың тәрбиесіне уақыт таба алмай қалатын кездеріңіз болды ма?

ӘЛИЯ АПА:

—  Жоқ! Ұйықтамауым мүм­кін, бірақ, ондайға бармаймын. Қандай қауырт шаруалармен жүрсек те, біз бала тәрбиесін екінші орынға ысырған емеспіз. Оларды әкесі жазуға үйретті. Оқуға түс­кенде бір есікті барып қағып, көмек сұрауды білмедік. Өз беттерінше түсіп, өз еңбектерімен оқуларын бітіріп шықты. Мәскеудегі балам 16 тілді біледі, кіші ұлы­мыз да солай. Біз де өзіміздің таза еңбегі­мізбен үйреніп, өз бетімізше кеттік, балалар да ізімізді жалғады. Алпыстағы ұлымыз балаша біздің бар шай, қант, тамағымызды қамтамасыз етіп отырады. Жағдайымыз келмейтіндіктен емес, баланың ата-ана алдындағы перзент парызын сезінуі үшін бұл аса маңызды. Сонда ол ертең өзі де жақ­сы әке болады. Балаға талап қойып, оны жүгендей білу керек. Ата-ана сәл мүлт кетіп, баланы еркіне жіберсе, кейін азабын өзі тартады. Осының бәрі – шектеу.

 

СЕРІК АТА:

—  Отбасы дегенде, менің тылымның беріктігі – жолдасым. Текті жер­дің қызы. Жастайынан жетім болып, қиындықтың барлығын жеңіп үйренген. Сұмдық еңбекші, жұмыс десе жанын береді. Студент кезінде, бар болғаны 19 жасында келін болып түсті, алғашқы кезде институт бітіріп алып, аспирантураға орын болмай үш жыл жұмыс істеп жүрді. Сонда жұмыстан келіп, киімін ауыстыра салып, үйдің шаруасын істейді, қонақ күтеді. Бала тәрбиесі де негізінен осының мойнында болды. Уақытын ұйқының есебінен алса да, әйтеуір ісін тындырады. Аспирантурада оқып жүрген кездің өзінде кешкісін балаларын жатқызып, түннің бір уақытына шейін қағазымен отыратын. Сол еңбек бізді бүгінгі ұшпағымызға шығарған. Қарамаған дүниесі жоқ. Арабтардың Қазақстан жө­ніндегі картасын тауып, ең алғаш жа­риялаған да осы апаларың. Кейін эколо­гияға ауысты. Экологияның ғылым есебінде қалыптасып, факультет мәртебесін алуына тікелей мұрындық болып, өзі сонда 10 жыл декан қызметін атқарды. Қазір сабақ бер­мейді, арнайы ғылыми орталық ашып берген, сол жерде жұмысын істейді. Үйдің тір­шілігінің барлығы тағы өзінің мойнында. Құдай сәтін салып, екеуміздің ынты­мағымыз жарасты. Алдыңғы жылы 60 жыл бірге тұрғанымызды тойладық. Бізді сырт қарап, көп ел «жұбымен жүрген аққу сияқ­тысыңдар» – дейді. Алланың берген ғұмырын осылай сүріп жатқан жағ­дайымыз бар.

 

ӘЛИЯ АПА:

