Ұлт тарихы және А. Байтұрсынұлы

0
32

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Алаш Орда»: ұлттық идея және дін мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Сол конференцияда баяндама тарихшы  Ханкелді Әбжановтың материялын назарларыңызға ұсынып  отырмыз.

 

Тарихтың жолы, адамзат қауымының тағдыры қайшылықтар мен қиыншылықтарға толы. Ол қарапайым малшы мен диханның да, зергер мен ұстаның да, жас пен кәрінің де, білімпаз бен сауатсыз жанның да алдынан әркез шыққан әрі шыға да береді. Қазақи ұғыммен айтқанда – екінің бірі. Күрмеуі күрделі өзекті мәселе шешілмесе, асқынса, қоғам күйрейді, не осынау қайшылықтар мен қиыншылықтардан алып шығатын кемел адам табылады. Торығуға салынбай, қауымды діттеген межеге жеткізген терең ой мен тегеурінді әрекет иесін, көшбасшыны, ізденімпаз күрескер жанды, біздің пікірімізше, Тұлға деген жөн.

Ханкелді Әбжанов, ҰҒА академигі

Көктей шолып қарайтын болсақ, ұлы далада Тұлғалар жалғастығы үзілмегенін көреміз. Парсы әскерін шөл далада адастырған Шырақ та, күй атасы Қорқыт та, ғылым қуып қиырға кеткен әл-Фараби да, азаттық жолында құрбан болған Махамбет, Кенесары, А. Байтұрсынұлы да шынайы Тұлғалар.

Тұлға дәйектеген ізашар нәтижені, интеллектуалдық бетбұрыс пен инновацияны замандастары, кейінгі ұрпақ тұтынады, арқа сүйейді, есейеді. А. Байтұрсынұлының ғылыми әдебиеттанытқышы, тіл құралы, терминтануы, әліпби реформасы, бұқаралық ақпарат құралын қалыптастыруы, сазгерлігі, аудармашылығы, оқулық түзуі, әдіскерлігі, қоғамдық-саяси жаңашылдығы, міне, осындай құндылықтар.

Тұлғаны тұлға еткен іргелі нәтиже, танымдық және қолданымдық бәсі жоғары теориялық-практикалық шешім бір күнде туа қалмайды. Алғашқыда ниет, арман, қиял түрінде көрініс береді. Айталық, ХХ ғасыр басына қарай жақсы мен жаманды айырудан қалған қалың жұртты ояту идеясы базбіреулерге мызғымайтын утопиядай көрінгенмен А. Байтұрсынұлы сынды ұлы Тұлғалардың мектеп ісін ұйымдастырудағы, газет-журнал, кітап шығарудағы, үгіт-насихаттағы, жаңа буын зиялылар тәрбиелеудегі жанкештілігімен айналасы 10-15 жыл ішінде нақты нәтижеге айналды. Қиыншылықтар да аз емес еді. Отарлаушылар тарапынан қуғындалып, абақтыға қамалды, самодержавиенің шен-шекпені мен идеологиясына уланған қандастары сырт айналғаны рас.

Қинамайды абақтыға жапқаны,

Қиын емес дарға асқаны, атқаны.

Маған ауыр осылардың бәрінен

Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны, –

дей жүріп, өмірін арнаған ісінің дұрыстығына сенді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі – қазақтың оянғанының тамаша айғақ-дәлелі. Жалпы, адам баласының санасы мен жүрегін мазалаған, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан идеялардың, тіпті утопиялық идеялардың басым бөлігі түбінде жүзеге асады. Өйткені олардың бастау бұлағында өмірлік қажеттілігін тереңінен ұғынған, замандастарын иландыра білген, қоғамдық санаға нық орнықтырған, орасан жауапкершілікті мойынына алған Тұлға тұр. Көптің үйреншікті өмір салты мен тіршілігіне қозғау салатын, өзгеріс әкелетін Тұлғалардың ақыл-ойы мен әрекетінсіз тарих қарыс-сүйем алға баспас еді. Осынау ұстаныммен А. Байтұрсынұлын ұлт тарихына жаңа мазмұн мен реңк берген Тұлға деп ұлықтасақ, еш қателеспейміз.

