Ахмет Байтұрсынұлының дін және молдалар турасындағы жазғаны

0
84

Жазу әдебиет деп жазылған шығармаларды айтамыз. Жазылған шығармалар қазаққа жазу тарай бастағаннан бері қарай шыққан сөздер. Қазаққа жазу дінмен бірге келген. Қазақ ішінде молдалық қылып дін үйретушілер, бала оқытушы қожалар, ноғай молдалар болған себепті жазба сөзді шығарушылар да бастапқы уақытта солар болған. Қазақ ішінде олар көп тұрып, қазақтың тілін, мінезін жақсы білген. Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған, басқа мұсылмандардың тіліндегі діндер түрде шығарған. Ертегі өлеңдерді қазақтың ертегі жырларының түріне салып, қазақ тіліне аударулары дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлең арқылы білдіру мақсатпен істелген іс, бірақ қожалар, ноғай молдалар көбінесе ақын болмағандықтан, қазақтың ертегі жырларындай келістіріп, мұңды, зарлы, әдемі қылып шығара алмаған. Шығармаларының сөзімен мәздемей, ертегінің жаңалығымен, әңгімесінің қисынымен қызықтырып, тамұқтың азабымен қорқытып, жұмақтың рақатынан үміттендіріп, дін арқылы тыңдаулы қылған. Қожалардың, молдалардың ішінен Шортанбай, Ақмолда сияқты ақындар шыққаннан кейін, жазба сөздері бертін келе дәмділенген, бірақ қайсысында да болса, белгілі бағыт болмаған. Шығарған сөздері, бағыт жағынан қарағанда, адасқан адамның ізі сияқты, бәрінің де адаспайтын жалғыз жолы – дүниеге қызықпай, ақыретке азық жи деу, ғұшыр, зекет, пітір, садақа беру, жаназаға мал байлау, намаз оқу, ораза ұстау, қажыға бару жағынан ақыл айту бағыттары бәрінің де бірдей. Бұл жағынан ұлақбайды, басқа жағынан іздері былғалақ-шылғалақ, адам біліп болар емес. Домбыра тарту, ән салу, өлең айту сияқты халықтың үйреншікті зауықтарына дейін күнә деп, тыйғысы келген. 

Бірақ ұзын арқан, кең тұсауға қалыптанған қазақ шариғаттың тар тұсауына үйрене алмаған. Шыдатпай үзіп, өз жөнімен жүре берген, сондықтан жазу әдебиетпен қатар, қазақтың ауыз әдебиеті жоғалмастан, түгел күйінде сақталған.

