Қазаққа рух берген «Оян, қазақ!»

0
279

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Алаш Орда»: ұлттық идея және дін мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Сол конференцияда баяндама жасаған тарихшы Светлана Смағұлованың материялын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, ағартушылығымен, ақындығымен, ХХ ғасыр басында өзіндік идеясымен танылған зиялылардың бірі – Міржақып Дулатов. Қайраткер бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқының азаттық жолына, патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы күресуге, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің өрлеуіне арнап, «Айқап», «Қазақ», «Серке» және т.б. мерзімді басылымдар арқылы ел санасын оятатын мәселелерді көтерді. Жалпы, М. Дулатовтың қоғамдық-саяси қызметін зерттеуге арналған жұмыстар негізінен бірнеше кезеңдермен ерекшеленеді. Қоғам қайраткерінің шынайы тарихи тұлғасын, оның идеяларының өміршеңдігін дәлелдей түскен еңбектер баршылық.

svetlana-sma-lova

М. Дулатов саяси өмірге қадам басқан кезде отаршыл патша үкіметінің саясаты өлкеге тереңдей еніп, солардың идеологиясы негізінде халықты орыстандыру, шоқындыру үрдістері қарқынды жүргізіліп жатқан еді. Осы жәйттер қайраткердің саяси-әлеуметтік көзқарасының қалыптасына әсер еткені сөзсіз.

Ақынның алғаш хат танып, білім алғаны ауыл мектебі болған. Ұстазы М. Тоқтабаев жазу-сызуға үйретумен бірге, орыс тілін жетік білгендіктен шәкірттерінің орысшаға да ден қоюын қалады. Екі класты Торғай орыс-қазақ училищесіне түскенде де Е. Бабин, М. Балғымбаев, Пустовалов, Т. Медетов және тағы басқа ұстаздар дәріс беріп, оның саяси өмірге қадам басуына, қоршаған ортадағы жағдайларды танып-білуіне үлкен себепші болған. Міржақыптың саяси-әлеуметтік көзқарасының қалыптасына осы ұстаздарының ықпал зор. Ең бастысы солардың әректемін, солардың ісімен ақ пен қараны ажыратып, өзінің ортаға деген көзқарасын қалыптастыра білді. Негізінде, Міржақыптың тарихқа, әдебиетке, өлкетанушылыққа деген қызығуышылын оятқан училище ұстазы Төлеген Метедов болды. Шыңғысханның жорықтары, Кеңесары Қасымовтың патша саясатына қарсы күресі жайында айтып, Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жатқа оқып, жас бозбаланың рухани жандануына дем берді.

Торғай қаласында Міржақып ойы ашық, көкірегі кең азаматтарды көзімен көріп, олардың кейбірімен жеке таныс та болды. Мәселен, Торғай уезінің дәрігері П.В. Добровольскийді жиі кездесіп, адамдасып та жүрген. Бір білгені бұл азаматтың өңірге саяси көзқарасы үшін келгені болды. П.В. Добровольский туралы ел арасында түрлі қауесеттер тараған. Бірі оны террорист десе, екіншілері полиция мен үкіметтен қашып келген деп айтып жатты [1,24, 32-бб.]. Үкімет тарапынан саяси қылмыскер ретінде қуғындалған осындай азаматтардың көзқарастары кейіннен Міржақып саяси күреске шығуына жол ашты десек те болады.

Мұғалім болып, қызметке араласқан кезде де оның сана-сезіміне ұлы ақын Абай мен қазақ жеріне жер аударылып келген Е.П. Михаэлистің және тағы басқа айдауда жүрген демократ қайраткерлердің идеяларының тікелей әсер еткен. Ұлы ақынның қайтыс болғанына он жыл толуына орай 1914 жылы «Қазақ» газетіне жариялаған «Абай» деген  мақаласында ол: «Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш Абай сөзі, Абай аты боларға керек. Абайға шейін қазақта қолға алып оқырлық, шын мағынасында қазақ әдебиеті дерлік бір нәрсе болған жоқ еді. Абайдың бізге қымбаттығы да сол. Бәлки мұнан кейін Абайдан үздік, артық ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғарғы, ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай», — деп ағынан жарылған еді [2]. Сөйтіп, осы мақаласы арқылы қайраткер Абайдан асқан ақынның жоқтығын, Абайдың әрбір өлеңінің астарында үлкен мән жатқандығын көрегендігімен жеткізіп, бағалаған.

