Жазушы Дархан Бейсенбекұлы лицей оқушыларымен кездесті

0
31

Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейде белгілі жазушы, «Қылтұсау», «Жалғыз жұлдыздың жарығы», «Тағдыр тақтасы» әңгімелер жинағының авторы Дархан Бейсенбекпен «Бүгінгі әдебиет және жастар» атты кездесу өтті. Мектеп ұстаздары мен оқушылары жазушының шығармашылығы мен бүгінгі әдебиет туралы көптеген сұрақтар қойып, оған тұшымды жауап алды.

«Алматыға оқуға тапсыруға келген күні далаға түнеп, ертесіне Қаныш Сәтбаев атындағы техникалық университетіне оқуға түсуді ұйғардым. Оған себеп – жатақхана мәселесі болды. Техникалық мамандыққа оқуға түскеніммен, әу бастағы арманым бойынша университет газетінде жұмыс істеп, жазушылыққа бет бұрдым»  деп Дархан Бейсенбекұлы өзінің әдебиетке келу тарихын баяндап берді. Ол оқушыларға нағыз көркем әдебиетпен сусындап қалатын уақыттары осы кез екендігін айтты.

dsc_0032

Сұрақ-жауап форматында өткен кездесуде жазушы бірнеше мәселелерді қозғады. Соның бірі – қаламгерлер мен оқырмандар мәселесі. Бұл тұрғыда ол  «қаламгер – өнім ұсынушы. Оқырман – тұтынушы. Демек, тұтынушының талғамы биік боп тұрса, өнім ұсынушының талғамы да өзгеруі керек» дейді. Сондай-ақ,  жастарға  бүгінгі жас жазушылардың, атап айтқанда Е.Айдабосын, Қ.Тілеухан, Қ.Әбілқайыр сынды азамаматтардың шығармаларын оқуға кеңес берді.

Кездесу соңында лицей директоры Ерұлан Жиенбаев қонақтарды қабылдап, алдағы уақытта да осындай маңызды іс-шараларды өткізіп тұруға шақырды.

Ал қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Алмагүл Тәкішева жазушымен болған кездесудің оқушылар үшін маңызды екенін жеткізді.

dsc_0054

«Дархан Бейсенбекұлы «Қылтұсау» романында қазіргі жастардың өміріндегі өзекті мәселелерді, ғасыр дертіне айналған нашақорлық, қызтекелік, қоғам өміріндегі бауыр еті баласын шетелге сату сияқты мәселелерді көтерген. Роман тілі диалог арқылы жеңіл оқылады. Жазушымен өткен кездесу оқушыларды қанаттандырады деп ойлаймын» деді ол.

Айта кетейік,  «Ел-шежіре» қоғамдық қоры ұйымдастырған бұл кездесу Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысымен өтті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