Бесікті танып алмайынша, бесік өндірісін дамыта аламыз ба?

Кезінде бесік жайлы неше түрлі кертартпа әңгімелер де айтылды. Қазақ қыздарының аяғының қисық болуын, балалардың бойының тәпелтек болуын күні бойы бесікке бөленіп жатуынан деп даурыққандар да табылды. Мұның бәрі ұлттың өткенін өшіріп, тарихқа тас атуды көздегендердің тірлігі екені айқын. Соған қарамастан әлі күнге дейін бесік қолданыстан шыққан жоқ. Демек, керек. Аса қажет деген сөз.
Дегенмен кертартпа пікірлер әлі де бар. Бесікке таңып тастаудан баланың өсуі кешеуілдейді-міс. Әрі бөлеудің де машақатынан қашатындар баршылық көрінеді. Кержақ пікірге иек артқандар әлі де өз ұстанымдарынан айнығысы жоқ. Әрі көпшілікті де соған икемдеп, бесіктен безе қашуға үгіттеп әлек. Ал біз көшпелі өмір кешкен қазақ халқының аса қастерлеп ұстаған мүлкі — бесіктің қадір-қасиетін бағамдай алып жүрміз бе? Өмірге жаңа келген періште-сәбидің ақ отауы – бесіктің бүгінде халі нешік?

Шүкір, бүгінде бесік деген базарда самсап тұр. Жабуымен бе, жабусыз ба, қарағайдан жасалғаны ма, жоқ, талдан жасалғаны ма, шертіп жүріп таңдап алуға мүмкіндік мол. Әрі бағасы да аса қымбат емес. Қарапайым көпшіліктің қалтасына ауыр салмақ салмайды. Қалталылар тіпті хас шеберлерге тапсырыспен де жасатып жатыр. Елімізде бесік жасайтын зауыт жоқ. Дегенмен алтын қолды шеберлеріміз сұранысты қанағаттандырып келеді. Бір өкініштісі, бүгінде шетелдік арбалар бесігіміздің орнын баса ма деген қауіп басым. Осы теңіз асып, тау басып келген шетелдік аспа бесіктердің біршама артықшылықтарына да есі кететіндер баршылық. Бір тетігін басса, әуен ойнайды. Бірақ қазақша емес. Екінші тетігін басса, тербетіп береді. Бірақ қазақы бесік сияқты жанына қарай емес, басынан аяғына қарай тербетеді.
Дегенмен бесік сияқты баланы таза ұстайтын түбек, шүмек сияқты «памперсі», яғни артықшылығы жоқ. Осы жағынан алғанда, бесіктің алдына түсері табылмас, әрине.

Базардағы бесік саудалаушылардың айтқанынан ұққанымыз, сәбилердің ақ отауын Ташкенттен, Түркістаннан алып келеді екен. Жергілікті шеберлердікі де баршылық. Ташкенттен келетін бесіктер қызылды-жасылды бояуымен көз тартады. Ал түркістандықтардың бояуы жоқ, бірақ қазақы ою-өрнегі менмұндалап тұр. Қайсысын алып қарасаң да, кем-кетігі жоқ. Бірінен-бірі өтіп, жұтынып тұр. Бәрінен бұрын Тараздың тал бесігінің бәсі басым көрінеді. Еш уақытта да бесік саудасы тұралап көрген емес. Жылдың қай мезгілі болса да сұраныс мол. Оңтүстік өңірде қызы тұңғышын босанғанда артынан бесік жасаулап апаратын дәстүр әлі де өз мәнін жойған жоқ. «Бесік тойы» да заман ағымына қарай түрленіп, жаңа сипатқа еніп келеді. Бұл бесіктің түркі халықтарының, оның ішінде қазақ үшін ешқашан өз маңызын жоймайтындығын көрсетсе керек.