Абайдай ұлы ақынның өлеңімен өскен Міржақып ХХ ғасырдың басында үлкен күрес жолына түсті. Өзі қызмет еткен Көкпекті округі, Зайсан өңірі, Торғай жеріндегі қарапайым халықтың ауыр тұрмысы мен оларға деген отаршыл патша үкіметінің үстем саясаты елдің тәуелсіздігі жолында бас көтеруге жол ашты.

Міржақыптың өмірінде сол кездердегі ең басты оқиға – 1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесі. Ақынның  А. Байтұрсыновпен танысуы, 1905 жылы жаз айында Қарқаралыға келіп, әйгілі Қарқаралы петициясын ұйымдастыруға қатысуы, қазақ ұлт зиялыларымен бірлесе Мемлекеттік Дума жұмысын қадағалауы оның көзқарасын шыңдай түсті. 1905 жылы жалпыұлттық мүддені көздеп, халықтың мұң-мұқтажын жоғарғы орындарға жазып, оның тез арада шешілуін талап еткен ұлт зиялылары да назардан тыс қаламаған. Қарымды қаламдарымен патшылық үкіметтің қазақ халқына ұстанып отырған озбырлық саясатын ашық сынға алды. М. Дулатовтың «Оян, қазағы» да осы патшалық Ресей үкіметінің отаршылық саясаты қазақ халқына тырнағын батырып, жерін тартып алып, тілі мен ділін орыстандыра бастаған кезде дүниеге келді.

«Оян, қазақтың» шығуы дүйім халықты дүр сілкіндіріп, халық санансының оянуына жол ашты. Уфа шаһарында жарық көрген бұл кітап қазақ даласына бірден тарады. Қазақ елі «Оян қазақ!» кітабынан патшаның отарлау саясатының халыққа тигізген қасіретін, қазақтың тұрмыс күйінің күйзелісін, әлеуметтік жағдайдың құлдырауын айқын көре алды. Сондықтан да оның:

Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал харам боп,

Қазағым енді жату жарамас-ты, –

деген өлең жолдарын халық ұран ретінде қабылдады.

Жалпы, Міржақып «Оян, қазағы» арқылы қазақтың патшалық Ресейдің билігіне мойынсұнып, көнбіс әрекет етіп отырғандығын бетіне басты. Отаршылдарға  күреске шығудың ең басты жолы — білім жолы екендігін айта келе, қазақ жастарының тек жатпай, оқып, бас көтеруге, өз елін, жерін, қорғауға шақырды. «Оян, қазақтың» басты мақсатын Міржақып былай деп көрсеткен екен: «…мұсылманша ғылымдар оқып, дінімізді танып, надандардың көзін қойып, көңілін ашып, пайдамызды табалық. Екінші- дүниемізде қажетті хақыларымызды алып, жерімізді, малымызды  сақтау үшін басқалардан қорлық көрмес үшін, орысша оқып өнерлі болалық. Әркім өз қолында  барынша жомарт болғаны секілді, мен де өз қолымда барынша бишара халқымызға пайда келтірмек тілегіммен осы шығарманы жаздым».

Міржақып орыс шенеуніктерінің әрбір әрекетін сынға алды. Қазақтың өзі сол орыс мырзасына бас ұрып, ол келгенде тілін бұрап, бар білген орысшасын сөйлеп, мазақ болғанына ызаланған. Бұл ойын мына жыр жолдарында нақты келтіреді:

Мен қазақпын, сен қазақсың, ол қазақ,

Ер мінезбен өр рухқа болма жат.