—  Жетпіс жылға жуық бірге өмір сүріп келе жатсақ, ол – бір-бірімізге деген сенімнің арқасы. Уақытым жетпей, мұрнымнан шаншылып жатсам да, Се­рағаңның асы уақытында берілмей қалу деген менде болмайды. Ауырып қалма, асыңды іше қойшы деп бәйек болып жү­ремін. Тіпті, ол кісі менің қандай жағдайда жүргенімнен, қандай қиыншылықтармен бетпе-бет келгенімнен бейхабар болуы мүмкін. Алайда, өз міндетімді жақсы бі­лемін. Бойыма ата-ана, үлкен апаларымның сіңірген тәлімі – жарды күту. Ағаңды үйдің ұсақ-түйек шаруасына аралас­тырмаймыз. Серағаң тоңазытқышта қандай тамақ тұрғанын да білмейді. Шырпыны жағып, таңертеңгі уақытта газға шай қоя салу да Сераға үшін жат. Халқымыздың отағасын күтудің толып жатқан тәсілдері бар. Ер-азаматтың тамағын алдына қойсаң, одан жұмсақ, одан тәуір адам болмайды. Ал жұмыстан жұбайың­ның соңынан келіп: «қазанды қарадың ба, үй орнында ма?» – десең, әрине, ол ер адамға ұнамайды. Сол себепті де отбасында ке­ліспеушіліктер туып жатады. Жастарымыз бүгінде тіпті, күйеуіне «баланы өзің қарай сал» дейтін жағдайға жетіп отыр. Ерлердің рөлін тө­мендетіп, ақша табам деп, әйелдер отбасының бұрынғы қалыптасқан заңдылығын жоққа шығаруда. Бұл жағдайда кінәні баладан емес, ата-анадан іздеу керек. Егер де оның ата-анасы орысша тәрбиеленсе, баланың да ұядан сол тәрбие негізінде түлеп ұшатыны даусыз. Ертең соның зардабын күллі ұлт тартады. Ал ұлттық тәрбиені бойына сі­ңірген баланың жайы мүлдем бөлек. Сондықтан біз қазір «қаланың баласы ел баласы бола ала ма?» деген үлкен сұрақ қоюымыз керек. Ел баласы қашан, қай уақытта болады? Ұлтын ойлап, өткен тарихына бейжай қарамай, одан тағылым ала білсе – ел баласы деген сол.

—  Апа, өзіңіз айтып отырсыз ғой қазір әйелдер де табыс табады деп. Сонда отбасының билігі кімде болуы керек?

 

ӘЛИЯ АПА:

—  Табиғаттың өзі ер адамды әйелден бір саты жоғары етіп жаратқан. Әйелді төмен етекті деп неге айтады? Сон­дықтан, күйеуің жақсы ма, жаман ба – ол маңызды емес. Бастысы – сен соған қызмет жасап, соны дәріптеп, көрсетіп, халық алдына шығаруға міндеттісің. Жақсы әйел есіктегі ерінің басын төрге сүйрейді. Егер ақылы жетсе, азаматың сені де құрметтейді. Бірақ, қалай дегенмен де, балаңның дұрыс азамат болып ер жетуі үшін әкенің орны айрықша. Әке қашанда үйдің діңгегі болуы керек. Діңгегі дұрыс бекімеген шаңырақ шайқалғыш келеді. Сондықтан Қирабаев әулетінің дің­ге­гі – Сераға. Әне, ағаларың отыр ғой. Ол да, мен да жас болдық. Жас болғанда да мен кө­ріктілеу жас болдым. Бірақ, отбасының тәртібіне байланысты бірімізді-біріміз ренжітіп, «сен қайда кетіп бара жатырсың?», не болмаса «ақшаны көп алып едің, ол қайда кетті?», – деп қалта қа­рап, болмашы нәрседен жанжалдың отын тұтататындардың санатынан емеспіз, бар­лығын сабырға жеңдіреміз. Мен осы уа­қытқа дейін Серағаңның жұмыс орнына аяқ басып көрген адам емеспін. Таңертең ерімді жайдары қабақпен әдемі етіп киіндіріп шығарып саламын. Бұл – менің міндетім. Жұмыс бабында артық айта ма, кем айта ма, онда шаруам жоқ. Ол өзіне-өзі жауап береді. Ал менің өзіме жүктелген өз жауапкершілігім бар. Ол кісінің басты жұ­мысы – жазу, алаңсыз отырып ғылыммен айналысу. «Әкемізді күте гөр» деп бала­лардың маған берген тапсырмасы да әкеге деген үлкен құрмет, сыйластықпен астасады. Бәрі осының аузына қарайды. Себебі, үрім-бұтақтың негізгі қазығы – Сераға. Мен он жерден ғалым, мың жерден данышпан болайын, үйдің тірегі – ағаларың.

 

—  Ұстазсыздар, шәкірт психологиясын жіті зерттейсіздер. Еркіндік, бостандық дегенді бүгінгі қазақ жастары қалай түсініп жүр?

