Күй құдіреті

Биыл өнер өлкесінің екі алыбы — заманымыздың заңғар жазушысы — Мұхтар Омарханұлы Әуезов пен халық композиторы, күйші — Сүгір Әлиевтің өмірден өткеніне тура елу жыл толды.
Осыған орай белгілі журналист, өнер зерттеушісі — Жаулыбай Иманәлиевтің естелігін ұсынып отырмыз. Бұдан екі жыл бұрын газетіміздің
(9 маусым, 2009 жыл) 102 (1283) санында «Мұхтарды тәнті еткен өнер» атты естелігін жариялаған едік. Мына естелігі соның жалғасы іспеттес.

… Үйдің жанына бірінен соң бірі тізбектеліп келіп, кілең жеңіл көліктердің тоқтай қалғанын кө­ріп, Сүгір қария сасып қалды. Кө­ңі­­лінде «Бұл не?» деген сауал тұрды.
- «Ассалаумағаллейкум, ақса­қал!» деп кілең әдемі қалпақты аза­маттардың өзіне жақындай бер­генін сезген күйші ақсақалдың жүрегі ойнақшып, бір қуаныштың нышанын сездіргендей. Ә, де­генде танығаны — кеңшардың ди­ректо­ры Болатбай Әбдіраманов­тың жүзі болды. Басқаларының бәрі бұрын көрген адамдары емес.
Күйші қарияның үйіне кіріп, жұмсақ көрпеге отырып, жайғас­қан соң, танысу-білісу, амандық-саулық сұрасу болды. Сонау Алма­тыдан арнайы іздеп келіп отырған жазушы — Мұхтар Әуезов пен жур­налист Тәкен Әлімқұлов екен. Сү­гірге Тәкеннің жүзі таныс сияқ­ты. Басқалары өзіміздің созақ­тық­тар болса керек. Көп ұзамай, дастарқан жайылып, ақ самаурын келді ызылдап.
… «Негізі, пәк сезімді, терең ойды көркемдеп жеткізетін ән емес, күй екен-ау. Мен мұны бұ­ры­нырақ қалай аңғармағанмын. Күй­ге келгенде толғауы тоқсан қызыл тіл неге үнсіз қалып, ойға шо­мады десем, адамның санасы қиялға сам­ғап, әдемі сарынның әсері өмір­дің шынайы өрнектерін көз алдыңа әкеледі екен-ау. Ой, тоба».
Сүгір ақсақал күйді бітіріп, бе­тінің терін орамалымен сүртіп отыр­ғаны сол еді:
- Күйдің атын «Телқоңыр» де­ді­ңіз бе? — деп сұрақ қойғаны бі­рінің. Жұрт тым-тырыс.
Тәкен әлденені түртінектеп қойып, дәптеріне жазып отыр, жа­зып отыр.
- Иә, «Телқоңыр» деп, күйші ақсақал жауабын қысқа қайырды. Әлден соң барып:
- Әдемі екен, — деді Мұхтар аға.
Жұрт лезде дабыр-дүбір қоз­ғалып, жазушының күйшіге сүйсі­ніп отырғанын сезініп, өздерінше мақтанып, төбелері көкке жет­кендей, сірә.
Сүгір ақсақал осы жайдан ың­ғай­сызданды ма, домбырасының құлағын қайта-қайта бұрап, қоз­ға­лақтап отырды да: «Менің мына бір күйіме құлақ түріңіздер» деді де, күйді бастай берді.
- Күйдің атын…
- Күйдің атын атап-атап тар­тыңыз, — деп қалысты бір-екеуі.
Сүгір үнсіз күйді жорғалатып жалғастыра берді. Журналист Тә­кен деген жігіт жазушыға бұры­лып, мойнын созыңқырап «Ың­ғай­төк» деді бәсеңдеу үнмен. Күй­­ші ақсақал Тәкенге қарап ба­сын бір изеп қойды. Онысы «Күй­дің атын дұрыс таптың» дегендегісі болса керек.