Ортасына жалғыз орыс кіргенде,

Орыс тілде шүлдірлейді он қазақ.

Оның көрегендігі расында да кейінгі кеңестік жүйе тұсында қатты білінгені бәрімізге мәлім. Қазақ тілінде сөйлеуді намыс көріп, орыс тілін ана тіліндей көргендердің көбейіп, ана тіліндегі әдебиеттерді, ана тіліндегі мәдениетті менсінбегендердің қатары ұлғайғаны өтірік емес.

М. Дулатов Қазақтың ұлттық санасына, қасиетіне керісінше әсер ететінін жаман қасиеттерден арылуды, ең бастысы елдің елдігін, тәуелсіздігін өзге ұлттың қолына ұстатпауды өтінді. «Оян, қазағы» арқылы халық арасында кең етек алып бара жатқан алауыздық, мансапқорлық, партияшылдық, зорлық-зомбылықты сынға алып, қара басын ойлаған пасық  байлар мен атқамінерлерге қарсы күреске шығуды үндеді [3, 38-49-бб.].

Патша заманы тұсында да, кеңестік жүйе кезінде де Міржақып қылмыстық жауапқа тартылды. Ең алғаш «Оян, қазағы» үшін Міржақып Семейде 1911жылы 6 маусымда қамауға алынып, 23 желтоқсанда болған Семей өлкелік сотының шешімімен Қылмыстық Істердің 120-бабымен бір жылға бас бостандығынан айырылды [4].

«Оян, қазақ!» шығысымен патша үкіметі тарапынан құпия түрде жіті тексерістен өткізілді. Міржақыптың «Оян,қазақ!» үшін істі болуы қазақ халқына «Айқап» журналы мен «Вакыт» газеті арқылы хабардар етілді.  Патша үкіметі халық арасына бұл кітапты кең түрде таралуына себепші  болған қазақ пен татар азаматтары М. Сералин, М. Бекметев, А. Атажанов сияқты азаматтардың үстінен іс қозғалып, жауапқа тартылды және кітаптың бұқара үшін «зияндығын» дәлелдеп, қолданыстан алдырды.

Кітапқа сіни пікір берген арнай комиссия мүшелері де тек қазақтарға емес, жалпы мұсылман халықтарына зияндығын делелдеуге тырысты. Олар «М. Дулатов алғы сөзінде  қазақтардың жері кетіп, тіл күрмеліп, діні қысымға ұшырап отырғандығын баса айтып, дүйім халықты оянуға шақырған, орыс үкіметіне қарсы жазылған» деген тұжырым жасады [5].

Кеңес өкіметі тұсында да М. Дулатовтың «Оян, қазағы» алдынан  шықты.  ХХ ғасырдың 20 жылдарының соңы мен 30 жылдардың басында Алаш қозғалысына қатысқандарды қудалау басталғанда істі болып, қамауға алынған азаматтардың арасында М. Дулатов та бар-тын. Себебі, 1929 ж. 1 қаңтардағы Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарманың (БМСБ-ОГПУ) Шығыс бөлімінің тергеуі барысында М. Дулатовқа қойылған сұрақтардың бірі осы «Оян, қазаққа» байланысты еді. Оларға берген жауабына М. Дулатов «Оян, қазақ!» үшін 1911 жылдың жазында Семей өлкелік сотының «үкіметке қарсы идеяларды таратқандығы және ақ патшаны балағаттағаны үшін бір жылдай бас бостандығынан айырылып, түрмеде отырғандығын» айтады [6, 7-б.].

1930 жылғы 4 сәуірдегі ОГПУ-дың сот коллегиясының үкімі бойынша М. Дулатов басқа ұлт зиялыларымен бірге  бастапқыда ату жазасына кесіліп, кейіннен он жыл мерзімге лагерге жіберілуге алмастырылған еді. Одан кейін ақынның шығармашылығын қаралаған материалдар мерзімді баспасөз беттерінде жарық көре бастады. Мәселен, «Большевик Казахстана» журналына жарияланған М. Қайыпназаровтың мақаласында М. Дулатовтың бұл кітабы өткен байшыл-бишіл өмірді көксеген еңбек ретінде сыналды  [7, 325-б.].

