Биыл Алаш автономиялық Парламенттік республикасының құрылғанына – 100 жыл!

0
302

2017 жыл «Алаш» қозғалысынның да емес, «Алаш» партиясының да емес, тіпті Алаш Орданың құрылғанына да 100-жылдығы емес. Қазіргі Қазақстаннның негізі, іргетасы болып табылатын Алаш автономиялық парламенттік республикасының, яғни Алаш мемлекетінің құрылғанына 100 жыл толып отыр. Себебі, 1920 жылдың 26 тамызында Алаш автономиясының негізінде құрылған қазіргі Қазақстан сол Алаш автономиялық парламенттік республикасының заңды мұрагері болып табылады. Оған А. Байтұрсынұлы, Ә. Ермекұлы, Ә. Бөкейхан және т.б. «Алаш» қайраткерлерінің «Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы» болып қайта құрылған мемлекеттің комиссарлар кеңесіне (үкіметіне) мүше болып сайлануы бұлтартпайтын тарихи айғақ болып табылады.

Алаш Орда

«АЛАШ» дегеніміз не?

Қазіргі ғылыми әдебиетте және публицистикада қазақтың ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысын, қозғалыстың жетекшілері мен қайраткерлерін, яғни ұлт зиялыларының батысшыл бөлігін қысқаша «Алаш» қозғалысы», «Алаш зиялылары» не «қайраткерлері» деп атайды. Тоқетерін айтқанда, ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысы мен оның қайраткерлерін шартты түрде «Алаш» деп атайды. Олай атауға, біріншіден, ұлт-азаттық қозғалысының иеологиялық негізін қалаушысы әрі саяси жетекшісі болған Әлихан Бөкейханның бастамасымен және І Жалпықазақ құрылтайының қаулысымен құрылған қазақтың тұңғыш либералдық-демократиялық «Алаш» партиясы себеп болса, екіншіден – Автономиялық парламенттік республика мен оның ресми астанасы болған қала да (1917 жылдың мамырына дейін Заречная Слободка деп аталған, қазіргі Семей қаласы) – ресми түрде «Алаш» деп аталды.

Биыл Алаш автономиялық Парламенттік республикасының құрылғанына – 100 жыл!

АЛАШ ОРДА – ресми жариялануы бойынша Ұлттық-территориялық автономия, ал өзінің Барлыбек Сырттанұлы 1911 жылы жазып қалдырған Ата заңының жобасы бойынша – іс жүзінде немесе Де-факто Алаш автономиялық парламенттік республикасының жоғарғы саяси және атқарушы мемлекеттік билігі – Халық Кеңесінің, яғни  ҮКІМЕТІНІҢ ресми атауы.

«Алаш Орда» атауының Шыңғыс хан құрған Алтын Орда империясымен үндес болуы кездейсоқтық емес. Алаш республикасының жоғарғы атқарушы билігінің атауына оның құрылтайшылары өздерінің түпкілікті мақсатын, «Алаш мемлекеті» не «империясы» деген ұғым, мазмұн берді: «Алаш» — біріккен түркі халықтарының ортақ атауы, «Орда» — «Мемлекет» (не «Империя»).

1917 жылдың 5-13 (қазіргі күнтізбе бойынша 18-26) желтоқсанында Орынборда болып өткен ІІІ Жалпықазақ құрылтайы (іс жүзінде; І және ІІ Жалпықазақ сиездері тағы да сол Орынборда 1917 жылдың 2-8 сәуір және 21-26 шілдесінде болып өтті. – С.А.)  Алаш автономиялық парламенттік республикасын құрып, оның жоғарғы мемлекеттік атқарушы билігін – АЛАШ ОРДА Халық Кеңесін (үкіметін) жасақтады.

Алаштанушы ғалымдардың ескермей келген, бірақ айрықша назар аударатын тарихи маңызды мәселе: Алаш автономиясының конституциясы, «Алаш» партиясының жарғысында айтылғандай, бүкілресейлік құрылтай жиналысында мақұлдануға тиіс болатын. Болашақ ұлттық автономияның конституция жобасын Барлыбек Сырттанұлы (Сыртанов) Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен 1911 жылы жазып кеткен еді. Ал жоба бойынша Қазақ республикасы парламенттік-президенттік республика болып табылады. Мысалға, «Қазақ елінің уставы» (жарғысы немесе конституциясы) деген атаумен жазылған бұл жобаның кіріспесінде және 1-бабының 4-9 тарауларында былай жазылған:

«Қазақ елі көне ұлттардың бірі. Оның тарихының тамыры тереңге жайылған. Жеке ел болып өмір сүрді, елі, жерін қорғады. Ұрпақ жалғастырды 7 миллионға жетті. Санымен Россияда үшінші орында…

