Ұлттық киімнің негізгі сәндеушісі – ою-өрнек

 
Қазақ ұлттық ою-өрнегінің бірнеше ондаған ғасырлық тарихы бар.
Атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып, үнемі қолданыста болып, дамып келе жатқан өнер түрі. Қазақ халқының тұрмысында ағаштан жасалған заттар өте көлемді. Жазы-қысы пайдалануға келетін «ағаш уықты, киіз туырлықты» киіз үй киіз бен ағаштың өте күрделі үйлесінен тұрады. Тігуге де, жинауға да, алып жүруге де өте қолайлы осы мүлікте ою-өрнек қолданылмайтын бөлшек жоқтың қасы.

Ою-өрнекті жақсы саналы жасау үшін алдымен пайдаланатын материалды дұрыс таңдай білу қажет, оның ою-ырғағы мен мөлшерін, яғни оюдың заттың бетіне түсуі мен орналасуын нақты жобалау қажет. Оюдың жақсы шығуы оюшының ой ұшқырлығында, шеберлігі мен оюдың ретін келтіріп үйлестіре білуінде. Ою-өрнектің қандай түрі болса да, ол – адам ойының жемісі. Ою-өрнек бір-бірімен қабысып, жымдасып, ескен арқандай бірігіп тұруы керек. Ара жігі бадырайып, үйлеспей, олпы-солпы болса, ою өзінің сәнін, сұлулығын, үйлесімін тіпті мазмұнын жоғалтуы мүмкін. Қазақ ою-өрнегі қошқар мүйіз түрінен бастау алатындықтан қандай ою түрін жасағанда да осы ою түрі басты көрініс табуы қажет. Басы қошқар мүйіз оюынан бастау алған өрнек дами келе неше алуан түрге еніп, ара жігі әр түрлі ою-өрнектермен толыға келе, үлкен күрделі ою түрі шығады. Ою тасы қошқар мүйіз бастаған өрнек түрлері бір-біріне үйлесе сән бере келе бірігіп, жымдасып, байланыс пен сәндік тауып жасалатын ою түрін әрлендіре түседі. Табиғаттағы әсем гүл шоғырындай ою-өрнекте өз шеберін тапса, жарасып, құлпырып, көз тартып, көзге қуаныш, көңілге жылылық, ортаға әсемдік, сұлулық шашып тұрары анық. Біздің ата-бабаларымыз осындай өнер түрін өзінің шырқау шыңына жеткізе білген.
Менің түсінігімде ою-өрнек дегеніміз – дәлдік, есеп, теңдік, теңеу, үйлесім, жарасым, сәндік, көркемдік, сәйкестік, тазалық, нәзіктік, сүйкімділік, парасаттылық, жылылық, сұлулық, ойлылық, ақылдылық, зеректік, көңіл-күйдің жақсылылығы, шабыт береді, ептілікке, іскерлікке, шеберлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды, тәрбиелейді. Өнерге деген махаббат, сұлулыққа деген ғашықтық, құштарлық жинағы. Ою ойған адамның жүрегі жылы, нәзік болады.
Қошқар мүйіз – ою-өрнегі – байлық пен молшылықтың нышаны. Қошқар мүйіз бен арқармүйіз оюларының қазақ қолөнерінде қолданылмайтын жері жоқ. Қошқар мүйіз оюымен қатар әр заттың көлемі, сәнділік, пайдалану деңгейіне қарай әр алуан жапырақ тектес, бітпес оюлар салынады. Бұл өрнектер «иірім», «шиыршық», «иық», «үшкіл», «түйе табан», «қос ирек», «жұлдыз гүл» т.б. аттарымен аталады.
Қолөнер шеберлері ою-өрнекті әр заттың өзіне лайықтап, жарасымын, үйлесімін, сәнін тауып жасаған. Жасаған затпен ою-өрнек бір-бірімен өте сәнді қабысып, шынайы көркемдік беріп отырған. Ою-өрнек түрлері өте нәзік түрде түскен. Жалпы ою-өрнек жасаушы шебер оюды олпы-солпы болудан сақтауы, әсемдігіне жеткізе білуі керек. Өнер зерттеушілерінің пайымдауынша қазақ ою-өрнегі үш түрлі ұғым негізінде туған деген қорытынды бар:
1. Қазақ халқының өзіне тән ертеден келе жатқан ұлттық оюлары.
2. Басқа халықтардың мәдениетінен ауысқан.
3. Уақытқа қарай бейімделу.
Ертеден қазақ ою-өрнегі мазмұны жағынан үш түрлі ұғымды бейнелейді:
1. Мал өсіру мен аңшылық.
2. Жер-су, көшу-қону.
3. Заттардың сыртқы бейнесі.
Осылардың қайсысында да қошқар мүйіз оюы қолданылып араласып
отырады. Ою, сызу, бедерлеу ру, тайпалардың таңбаларында, малдың ең-таңбасында, ай, жұлдыз, аспан әлемін тұспалдауда орын алады. Шеберлер сүйекті ойған, ағашты иген, тасты қашаған, мүйізді балқытқан, металды өңдеген. Әсемділікті таңдай да, жасай да білген. Осындай әсемдікті таңдай білген хас шебер оюшы зергеріміз осы ою-өрнекке бояу түрлерін пайдалануды да жете меңгерген. Халқымыздың ою-өрнектерінде басым түс ақ пен қара болып келеді. Бұл ою-өрнектің ең шешімін тапқан жарасымды түрі болып есептеледі. Ою-өрнектің тұрмыста пайдалану ауқымы өте кең. Оюдың жекелеген тармақтарынан бастап үш түр, төрт түр, бес түр, алты түр, т.