Тұтас ұлтты ояту үрдісіне салған олжасымен А. Байтұрсынұлы қазақ тарихына мәңгіге кірді. Бірақ ол және оның мұраттас замандастары табыстан басы айналмастан келесі ұлы идеяны күн тәртібіне қойды әрі биік парасатпен атқара алды. Әңгіме 1917 жылғы жаз-қыс арасында қазақ автономиясы жобасын негіздеу және жүзеге асыру туралы болып отыр. Бас-аяғы 6 айдың ішінде бірінші және екінші жалпықазақ съезін өткізу, Алаш партиясы мен автономиясын дүниеге әкелу, мемлекеттік билік жүйесі мен шекараны айқындау, ұлтаралық және дінаралық қатынастарды реттеу ұлт ісіне жегілген зиялылардың, оның ішінде А. Байтұрсынұлының жасампаздық, интеллектуалдық әлеуетін паш етті. 1917 жылдың жазында Әлихан, Мыржақып, Ахмет үшеуі: «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық саяси ісін ұғынбаса, тезек теріп, тарих жолында артта қалады. Бақыт, махаббаттан тысқары болады. Бұл екеуі жоқ жұртқа тіршілік неге керек?», деп жазуымен жалпыадамзаттық өркениет, шынайы демократия биігінен ой өрбітсе, күзде Алаш партиясының жобасы арқылы Қазақ елінің болашағын, мемлекет ретінде қалыптастыру стратегиясын айқындап берді. Мұндағы: «Қазақ жүрген облыстардың бәрі бір байланып, өз тізгіні өзінде болып, Россия республикасының федератсиялық бір ағзасы болуы. Реті келсе, Қазақ автономиясы сыбайлас жұрттармен әзірге бірлесе болуы, реті келмесе – бірден-ақ өз алдына жеке болуы», — деген көреген пайым бүгінде толық орындалды.

А. Байтұрсынұлы большевиктік идеяның Қазақстандағы болашағына сенген жоқ. Біріншіден, қазақ қоғамындағы таптық, партиялық жіктеліс, экономикалық өмір большевиктер пайым-тұжырымнан мүлде өзгеше екенін әрқашан алға тартып отырды. Екіншіден, кешегі отар өлкедегі социалистік құрылыстың алғашқы 3-4 жылы большевиктік биліктің жасампаз қабілеті мейлінше төмен екенін көрсетті. 1921 жылы А. Байтұрсынұлы жазғандай, «РКП ұйымдарының қазақтар арасында жүргізген жұмысының қай саласын алсақ та, ешқандай алға жылжушылық болмады». Үшіншіден, Алаш һәм Алаш Орданы алғаш құрушылардың бірі бола тұра кеңес өкіметі жағына мәжбүрлеусіз-ақ өткенде басты көздегені ұлтының игілігіне қызмет ету еді. «Мен, – деп жазыпты ұлы Тұлға, – РКП программасын ұзақ уақыт бойы қазақ халқын азат етудің жолдарын іздестіруден соң барып қабылдаған едім». Төртіншіден, большевиктер билеген Қазақстанда түрлі қызметтерді атқара жүріп, тіпті абақтыға қамалғанда да туған халқын тоталитарлық қыспақтан, қуғын-сүргіннен қорғап қалуға бар күші мен білім-білігін риясыз жұмсады.

Тұлғаның тұлғаға лайық миссияны орындауы жеке басының қабілет-қарымына ғана тәуелді емес. Ол берісі – қоршаған ортасындағы, әрісі – әлемдегі қырық қатпарлы объективті және субъективті заңдылыққа қалай байлаулы болса, кездейсоқ және стихиялы факторларға да соншалықты қатысы бар. Мәселен, 1937 жылғы «үлкен террор» қазақтан шыққан әлденеше мың маманның өмірін қиды. Араларында қанша болашақ дарынды саясаткер, ғалым, қолбасшы, күйші, сәулетші кеткенін ешкім айта алмайды. Тап сол сталиндік «үлкен террордан», қолдан ұйымдастырылған зұлматтан алашшыл М.Әуезовтың, Ә. Ермековтың, Ә. Марғұланның  аман-сау қалғаны нағыз кездейсоқтықтың өзі. Қисынға сыймайтын оқыс оқиғаларды да қаперден шығаруға болмайды. Сидней олимпиадасының чемпионы боксшы Б.Саттархановтың 20 жасар шағында, жезтаңдай әншілер Ж.Кәрменов пен М.Ералиеваның кәсіби-шығармашылық кемелінде көлік апатынан қаза табуы әрі кездейсоқ, әрі стихиялы себептер жиынтығының әкелген қасіреті. Хәкім Абайдың, ғұлама Шәкәрім қажының, саяси қайраткерлер Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы мен Ж.Тәшеновтың мемлекет тарапынан қолдау көрмек түгілі әділетсіздікпен күйеленгені, жапа шеккені Тұлғалар қасіретті тағдырға сыртқы күштердің арнайы ұйымдастыруымен де ұшырайтынын әшкерелейді. Ендеше, Тұлғаның пайда болуы түпжаратушының ұлтқа, аракідік адамзат өркениетіне тартқан сыйы, оны дер кезінде дұрыс тани және лайықты бағалай білу ортасының, әсіресе мемлекеттік биліктің тарих, болашақ, ар  алдындағы борышы. А. Байтұрсынұлына тиесілі бұл борыш енді ғана өтелуде.