  1. Қазақ елі республикасының жеке болуы турасында
  2. Қазақ елінің ең басшы орыны Ұлт мәжілісі. Оған дауыспен өткендер Қазақ елінің басшысы Президентті төрт жылға сайлайды.
  3. Бір президент екі реттен асып ел билеуге хұқы жоқ.
  4. Президент Қазақ елін министрлер арқылы басқарады. Министрлерді Президент өзі таңдайды, бірақ Ұлт мәжілісі дауыспен шешеді.
  5. Министрлер өздері басқарған жұмыстарымен Президенттің һәм Ұлт мәжілісінің алдында есеп беріп тұрады.
  6. Қазақ елі Президентінің орынбасары – Вице-президент. Ол Президент жоқ болғанда орнын басады, бар кезде оның айтқанымен жұмыс істейді.
  7. Қазақ елінде билік жүргізу закон шығаратын, орындайтын һәм сот болып тұрады. Үш билік бір-біріне бағынбайды, бассыздыққа жол бермеудің белгісі болып тұрады». Алаш ресми түрде «ұлттық-территориялық автономия» деп аталғанымен, іс жүзінде «автономиялы парламенттік-президенттік республика».

1917 жылдың 12 (25) желтоқсаны – қазақ халқының жаңа тарихи кезеңінің бастауы, тарихи бетбұрыс күні болып табылады. Бұл күн  қазақтың ұлттық мемлекеттігінің қайта жаңғырған, жаңа үлгідегі Қазақ мемлекетінің құрылған күні болатын.

ІІІ Жалпықазақ құрылтайы шынайы демократиялық негізде – 4 балама үміткердің дауысқа түсуімен – Алаш Орда төрағасын (президентін) сайлады. Нәтижесінде басқа 3 үміткерден әлдеқайда басым дауыс алған бүкіл Алты Алаштың көсемі болып танылған Әлихан Бөкейхан Алаш Орда төрағасы (президенті) болып сайланды.

Алаш Республикасының құрылуынан 7 жыл бұрын, 1910 жылы С.-Петерборда басылып шыққан «Қазақтар» атты тарихи-анықтамалық очеркінде Әлихан Бөкейхан қазақтың ежелгі және қазақтар басым тұратын көне жері ретінде 9 облыс, 1 гүберне (Астрахан. – С.А.) және Алтай өңірінің бірнеше болысын тізіп жазды. Алаш ұлттық-демократиялық республикасы құрылған 1917 жылдың желтоқсанында осы 9 облыс 1 гүберне және Алтайдың бірнеше болысын «Алаш территориясы» деп жариялады.

1918-1920 жылдардың барысында өзін өзі «бүкілресейлік үкімет» деп жариялаған құрылымдармен (Сібір автономиясы, Комуч, Уфа директориясы, Колчак үкіметі және Кеңес үкіметі) арадағы келіссөздерінде Алаш Орда төрағасы Әлихан Бөкейхан табанды түрде: «Пішіні шар сияқты территорияны алып жатқан Алаш автономиясы… 10 миллион халқы бар ірі саяси бірлік болып табылады», — деп қорғап келді.

Алашордашылар сыртқы пішіні «шар сияқты» Алаш жерінің тұтастығын 1930 жылға дейін ғана сақтап келіп, 1925 жылдан бері қарай оны бөлшектеу басталды. Атап айтқанда, 1925 жылға дейін Кеңестік Қазақстанның астанасы болып келген Орынбор қаласымен бірге дәл солай аталатын облыс сол жылы Ресей (РСФСР) құрамына берілсе, Ташкент қаласы мен оның төңірегіндегі бірқатар аудан – Иосиф Сталиннің менменшіл шешімімен Өзбек КСР-не берілді. Дәл сол кезде өзбек үкіметі Самарқанд қаласын астана деп қаулы шығарып үлгерген-ді.

1930 жылға дейін Қазақ (Қырғыз) КСР-ның құрамында болған Қарақалпақ автономиялық облысы алдымен РСФСР-дың құрамына беріліп, 1936 жылы тағы да сол Өзбек КСР-не берілді.

Қазақстан шекарасын осылайша өз білгенінше кескілеп-бөлшектеуіне қарамастан, қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасы – Алаш Республикасының басшылары, алаш қайраткерлері қорғап қалған жердің денін иеленіп отыр.

Тарих тұрғысында да, заң жүзінде де бүгінгі Қазақстанның тұңғыш астанасы Алаш қаласы (бұрынғы Заречная Слободка, бүгінгі Семей. – С.А.) болып табылады. Оған тарихи дәлел: ІІІ Жалпықазақ құрылтайының қаулысына сәйкес, 1917 жылдың желтоқсанынан 1920 жылдың қыркүйегіне дейінгі аралықта Алаш қаласы – Алаш Республикасының саяси-әкімшілік орталығы, астанасы болып, қалада оның жоғарғы саяси және атқарушы мемлекеттік билігі – Алаш Орда Халық кеңесі орналасты.