б. тармақтарынан әрі қарай өрбіп, кеңейе беретін күрделі оюлар да біздің ұлттық дәстүрімізде тұрмыста үнемі қолданыс тауып келген. Халқымызда жазу болмағанда ою-өрнек болды. Сол ою-өрнек арқылы халқымыз өз тыныс-тіршілігін, мәдениетін, өнерін, мәдени құндылықтарын жоғары деңгейде дамыған тұрмыстық қажеттіліктерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, дамытып отырды. Келешек ұрпақ мақсаты осы киелі өнерді әрі қарай дамыта отырып көздің қарашығындай сақтау. Осы салада отыз жылдан аса уақыттан бері ұлттық ою-өрнекті дамытумен айналысып келе жатқан менің басты мақсатым – мүмкіндігінше ұлттық нақыштағы ою-өрнекті зерттей отырып, нәзік те күрделі өнердің сырын ашу, жасалу жолдары мен оны тұрмыста пайдалану реттерін өнерпаз жастарға ұсыну. Қажетіне жаратамын деген талапкерге көмектесу, ұлттық мемлекеттік деңгейдегі мәдениетімізді дамытуға үлес қосу, сол арқылы ұлтымыздың мәдени өнерін басқа елдерге насихаттау, тұрмыстық заттар шығаруды өндіріске еңгізу, оқулықтар шығару, зергерлік қолөнерді дамыту жолдарын оқырманға қарапайым тілмен түсіндіру, құзырлы орындарға ою-өрнекті дамыту туралы өз ұсыныс, пікірімді жеткізу. Ою-өрнекпен айналысқан отыз жылдан аса уақыт ішінде ешқандай ою түріне қарамай ұлттық бағыттағы басты ою түрі «қошқар мүйіз» айшығын сақтай отырып, бір жарым мыңдай үлкенді-кішілі, ірілі-уақты әр түрден ою түрлерін жасадым. Басты мақсат – қошқар мүйіз оюын дамыту, сұлу, сәнді, икемді оюлар шығару. Бұлардың ішінде алуан түрлі күрделі оюлар да, шағын оюлар топтамалары да, зергерлік бұйымдарға арналған түрлері де бар. Мақсат жасалған оюлардың жасалу ерекшелігін толық түсіндіре отырып, пайдалану жолдарын ұсыну, оюдың өндіріске енуіне ықпал жасау. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі киім түрлері өзгеріске ұшырады. Ұлттық киімнің бояуын, түсін өзгерткенмен түрін, пішінін өзгерту дұрыс емес. Бұл біздің қазақ ұлтына тән ерекшеліктегі ою-өрнек, кие қасиет. Осы киіммен халқымыз тарихи дәуір өткізген, досы, қасы да таныған. Ғасырдан ғасырға дамыған ою-өрнек тілінен шеберлер ойын да, көңіл күйін де, уақыт жағдайларын да жеткізе білген. Әр шебер өзі жасаған ою-өрнегінің қандай ою түріне ұқсайтынын, қандай ат лайық екендігін және ою-өрнекті қай затқа қалай пайдалану керектігін дәл де нақты білген. Әрбір күрделі оюдың өсімдік тамыры іспеттес түбі, түбірі, діңі, тамыры болады. Бұл менің өз ұғымым. Түбірінен бастап өрбіп жайылып, ерекшеленеді, бір-бірімен астасады, сәнді шеңбер жасай отырып «табақ» тектес күрделі ою құрайды. «Табақ» ою түрі – жиегіне су жүргізіп ішіне алуан түрлі ою салу. Қазақ халқының тұрмысындағы көп қолданылатын оюдың атасы қошқар мүйіз өрнектері сан алуан. Өте ұсақ түрлері зергерлік, кестелік, сүйек, мүйіз сияқты нәзік істерде қолданылса, ірі түрлері сырмақ, кілем, текемет, түскиіз, алаша, сәулет өнеріне, тұрмыстық заттарға кең қолданылады. Ою-өрнек тұрмыстық заттармен қатар құлпытастарға да салымды. Ер адамға құлпытас тұрғызылса, найза, айбалта, ұсталықпен айналысса, құрал-сайман суреттері қашалған. Ал әйелдерге құлпытас тұрғызылса, алқа, сырға сияқты күміс әшекейлер, үкілі сәукеле тағы да басқа заттар бейнеленген.
Ғалымдардың зерттеуі бойынша ою-өрнек үш топқа бөлінеді:
1. Өсімдік тектес (жапырақ, үш жапырақ, ағаш).
2. Зооморфтық (жан-жануарлар).
3. Космогониялық өрнек (дөңгелек, ирек, шимай, тор көз).
Осы ою-өрнек түрлерін қажетті орнын тауып пайдаланған зергер, оюшы
шеберге үлкен көмек болары анық. Мемлекеттік деңгейде мәдени мұра бағдарламасы бойынша қамқорлық жасаланып, оқушыларға, студент жастарға қолөнер сабағына пайдалануға шағын журналдар шығарылса, қолөнер түрлері мектепте пән ретінде өтсе, жастардың келешекте іскерлігіне, ұлттық мәдениетті сүюіне ықпал жасары анық. Оқушыларға ұлттық нақыштағы киім үлгілері ұсынылса, оқу құралдарының безендірілуіне ою-өрнек кең көлемде ұсынылса, шеберлер даярлайтын арнаулы оқу орындары ашылса, ұлттық қолөнер дамыған болар еді.