Тұлға тұғырының биік әрі көрнекі қадір-қасиеті, өлшемі туған халқының санымен, халықаралық қатынастар мен сыртқы саясаттағы бәсекеге қабілеттілігімен, азат немесе отар күй кешуімен, тіпті нақты қай елде тұруымен анықталатынын тарих әлденеше дәлелдеді. Айғақ-дәлел келтірер болсақ, XX ғасыр басында Еуразияның сайын даласын ұлттық идеямен оятқан, сонысымен Ресей империясының патшасын, КОКП-ның Бас хатшыларын мазаландырып, үрейге бөлеген Ахмет, Әлихан, Мұстафаларды Қазақстаннан тыс жерде ғалым-мамандар ғана біледі, ал бұлардан мыңдаған жыл бұрын ғұмыр кешкен, бар болғаны құлдардың көсемі, саяси бағыт-бағдары мүлде айқындалмаған, гладиатор Спартак әлем тарихынан ойып орын алған Тұлғалар қатарында тұр. Егер әл-Фараби өз заманындағы ғылыми ойдың әлем мойындаған ошағы — араб жеріне кетпей, Отырарда қалып, трактаттарын осында жазса, әлемнің екінші ұстазы атанар ма еді, атанбас па еді, қайтер еді.

Мәселенің мәнісі мынада: саны көп халықтан ғана емес, аз халықтан да адамзат өркениетіне олжа салатын, практикалық-қолданбалық және теориялық-шығармашылық жаңа көкжиекті ашатын Тұлға шығады. Ал оның мойындалуы әлемдік тарихта және үдерістерде халқының бағындырған биігіне де қатысты екен. Мұндайда халқымыздың: «Көп қорқытады, терең батырады», «Бидің айтқанын құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» деген қағидат-нақылдары еске түседі. Демек, А. Байтұрсынұлының тоталитаризм тұсында ақталуынан, азаттықпен бірлесе ұлт тарихындағы қастерлі орнын табуынан халқымыздың сапалық кемелденгенін, мемлекетіміздің күш-қуаты артқанын, қоғамымыздың интеллектуалдық қарымы еселеп өскенін көру ләзім.

А. Байтұрсынұлының ұлт тарихындағы орнын ғылыми дәйектеудің бір сарасы оның тарихи көзқарасын зерделеуге келіп тіреледі. Бұл орайда «Әдебиет танытқыш» кітабындағы тарих жайлы ой-түйіндерінің мән-мағынасына бойлаудың маңызы зор. Ахаң болған оқиғаны бастан-аяқ мазмұндап беретін әуезенің түріне тарихты жатқызады. Тарихты «ұлы дерек», «айғақты әуезе» дей келе, оны сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы қатарына қойыпты. Тарихтың қызметін, мақсатын жеке-жеке тиянақтап, тарихшылар қауымына артылар жауапкершілікті тарқата талдайды. «Тарихшылардың мақсаты, – делінген еңбекте, – уақиғаның уақытын ғана көрсету, яки не түрде болған тысқы сиқын ғана көрсету емес, ол уақиғаның болуына қандай нәрселер, нендей уақиғалар себеп болғанын көрсетіп, ішкі мәнісімен де таныстыру».

Беретін дерегінің түріне, рас, өтірігінің тексерілуіне қарай тарихты үш салаға жіктеген екен: 1. «Жалпы тарих». 2. «Жалқы тарих». 3. «Мәдениет тарихы». Шынайы тарихи зерттеуге шежіре, заман хат, өмірбаян, мінездеме, тарихи әңгіме септесетінін қаперге салған. Тарихқа көзқарасы мен методологиясы барынша айқын көрінген еңбектеріне «Қазақтың бас ақыны», «23 жоқтау», «Араб әліппесін жақтаған баяндамасы», т.б. шығармалары жатады.