 

ӘЛИЯ АПА:

—  Әке – ұлға, ана – қызға сыншы болу керек. Отбасында барлығы да еркін екен деп, тым шектен шығып кетуге болмайды. Береке-бірлігі мызғымас отбасы, мықты мемлекет болу үшін ең алдымен тәртіп керек. Тәртіп болмаған жерде, тәрбие де болмайды. Еркіндіктің өзі менің түсінігімде, бұл – баланың ойлау жүйесіне еркіндік бере отырып, тәрбиеде тежеу. Ұлттық тәрбиені бойға сіңіруде еркіндікке міндетті түрде шек қойылады. Біздің жастар жат елдің жаман қылықтарын еркіндік деп түсініп, соны бойларына сіңіруде. Алайда, ол – еркіндік емес, еліктегіштік. Өзін-өзі таптау. Қазақтың еркіндігі деген бөлек. Мәселен, біздің отбасында Сера­ғаңның алдында балалардың ешбірі көсіліп сөйлей бермейді. Келіндер де өзінің ісін біледі. Ата-ананың әр сөзінде, әр ісінде ұлттық тәрбие жатуы керек. Шай құйып отырып әкесіне, үлкен адамдарға бұрын беру деген сынды күнделікті істер әреке­тіміздің астарында да білінбейтін тәрбие жатады. Ал, оны қалай ұғынады, қалай қорытады – ол баланың санасына байланысты.

 

 

ТӘРБИЕНІ ТІЛГЕ ТИЕК ЕТКЕН АПА БІЗДЕН ДЕ АҚЫЛЫН АЯМАДЫ

 

 

– Отбасындағы тәрбиенің негізгі тіні – ана. Әйел адам кез келген нәрсеге долданып, ұрыс шығара беруден аулақ болғаны абзал. Жолдасың жұмыстан шаршап келді ме, «неге кеш келдің?! – деп бірден ашуға ерік бермей, жайдары, жылы жүзбен қарсы алуың керек. Есіктен келе шашы дудырап, дүрсе қоя берсе, күйеуі: «сыртта жүргенім жақсы» деп, түзге қашатын болады. Азаматын үркітетін де, суы­татын да әйелдің өзі. Әйел ақылды болса, еркектің еркіндігінің барлығын өзі билейді. Мысалы, оның түздегі жұмысында менің шаруам не? Үйге келді ғой, есіктен кіргеннен-ақ мен де жайнап, жадырап күтіп аламын. Әйел жұмсақ болу керек. Қазақ фолькло­рындағы ең бір келеңсіз әңгіменің барлығы келінге бағытталады. «Атың жаман болса сатып құтыласың, қатының жаман болса, қайтіп құтыласың?!» – дейді. Әйелге деген талап қазақтың мақал-мәтелдерінде өте көп. Соны неге қазір пайдаланбасқа? Қай­талап айтамын, әйел мен ер адамның бір-бірімен ұзақ уақыт тату-тәтті бірге тұруын Ғабиден мен жарынан үйренсін. Екеуінің өле-өлгенше қалжыңдары таусылмай кетті. Орыстардың арасында біреулер қосылған­дарына 25 жыл толуына той жасап, соны аңыздай ғып айтады. Ал біз 65 жыл бірге қол ұстасып келе жатырмыз. Әлі қызығы­мыз біткен жоқ, махаббатымыз таусылған емес. Махаббатты шыңдай білу керек. Жасара біліп, содан қуат ала білудің маңызы зор. Қазақта үлкен бәйбішелер, ел билеген кемеңгер аналар көп болды. Осының бар­лығы үлкен тағылым. Мәселен, Қарашашты алайық. Үлкен дауларды мүдірместен ше­шіп, Жиреншенің абыройын асқақтатқан ғой. Сонда Қарашаш дауды мен шештім деп айтпайтын көрінеді, кейін халық Қа­рашаштың өзін тауып алады. Міне, қазақ әйелінің ұлттық тәрбиесі өзі көрін­бей, өзі­нің іс-әрекеті арқылы ортаны билеу, дас­тарқанын билеу, елді билеу, бар шаруаны астыртын жайғап жүру. Өзі көрінбейді, күйеуін асқақтатып ұстайды. Бұл – Қара­шаштың кемеңгерлігі. Сондықтан әр әйел Қарашаштың рөлін атқару керек.

 

Аты аңызға айналған академиктердің жастық шақтың ең аяулы сәттерінен бөліскен әсерлі естелігінен ұғынғанымыздай, өмірлері өнегеге айналған қос ғалымның сезімдері де сенім мен шынайы сыйластықтың құнарынан нәр алып, бой көтеріп, жапырақ жайғандығы. Бір кездегі үркек сезімді басынан өткеріп, сүйгеніне деген махаббатын сыйластықтың шыңына шығара білген бозбала мен бойжеткен бүгінде тамырын тереңге жайып, үлкен әулетке айналып отыр. Ақылман ата мен Әдемі әже болып, ошағын мейірім шуағымен нұрландыруда.     