Күй төгіліп отыр, төгіліп отыр. Күйшінің сол қолындағы көйлек жеңінің түймесі домбыраның бет қақпағына қайта-қайта тиіп, әдемі ырғаққа сән бергендей еді. Сүгір ақсақал көптен бері мұндай шеші­ліп, жұрттың алдында ағыл-тегіл күй тартпағалы қай заман?! Нағыз тыңдаушыларын тапқа­ны­на қуа­нып отыр ма, кім білсін, әйтеуір ерекше шабыттанып кет­ті.
- Ау, мына сарын маған таныс қой. Қайдан, қашан естіп едім? — деп, Мұхтар аға қабағын түйің­кіреп, шүйіліп отыр.
Асау жорға берісі төрт аяқтың тарсылын шұбыртып отыр, шұ­быр­тып отыр. Асау жорға енді бір­де басын оңды-солды шұлғып отыр, шұлғып отыр. Ауыздық пен жүгеннің күміс сылдыры құлаққа анық естілгендей болады.Таңды-таңға асырып ұзақ дастандардан жыр төгіп отырғандай сезінесің кейде өзіңді.
- Апырау, мынау жыраулардың сарыны емес пе? Е-е, бәсе мына шалдың қуын-ай! Бәсе-бәсе, құ­лағыма таныс, — деп Мұхтар аға күйдің сарынын енді танығандай. Көптен сағынысып көріспеген бауырымен құшақтасып кездес­кендей сезімде отыр.
Сүгір ақсақал күйді байыппен баяулатып аяқтады.
- Оу, ақсақал мынауыңыз күй емес, ән ғой. Бұл ежелден келе жат­қан жыраулардың сарыны емес пе? — дегені Мұхтар ағаның. Сүгір ақсақал езуін тартып күлді. Маңдайының терін сүртіп оты­рып:
- Күйшілер мен жыршы­лар­дың сарыны біздің Қаратау өңі­рінде ауыс-түйіс араласып келіп отыратыны бар. Мұны сіз жақсы аңғарып отырсыз, — деді күйші.
- Е-е, гәп қайда жатыр. Бәсе. Бұл өңірде жыраулар мен күйшілер көп болған-ау, сірә, — деп қалды жазушы. Басқалары үнсіз.
Сүгір осы отырыста неше күй тартқанын өзі де білмейді. Оны санаған ешкім жоқ. Тек журналист Тәкен ғана болмаса, манадан ба­сын көтермей түртінектеп отыр­ған.
Әр күйдің атын, мазмұнын тәп­тіштеп айтып алады да, кі­ші­рек келген қызыл қалақша дом­бырасын сөйлетеді келіп, сөй­ле­теді. Сүгірдің қарапайым ғана қам кесектен соғылған үйі, күй күм­безіне айналды да кетті.
Үлкен басын кішірейтіп, ауыл­дың қарапайым шалына келіп, әдейі сәлем беріп, тартқан күй­леріне құлақ түріп айтқаны:
- Ақсақал-ау, тірі Тәттімбеттің өзі екенсіз ғой, — деген Мұхтар ағаның бірауыз сөзі болды. — Сүгір күйшінің тартқан күйлері — сұ­лу­лықтың символы ғой, сен осыны байқадың ба?, — деді Мұхтар Тә­кенге сыртқа шыққан соң.
- Иә, «Аққуы» қандай шіркін. «Кертолғауы» неткен сұлу еді?! — деп, журналист Тәкен де манадан әдемі сезімде тұр еді.
- «Бозінгені» неткен тамаша?! Мен бір сол кезде желмаяға мініп алып, бүкіл дүниені кезіп жүр­ген­дей сезіндім өзімді.., — деп езуін тартты жазушы. «Әдемілікті, сұ­лулықты адам негізі, сөзбен емес, үнсіз жүрегімен сезінеді екен-ау» деген ой жас қаламгерді шыр­ма­уы­­на алып, толғандырып тұр­ған-ды.