Пікірлер саны: 9

  1. лаззат салтаева 28-Қараша, 2010, 11:41 пп

    маған қазақша ою өрнектердін суреттері кажет

  2. ақтоты 27-Желтоқсан, 2010, 10:35 пп

    калай көшірсем болады?

  3. Ерлан Шарафи 1-Ақпан, 2011, 11:27 пп

    Қазақтың ою-өрегі өз алдына бір ғылым ғой,қазірде ол зерттеліп келе жатырғандығына мына мақала дәлел.Қазақтың ою-өрнегі көз қуантарлық әсемдігімен қатар,түгелдей ұлттың шеберлігінен парасаттылығынан айғақ береді.
    Рахмет.

  4. асем 7-Ақпан, 2011, 12:05 дп

    маган к!лем, корпелерге салатын ою-орнектер туралы материалдар кажет, оны кайдан табуга болады?

  5. Жубаныш 19-Мамыр, 2011, 10:24 пп

    Қазақтың ою өрнек түрлері қайда калай көшіруге болады

  6. назкен 3-Қараша, 2011, 12:48 дп

    маған қазақтың ою-өрнектері туралы мәліметтеркерек еді. суретімен болса тіпті жақсы. көмектесулеріңізді сұраймын.

  7. Айгерім 1-Мамыр, 2012, 11:54 дп

    Тамаша сайт! рахмет сіздерге

  8. Айнұр 18-Сәуір, 2013, 3:21 пп

    Қазақ халқының ұлттық киімдері өте керемет ,әдемі неге осы киімдерді күнделікті қолданысқа және сауду үйлерінде арзан бағада көбірек етіп сатуға болмайды 1 көйлектің бағасы шымкентте 80000-90000 теңге егерде бағасы тиімді болса әркім-ақ сатып алып киер еді. Киім өндірістік фабрикаларында неге осыны қолға алмайды .Бұл менің ойымша киім кию мәдениетімізді қайта жаңғыртар едік ,әрі ақша табу көзі емеспе?

  9. Дана 17-Ақпан, 2014, 9:57 пп

    маған ұлттық киімге салынатын нақты ою өрнек түрлері туралы мәлімет қажет еді.кайдан алуға болады ??

Пікір жазу