Ізәлі НАУРЫЗБАЕВ, шебер:

– Тұрмыс-тіршілігімізге байланысты бесік жасауда да көптеген жаңашылдық пайда болуда. Ата-бабаларымыз көшпенді дәуірде бесіктің екі жақтауын төртбұрышты етіп жасағаны белгілі. Бұл әлі де Шығыс, Орталық Қазақстан облыстарында сақталған. Түркі тілдес халықтардың ішінде түрікмендер, өзбектер иіп жасаған. Тербетпелі, аспа бесіктер де бар. Бұрынырақта шаңырақтың астына төрт ағашты қағып, аспа бесік жасаған. Бесіктің сылдырмақ ілетін ағашын қазір күміс, мелхиордан жасап жатырмыз. Күмістің балаға әсер ететін жаман энергияларды жоятын қасиеті бар. Осындай себептен әдейі күмістен жасауға тапсырыс беретіндер көбейді. Жуырда осындай бесікті Астанаға алып кетті. Оның бағасы 1000 АҚШ долларынан асып жығылады. Ұлттық нақыштағы неше түрлі оюлар саламыз. Сондай-ақ жабуын Қазақстанның туындай етіп тігеміз. Тартпаларына тудағы оюды саламыз. Мұндай бесіктерді тек тапсырыспен ғана жасаймыз.

Баланы бесікке бөлеген пайдалы ма?
Иә:

Динар АСТАЕВА, балалар дәрігері:

– Өткен жылы балалар емханасына келетін 100 ананың арасында сауалнама жүргізгенбіз. «Балаңызды бесікке бөлейсіз бе?» деген сұраққа аналардың 62-сі «жоқ» деп жауап беріпті. Олардың басым бөлігі бесікке таңғаннан гөрі памперсті пайдаланып, кереуетке жатқызғанды қолай көретіндерін жеткізіпті. Бесіктің баланың гигиеналық тазалығына өте қолайлы екендігін өздері-ақ білуі керек. Бүгінгі жастар арасында баланы бесікке бөлейтіндердің азайып бара жатқандығы алаңдатады.
Жоқ:

Алма ӘБДИЕВА, есепші:

– Ата-енем ауылда тұратындықтан, маған бесікке бөлеуді ешкім үйреткен жоқ. Бір-екі рет бөлеп көріп едім, шүмегін оңтайлы қоя алмай, дәретін жайып қойып, әбден абыржыдым. Маған одан да памперстен артығы жоқ.

Оймақтай ой

Қала орталығында ілініп тұрған билбордта жас анаға қартаң әженің баланы бесікке бөлеп үйретіп жатқаны бейнеленіпті. Астына «Бесікке бөлеу – бабалар дәстүрі» деп жазып қойыпты. Жастарымыз осыдан ой түйсе дейсің.

Бесікке байланысты ырым-тыйымдар

Бос бесікті тербетпейді.

Бос бесікті еш уақытта жабусыз қалдырмау керек. Үстіне ақ мата жауып, ең болмағанда ұршығына орамал байлап қою қажет.

Бесіктің теріс жағына отырмайды.

Бесікті саудаламайды. Айтқан бағасына сатып алу керек.

Бесік жасайтын шеберлер ынсапты болуы тиіс. Киелі дүниенің бағасын аспандатпауы керек.

Бесік жайлы әфсана

Жоңғарлар шапқыншылығынан соң тоз-тоз болған ел тау жаққа қарай босып, үдере көшкенде, жүкті жас келіншек бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төле бимен қатар келе жатқан кісі: «Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны-ай», – дегенде, Төле би: «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі ғой», – деген екен.

Пікірлер саны: 4

  1. Рысбек 19-Желтоқсан, 2010, 7:24 пп

    Сәләмәтсиздер ме? Мен қазақтың халық ауыз әдебиетінің ұрпақ тәрбиесинднгі маңызы жайында ғылыми жоба жасап жатыр едим. осы тұрғыда маған қандай ақыл кеңес бере аласыздар????????? алдын-ала РАХМЕТ!!!!!!

  2. Ербол 16-Шілде, 2011, 11:32 пп

    сәлеметсіздерме? менім базардағы бесіктерге көңілім толмады! қазақи емес қайжерге тапсырыс беруге болады?

  3. admin 18-Шілде, 2011, 12:26 пп

    Мына телефондарға хабарласыңыз: 87073638331, 87073638326, 87022702102, тапсырысыңызды айтарсыз…

  4. lkgjgj 7-Сәуір, 2012, 8:15 пп

    бесикке калай болейди? шумекти калай байлайды?

Пікір жазу