Әлгінде ғана Сүгір ақсақалдың күй тартып отырған болмысынан, оның сүп-сүйір саусағы тәп-тәтті күйлердің тамшыларын сауып отыр­ғанын көз алдына елестетіп, Мұх­тар аға да, Тәкен де біразға дейін өз ойларымен болып, бір-біріне үн қатыспады.
Мұхтар ағаның көңілінде сұ­лу­­лық дегенің, япыр-ай қара­пайым ғана тұрмыстың ортасында жүріп, күйшінің саусағында, ән­шінің әдемі дауысында жасыры­нып жүре беретінін көзбен көріп, құлағымен тыңдағанына риза.
- Мына Созақтың түні қандай әдемі тұнық. Аспаны мөлдір көк, жұлдыздары жарқырап, ерекше көрінеді екен, — деп қалды Мұхтар аға. Темекісін бұрқыратып оңаша­лау тұрған Тәкен аспанға басын көтеріп бір қарады да, заңғар жазушының аңғарымпаздығына, оның әдемі сезімде тұрғанына риза болды. Тәкеннің көңілінде: «Біздің ауыл, біздің Созақ осын­дай» дегендей мақтаныш сезімі бойын билей бергенді.
- Ал құрметті қонақтарым, кет­­тік біздің үйге, — деді кеңшар директоры Балтабай Әбдіра­ма­нов.
Бәрі жеңіл көліктеріне оты­рып, жарыса шыққан жұмсақ мо­тор дауысы қонақтарды да шы­ға­рып салып тұрған. Сүгір күйшіні де «Сау болыңыздар, рақмет» де­гі­зіп қала берді. Қас-қағым сәтте өтті де кетті әлгі қызықтың бәрі. Түс көргендей болып күйші Сүгір тұр. Оның көңіліне, «ауырып жүр­ген сияқты едім, әбүйір болғанда қолымның бір сүрінбей жүріп бергенін көрмеймісің» деген ой келді.
Бұл оқиға 1960 жылдың әдемі жазында болған жай-тын. Келесі жылдың, 1961 жылдың ақпан айы­ның аяғында Сүгір күйші қай­тыс болды. Ал дәл осы жылдың шіл­де­сінде жазушы Мұхтар Әуе­зов Мәс­кеу қаласындағы емханада жа­тып дүниеден өтті. Мұхтар Әуезов пен күйші Сүгір Әлиевтің тағдырлары осылай ма еді, оны кім білген? Әйтеуір халыққа ат­тары аңыз болып тараған өнер өлкесінің екі алыбы осылай кез­десіп, қоштасқаны анық.
Қазақ деген халықтың ұсақ ұлыстардан, рулардан бірігіп, үл­кен ұлт болып қалыптасқан, та­рих­тан, көне шежірелерден бел­гілі. Ешқандай сөзге дес бермеген, ымыраға көнбеген батырлар мен ел арасындағы тентектерді тоқ­татқан ол күйдің құдіреті.
«Ақсақ құлан» күйінің аңы­зында, Жошы хан өзінің бала­сы­ның бір пәлеге ұшырағанын сезе тұрып: «Кімде-кім балам жайлы қа­ралы хабар жеткізсе, соның көмейіне қорғасын балқытып құямын» деген емес пе еді? Сонда амалы таусылған ел-жұрт бір күй­шіге бұл істі тапсырады.
Күйші оның баласының аң аулап жүріп, киелі құланның теп­кісінен өлгенін бірауыз сөз айт­пай-ақ, болған оқиғаны күйдің сазымен жеткізген.
Бұл дәстүрді қазақ ерте заман­нан-ақ пайдаланған. Күйді түсін­бейтін, күйге нанбайтын қазақ жоқ.
Халқымыздың үлкен елге, ұлт­қа айналып, бір тудың астына бірігіп, мемлекет болып қалып­тасуына күйдің қосқан үлесі зор.

Жаулыбай ИМАНӘЛИЕВ,
өнер зерттеуші, журналист

Пікір жазу