 

—  Апай, сізді ән салады, би билейді, көңілденеді, өмірге деген құштарлығы ерекше дейді замандастарыңыз. Өмірге деген мұндай құштарлықтың адам ғұмырын ұзартудағы септігі қаншалықты деп ойлайсыз?

 

ӘЛИЯ АПА:

— Ағаңнан сұра, біз екеуміз жиындарда қосылып ән айтатын едік. Жас­тық шақта айтқанымызбен, қазір ән деген қалды ғой. Бірақ, ән айтқан, би билеген, өмірге бейімделген адамды жақсы көремін. Мүмкін энергия содан да шығар. Ақылды тек қана сөзбен емес, өз басыңнан өткізіп барып айту керек. Балаларымның әрқай­сысы да өлең, ән мәселесіне келген уақытта, айтатыны жоқ, бәрі ол жағынан сауатты. Соларды төпеп отырып музыкаға баулыдым. Өйткені, шетелде жүреді, музыканы білу керек. Әрине, Моцарт, Бетховен, Штраустарды әлемдік музыка классиктері ретінде мойындап, бағалағанымызбен, ұрпақ бойына ұлт музыкасын: Құрманғазы, Қазанғап, Тәттім­беттерді сіңірмей, қазақ­пын деп айту ша­лалық. Ұлттық құнардың барлығы – осы ұлттық музыкамызда. Соны ұрпақ бойына сіңіру керек. Ата-ана уақытының жоқтығына қарамастан, баласын өмір талабына сәйкес тәрбиелеуге мін­детті. Мысалы, мен жоғарғы оқу орнында басына орамал байлаған қыздарды аудиториядан шығарып жібере­мін. Қазақ ешуақытта қыздың басына жаулық салмайды. Орамалды келіншек кезде байлайды. Қазақтай қызды тәрбиелеген, ұлықтаған халық жоқ. Бүкіл ақын-жазушылардың өлең-жырлары қызға арналған. Қыз деген жұмбақ. Оған берілер тәрбиенің де қыр-сыры жетерлік. Ана сүтін ембеген, ана бойын идіртпеген баладан аналық та, ата-ананы құрметтеу де шықпайды. Ананың жылы алақанын сезбеген бала қайырымсыз, қа­тыгез, сатқын болып шығады. Адам экологиясы деген – осы.

 

—  Ата, енді сіздің ерекше бір қырыңыз дастандарды жатқа оқитындығыңыз. Зерде­ңіздің тұнық болуының басты құпиясын білгіміз келеді…

 

СЕРІК АТА:

— Жас кезімізден көріп өскен тәрбиеміз осы. Біздің еліміз Жаңаарқа деген жер, ән мен жырға, дәстүрге бай халық. Сәкеннің шыққан жері, күйдің аталарының барлығы, әнші-жыршылар біздің жақта көп болған. Сол дәстүрді құлағымызға бала күнімізден сіңіріп өстік. Соғыс уақытында, жас болып қатарға қосыла бастаған ке­зіміздің өзінде біз «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Ке­бекті», Сәкеннің «Көкшетауын», Мағжанның «Батыр Баянын» жатқа бі­летінбіз. Мен осы күнге шейін соларды жатқа айтамын. Жас күнде жаттаған нәрсе ұмытыла қоймайды. Ол кезде Шәкәрімнің атын атамаймыз. Сәкенді де, Мағжанды да ұмытып кеттік. Ойын-тойларда: «Балам, «Батыр Баянды», «Көкше­тауды» айтшы», – дейді. Авторларын атамаймыз. Тек дастандарын жырлаймыз. Қазір «Еңлік-Кебекті» кейде оңаша отырғанда есіме түсіріп көремін, әрине, көбісі ұмы­тылып қал­ды ғой, бірақ жырдың орта тұсына шейін айтамын. «Қалқаман-Мамырдың» кейбір жолдарын ұмытыңқы­раппын. Былай ұзын-ырғасын айтып шығатындай түрім бар әлі.