Бұдан кейінгі жылдары да М. Дулатовтың бұл шығармасын «буржуазиялы-ұлтшылдық идеясы көрініс тапқан, прогрестік емес» деушілер табылды.

«Оян, қазақ!» кітабының таралмауы үкімет тарапынан жіті бақыланып, қолданыстан алынса да, қазақ жұрты оны жатқа айта бастады. Кітаптың мазмұны ауыздан ауызға тарап, оны тауып оқуға қызығушылық артты. Сөйтіп, М. Дулатовтың «Оян, қазағы» ұлттың ұлттық рухын оятты. Атадан балаға мұра болып келе жатқан жерден, қасиетті саналған тілден, діннен айырылып қалмауға шақырды. Ақынның қазаққа жар салған ішкі айқайын естіген азаматтарға ой салды. Осыдан кейін «Оян, қазаққа» ұқсас тақырыпта жар салған қазақ азаматтарының өлең, мақалалары жарық көрді. Байбатыр Ержановтың «Тұр, қазақ!», Әбілқасым Арғынидың «Жатпа,қазақ!», Елеусіз Бұйриннің «Ызың» кітаптары «Оян, қазақ!» кітабының жалғасы іспеттес болды. М. Дулатов сияқты қазақ халқын азат өмірге шақырған бұл кітаптарда да елдің басына түскен қиыншылық, патша саясатының озбырлық әрекеттері сыналды.

Міне, көріп отырғанымыздай, М. Дулатовтың «Оян, қазағы» кейінгі авторларға үлкен жол сілтеп, үн қосуға шақырғандай болды. М. Дулатов жинағының құндылығына өзіндік тұжырым жасап, оның нағыз ұлтжанды патриот екендігіне, оның идеялық арман-тілегінің бүгінгі таңда жүзеге асқандығына мақтан тұту керектігін кезінде Қошке Кемеңгеров оны  қазақ халқына түскен нұр, сәуле ретінде бағалады [8, 121-129-бб.].

М. Дулатов «Оян, қазақ!» кітабы арқылы халықтың басына түскен қасіретті батыл түрде көтерген, сол ауыртпалықтан шығар жолда ұсынған идеялары бүгінгі күнде өміршеңдігін көрсетті.

Бұл еңбек біріншіден, Міржақып Дулатовтың отарлық жүйеге қарсы күрескер ретінде қалыптасу жолын,  ұстанған ұстанымын айқындап берді, екіншіден, «Оян, қазақ!» жинағының қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі халықтарының ұлттық санасын дүр сілкіндірткен, ұлттық еркіндікке жетудің жолдарын насихаттаған туынды екендігін дәлелдеді.


 Светлана СМАҒҰЛОВА Одепқызы,

Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің профессоры,

  тарих ғылымдарының докторы


1 Галиев В.З. Книга, разбудившая народ (Разыскания о Мыржакыпе Дулатове и его сборнике «Проснись, казах!»). – Алматы: Мектеп, 2011. – 528 с. 2 М.Д. Абай // Қазақ. – 1914. – 23 июнь. – №67.

3 Дулатұлы М. Оян, қазақ! – Алматы: Алтын Орда, 1991. – 80 б.

4 ҚР ОММ.  64-қ., 1-т., 3885 «а»-іс. 30-п.

5 ТР ҰМ. 969-қ. 1-т. 47-іс. 49-59-пп.

6 Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Қаңтар 1929-шілде 1938 жж. – Алматы: Ел-шежіре, 2007. – т.3. 2- кітап. – 344 с.

7 Кайыпназаров М. Казахская поэзия к 15 годовщине октября // Большевик Казахстана. 1932. №10-11. С. 322-325.

8 Ғұмар Қараш. Замана. – Алматы: Ғылым, 1994. – 240 б.

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