«Алаш» партиясының жарғысы мен 1910-1911 жылдары Барлыбек Сырттанұлы (Сыртанов) жазып қалдырған Алаш конституциясының жобасына сәйкес, Алаш Республикасы — президент басқаратын және жергілікті өзін өзі басқару жүйесі (земствосы) дамыған парламенттік унитарлық (біртұтас) зайырлы мемлекет болып дүниеге келді. Алаш конституциясын Құрылтай жиналысында (ұлттық мәжілісте) қабылдау көзделді.

Алаш Республикасының және Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің өшпес тарихи рөлі мен миссиясы – Қазақ хандығының 1847 жылы біржола ыдырап, тарих сахнасынан кетуінен 70 жыл өткенде, оның үйіндісі үстінен қазақтың жаңа үлгідегі заманауи ұлттық мемлекетін көтерді. Алаш Республикасы құрылған 1917 жылдың 13 желтоқсанында толық тәуелсіздіктің мызғымас іргетасы қаланды.

Алаш Республикасы бір қазақтың емес, қазақ пен қырғыздың біртұтас мемлекеті болып құрылды. Мысалға, Н.Ч. деген автор Орынбор казак әскерінің «Оренбургскій казачій вѣстникъ» газетінде (10.01.1918 г., № 7.) жарияланған «Автономія Казакыстана» атты мақаласында былай деп жазды: «Қазақтар қайсақ және қара-қырғыз болып бөлінеді, бірақ «Алаш» атауы оларды бір ұлтқа біріктіреді (біздің «Қасиетті Русь» сияқты). Бұл сөз сондай-ақ бүкіл қазақты жаудан қорғауға шақыратын қасиетті үндеу болып табылады».

«Алаш» — «Қазақстан» дегенмен салыстырғанда қазақтардың өзімен қатар, оған туыс қара-қырғызды да қамтитын әлдеқайда кең түсінік, — деп жазды Мұстафа Шоқай Қазақ КСР-ның құрылтай жиналысы өтіп жатқан 1920 жылдың қазан айында грузиндердің «Вольный горец» атты орыс тілді газетіне жарияланған (Тифлис, 11.10.1920 г., № 57.) «Киргизская (Казахская. – С.А.) Советская Республика» атты мақаласында, — Қазақтың тек өзімен ғана шектелетін тар түсінік ретінде «Қазақстан» атауында, қазақтардың өз көзқарасы бойынша, әрқашанда тар ұлтшылдық пен шовинизмнің бояуы бар».

Оған қоса Алаш пен Башқұртстан жетекшілері біріккен Қазақ-Башқұрт мемлекетін құру туралы уағдаласты. Ол туралы Алаш Орданың бұрынғы төрағасы (президенті) Әлихан Бөкейхан ОГПУ-НКВД тергеушісіне 1937 жылдың 6 тамызында берген жауабында былай деп мәлімдеді: «1918 жылдың қыркүйегінде Уфада Алаш Орда мен Валидов бастаған Башкұрт ұкіметінің өкілдері арасында мәжіліс болды… Осы мәжілісте біз Кеңес өкіметіне қарсы бірлесіп күресу және біріккен Башқұрт-Қазақ мемлекетін құру туралы келістік… 

Мұндай шешімге келуге төменгідей ой түрткі болды:

Біріншіден, Кеңес өкіметіне қарсы біздің қарулы күштерімізді біріктірудің аса қажеттігі. Күш біріктіруді біз Қызыл армияға қарсы тұра алатын шынайы мүмкіндік деп қарастырдық. Оған қоса біз патшалық Ресей тұсында қазақтардың әскери қызмет атқармағанын жағдайын ескердік, ал башқұрттар қызметті еті. Демек біздің жасақтарымыз башқұрттармен біріксе, олардың соғысу қабылеті арта түспек.

Екіншіден, жеріміздің көрші болуы және Башқұрстанда башқұрттанып кеткен қазақтардың (!) көп тұратыны.

Үшіншіден, Қазақстан мен Башқұрстан экономикаларын ұштастырудың тиімділігі. Башқұрт рудасы, орманы және қазақтың астығы, малы және мұнайы.

Міне осы жайттарды ескере келе біз біріксек, әскери тұрғысынан да, экономика жағынан да қуатты мемлекет құра аламыз деп есептедік».

Демек, тарыдай шашылып, түрлі тарихи құбылыстың салдарынан Ресей империясының отарлығына тап болған түркі халықтарын (қазақ, қырғыз, қарақалпақ, татар, башқұрт және т.б.) біріктіріп, біріккен Түркі мемлекетін, Тұран империясын қайта құру Алаш идеясының, Алаш республикасының көздеген түпкілікті мақсаты болып шығады. Кейін келе бұл мақсатты Мұстафа Шоқай Францияда эмиграцияда жүріп «Ұлы Түркістан» идеясы ретінде насихаттады. «Алаш» қозғалысы мен Алаш Республикасы басшыларының осындай мақсат-мүддегі көздегенін басқа да тарихи жәдігерлер растайды.