 

— Серік Қирабаев десе, ойымызға бірден сын оралады. Аталмыш жанрдың қайырының аздау болатындығы – руханият саласындағы сынның жоғалып кетуінің басты себебі емес пе?

 

СЕРІК АТА:

— Қазір біреуге бірдеңе айт­саң жаманатты боласың. Мен шығарма­шылығымды сын жазудан бастадым. Талай елді сынадым да. Сын болған жерде артық-кем айтылмай тұрмайды. Осы Әуезовтер де, Мұқановтар да талай сыналды. Мәселен, Дәркембай Меккеге кетіп бара жатқан Құнанбайға: «Ақысын беріп кет, Құдай алдына бара жатырсың ғой», – деп Қодардан қалған кішкентай немересін жетектеп келгенде, Абай 5 теңге ақша берді» дейтін «Абай жолының» сюжетін Темірғали Нұр­тазин сынады. Сынға құлақ асқан Мұхаң кейін оны мүлдем өзгертіп жіберді. Қодардың немересін Қиябай етіп емес, Дәрмен деп ат қойып, оны Абай оқытып, өзінің шәкірті қылып ұстады деп келтіреді. Демек, Құнанбайдың жасаған ісін 5 теңгемен алдап алғандай қылмай, үлкен тәрбие ретінде алға шығарып, жол көрсетті. Сөйтіп, Мұхаң шығарма оқиғасын «Құ­нанбайдың жасаған ісін Абай осылай жуып-шайды» дегенді аңғартатын үлкен гуманистік идеяға қарай алып кетті. Мұның барлығы сыннан кейін болған оқиғалар. Ол кезде айтылған сыннан міндетті түрде нәтиже шығарылатын және «мен» деген сөз болмайтын. Бәрі кішіпейіл еді. Ал қазір заман өзгерді. Партияның тәр­тібінен құтыл­ғаннан кейін, елдің бәрі өзін классик сезініп, «мен» деп шығатын болды. Егер сынай көз жүгіртсең, біздің жазушы­лардың жазып жатқандарының барлығы мемуар­дың деңгейінен аспайды. Басты кейіпкерлер өздері – «мен, мен». Осы адамды өсіретін жол ма? Жақсы тәжірибе тарихта сақталып, одан үйрену керек. Қазір ел сын айтпайды. Айтса, дұшпан көбейтеді. Сынның барлығы тапсырыспен жазылатындықтан да, мақ­таудан әрі аса алмай қалды. Жазушы­лардың бәрі шетінен классик болып кетті.

 

…Бұл кезде сағат та біраз уақытты көрсетіп қалған болатын. Тағылымды әңгіменің ісерінде отырып, уақыттың да қалай зымырап өте шыққанын байқамай қалыппыз. Қайтатын кез жақындапты. Дастархан басынан тұрардан бұрын атадан бата сұрап, абыз ақсақалдың халқына айтар тілегін білген едік.

 

СЕРІК АТА:

— Халыққа айтатыным, біз­дің ең үлкен байлығымыз – Тәуелсіздік. Осы еркіндік жолында қанша боздақ қыршынынан қиылып, қанша гүл ерте солды. Сондықтан елдігімізді сақтау – біздің қасиетті парызымыз. Тәуелсіздікке жаппай қызмет ету керек. Көкейдегі үлкен қорқы­ныш – толып жатқан шенеуніктердің Тәуел­сіздігімізді өзінің жеке бас пайдасына пайдаланғысы келіп, ұлт бостандығының әр жерінен жұлқып, берекесін кетіріп жатқандығы. Мен осыдан ғана қорқамын. Айтатыным – сол. Елдігіміздің байрағы тек биікте желбіресін!

 

…Батасын беріп, бізді қақпаға дейін академик атаның өзі шығарып салды. Ұстаздың ғана жүзінен сезілер мейірімнен бойымызға даналықтың ұшқынын дарытып, бірнеше сағаттық әңгімеден біршама жасқа есейіп кеткендей болдық. Кезінде оқулықтарын оқып, санамызға білім сәулесін сіңірсек, бүгін қос ғалымның өздерімен жүздесіп, әңгімелесуден енді ғана парқына бойлап келе жатқан өмірімізге ғұмырлық азық болар өнеге алып, аялдамаға қарай аяңдадық. Бала танымымызға ұялаған ертегілер елінің есігін жауып, даналықтың қақпасын бетке алдық…

Назерке ЖҰМАБАЙ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