Шығыстың шежіре тұнған даласы

0
36

Шығыс Қазақстан облысы – Алаш тарихында ерекше орын алатын шежірелі мекен. Адамзат дамуының түп бастауында тұрған көне қорғандарды былай қойғанда, ескерткіштер мен тарихи орындар, күмбездер мен кесенелер алыстан көз тартады. Әр қиырынан, әр тасынан, әр жотасынан тарих үні естілгендей болады. 

Соңғы жылдары асқақ шыңынан қар кетпес Алтай тауларына, қойнауы құтқа толған Катон-Қарағай мен Зайсан жаққа шетелдік ғалымдар ат басын жиі тірейтін болды. Шығыс Қазақстан облысына шығыстанушылар мен археологтар зор қызығушылық танытуда. Сол ғылым нысаны ретінде Берел қорғанынан табылған жылқы сүйегі мен Шіліктіден табылған Алтын адам ел тарихының алтын қорына айналды.
Бүгінгі таңда облыс аумағында мемлекет қорғауында 670 жылжымайтын ескерткіш бар, оның 173-і тарихи, 127-сі сәулет, 234-і археологиялық, 136-сы монументальды өнер ескерт­кіштері. Облыс аумағында 652 жәдігер жергілікті ескерткіштер болса, 18-і республикалық маңызға ие.
Атап айтсақ, Сәтбаев ауылында Қаныш Сәтбаев ескерткіші (1980 жылы салынған), Көкжыра ауылында «Отан-Ана» монументі (1990) және Амангелді Иманов ескерткіші (1970), Ойшілік ауылында Қойбағар батыр мазары (XIX ғасыр) және Тоғас батыр ескерткіші, Аягөз қаласынан солтүстік-батысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан Барақ батыр кесенесі, Б.Майлин ауылында Әріп Тәңірбергенов зираты, Таңсық ауылында Қозы Көрпеш – Баян Сұлу кесенесі келмеске кеткен көне тарихтан сыр шертеді.
…Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екеміз?
Күдеріден бау тағып,
Ақ кіреуке киер ме екеміз? – деп жырлаған Алаштың суырыпсалма ақыны, жалынды жырауы, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретін көзімен көріп, басынан өткерген, сол бір нәубетті жоюға ат салысып, жоңғар шапқыншылығынан отанын қорғауға өлшеусіз үлес қосқан баһадүр бабамыз Ақтамберді Сарыұлының сүйегі Абай ауданының Жүрекжота деп аталатын адырына жерленіп, кейін сол жерде кесене бой көтерген.
Сөзімізді түйіндей келе, сайын даланың сан қырлы тарихына көз жүгіртсек, баға жетпес құндылықтарды һәм руханиятымыздың алтын діңгегіне айналған өлең мен сөз қасиеті ананың сүтімен, бабаның қанымен бойымызға дарыды. Алаш даласының әр қиырынан өшпес өнеге көреміз, тағылым аламыз, тәу етеміз. Асылы, осы құндылықтар жас ұрпақтың санасында жаңғырып тұрса, болашағымыз сәулелі болары сөзсіз.


Біржан Ахмер,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің 
ғылыми қызметкері

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