Мысалға, кеңес тарихында (мифологиясында) «Қоқанд автономиясы» деп аталып келген, іс жүзінде Түркістан мұхтариаты деп аталған мемлекетті құру туралы бастама мен шешім Қоқандта емес, Бүкілресейлік Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары Әлихан Бөкейханның Орынбордағы кеңсесінде қабылданыпты. Ол туралы жоғарыда аталған З.У. Тоған орыс тіліне аударылып 1994 жылы Уфада басылып шыққан естелігінде жазады. Бұрынғы башқұрт көсемі Әлихан Бөкейханның Орынборындағы кеңсесінде 1917 жылғы қазан айының соңы – қарашаның басындағы осы тікелей мәжіліске қатысыпты. «Азаттық қозғалысы Түркістанда күшеймесе, ол не Қазақстанда, не Башқұрстанда кең етек жаймайды» деген ортақ ұйғарымға келген сол мәжіліске Ахмет Байтұрсынұлы, Жанша Досмұхаметұлы, Міржақып Дулат және т.б. Алаш қайраткерлері де қатысқан.

Естелік авторының мәлімдеуінше, бірнеше күн қызу жалғасқан басқосудың ізінше М. Шоқай, А.З. Уәлидовтың өзі, М. Тынышбайұлы және т.б. қазақ қайраткерлері Ташкентке аттанады, ол қаладан соң атбасын Қоқандқа бұрады да, 1917 жылғы қарашаның соңында IV Төтенше Жалпымұсылман құрылтайында Түркістан мұхтариаты құрылғандығы жарияланады.

Құруына мұрындық болған және басшылығына негізінен М. Тынышбайұлы, М. Шоқай, Ә. Ақайұлы сынды көрнекті Алаш қайраткерлері сайланған Түркістан мұхтариаты, өзінің құрылтайшыларының түпкілікті мақсаты бойынша, біріккен Алаш мемлекетінің құрамдас бөлігіне айналыуға тиіс еді. М. Тынышбайұлы мен М. Шоқайдың, бірі Түркістан мұхтариатының премьер-министрі, екіншісі оның сыртқы істер министрі болып тұруына қарамастан, 1917 жылдың желтоқсан айында Алаш Орда Халық кеңесінің мүшесі болып сайлануы соның бірден бір дәлелі болатын. Яғни М. Тынышбайұлы мен М. Шоқай – қатарынан Түркістан мұхтариаты және Алаш Орда үкіметтеріне мүше болып сайланды.

1920 жылдың 26 тамызында Алаш Республикасы, Кеңес өкіметінің сценарийімен, Қазақ (ол кезде Қырғыз. — С.А.) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы болып өзгертілді. 1920 жылдың қыркүйегінде Орынбор қаласы Қазақ-Қырғыз АКСР-дың астанасы болып жарияланды.

Алаш Республикасының тарихи миссиясы. Кеңестік және автономиялық болса да Қазақ  республикасының өмір сүруі 1924 жылы Кеңес өкіметін Орта Азияда жасанды болса да басқа ұлттық республикалар құруға мәжбүр етті. Мысалға, бұрынғы Бұқара және Хиуа әмірліктерінен және бұрынғы Түркістан АКСР-ның бір бөлігінен Өзбек КСР, Түркімен және Тәжік АКСР құрылды, Қазақ АКСР-ның құрамындағы қырғыз бен қарақалпақтың дербес автономиялық облыстар пайда болды.

Міне Алаш Республикасының Орта Азиядағы қазіргі ұлттық мемлекеттері алдындағы әлі де мойындалмаған, лайықты бағасын алмаған тарихи, саяси маңызы мен миссиясы осындай болатын.

Басқа ұлттық республикаларды құрған Кеңес өкіметінің көздегені – аталған ұлттарды Қазақ республикасының ықпалынан алып шығу, өзге ұлттарды республика-республикаға бөліп әлсірету, сөйтіп Қазақстанның ықпалын біржола жою болатын.

Кеңес өкіметінің 1925 жылы Орынбор облысын Қазақ АКСР құрамынан бөліп РСФСР-ға қосуының астарында да Татарстан мен Башқұрстанды территориялық жағынан Қазақстаннан ажырату пиғылы жатты. Оның ең басты сыры: Кеңес өкіметі Ұлы Түркістанның қайта тірілуінен патшалық Ресейден бетер сескенді.


Сұлтан Хан Аққұлы,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

«Алаш» ғылыми-зерттеу институтының

директоры.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