Тұлғасыз — халық жетім, туған халқынан тамырын үзген Тұлға — тұл. Халықтың ғұмырын ұзартатын, тіпті жер бетінде сақталып қалуын қамтамасыз ететін алғышарт: материалдық және рухани қазынаны — азық-түлік, тұрғын үй, киім-кешек, тіл, әдебиет, өнер, т.б.с.с. – ілгерілеусіз, қасаң, әу бастағы әдіс-тәсілмен, құрал-жабдықпен өндіре беру, туындату жақсылыққа апармайды. Оны үздіксіз жетілдіру, интеллектуалдық өресін байыту, еңбектің өнімділігін арттырған үстіне арттыра түсу қажет. Әйтпесе ашаршылық, кедейлік, рухани жұтаңдық этностың түбіне жетеді. Мұны айтпаса да түсінгендіктен халық саналы немесе автоматты түрде еңбектенеді, ізденеді. Шаруаға қыры барлары, мәдени-имандық істерге икемділері айналасындағыларға үлгі-өнеге көрсетеді. Бірақ бұлар эмпирикалық-нақты міндетті жергілікті ауқымға сай шешкен пысық белсенділер ғана. Артық қыламын деп тыртық қылғандарға кешегі күшпен ұжымдастыру тұсында халықтың берген анықтамасы «шолақ белсенді» ғой. Көп жайдан хабар беретін, танымдық әлеуеті әзірге толық зерделене қоймаған ұғым-түсінік бұл. Нағыз Тұлға ізденісі мен әрекетінің нәтижесі жалпыұлттық мақсатты үздік үлгіде атқарумен көмкеріледі. Айталық, саясатта бұлар Қазақ хандығының іргесін қалаған Керей мен Жәнібек сұлтандар, мемлекеттің тарихи-этникалық аумағын қалпына келтірген Хақназар, Тәуекел хандар, уақыт үдесіне лайық реформаларды жүзеге асырған Қасым, Есім, Тәуке хандар, ұлттық идеология мен теорияда пәрменді ұстанымдарды және қағидаттарды дәйектеген Асан Қайғы, Бұқар Жырау, Алаш зиялылары, әскери-соғыс өнерінде — Әбілқайыр хан, Қабанбай мен Бөгембай батырлар, ұлттық «Менге» негізделген тәуелсіздік үшін күресте даңқы артқан Абылай, Кенесары хандар, Еуропалық өмір салты мен рационализмді орнықтыруда — Жәңгір хан, жазба әдебиетте — Абай, әлемдік ғылымды игеруде — Шоқан, қазақ ғылымын өрге сүйреуде — Қ.Сәтбаев, кеңестік тоталитаризм қылмысын әшкерелеуде — М.Шоқай, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов. Осындай Тұлғаларсыз қазақтың қазақ болып қалуы екіталай еді, халқына адалдықпен ақыл-ойын, әрекетін нәрлендірмегенде бұлар Тұлға биігіне көтерілмес еді.

Халық пен Тұлғаның ажырағысыз бірлігі А. Байтұрсынұлының барша тағдырынан көрініс тапты. Ғасырлар тоғысындағы қазақ тағдырын Ахаңсыз, Ахаңның есімі мен мұрасын қазақ халқынан тыс ұғыну мүмкін емес. Осынау методологиялық пайымды А. Байтұрсынұлының көзі тірісінде жас алашшыл М. Әуезов былайша жеткізіпті: «Ахаңның майданға алғаш жыры шығып, әдебиет, саясат жолында жол бастаған күндері бәріміздің де есімізде… Ахаңның қазақ оқушысының ойы мен пікірін тәрбиелеген заманнан бір ой ұзағамыз жоқ. Қаламынан туған өсиет-үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы үкіметтік әр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға сіңірген пікірі әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді». Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н. Назарбаев: «Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының ар-ожданы», деген идеологемасымен ұлт тарихындағы тұлғаның орынын дөп көрсеткенін бүгінгі ұрпақ жақсы біледі.

Ұлы перзентін ұлықтай алған ел өркениет көшінен қалуы мүмкін емес.


Ханкелді Әбжанов,

ҰҒА академигі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