21317881_1902770490042182_6139265885551147203_n

Молдалардан шыққан жазу әдебиет дінге қызмет қылса да, тілге қызмет қылмаған. Тілді ұстарту, әдебиетті күшейту, көркейту орнына, тілді бұзған, аздырған. Қазақтың тұтынған тілімен жазбай, шығарушылар: «Кітаби тіл», «Әдеби тіл» деп, ноғай тілімен яки сарт тілімен жазған. Қазақтың тілінде басылған бұрынғы шығармаларды алып қарасақ, қазақ тілі болмай, қазақ пен ноғай тілінің араласқан қойыртпағы болып шығады. Ол қойыртпақ тіл қожалар, молдалар шығарған сөздерде ғана емес, қазақ молдаларының шығарған сөздерінде де бар. Бұл кемшілік егер де баспа кітаптар жүзінде ғана болса, бастырған ноғайлар бұзды дер едік. Олай емес, жазу солай екендігін қазақ молдаларының өз қолымен жазған жазулары көрсетеді. Әдебиетті молдалар дін бесігіне бөлеп, таңып тастаған себепті әдебиет көпке дейін өңдеп өсе алмай, мешел болып, аяғын баса алмай жатқан. Сол күйінде тұрғанда орыс үкіметінің саясаты келіп килігеді. «Қазақ діні шынығып жетпеген шала мұсылман халық, мұны мұсылман дінінен христиан дініне аударып жіберу оңай» деген пікірмен, орыс үкіметі қазақ пен ноғай арасына жік салып, екеуін айырғысы келеді. Оның үшін қазақ байлары ноғайша оқымай, орысша оқитын боларлық саясат жүргізеді. Қазақ балалары үшін школ ашады, ноғайға қазақтың жазу жағынан сорпасы қосылмас үшін араб әрпін қалдырып, қазақ тіліндегі кітаптарды орыс әрпімен басады. Орыс өзіне тартып, ноғай өзіне тартып, екеуі екі жаққа сүйреп жүргенде, қазақ орыс әдебиеті арқылы Европа жұрттарының әдебиеттерімен танысады.
Бұрын қазақта жоқ сөздердің түрлері шыға бастайды. Дін күшімен емес, тіл күшімен өзін тыңдайтын сөздер шыға бастайды. Бастапқы жазба әдебиеттің бас мақсаты – дінді жаю, дінді күшейту болса, соңғы әдебиеттің бас мақсаты – тілді ұстарту, әдебиетті күшейту, көркейту болады. Сүйтіп, жазба әдебиеттің өзі екі дәуірге бөлінеді: 1) діндар дәуір, 2) ділмар дәуір. Діндар – діншіл деген мағынада, ділмар – тілшең деген мағынадағы сөздер.
Қазақ әдебиетінің діндар дәуірі де, ділмар дәуірі де халық әдебиетін дамытып, күшейтуден туған дәуірлер емес, басқа жұрттардың әдебиетінің әсерінен туған дәуірлер. Діндар дәуір әдебиетімізге араб, парсы әдебиетінен үлгі алып, соларға еліктегеннен пайда болған. Ділмар дәуір орыс әдебиетінен өнеге көріп, үлгі алып, соған еліктеуден пайда болып отыр. Мұндай бір жұрт екінші жұрттан әдебиет жүзінде үлгі алу жалғыз бізде ғана болған іс емес, барша жұрттың басында болған іс. Осы күнгі әдебиеттің түп үлгісі грек жұртынан алынған. Грек әдебиетінен үлгіні Рум алған, Европадағы басқа жұрттар алған. Біздің орыс та әдебиет үлгісін Европадан алып отыр, біз орыстан алып отырмыз…

Діндар дәуірі
Діндар дәуір ауыз әдебиет түріне түр қосып жарытқан жоқ. Анайы әдебиеттегі шығармалардың түрлерінен діншілдігімен айырылмаса, айрықша түр-тұрпатымен айырыла қоймайды. Діндар жағының басымдығымен айырылатын түрлері мынау:
қисса, хикаят, мысал, насихат (үгіт), мінәжат, мақтау, даттау, айтыс, толғау, терме. Бұлардың әрқайсысын қысқаша баяндап, мысал келтіріп, сыр-сипатын көрсетіп өтейік.
1. Қисса – өлеңмен жазылған, көбінесе діндар әңгімелер. Бұл әңгімелер қазақ тұрмысынан алынған сөздер емес, басқа жұрттардың ертектері. Мазмұнына қарағанда қисса екі түрлі:
а) Дінді қасиеттеу үшін мұсылман дінінің артықтығын, асылдығын халықтың құлағына сіңіріп, көңіліне қондыру мақсатымен шығарған қиссалар. Бұлар кәпірлермен соғысқанда құдай қолдап, мұсылманның жеңгендерін, кәпірлердің дінге енгендігін сөйлеп өтеді.
ә) Шариғат бұйрықтарын орнына келтірмеген адамдардың өмірінен де мысал келтіріп, келтіргенге не болғанын, келтірмегенге не болғанын көрсетіп, елге шариғат бұйрығын істеу мақсатпен шығарған қиссалар. Мұндай қиссаларды өлеңшілікті тіленшілікке айналдырып жіберген ақындар, жыршылар сияқты Алланы азыққа, тамаққа айналдырып жіберген молдалар шығарған: зекет, ғұшыр, пітір, бедие сияқты нәрселердің берілетін орнын айтпайды, беру керектігін айтып зарлайды (берсе, кімге беретінін айтушылар өзі біледі).
Бастапқы түрлі қиссалар «Зарқұм», «Сал-сал», «Сейфул Мәлік» сияқты ұзақ келеді. Соңғы түрлі қиссалар «Мұса мен Қарынбай», «Жұм-Жұма» сияқты қысқа келеді. Ұзақ қиссалардың мазмұнын айтып, мысал үшін көрсетуге көп орын алады, сондықтан қысқа қиссалардың бірінің мазмұнымен ғана таныстырып өтейік.
Мәселен, «Мұса мен Қарынбай» қиссасын алайық. Шығарушы Жүсіпбек Шайхыісләмұлы. Бұл қисса не мақсатпен жазылғаны қиссаның мазмұнынан, жазушының бастау сөзі мен аяқтау сөзінен де көрініп тұр. Бастамасындағы сөздің түрлері мынау:

Жарандар, бұл сөзіме құлағың сал:
Аузымнан шыққан сөзім шекер мен бал.
Өзім білген кітаптан оқып көрдім,
Жарандар, арам дейді зекетсіз мал.
Малайы құдіреті көп паруардігер,
Құдайға жақсы пенде құлдық қылар.
Малыңнан қайыр, зекет бермей өтсең,
Ақыретте қарныңнан тас шығарар.

Қиссаның қысқаша мазмұны мынау: Қарынбайға зекет бергіз деп Құдайдан Мұсаға әмір келеді. Мұса Қарынбайға барады. Қарын малы сөзсіз көп бола тұрып, Мұсаға мал союға қимай, мысық сойып, алдына әкеліп қояды.
Мұса «мыш-мыш» дегенде, табақтағы ет мысық болып тұра келеді. Қарынға қатты ашуланады, бірақ «малыңнан зекет берсең, мысық сойған күнәңді кешемін»,– дейді. Қарын:
«Саған зекет беретін қолайлы малым жоқ»,– дейді. «Зекет бермесең, жер жұтсын!»,– деп, ақырында періштелер келіп, жер кіндігін тартады. Жер тартып, Қарын белуарынан кіреді. Мұса қолынан ұстап тұрып: «Зекет бересің бе?»,– деп сұрайды. Қарын: «Өлтірсең де бермеймін»,– дейді. Мұса: «Тарт тағы!» – деп әмір еткенде, Қарын жерге иегінен енеді. «Зекет бермесең, Құдай жүзін көрмейсің, малың шаян болып шығады. Жаһаннам түбіне кетесің»,– деп Мұса үгіттесе де, Қарын болмайды. «Өлтірсең өлтіре бер, бірақ мал бер деген сөзді аузыңа алма!»,– дейді. Мұса: «Өз обалың өзіңе, бар!» дегенде, Қарынды мал-мүлкімен жер тартады. Сол күйі мал-мүлкімен әлі күнге дейін Қарын жерге жұтылумен барады дейді. Қиссаның аяғында жазушы былай деп тағы үгіттейді:

Әй, мұсылман жарандар,
Малыңнан зекет беріңіз!
Бірлігін хақтың біліңіз!
Хақ жолымен жүріңіз!
Пәк болады дініңіз.
Бұ дүниенің, жарандар,
Сағатындай болмайды
Ақыретте күніңіз.
Әй, жамағаттар, жарандар!
Сөзіме құлақ салыңыз!
Жақсыдан ғибрат алыңыз!
Арам болар, жарандар,
Зекетсіз жиған малыңыз.
Шариғаттан сөз айтқан
Молданың тілін алыңыз!
Құдай берген таусылмас,
Өлшеп берген дәміңіз.
………………………………..
Бұл сияқты сөздердің мақсаты айқын болғандықтан, көп сөз қылудың қажеті жоқ. Молдаларға пайдасы көп, үйткені зекет берсе, молдаға беретіні мәлім. Жұртқа келтіретін зияны көп, әсіресе тілге келтіретін зияны есепсіз…


Дайындаған Есен ТЕМІРҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